Версия для печати

ТҰРАҒҰЛҒА АРНАП ЕСКЕРТКІШ ҚОЙЫЛСА... Избранное

Среда, 24 Февраль 2021 03:31 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4518 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Осыдан тура бір жыл бұрын біз газетіміздің бетінде «Сүйегі Шымкентте жатқан Тұрағұл Абайұлы туралы не білеміз?» және «Тұрағұлдың жерленген жері неге жұмбақ?» деген қос мақала жариялаған болатынбыз. Сонда: «Абайдың ұлы Тұрағұлдың Шымкентте қайтыс болғаны жайлы дерек болғанымен, қабірінің қайда екендігін дәлелдейтін нақты дәйек жоқ. 87 жылдан бері іздеусіз, сұраусыз жатқан тұлғаға қатысты деректер там-тұмдап кездеседі. Әйткенмен, Тұрағұл Абайұлының сүйегінің қай жерде қалғанын анықтау оңайға соқпай тұр», -деп, тағдырлы тұлғаның жерленген жерінің жұмбақ болып тұрғанын айтып, оның «Химфарм» аялдамасының маңындағы «Отбасы аллеясының» айналасында жерленген болуы мүмкін екеніне болжам жасағанбыз. Оның артынан іле-шала бүкіләлемдік пандемия басталып кетті де, тұрағұлтануда басталған ізденістеріміз тоқтап қалды.

127

 

Үстіміздегі жыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығы, оған қоса республикамызда саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы комиссия да өз жұмысын бастап кетті. Мінеки, сол қуғын-сүргінге ұшырап, Шымкенттен мәңгілік жай тапқан ұлы ақының перзенті Тұрағұл Абайұлы елеусіз қалмаса екен деген ниетпен М.Әуезов атындағы ОҚУ жастары арнайы жоба ұйымдастырды. Университет жанынан ашылған «Sanaly urpaq» клубының жетекшісі Сәкен Сағындық пен «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының маманы Әзімхан Исабек Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласы аясында қаламызда Т.Абайұлына арналған еңселі ескерткіш бой көтерсе, жас ұрпақ оның қандай дара, дана екенін білсе деген ойды темірқазық етіпті.
Жобаға қолдау білдірген М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың Әлеуметтік және тәрбие жұмыстары жөніндегі проректоры, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Сәкен Мәжінбеков  пен Саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары Гүлмира Серікбаева бұл бағытта арнайы жұмыс тобын құрып, ізденістің нәтижесі болуына атсалысатындарын жеткізді. Осылайша тұрағұлтануда титтей де болса сең қозғалды. «Тағдырлы тұлға тасада қалмаса екен, қайраткерге тастан қашалған ескерткіш тұрғызылса» деген игі бастаманы ел болып, билік басындағы жанашыр ел ағалары және сіз бен біз болып соңына дейін жеткіземіз деп сенеміз. Ел болам дейтін елдің еңсесі – биік, тарихы – түгендеулі болуы керек.

Последнее изменение Среда, 24 Февраль 2021 10:21
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.