Версия для печати

47 жасында қылует қазған Кендебай Избранное

Пятница, 15 Январь 2021 04:31 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 6547 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Мені ол кісімен кездесуге, әңгімелесуге ынтықтырған 2015 жылы өткен TEDxAstana жиынында сөйлеген сөзі еді. Ол Шымкент педагогикалық институтында оқыған кезде кіл орыстардың арасында білім алыпты. Дәріс оқыған ұстаздарына: «Маған Грецияның Помпейі керек емес, менің өзімнің Помпейім бар. Неге соны ашпаймыз?! Отырарда туып, сол жердің мәдениетін зерттей алмасам, мен кіммін? «Көне Отырардың көркем керамикасы» деген тақырыпта реферат жазамын», - деп пікірін ашық әрі батыл айтқан екен. Сонда ұстаздары: «Жұрттың бәрі ХХІ ғасырда ғарышқа кетіп жатқанда, сен VII-VIII ғасырлардан не табасың?» - деп райынан қайтаруға тырысыпты. Бірақ, «Қылует» этномузейінің директоры, белгілі этнограф, қолөнер шебері, саз балшықтан бұйым жасаушы, «Аманат» сыйлығының иегері Кендебай Қарабдаловтың тура жолды таңдағанын уақыттың өзі көрсетіп отыр.

502

 

Қаңтардың аязды күнінің бірінде Шымкенттің іргесіндегі «Тұрлан» экспедициясында орын тепкен «Қылует» этномузейіне асықтық. Осылайша ғажайыптар мекені – бірегей мәдениет ошағының табалдырығынан басқа бір тылсым да мөлдір әлемге аттандық. Бір қарағанда алдымызда 45 мемлекеттің академигі атағын алған атақты Қарабдалов әңгімесінің әлқиссасын бастап жатқан. «Тып-тыныш суретімді салып жүрген адам едім. 2006 жылы 47 жасымда Құдай аян беріп үйімнің алдынан музей қазуға кірістім. Алла тағаланың бұйрығынан ешкім асып кете алмаған. Әйтеуір, «Е, Құдай, не берсең де, таза жер бер! Бүкіл әлем аман болсын! Бірде-бір нәрсеге, бірде-бір молаға зияным тиіп кетпесін» деп алақанымды жайып тілек тіледім. Сондағы Құдайдың құдыреті – бірде-бір құмырсқаның илеуіне не адам зиратына кезікпедім. Бірде-бір жәндік табан астында тапталмады. Әйтпесе, жердің астында не бар екенін болжай да алмайсың ғой. Бұрын қазылмаған таза жер екен. Ат басындай алтын, қол басындай күміс іздеген емеспін. Белгісіз бір тылсым күш мені жетектеп, қолыма күрек ұстатты. Қаза бердім. Қаза бердім. Ол кезде айналамдағылар маған «дені дұрыс емес» деген диагноз қойды. Ал менің басқа бір дүниелерге, қаңқу сөздерге мойын бұруға уақытым жоқ еді. Көзімді бір ашсам, 9 айды артқа тастаппын. Тереңдігі – 7 метр, ені – 4,5 метр, ұзындығы – 70 метр қашықтықты қазып бітіріппін. Содан бері 15 жыл зырлап шыға келді, қарақтарым!» - деп музейдің арғы тарихынан сыр тарқатып жатыр.
Бұл жерде «Қылует» этномузейі және жерасты музейі бар. Қос нысанның да пішіні жауын-шашыннан мүжіліп, қажалған сияқты. Сөйтсек, қолөнерші мұның бәрін ескі заман көрінісін көрсету үшін әдейі солай бейнелепті.
«Бісміллә!» деп жерасты музейіне оң аяқпен қадам бастық. Бейне бір тарихи кинокартинадағы көне ғимараттың ішіне кіргендей әсерлендік. Асқан шеберлікпен қазылған жерасты жолдары, оның ұқыпты ғана қиғаш қырланған баспалдақтарымен «Қыш кiтаптары бөлмесiне» кірдік.
«Қыш кітап» деп кейіпкеріміз көнеден жеткен түрлі жазуы мен бедері бар, саз балшықтан жасалған құмыраларды айтып отыр. Тек бұл кісі емес, бүткіл әлем ғалымдары көзе мен құмыраны қыш кітап деп атайды екен. «Қағаз жоғалып немесе сарғайып кетеді. Алтын да ерiтiлiп, өзгереді. Ал көзедегi бедерлер өшпейдi. Ешуақытта. Көнеден жеткен осы ерекшелiктi әрдайым өз жұмысыма пайдаланамын», - дейді қолөнерші.

503


Жалпы, К.Қарабдалов 6-шы сыныбынан ұлттық қолөнерге, қыштан бұйым жасауға қатты құштар болған екен. Дүние жүзінің 45 мемлекеті оған «академик» атағын бостан-бос бере салмағаны тағы түсінікті. Оның терең де тұңғиық өмірлік һәм шығармашылық жолына үңілгенде, тегіне тартып текті, қанына тартып өнерлі боп туған деп топшыладық. Өз әкесі Әбжаппар 45 жыл педагогтік қызмет атқарған ұлағатты ұстаз болыпты. Жалпы бұл әулеттің педагогикалық еңбек өтілі 500 жылды құрайды. Ал ұсталық өнер бала Кендебайға нағашылары жағынан дарығанға ұқсайды. Алты жасында баянмен ән салып, ақ қағазға гуашьпен, қалам, акварельмен өрнек сызып, графика салған жеткіншектің келешегінің осылай «Қылует» музейімен үндесуі де заңдылық сияқты. Ауыл мектебін бітірген соң Шымкент педагогикалық институтының көркемсурет-графика факультетін орыс тобында оқып шығу ол уақытта ерлікпен пара-пар құбылыс еді. Сонда ғой, саздан бұйым жасау өнері қазақтың төл кәсібі екені жайлы Мәскеу, Санкт-Петербург, Алматының ірі кітапханалары мен мұражайларында талай құжат ақтарып, құмыра жасау өнерінің қазаққа тиесілілігі туралы ғылыми жұмыс жазғаны. Ұлттық төлтума мәдениетіміздің терең қайнарын іздеп, ақыры саз бен балшықтан жасалған құмыра, ыдыс-аяқтар халқымыздың күнделікті тұрмысында қолданылғанын Отырар және Сауран қалаларынан табылған көне бұйымдар арқылы дәлелдеп шыққаны. Әуелгіде Отырар ауданында, бертінде қазіргі орны Шымкенттің «Тұрлан» экспедициясындағы музейінде саз илейтiн, одан балшық күйiнде көзешіде құмыра әзірлеп, сырнайды отқа күйдіретін жерошақ жасап, қолөнер шеберханасын да істеп қойған. Оны өзі келушілердің көз алдында жасап та көрсетеді.
Осы орайда «Кендебай Қарабдаловтың этнодизайнерлік шығармашылығы» деген кітап авторы Қуандық Ералыұлының: «Кендебайдың толассыз ойынан əрқашан тың туындылар өрбіп отырды. Халық шебері əрдайым үлгі болар өшпес ұлттық өнерді дамытуға көңіл бөлді. Ол үйінің ауласында өзінің қыш күйдіру шеберханасын ұйымдастырып, онда Отырар заманындағы қыш өңдеу пешін көне құрылымдық байланыста қайта жасап шықты. Ол Отырар қыш күйдіру пешінің технологиясын зерттеп тауып, оның құрылысын сол заманғы қалпына келтірді. Бұл шеберхана қыш өңдеу технологиясын зерттеумен айналысатын зертхана қызметін атқарғанын айту орынды», - деген сөзін келтіру ләзім.
«Рухани тазару немесе махаббат жазығы», яки Алланың адамдарға шексiз сүйiспеншiлiгiн сезiну бөлмесiне кіргенде сыртқы байланыстан қол үздік. Мұнда ешқандай байланыс құралы ұстамайды екен. Жердің үстінде күнделікті күйбең тіршілігімізді, қарын мен қаржының қамын ғана ойлап жүре беріппіз. Жердің астындағы 7 метр тереңдікке түскенде «жердің асты – тіршіліктің соңғы мекені» екенін шын еске алдық. Өткенге бұрылып, бүгінді бағамдап, келешекке көз жүгірттік. Бұл ғимаратқа кірген адам өмір философиясы туралы ой жетегіне ілесіп, өмірдің мəнін түсінуге талпынады екен.

504


– Бұл жерде баспалдақтар жоғары қарай емес, төмен қарай орналасқан.
Жер астына түскен сайын ерекше атмосфера сезіледі. Мұнда əрбірінің өзіндік рухани қызметі мен мəні бар төрт бөлме орналасқан. Мен бұл орталықты «аспан мен жердің арасы» деп атадым. Нысанның қабырғасының жартысы жердің астында болса, жартысы жердің үстінде орналасқан. Бөлменің қабырғасы он екі бөлікке бөлінген, оның себебі, бұл есеп он екі айды символдық түрде білдіреді, - деп айтуы этнодизайнердің авторлық сəулет құрылымын тылсым табиғатпен жымдастырып, еркін оймен ерекше бейнелеуге тырысқанын дәлелдейтіндей.
Одан соң «Қылует бөлмесiне» кіріп, бақилық болған ата-бабамызға құран бағыштадық. Ал төртінші ағартушылық бөлмеде Кендебай ағамыздың ғибратты әңгімелерін естіп, пікір алмастық.
Жер астынан рухани тазартып шығарды да, Кендебай
Әбжаппарұлы бізді этномузейге алып кірді. Музейге пеш жағып, жылытып қойыпты. «Қазіргі уақыттағы бір реттік көрмелерден шаршадым. Әкім ғана көріп кететін дүниелер кімге керек?! Мен құдайдан қорқып, халықты сыйлап жыл он екі ай ашып қойып отырмын. Себебі, бұл нысан тек менікі емес, ЮНЕСКО-ның бекiткен халықаралық бағыттарының бiрнеше бағдарламасына енген. Әрі ЭКСПО-ның объектісі», - деп әңгімесін жалғады да, ары қарай этномузей ішіне экскурсия жасады.
ҚР Суретшілер және дизайнерлер одағының мүшесі бұл музейге 1972 жылы 9-сынып оқушысы боп жүрген уақытта Құмқорғандағы ескі қаланың орнын бейнелеген суретін қойыпты. Ал оның қасында 1981 жылы 25 жасында институт бітірген жылы Көкмардан төбесінде күн батып бара жатқан сәттегі табиғатты, Шәуілдірдегі қыстың көрінісін майлы бояумен бәдіздеген туындысы ілулі тұр. Өзі жасаған жер ошақтың бірнеше түрі, анасы Зияштың бүтін бір ауылды асыраған қолдиірмені, нағашы атасының келі-келсабы, сары самаурын қойылыпты. Автордың 1986 жылы 26 қарашада салған «Таң алдында» картинасы кезінде әбден қуғындалып, барлық байқаулардан шеттетіліпті. Себебі, қазақ мәдениетінің таңы атып келе жатқанын меңзеген картинада көп құпия жасырынып жатқандай еді.
Ал музейдің екінші, үшінші қабырғаларына кілең қыш құмыра, шырағдан, бойтұмар, сыбызғы, т.б. қойылған. Осы сапарымыз біздің отбасымыз үшін мәңгі жадымызда сақталатын салмақты да мағыналы ұлттық экскурсия болғанының басты себебі, ол – Кендебай Қарабдаловтың жанды дауыста тірідей қойған концерттік бағдарламасы болды. Этномузыканттың орындауында шаңқобыз, қамыс сырнай, Болат Сарыбаев жасаған сазсырнай, Әл-Фараби бабамыздың «Уд» аспабы, баян,нарқобыз, одан кейін өзі жасаған «Отырардың уілдегі», Қытай мен Индияның флейтасы, неміс пен татардың ауыз «гормошкалары», домбыра, даңғыра, өзбектің кепшігі, ысқырық, гитара, тибеттің қасиетті тостағы сияқты 18 түрлі аспаптың шалқар дауысы шырқау биікке ширыға көтеріліп, тамылжи келіп қайта сорғалағанда, делебеміз қозған біз орнымызда қозғалақтап отырдық. Әр түрлі халықтардың ұлттық аспаптарының құдыретін ұғынған сәтіміз осы еді. Заманауи даңғаза әуендер мен аспаптық әрлеуді күнде естіп, құлағымыз ерқашты боп жүргенде ұлттық аспаптардың мұншалық құдыретті екенін түсіндірген Кенекең еді. Кез келген аспапты әлемнің қайсыбір тілінде сөйлетіп беріңізші десеңіз, бұл кісі еш тартынбайды. Қайта соның бәрін әуездетуге, сөйлетуге құмбыл. Тыңдаған сайын тыңдағымыз келіп ынтығып біз отырдық. Біз сияқты көптеген шетелдерден, мәселен, Болгария, Жапония, Америка, Германия, т.б. мемлекеттерден қонақтар келіп, көне құмыраларға қолтаңбасын қалдыра отырып, бұл жермен қимай-қимай қоштасқанына кепілміз.
Хош, сонымен еш боямасыз, табиғи түрдегі түрлі халықтардың ұлт аспаптар концерті өз мәресіне жетті. Сосын қолөнерші көзеші құрылғысында Сырдариядан алып келген балшығымен құмыра жасап, оны бізге сыйға тартты. Одан соң бұрын-соңды ешбір жерден кездестірмеген ұлттық оюды өз қолымен ойып көрсетті. Бір қарағанда жәй ғана ою сияқты. Басқа қырынан қарасаң, балалы отанасының кейпін көресіз.
Міне, біз көрген, тілдескен, кәсібі жайындағы ішкі ой иірімдеріне үңілген шебердің шығармашылығы осындай. Ол – өнердің қай жанрында болмасын ешкімге ұқсамайтын өрнек салған уникум. Сегіз қырлы, бір сырлы дара талант. Қарабдаловты тану күрделі құбылыс. Оның қолынан шыққан көркем бұйымдар біртұтас галерея құрайды. Шебер əркез елеусіз ғана дүниенің өзінен ұлттық сипат тауып, оған кесек бітімді халықтық сипат бере біледі. ХХІ ғасырдағы 21-ші «Қылует» этномұражайы қазіргі кезде дəстүрлі өнертанымдық мазмұны күрделеніп, ұлттық бояу нақышы қоюланып, философиялық мəнге толы тарихи шежіреге айналуда. Сол үшін де Қарабдаловтың қадіріне жете білейік! Ал, сіз «Қылуетке» бардыңыз ба?!.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.