Балет – бекзат өнер Избранное

Пятница, 05 Февраль 2021 05:30 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2187 раз

немесе таланттыларды танытқан «МEIR»

 

 

Сахнадағы аққудың көгілдіріндей қыздардың әсем биі көрерменнің көңіліне көктемнің шуағын төккендей болды. Әсіресе, ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Карантиннен бергі ұзақ үзіліс «МEIR» балет мектебінің шығармашылық кешінде өнер көрсеткен балғын бишілердің өз бабынан айнымағанын танытты. Рас, көптен бері концерттерге қатыспаған балалар алғашқыда сахнаға алабұртқан көңілмен шыққандай көрінгенімен көрермен ықыласын тез сезініп, мың бұралған мәнеріне басып кетті. Классикалық, қазақ және түрлі ұлттық билер сахна төрін сырға, көрермен назарын нұрға бөлеп ала жөнелді.

55

Мәселен, «Чудеса дрессуры (репетитор – Әсел Бастықова), «Цветы» (қоюшы режиссері – Олеся Пушкараева), «Киіктер», түрік, қазақ, орыс, ұйғыр және эстрада билерінің қойылымдарына үлкен-кіші ризалықпен құлшына қол соғып жатты.
Биыл «МEIR» балет мектебінің құрылғанына – 22 жыл. Оның негізін Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Болат Атаханұлы қалаған еді. 2019 жылы өнер ордасының 20 жылдық мерейтойы кеңінен тойланды. Мектеп жыл сайын көрерменге шығармашылық кеш беретін. Пандемиядан бері білім ордасы ұзақ үзіліске тап болды. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты өтетін сабақ кестесі қысқартылды. Бірақ жас бишілердің хореографияға ықыласы кеміген жоқ. 3-4 минуттық бір бидің өзінде қаншама төгілген тер мен қажырлы еңбек жатыр?!
– Балалардың туғаннан дарынды болуы мүмкін емес. Соған қарамастан хореографтар олардың қабілетін ояту үшін аянбай қызмет етеді. Балет мектебі балғындарды қазақ биінен бастап, классикалық, заманауи билер мен гимнастикаға үйретеді. Қазір айына 4 репетиция өткізіліп жүр. Бұл оқушыларға жеткіліксіз. Біз санитарлық талаптарды сақтай отырып қорытынды шығармашылық кешке дайындалып жатырмыз, – дейді «МEIR» мектебінің директоры Ламила Мейірбекова.

57

Білім ордасында 200-ден астам оқушы дәріс алып жүр. Мұнда балалар 4 жастан бастап қабылданады. 8 жыл хореографияның қыр-сырына үйреніп, бітіргендерге мемлекеттік үлгідегі куәлік пен аттестат беріледі.
Бұл өнер ошағынан дәріс алған соң ЖОО-на түсіп, өнер саласында абыройлы қызмет етіп жүрген шәкірттер жетерлік. «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінен бастап «Салют талантов», «Таланты Казакстана», «Жұлдыздар әлемі» сынды халықаралық байқауларда топ жарып жүрген талантты жеткіншектер қаншама?! Нарықта қолтаңбасы қалыптасқан ұжымның еңбегі ерен. Қазір сабақ аптасына екі рет өтіп жатыр. Мұнда мектептер сияқты онлайн форматта үйрету де, үйрену де мүмкін емес.
– Бізді оқушылардың өнерге қызығушылығы қуантады. Балет мектебінде балғындар би өнерінің сыры мен құпиясын жан-жақты үйренеді. Әсіресе, аяқ ұшында тұру сабағы өте күрделі. Кез келген оқушы келген күннен бастап аяқ ұшымен жорғалап жүріп кете алмайды. Оған машықтану барысында баптанады.

56

Әрине, білім алатын балалардың барлығы өнер жолына түсіп кете бермесі анық. Бірақ бала бос уақытын денсаулығы мықты болып, тұлғасының әдемі өсіп жетілуі үшін би өнерімен айналысуға жұмсаса, одан тек пайдалы әсер табады. Дене бітімі оқтаудай тіп-тік, аяқтары ұзын, сымбатты, көркем қыздар осында қалыптасады, – дейді хореограф Мария Құрманбекова.
Шәкірттерінің би өнерінде өз бабын табуы үшін хореографтар аянбай еңбек етіп келеді. Таланттардың тынысын аша түсуде білім ордасының мүмкіндігі шексіз. Өткен сенбіде қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығында» өнер көрсеткен өнерпаздардың шығармашылық кеші шымкенттіктерге көтеріңкі көңіл сыйлады.

Последнее изменение Понедельник, 08 Февраль 2021 03:39
Құттыбике  НҰРҒАБЫЛ

Қорқыт ата атындағы Қызылорда Мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген.  Бұған дейін республикалық «Керемет» журналының  тілшісі болып еңбек еткен. 2014 жылдан бастап қалалық «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі.