Версия для печати

«Мейрам» – мегаполистің «миллионері»

Пятница, 12 Февраль 2021 06:10 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 5495 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Балалар киносы туралы сөз қозғағанда бірден талайдың тәтті шағы балалығын әрлеген «Wolt Disney» еске оралады. Шымшаһарда сондай кино өндірісіне өзіндік атын қалыптастыруды көздеген балалар студиясы бар. Шығармашылыққа ден қойып кіріскен, тынымсыз еңбек етіп жүрген жас режиссер Мейрамбек АҒАДІЛОВпен сұхбат түзген едік.

meiram-megapolistin

– Мейрамбек Нышанәліұлы, «Мейрам» балалар киностудиясы бүгінде кең аудиторияны баурап, қалың көрерменнің көзайымына айналды. Миллиондарды бағындырған балалар киностудиясының басшысы ретінде өнер ордасының құрылу тарихына тоқталсаңыз.
– Бүгінде Қазақстанның қай өңіріне барсақ та, «Мейрам киностудиясы» деп барлығы танып жатады. Оның ішінде әсіресе балалар тарапынан белсенділік көбірек байқалады. Біздің киностудияның құрылғанына бүгінде 6 жылдан асты. Осы уақыт аралығында 100-ге тарта туындымыз жарыққа шықты. Біз Қазақстандағы ең алғашқы балалар киностудиясын қалыптастырдық. Әрине, оңай болған жоқ. Бәрі де еңбектің арқасы. Алғашында көптеген білікті мамандар бізге күмәнмен қарады. «Бұл мүмкін емес» дегендей, көзқарас танытты. Соған қарамастан, біз өз мақсатымызға жеттік. Қаншама кедергілерден өтіп, өзіміздің мықты киностудия бола алатынымызды дәлелдедік. Байқап қарасам, бүгінгі күні Оңтүстік өңірінде «Алтын батырма» (1 млн оқырманы бар аккаунтқа беріледі) бізде ғана бар екен. Мақтанарлық жайт емес пе?! Ал, енді өзіме тоқталатын болсам, жасым 32-де. Мамандығым – заңгер. Киностудия ашуға 25 жастан бастап кірістім. 1 ұл 2 қызым бар. Үлкені – Бексұлтан. Оны бәрі «Бека бой» деп таниды. Үлкенімнің де актерлық қабілеті бар. Қосымша «Мейрам тв» каналындағы кішігірім вайндарға түсіп жүреді. Болашақта осы саланы таңдап жатса, үлкен актер боларына сенімдімін. Одан кейін егіз қыздарым бар. Олар әлі кішкентай болғандықтан, қай салаға жақын екенін әзірге білмейміз.

– «Өз ұлын көшеге тастап кеткен ана», «Ауылбай болмаймын», «Анасыз өскен балалар» атты фильмдер тек көп қаралым жинап қоймай, балаларға арналған қазақ тіліндегі киноның дамуына жол ашып жатыр деуге болады. Киностудия қоржынында қанша туынды бар? Шығармашылық ұжымда жастар көп секілді. Жөн сілтеп бағыт-бағдар беретін өзіңіз бе? Бір фильмнің көрерменге жетуіне кімдер атсалысады соған тоқталып өтсеңіз.
– Жоғарыда атап өткендей, киностудия қоржынында 100-ге тарта түрлі жанрдағы фильмдер бар. Олардың ішінде ең көп қаралым жинағаны 7,8 млн. Ал, киноның жарыққа шығу процессіне тоқталсақ, жазылған сценарий құпталғаннан кейін, менеджерге беріледі. Менеджер киноға түсетін балаларды іріктеп, арнайы топ жасақтайды. Сонымен қатар, режиссерлар түсірілімге дейін съёмка болатын локацияларды дайындайды. Сценарий бойынша режиссер оператормен бірлесіп түсірілім жұмыстарын жүргізеді. Одан кейін, монтаж жасалады, музыка қойылады. Дыбыс режиссерларының жұмыстары аяқталғаннан кейін, киноға бояу беріледі. Жалпы алғанда, ұжымда 20 шақты қызметкер жұмыс істейді. Олардың барлығы дерлік жастар. Жөн сілтейтін ағалары болып өзіміз отырмыз. Идеясын жүзеге асырғысы келген режиссерлар маған келіп, өз ойларымен бөліседі. Мен оларға барынша мүмкіндік беруге тырысамын. Өйткені, өмірде мүмкін емес нәрсе жоқ. Соны түсінсе деймін. Кино түсіретін режиссерлар ең бірінші маған киноның логлайнын тапсырады. Сол арқылы идея мақұлданады. Егер, өзгертулер енгізу қажет болса, қате жерін жөндеуге тапсырма беремін. Одан кейін, киноның сценарий жазылады. Сценариде түзетулер көп кездесе бермейді. Өйткені, біз киноның түпкі идеясын дұрыс қалыптастырдық. Одан әрі жоғарыда айтылған жұмыс процестері жалғасады.

– Киностудия арқылы танылып, жұлдызы жанғандар бар ма? Орталықта болашақта актер боламын деп келетін жас өнерпаздармен олардың актерлік шеберлігі жайлы не айтар едіңіз?
– Әрине бар. Мысалға алатын болсақ, "Қалқанқұлақ" фильмінде басты рөлді сомдаған Ерсұлтан Сіргебай біздің шәкіртіміз. Сонымен қатар, Қуғынбай Ерхан, Асқар Сабина деген қызымыз бар. Және көптеген актерларды Қазақстандағы балалардың басым бөлігі таниды. Тағы бір айта кетерлігі, біздің киностудияның Шымкент қаласынан бөлек, елордамыз Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Тараз қалаларында филиалдары жұмыс істейді. Біздің орталыққа келген балалар кастингтен іріктелгеннен кейін, екі ай бойына актерлық шеберлік сабақтарын өтеді. Сабаққа қатысқан балалар берілген образды қалай сомдау керектігінен бастап, камерамен жұмыс істеу туралы толығымен үйреніп шығады. Алғаш рет киноға түсіп жатқан кез келген балада қобалжу болады. Бір киноға түскен бала керемет актер болып кетеді деп ешкім кепілдік бере алмайды. Бұл жәй балаға тәжірибе болады. Бала бірнеше рет киноға түсу арқылы актерлық шеберлігін шыңдай түседі. Қазіргі таңда басқа киностудиялар балалардың рөліне актерларды бізден келіп сұрайды. Біз оларға ең үздіктерін беруге тырысамыз. Осылайша, балалардың болашағына жол ашылады.

– Бүгінгідей интернет дамыған заманда сіздер секілді көрерменді ғаламтор арқылы жаулап алу оңай ма? Жалпы, балаларды кино арқылы неге баулыған дұрыс?
– Сұрағыңыз өте орынды. Әрине, қазіргі таңда күнделікті өмірде іс-әрекеттеріміздің барлығы қол еңбегі арқылы емес, интернет желісі арқылы жүзеге асуда. Дегенмен, әр нәрсенің өз жемісімен бірге ауыртпалығы қатар жүреді. Біз бұл күнге жету жолында қаншама еңбек пен ұйқысыз түндерді сарп еттік. Ал, «кино арқылы балаларды неге тәрбелеуге болады?» - деген сұрағыңызға келетін болсақ, кино ол – өмір. Біз кино арқылы қоғамда, отбасында, мейлі балалардың өз арасында кездесетін ауқымды мәселелерді дұрыс жағынан шешу жолдарын жасөскіннің санасына сәуле себезгілеткендей сіңіреміз тырысамыз және бүгінгі бүлдіршіндерді соған тәрбиелейміз!

– Дүниежүзін әбігерге салған індет әлемдегі алпауыт кинокомпаниялардың жұмысына тосқауыл болып, керек десеңіз тоқтатуда. Тіпті, кинотеатрлар уақытша жабылудың алдында тұр. Бұл індет сіздерге салқынын тигізбеген болар? Көрерменді қуантар жаңалықтарыңыз бен жоспарларыңызды да білсек.
– Иә, covid-19 індеті тұтас адамзатты біраз есеңгіретіп тастағаны рас, пандемия кино саласына едәуір соққы жа¬сағаны анық. Елімізден бөлек, әлем бойынша қаншама кино-театрлар қаңырап, өз көрермендерін әлі де сарыла күтуде. Бірақ, біз жұмысымызды тоқтатпадық. Карантиндік режимді қатаң түрде сақтай отырып, кино түсіруді жалғастыра бердік. Апта сайын бір кино шығаратын үрдісімізді жоғалтып алмауға тырыстық. Бүгінде алға қойған мақсаттарымыз өте көп. Біз өз мақсаттарымызды айтқаннан гөрі жасағанды жақсы көреміз. Бізден тек жақсы жаңалықтар күтіңіздер. Біз оны жасаймыз, ал сіздер бізбен бірге болыңыздар!