Версия для печати

«Шымкент – мәдени тартылыс нүктесіне айналуы тиіс» Избранное

Среда, 03 Март 2021 03:49 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4139 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкенттің мәдени көкжиегінде соны жаңалық, ауқымды жоба көп. Шымшаһардың визиттік карточкасы «Домалақ ана» операсы мен отбасылық кітапхана болмақ. Ал биылғы Наурыз қалай тойланады? Кітапханалар бізді несімен таң қалдырады және мәдениет басқармасының қызметкерлері қала көшелерін неліктен жаяу аралап шықты? Осы және өзге де сұрақтарға жауап бере отырып, Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы Ханзада ЕСЕНОВА алдағы орасан жоспарлары һәм құпияларымен бөлісті.

189

 

– Әлем халықтары сияқты шымкенттіктер шектеулерден, карантиннен шаршады. Той-думанды, мерекені, мәдени іс-шараларды сағындық. Бір сәт күнделікті күйбең тіршіліктен демалғымыз келеді. Осы орайда алғашқы сауалымыз ұлттық мейрамымыз – Наурыз туралы болмақ. Сүйікті мерекемізді биыл қалай атап өтеміз? Ел күтпеген ерекше іс-шаралар болады дегенді құлағымыз шалып еді...

192


– Әзірге құпияның шетін ашқым келмейді. Өздеріңізге мәлім, елдегі және қаладағы эпидемиологиялық ахуалға байланысты жағдай анық болмай тұр. Вице-премьер Ералы
Тоғжановтың төрағалығымен министрліктер мен әкімдіктердің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Наурызды тойлаудың негізгі үрдістері мен трендтері туралы айтылды. Құрамына этнографтар, тарихшылар, археологтар кірген сарапшылар тобы алдын ала ауқымды жұмыс жүргізді. Олар тарихи құжаттарды,
дәлел-дәйектерді қайта қарап, зерттей отырып тұжырымдаманы әзірледі. Әрқайсысы өз ұсыныстарын, ескертулерін, өзгерістерін енгізді. Бұл бағытта Шымкент те өз үлесін қосты. Атап айтар болсақ, біз екі толықтыру енгіздік: 2016 жылы Қазақстан Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көп ұлтты репрезентативтік тізіміне енгізілген «Наурыз мейрамы» көпұлтты мейрамдар қатарына қосылды және осы мерекені атап өтіп жатқан 12 елдің тізіміне енді. Бұл басқа елдерді бізге тартатын мүмкіндік, сондықтан біз ежелгі дәстүрлерді бір кісідей дәріптеуге, насихаттауға және сақтауға тиіспіз. Екінші ұсыныс: әр күннің өз түсі болған екен. Біз аталған ұсыныстарды министрлікке ұсынылуына 10 күн қалғанға дейін бірқатар іс-шараларды жоспарлап қойған болатынбыз.
– Ол іс-шаралар қай форматта, қаланың қай нүктелерінде өтетінін айта аласыз ба?
–Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде «22 наурыз, ол – концерт, серуен, бауырсақ, наурыз көже» деген стереотип қалыптасты. Ары қарай әркім өзімен өзі тойлайды. Бірақ Наурыз – бұл тек көктемгі күн мен түннің теңесуі мен жаңару күні ғана емес. Биыл бұл мереке 10 күн, яғни, 14-23 наурыз аралығында атап өтіледі. Әр күннің өз мақсаты мен мәні бар. Мысалы, 14 наурыз – «Көрісу күні», көшпелі қазақтар қатты қыстан шыққанша бірнеше ай бойы бір-бірін көрмей, жайлауда жүздескен сәті. Біздің ата-бабаларымыз үшін бұл аса маңызды болды, содан кейін халық санағы жүргізілетін. Адамдар бір-бірінен «Бәрі жақсы ма?», «Мал-жан аман ба?» деп сұрайтын болған. Қазақтар бұл күнді қуана күткен. Бұл адамдардың бір-бірімен амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі. Дәл қазір біз бұл күнді пандемия аясында қалай атап өту керектігін ойластырудамыз. Қалай құшақтасып, сәлемдеспекпіз?! Мұны қалай жүзеге асыруға болады? Физикалық тұрғыдан жасай алмасақ та, біз онлайн байланыс арқылы бір-бірімізге: «Қалайсың, қайдасың? Мен сені құшақтаймын, біз біргеміз» деп айтуымызға болады. Сол күні оффлайн немесе онлайн өтетін марафон ұйымдастырғымыз келеді.
15 Наурыз – «Жайлау күні». Әрқайсымыз ауламыз бен айналамызды тазалап, көшет отырғызып, ағаштарды бұтап дегендей

188

 

16 наурыз – «Шежіре күні» немесе еске алу, бата беру күні. Әрқайсымыз ата-аналарымызды құрметтейтін салт күні десек те болады.
17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні». Әр отбасының, туған өлкенің, мемлекеттің өміріндегі қызықты оқиғаларды еске түсіретін сәт.
18 наурыз – «Игі істер күні». Жақын-жуығыңа көмек беріп, қайырымдылық жасайтын күн.
19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні».
20 наурыз – «Зияткерлік күні». Ауыз әдебиетіне бай халқымыздың мақал-мәтелдерін талқылаймыз. Дәл осы күні біз Қазақстандағы алғашқы отбасылық кітапхананы ашамыз.
21 Наурыз – «Ұлттық тағамдар күні». Үздік рецептерге арналған байқаулар, шеберлік сағаттары өткізіледі. Осы тұста Гиннестің рекордтар кітабына қатысты бір жоба жасауды жоспарлап отырмыз. Бұл да әзірге құпия болып қала тұрсын. Уақыты келгенде өздеріңіз бәріне куә боласыздар.
22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні» – сахнада не тікелей эфирде дәстүрлі концерт өтеді.
23 наурыз – «Жоралғы күні». Қолымызда бардың бәріне алғыс айтатын боламыз.
–Сонымен қанша іс-шара жоспарладыңыздар? Ең бастысы, олар нақты қай жерде өтеді?
–10 күн ішінде қаланың әр жерінде 57 іс-шара өткізу жоспарлануда. Олардың барлығы да танымдық-дамытушылық, мағыналық сипатқа ие. Қазақтар үшін 7 саны – киелі. Біздің қаламыздың атауы – Шымкент те жеті әріптен тұрады. Біз осындай қасиетті, тарихи сәйкестіктерге мән беріп жүрміз бе? Осыған орай іс-шаралар жеті локацияда өтпек. Егер мүмкіндік болса біз локациялар арасында жаяу жүргіншілер байланысын жасасақ дейміз. Алдын ала үлкен жұмыстар атқарылды. Біз әрбір учаскені жаяу жүріп көрдік. Мерекені халықтың қалыпты өмір ырғағына кедергі келтірмей өткізу үшін келушілер ағынын қайда бұруға және қай жерге топталған автотұрақ ұйымдастыруға болатынын зерделедік. Жалпы, адамдарды қарым-қатынас мәдениетіне, серуендеуге және қала көріністерін тамашалауға, адамдармен кездесуге үйрету қажет. Старт Цитадельден беріледі. Әрине, төңіректің бәрі қызғалдақтың айналасында шыр айналады. Өйткені, Шымкент 2200 жыл бойы гүлдеп келе жатқан қала. Тағы бір құпияны ашайын. Біздің айтыскерлеріміз де өнер көрсетуге дайындалуда. Соңғы екі жылда айтыс-думан өтпей, бұл өнер ақсап қалған болатын. Наурыз-айтыс та барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, 30% толтырылған ғимарат ішінде немесе ашық аспан астында өтеді.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Халықаралық әйелдер күні аясында Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде біздің Шымкент қалалық опера және балет театрының қабырғасында алғаш рет «Домалақ ана» ұлттық операсы қойылатынын қуана айтқым келеді. Бұл опера Шымкент қаласының визиттік карточкасы болады деп сіздерді сендіргім келеді.
Дайындық күн сайын жүргізілуде. Шаһар тұрғындарына арналған бұл сыйлығымызды қаламыздың алаңдарында көрсетуді жоспарлап отырмыз. Шымкентте 19 мәдениет мекемесі, атап айтқанда алты театр, цирк, хайуанаттар бағы, 35 филиалы бар бес кітапхана, 5 мәдениет үйі, 5 клуб бар және олардың әрқайсысы өзінің тақырыптық бағыты бойынша іс-шаралар өткізеді. Наурызда осындай қарқынды және қызықты жұмыстар күтілуде.
– Театр деп қалдыңыз ғой, Опера және балет театрына жаңа басшының келуімен не өзгерді?
– Мұндай жұлдыздардың басқарушылық-әкімшілік жұмыстарға араласуы, бұл қашанда көзсіз тәуекелге бару деп айтқан болар едім. Себебі жоғары деңгейдегі өнер шеберлері өздері үшін ыңғайлы ортада жұмыс істеп үйренген. Бірақ, біздің бағымызға қарай Майра талантты ғана емес, сонымен қатар керемет ұйымдастырушы. Оның бір ғана қоңырауының арқасында аттестация өткізілгенде ең мықты сарапшылар қаламызға арнайы ат басын бұрды. Аттестация кімнің дауыстық базасы қандай екенін білу үшін ұйымдастырылды. Себебі театр репертуары осыған тікелей байланысты. Айтқандай, Қазақстан атын әлемге танытатын бір әншіні таңдап қойды. Кім екені әзірге құпия.
– Сұхбаттың басында сіз Шымкентте Қазақстандағы алғашқы отбасылық кітапхана ашылатынын айттыңыз. Осы жобаға кеңінен тоқталсаңыз?
– Бұл жерде ешқандай құпия жоқ. Мемлекет басшысы
Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларды да, олардың ата-аналарын да кітап оқуға, сол арқылы қоршаған әлемді тануға деген қызығушылығын арттыруға шақырды. Бірақ бұл дағдылар бала бойында мектеп қабырғасынан қалыптасуы керек. Осы тұста бізге кітапханалар көмекке келеді. Мен жоғарыда айтқан Отбасылық кітапхана «Забадам» елдімекеніндегі балалар кітапханасының базасында болады. Бұл жаңа кеңістікке ата-аналар балаларымен бірге келіп, кітап оқып, ойнап, әңгімелесіп, пікір алмасып, интерактивті іс-шараларға қатыса алады.
– Шымкентте кітапханалар мен кітап қоры жеткілікті ме? Олар оқырмандардың сұранысын қанағаттандыра ала ма?

– Біз бұл тұрғыда талдау жүргіздік. Қаланың 20 мың тұрғынына бір кітапхана ашу қажеттігін анықтадық. Қалада бес орталық кітапхана және оның 35 филиалы бар. Яғни, олардың саны жеткілікті. Бірақ кітапханаларды қала картасынан көргенде олар шаһардың ескі орталығының шекарасында шоғырланғанын аңғардық. Ал жаңа тұрғын алаптар мен шалғай елдімекендерде қоғамдық кітапханалар жоқ. Иә, әр мектепте кітапхана бар, бірақ біз уақытты тиімді өткізуге болатын қоғамдық кеңістік туралы айтып отырмыз. Бір оқырман орнын ашу үшін 2 мың кітап қоры болуға тиіс. Яғни біздің кітап қорымыз өте бай. Мемлекет жыл сайын кітапханалардағы кітап қорын жаңартуға 3-7 млн теңгеге дейін қаржы бөледі. Бұл өте маңызды, өйткені оқырмандар түрлі ассортиментті іздейді.

– Бүгінгі таңда қандай кітаптар сұранысқа ие? Біздің кітапханалар оларды ұсына ала ма?

– Қазір мотивациялық кітаптар үлкен сұранысқа ие. Сонымен қатар, біздің әр кітапхананың өзіндік ерекше чиптері бар. Мысалы, арнайы кітапханада Брайль қарпі бар құрылғы бар, ол нашар көретін және зағип жандарға кез келген мәтінді теріп береді. Жастар өз дыбыс жазу студиясына ие, онда аудио кітаптар жасалады. Балалардың өзіндік ақпараттық дүңгіршегі бар. Бірақ сонымен бірге проблемалар да жоқ емес. Біздің кітапханаларымыз ескі тәсілмен жұмыс істейді. Формулярлар әлі күнге дейін қолмен толтырылады. Кітапты алу үшін жеке куәлікті қалдыру керек. Бірақ, оқырмандардың көпшілігі куәлігін қалдырғысы келмейді. Қала тұрғындары үшін осындай ыңғайсыз жағдайлар өте көп.
– Қаланы дамыту тұжырымдамасына сәйкес, әкімнің тапсырмасы бойынша кітапханаларды жаңғырту туралы ұсыныс енгізілді. Бұл қаншалықты өзекті және ең бастысы, қалаға қаншалықты пайдасы бар?
– Мәдениет министрінің ақылы қызмет көрсету арқылы кітапханалар қызметінің аясын кеңейту туралы бұйрығы бар. Бұл дегеніміз кітапханалардың жарғыларын жаңарту арқылы біз енгізген 12 аспект бар. Алайда, бұл кітапханалар ақылы болады дегенді білдірмейді. Мен барлық қауесеттерді ескере отырып қала тұрғындарына кітапханалардың бұрынғыдай жұмыс істеп, тегін қызмет көрсететінін баса айтқым келеді. Ал кейбір қажетті нәрселерді қаржыға алуға болады. Мысалы, кітапханада реферат басып шығаруға, оны түптеуге болады. Оның үстіне бұл қызметтер басқа жеке кәсіпкерлердікінен анағұрлым арзан болмақ. Бұдан өзге, ақылы түрде ескі кітаптарды қайта қалпына келтіруге болады. Неге ақылы? Себебі бұған қаржы бөлінбейді, кітаптар кітапханашының жеке кітабы емес қой.
– Ал кітапқа қатысты тағы қандай да бір іс-шаралар жоспарыңызда бар ма?
– Өте көп. Қала тұрғындарын кітап оқуға, кітап алмасуға барынша тарту үшін буккроссингтер ұйымдастыруға болады. Біз сүйікті Book-Bus акциясын – «Кітап автобусын» жалғастырамыз. Бұл тақырыптық іс-шаралар театрлармен бірлесіп өткізіледі. Гоголь мен Пушкин немесе Жамбылдың кенеттен біздің қалалық автобустарға кіріп, өлең оқи бастағанын немесе жолаушылардан: «Сіз білесіз бе?..», - деп сұрағанын көрдіңіз немесе естідіңіз делік. Бұл жобаны жасөспірімдер кітапханасы өткізеді. Ең бастысы, кітапханаларда оқырмандар байланысып, ақпарат алмасып, әсерлерімен бөлісетін орталықтар пайда болады. Мысалы, жігіттің қызды кездесуге кітапханаға шақырған жағдайлар кездескен. Сауда үйлері немесе кафе дегендер көпшілікті шаршатты. Қазір Қазақстанда жаңа тренд еніп келеді, қалалық кітапханаларда жігіт қызға жүрегін ұсынып, оның соңы Love-story түсірумен аяқталуда.

195


– Бұл жерде бір ғана ішкі кеңістікті жаңғырту жеткіліксіз сияқты көрінеді...
– Әрине, кітапханалардың сыртқы және ішкі безендірілуі мен қабырғаларын жаңартып қана қоймай, кітапханашылардың өздері де заман талабына сай жаңаруы керек. Мысалы, біздің балалар мен жасөспірімдер кітапханаларының директорлары Минскіге Дүниежүзілік кітап көрме-жәрмеңкесіне ұшып кетті. 19 ақпанда «Шымкент күні» өткізілді. Қазақстандық делегация біздің жазушыларымызды таныстырды, еліміздің мәдениеті мен әдебиеті туралы әңгімеледі, ұлттық нақышта киініп, ұлттық тағамдарымыз қымыз бен бауырсақтан дәм татқызды. Бұл жәрмеңкені ұйымдастырушылар экспозиция бойынша да, дайындық бойынша да қазақстандық және ирандық көрмені үздік деп танығанын атап өтті. Қазақтарда «Қонақ келсе құт келеді» деген жақсы мақал бар. Біз қонақтарды қабылдауға дайындалып жатырмыз, жөндеу жұмыстарын жүргізудеміз. Сонымен бірге қонаққа баруға да
дайынбыз. Яғни, өзіміз жаңармай жаңғырту жасауға болмайды. Беларусь елінен әріптестерімізді күтіп отырмыз. Олар өзімен бірге жаңа байланыс, тың идеялар ала келетіні сөзсіз.
– Күні кеше «Алғыс айту» мерекесі өтті. Осы орайда шымкенттіктерге қандай тілек айтасыз?
– Алғыс айту күні қарсаңында барлық тұрғындарымызға әлеуметтік желілер мен іс-шараларда көрсеткен қолдауы үшін алғысымды білдіргім келеді. Олар тіпті, біздің санаулы билет сатып жатқанымыздан да хабарсыз. Бәріміз пандемияның аяқталуын асыға күтеміз. Бізге келіп, билетті онлайн төлеген әрбір тұрғынға алғысымды білдіргім келеді. Өйткені бұл бізге қандай да бір іс-шараға, қойылымға нақты сұранысты байқауға мүмкіндік береді. Бұл театрларды қаржыландыруды жоспарлауға да көмектеседі. Осындай қиын уақытта өз қызметін мүлтіксіз атқарып жүрген барлық дәрігерлер мен қауіпсіздік қызметкерлеріне алғыс айтқым келеді. Мәдениет, білім, спорт, ғылымның дамуына жағдай жасау үшін барлығын жасап жатқан қала мен ел басшылығына алғысымды білдіремін. Себебі қаланы дамыту туралы сөз болған кезде бір ғана жол салу және аулаларды абаттандыру жеткіліксіз. Әрине, табиғи газ бен су қажет, бірақ мәдениетті дамытпасақ, мұның бәрі бекер.

Черчиль айтты делінетін атақты сөз бар. Соғыс басталып, қаржы министрі оның алдына келіп «Қазынаны қару-жарақтың пайдасына қысқарту керек» дегенде, Черчилль: «Біз нені қысқартамыз?», - дейді. Министр мәдениетті қаржыландыруды 70% - ға дейін қысқартуды ұсынады. Черчилль: «Онда біз не үшін күресіп жүрміз?» деген екен.

Кітап оқу сауаттылықты арттырып қана қоймай, адамның таным көкжиегін кеңейтеді. Осы орайда тағы бір қызықты мәліметті айтпай кетсем болмас. Колумбияда қылмыс өте жоғары, есірткі саудасымен айналысатындардың алдында әскері де қауқарсыз көрінеді. Ондағы түрмелерде қылмыскерлер толып кеткені түсінікті, бірақ олар есірткі сатушылар мен басқа қылмыскерлерді қайта тәрбиелемейді, бірақ кәнігі қылмыскерлерді қайта тәрбиелейді. Және бұл керемет шешім деп ойлаймын. Түрмеден мерзімінен бұрын шығу үшін жазасын өтеуші 50 кітап оқуы тиіс. Сонымен қатар, тұтқын оларды оқығанын дәлелдеуі керек. Содан бері елдегі қылмыс төмендей бастаған екен. Міне, оқудың адам баласын қалай өзгертетінін осыдан-ақ байқау қиын емес.
Біз де мәдениетті қолдауға, дамытуға, жоғары мәдениетті дамыған қала болып қалуға, басқа елдер үшін мәдени тартылыс нүктесіне айналуға тиіспіз.

Сұхбаттасқан
Наталья ХАЙКИНА,
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.