Екі айда жазылған опера Избранное

Среда, 17 Март 2021 04:06 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 9589 раз

Шымкенттіктер қазір «Домалақ ана» «сырқатына» шалдықты. Екі адамның басы қосылса, «Домалақ анаға» бардың ба?» деп елең етеді. Әлемдік опера әншісі Майра
Мұхамедқызының опера және балет театрына басшылық қызметке келіп, «үшінші мегаполистің визит карточкасын жасаймын» деген уәдесі бар еді. Уәде орындалды. Бар болғаны екі айдың ішінде.

300

 

«Домалақ ана» қойылымына біз де бардық. Рухани-эстетикалық ләззат алып, демалып қайттық. Қойылым бір секундқа да жалықтырған жоқ. Сахнада шығармашылық ұжымның 160 әртісі, 40 техқызметкер, одан бөлек Шымкент саз колледжінің студенттері мен Қызылорда филармониясының музыканттары – жалпы 200-ден астам адам
премьераға келген көрермен үшін жанын салып өнер көрсетіп жатса, қайдағы іш пысқан?!.
Қойылым шын мәнінде сәтті шығыпты: сахнаға жылқыны кіргізуі, екі дөңгелекті күйме арба, сауыт-сайманын асынған батырлар, бояуы қанық жарқын костюмдер мен тақырыпқа сәйкес сахналық безендірілу, этникалық интерьер, би, ұлттық нақыштағы сахна, хормен және соло (жеке) айтылған ғажайып партиялар, LED-экранда қазақ және орыс тілдерінде опера мәтінінің шығып тұруы – бәрі де үйлесімді.

301

 

Операны көрген соң көркемдік дәрежесін төрелей алмасақ та, логика тұрғысынан режиссуралық формасы, бағыттық мазмұнына көз жіберіп көрелік.
Иә, шығармашылық топ әу бастан-ақ көркемдік шығарма ретінде өзгерістер енгенін айтқан болатын. Бірақ, көрермен ретінде келісе алмайтын бірнеше тұсын жазсақ дейміз. Оның үстіне Домалақ ана туралы аңызды бұрыннан естіп жүрген күнгейдің көп перзентінің бірі болған соң, көзімізге оғаш, санамызға қабылдауға қиындау болған жерлері бар.
Кей аңыздарға сүйенсек, Нүрилә алғашқы білегін ұстаған ер адам өмірлік жарым болады деген екен. Бірде құдыққа түсіп кеткен оны Бәйдібек білегінен ұстап алып шығады. Міне, Домалақ ана осылай Бәйдібек батырдың үшінші әйелі болады. Ал қойылымның бастапқы көрінісінде Нүриләні құдықтан Бәйдібек бабамыз білегінен ұстап шығармайды, керісінше, Нүрилә өзі шығып, балет стилінде билей жөнеледі. Ал Бәйдібек аттың үстінде отырған күйі отыра береді. Дұрыс, көркем шығарма болған соң сәл ауытқу болуы заңдылық. Бірақ, шындыққа сүйеніп ауытқыса, кейінгі ұрпақ та аңыз бен операның үйлесімділігіне шын сеніп жүрер еді. Домалақ ана туралы аңыздың ең ұрымтал тұсы да сол – білегінен ұстаған алғашқы адамға үшінші әйелі боп тұрмысқа шығып, қаншама қиындық пен кедергіге кезіксе де даналығы мен даралығын танытуы дер едік.
Опералық қойылым барысында Бәйдібектің бәйбішесі Мараудың сәбиді жерге лақтырған эпизоды көрерменнің көңіліне селкеу түсіргендей. Ал аңыз бойынша үлкен бәйбіше нәрестенің басына бармағын батырып жібергендіктен, баланың басында жарықшақ пайда болып еді. Асқар Тоқпанов атындағы
Жамбыл облыстық драма театры Шерхан Мұртазаның прозасы негізінде екі бөлімді драманы сахналаған екен. Сол спектакльде Марау Нүриләні босандырып жатқанда баланың басын жарақаттайды. Яғни, шындыққа жанасымды. Ал мұнда жерге лақтырылған баланың басы қалай жарылатыны түсініксіз. Ресейден арнайы шақырылған режиссер Михаил Панджавидзе осы тұсын әлі де пісіруі керек сияқты.
Тағы бір зер сала, шұқшия назар аударар мәселе – Нүрилә партиясын үш бірдей актриса алып шықты. Майра Мұхамедқызы, Үрәлхан Сейілбекова, Айгүл Азатова. Актерлық табиғат туралы айтқанда, Майра ханым 19 жасар, он екіде бір гүлі ашылмаған
Нүриланың жас кезін басқа актрисаға беріп, егде, дана Домалақ ананың рөлін ғана ойнағаны дұрыс болар ма еді деген ойда қалдық. Ал негізі әртістердің тас түйін дайындығы, орындаушылық өнеріне «Браво!» дейміз.
Бәйдібек бабамызды тенор, халықаралық байқаулардың лауреаты Жұмабек Қаңтарбаев пен Мәдихан Дүйсеев ойнап шықты. Актерлердің бірде толып, бірде таусылып, мың құбылта толғайтын, дене тітіркендірер үнге бай, интонациялық, дикциялық, орфоэпиялық айқындылығында осы заманғы актердің үлкен мәдениеті жатыр. Иә, Бәйдібек баба екі иығына екі кісі мінгендей кесек бітімді, денелі кісі болғанын аңыздардан білеміз. Бірақ, дәл сондай жауырыны қақпақтай ірі актер кез келген театрда табыла бермеуі мүмкін. Ең бастысы, қос актер де арғымақтай тартынып, дауыстарының диапазоны да келіп тұр.
Жоғарыда біз ескерткен некен-саяқ кемшіліктер сәл уақыттан соң орнын тапқалы тұрған нәрселер. Бұлай деуімізге қоюшы режиссер М.Панджавидзенің
«Режиссура, безендірілу, актерлық ойында да жетілдіретін жерлер баршылық. Опера әлі қайта қаралып, жетпеген жері жеткізіліп, жазылмаған тұсы жазылады» деген сөзі себеп. Идея авторы М.Мұхамедқызы да
«Домалақ ананы» әлі де жетілдіретінін алға тартты. «Әлі де қосатын жерін қосып, алатын жерін алып тастаймыз. Біз операны небәрі екі айдың ішінде қойып отырмыз. Әлбетте, асығыс шешімдер болды. Көрерменге қысқа уақыттың ішінде істеген жұмысымызды көрсеттік», - дейді театр басшысы.
«Театр барлық өнердің түйіскен мерекесі» деп Толстой бекер айтпаған ғой. «Домалақ анада» да опера, балет, би, проза – бәрі түйісіп, қала халқына мереке сыйлады.
Қоюшы-суретші Бахыт Күзембаевтың сахнаны безендіруі мен кейіпкер кескіндеуінің сәтті болғанын айта кету керек.
Сөз соңында біз «Домалақ ана» арқылы шымкенттік опера және балет театры бұрынғы «амплуасынан», ескі сарынынан шықты деп қуана айтқымыз келеді. Қолда бар аз ғана ресурспен осыншалық кең ауқымды қойылым қою – көзсіз ерлік. Тағы да айтамыз, «Домалақ ана» дегенде көзсіз ерлікпен ізденген екі айды айтқымыз келеді. «Домалақ ана» дегенде Майра салған дара сүрлеуді жазғымыз келеді. Ол бұрыннан дара болатын. Бірақ, Шымкентке келіп, аз уақыттың ішінде бар қиындықты «қиратып», нағыз өнер мерекесін жасауын дара сүрлеу демегенде, не дейміз?!
Егер пандемия аяқталса, осы жылдың соңында шымкенттік опера Париж сахнасына жол тартпақ екен. Енді «Домалақ ана» арқылы Шымкент театрының шығармашылық ауқымы кеңейіп, халықаралық беделі арта түспек. Осы орайда тарихи қойылымды қазақ өнеріне салынған өлшеусіз олжа десек жарасады.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.