Жамбыл күллі шығыс халқының Гомері Избранное

Среда, 24 Февраль 2021 03:34 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4405 раз

Шымкент қаласының М.Әуезов атындағы ОҚУ-да ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай «Жамбылдың ақындық мұрасы және жамбылтанудың өзекті мәселелері» атты халықаралық онлайн конференциясы өтті. Конференция ҚР Тұңғыш Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және ел тарихын, ұлт шежіресі мен құндылықтарын сақтау мен дәріптеуге шақырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен де қымбат» атты мақаласы аясында ұйымдастырылған.

126

 

Жиынға онлайн арқылы еліміздің әр өңірінен жиналған жамбылтанушылар, шетелдік ғалымдар, қоғам қайраткерлері, ЖОО оқытушылары мен педагог мамандар қатысты. Сондай-ақ конференция барысында АҚШ, Ресей Федерациясының Мәскеу қаласынан, Чуваш, Кабардин-Балқар автономиялы республикаларынан және бауырлас Өзбекстан мен Қырғызстаннан қатысқан зерттеуші-ғалымдардың ауқымды зерттеулері жұртқа кеңінен таныстырылды.
–Биыл ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толады. Жамбыл атамыз қазақ әдебиетінде өшпес із қалдырған ұлы тұлға. Жамбыл Жабаев жыраулардың соңғы тұяғы. Ол тек жырау ғана емес, сонымен бірге жыршы әрі ақын. 19 ғасырдың жыршылық мұрасын жалғастырып, 20 ғасырда да қалың қазаққа көне дастан-қиссаларды, жыраулардың еңбектерін жырлай алған ұлы жыршы. Жамбыл бабамызды осы ақындық қасиеттері үшін феномен тұлға деуімізге болады. 20 ғасырда қазақты әлемге танытқан Абай, Мұхтар Әуезовпен бірге Жамбыл Жабаевтың да орны айрықша болғанын ұмытпауымыз керек. Гректің Гомері бүкіл еуропалықтардың ең ұлы жырауы болса, Жамбыл күллі шығыс халықтарының Гомері. Әлемдік деңгейдегі екі ақынның адамзаттың адебиет тарихында қалдырған мұрасы ұшан-теңіз. Сондықтан да Жамбыл атамыз қадірлеуге, құрметтеуге лайықты тұлға. Ақын, жыраудың шығармалары ел ішінде насихатталып, мол мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетуі тиіс. Сонымен бірге ақын атеистік көзқарас билеген кеңестік дәуірдің өзінде бес уақыт намазын тастамай, мешітке барып қазақы дәстүрді ұстанған керемет жан болған. Қай заманда да басынан бөркін, шапанын тастамаған, қарияға тән сақал қойған қазақтың қасиетті ақсақалы болған жан. Бүгінгі ұйымдастырылған халықаралық ғылыми конференцияның да негізгі көздеген мақсат-мұраты сол, ұлы ақынның артында қалған сарқылмас еңбектерін кейінгі ұрпаққа насихаттау, бабамыздың жүрген жолын, өнерін ел ішінде дәріптеу және шетелдің әдебиетсүйер қауымына оның шығармаларын жан-жақты таныстыру. Қазірдің өзінде ұлы ақынның еңбектеріне Түркияның әдебиетшілері үлкен қызығушылық танытып отыр. –дейді М.Әуезов атындағы ОҚУ доценті, филология ғылымдарының кандидаты, «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Ақжол Қалшабек.
Конференцияда Жамбыл Жабаевтың дәстүрлі ауыз әдебиеті мен жаңа жазба әдебиетінің арасында алтын көпір бола білген ерекше тұлғалық қасиеті жайлы айтылды. Иә, бабамыздың әдебиет өнеріндегі таланты шынымен де сан қырлы. Оны таңды таңға ұрып жырлаған шығыстың, қазақтың небір жыр дастандарынан, суырып салма ақындық өнерінен анық аңғарамыз. Сонымен бірге уақыт зырлап, қоғамдық құрылым адамның ой-санасы өзгерсе де халықтың Жамбыл ақынға деген құрметі өзгерген жоқ. Бұл жыршының елмен бірге өмір сүріп, халықтың ақыны болғандығын көрсетеді.
Тәуелсіздіктің 30-жылдығына тұспа-тұс келген ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған конференция қорытындысында жамбылтану бағытында зерттеу жүргізетін жас ғалымдардың шығармашылық еңбектеріне республикалық, халықаралық деңгейде қолдау көрсету, ақынның мұраларын насихаттау мақсатында байқаулар ұйымдастыру, жоғары және орта оқу орындарында «жамбылтану» курстарын ашу, Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалды музейіне жастарды жинап, танымдық экспедицияларды қолға алу туралы шешім қабылданды.