Версия для печати

Турағұл Ибраһимұлы немесе айтылмаған ақиқат Избранное

Среда, 31 Март 2021 03:49 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 12141 раз
Оцените материал
(0 голосов)

(Басы өткен санда. Жалғасы)

 

№628 папка немесе ақын Турағұл туралы не білеміз?

Жоғарыда келтірген келтірген деректерге назар аударсақ, Тураштың бір басында астасып жатқан қабілеттерінен оның аудармашы, этнограф, өлкетанушы, шежіреші, деректанушы екенін көруге болады. Ғаламтордан тұлға туралы іздер болсаңыз, ақын деген мәлімет те шығып тұр. Алайда өлеңдерін жиі кезіктірмейміз. Зерттеуші Б. Тұрсынбайұлы Турағұл туралы мақаласында:

507

 

Алладан мен қапа боп тілеген күн,
Жым-жырт болып салбырап кетеді түн.
Жұлдыздар жыпылықтап, ай сұп-сұр боп,
Бәрі де тыңдап қапты шығармай үн.

Мұнымды айтып едім сөзбен сындап,
Дүние жым-жырт болып тұрды тыңдап.
Жел күрсініп сөйлесе сусыл қағып,
Шөптер басын изейді шын-шын шындап.

Қалғандар желден сұрар сөзімді ұқпай,
Бұлт қасын түйеді жылай-сықтай.
Тік қарауға мені аяп шыдай алмай,
Күн бұлтқа кеп тығылды, қайта шықпай, –

Тураш жазған деген осы үш шумақ өлеңді келтіреді.
Енді осы орайда ақын аты қатар аталатын тұлғаның осы бір ғана өлең жазумен шектелуі мүмкін бе деген сауалдың туындайтыны заңды. Содан не керек? Мұның да жауабын тапқандай болдық. Алматы қаласындағы ҚР Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» РМКОрталық ғылыми кітапханасында Турағұл Ибраһимұлының 7 беттік қолжазбасы сақталыпты (№628 папка, 3 дәптер). Қолжазба латын қарпінде жазылған. Титулдық бетінде: №628 (3)Тұрағұлдың Абдірахманға өлеңмен жазған хаты, дәптерді ашқан бетте:
1.Абайдың Тұрақұл деген баласы Алматыдағы науқастанып жатқан Абдрақыман деген ағасына өлеңмен жазған хаты 1- 3.
2.Тұрақұлдың тағы бір хаты 3-4.
3.Абайдың Мағауия деген баласы Абдірахман Алматыда өткенде қасында болған, сонда ағасының науқастан бейнет көріп жатқанын өлеңмен айтқаны 4-6, – деген түсініктеме берілген. Сондай-ақ, Абайдың Ділдадан туған баласы Мағауияның Әбдірахманға арнаған «Жалғыз міне отырмын әр нәрсе ойлап» деген өлеңі де аталмыш дәптердің 4 бетінде орналасқан. Әбдірахманның 1895 жылы қайтыс болғанын ескерсек Тураштың бұл өлеңдерді осы жылдар ішінде жазғаны анық. Жас тұрғысында Тураш бұл кездерде небәрі 20 жасар жігіт болып тұр ғой. Осы дәптерде Турағұлдың өлеңі деп берілген, «Абайдың Турағұл деген баласы Алматыдағы науқастанып жатқан Ғабдырақыман деген ағасына өлеңмен жазған хаты екен» деген тақырып қойылған төмендегі мына бір өлең көзімізге оттай басылды.

Көзімнің нұрысыз, сізсіз жоқ қуаныш,
Өмірімнің гүлісіз, көңіліме жұбаныш.
Зар қылып тілеймін, рахымын Алланың,
Елжіреп жылаймын, көңілін аш бәндеңнің.
Саулығын қалқама, бере гөр я Рахым,
Тілегім бұл ғана, қайғымды қыл шағын.
Ағатай сағындым, сені сау көрмекке,
Осы күн өмірімнің, еш бір жоқ қызығы.
Жаралы көңілімнің, жазылмай сызығы,
Мақсатым хатымда, аз уақыт болса ермек,
Сөзім жоқ татымды, қошлық бен көріспек.
Ұйықтасам түсімде көремін, қуанып,
Әр күннің кешінде қаламын жұбанып.

Бұл өлең Абайдың 2 томдық академиялық басылымының 1 томында (155 бетте) «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» деп берілген. Бір қызығы бұл өлең М. Әуезов құрастырған 1933 жылғы толық жинақтан кездеспеді. Бұл өлең жайлы Б. Тұрсынбайұлы «Кәкітай» атты мақаласында: «Абайдың ұлдары, немерелері де өлең жазып, аудармамен шұғылданған. Бұл әдеттен Кәкітайдың алыс болмағаны анық. Қайым
Мұхамедханұлы Әрхамның естелігін келтіріп, Кәкітай шығармалары туралы анық дерек жоқ деп, «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат», «Тілім, саған айтамын», «Көзімнің нұрысыз» деген өлеңдерді Кәкітайдікі деп береді. Бұл пікірді филология ғылымдарының докторы Бауыржан Ердембеков та растап, «Кәкітай» деген мақаласында Абайдың тұңғыш жинағына бұл өлеңдердің кірмегенін осыған дәлел етіп, тарқатып жазады», деген мәлімет келтіреді. Енді осы өлең турасында азды-кем пікірімізді жазып өтетін болсақ, бұл өлең академиялық басылымда:
Сөзім жоқ татымды,
Хошлықпен көріспек, - деп аяқталады. Ал қолжазбадағы аяқталуында:
Ұйықтасам түсімде көремін, қуанып,
Әр күннің кешінде қаламын жұбанып, -
деген еш жерде жарияланбаған жолдарды аңғардық. Ал енді өлеңнің текстіне үңілсек:
Ағатай сағындым, сені сау көрмекке,
Осы күн өмірімнің, еш бір жоқ қызығы, - деген жолдардан-ақ, бұл өлеңді Әбдірахманнан жасы кіші адамның жазғанын байқауға болады. Әбдірахман мен Кәкітай екеуі 1868 жылы дүниеге келген. Жас шағынан алғанда екеуі түйдей құрдас. Ал Тураш жоғарыда айтып өткеніміздей 1875 жылы туған. Сонда
Тураш Әбіштен 7 жасқа кіші. Қолжазбадағы соңғы екі жолдың Абайдың академиялық жинағына кірістірілмеуі, сондай-ақ бұл өлеңнің Мұхаң құрастырған 1933 жылғы жинаққа енбегеніне қарап бұл өлең сөзсіз Тұрағұлдікі болуы мүмкін деген байлам жасап отырмыз. Кейінгі жинақтарда бұл өлеңнің Кәкітай атынан шығып жүргендігінің бір себебі, сол заманда Турағұлдың есімін атауға тыйым салынғандығында болуы бек мүмкін. Өйткені Тураш көз тірісінде қаншама дүниелерін өзге біреулердің атымен беріп отырғаны жайында деректер де жоқ емес. 1993 жылы Т. Ибраһимұлының «Әкем Абай туралы» естелігін құрастырған профессор Мекемтас Мырзахметұлы Мәкен апаның естелігін былай деп хатқа түсірген: «Тұрағұлдың қызы Мәкен апайдың әкесі жайлы: «Мұхтар Әуезов әкем туралы әңгімелеген кезде, Мәкен, Тұрағұл орыс тілінен көптеген көркем шығармалар аударып, басқа кісілердің атымен шығып тұрды. Қаламақысын өзіне жіберіп отырдық. Амандық болса бәрін де кейін айтып берем дейтін. Бірақ тағдыр оны бізге жазбады. Мұқаң кенеттен қайтыс болып кетіп, ол сырдың шындығы ашылмай қалды, қарағым», – деп тебірене отырып мұңая еске алғаны бар еді», дейді. Міне, өздеріңіз байқағандай Мұхаңның көзі кеткеннен кейін бұл дүниелер де бізге құпия да, жұмбақ болып қалды. Алайда, белгілісі Тураштың басындағы азапты тағдырдың себебінен, жазған еңбектерінің өзі өзгенің атынан жарық көріп отыруы қаламгер үшін де өте ауыр жағдай. Тураш дүниеден өтсе де қоғамдық саханада оның есімін атаудың өзі оңайға түскен жоқ. Алаштанушы, Абайтанушы Тұрсын Жұртбайдың деректеріне сүйенсек, «1988 жылғы қарашаның 4-інде қабылданған шешімге Алаш қайраткерлерін азаматтық тұрғыда ақтау туралы 1988 жылы 24 сәуірдегі Жоғарғы сот шешімі бастау болғанын айтады». Яғни 1988 жылға дейін Алаш зиялыларының атын атау тіпті мүмкін болмаған болып тұр ғой. 1932 жылы Түрмеден босап шыққан Мұхаң 1933 жылы басына үйірілген қара бұлтқа қарамастан Абай шығармаларын толық жинақ етіп құрастырған заңғар жазушы қуғында жүрген Турағұлдың есімін қалайша кітапқа қоса алсын?! Сол себептен болар, сол жылғы жинаққа бұл өлеңнің кірмей қалуы. Алайда кейінгі жинақтардан бастап, бүгінгі күнге дейін бұл өлең «Әбдірахманға Кәкітай атынан хат» деп жарық көріп келуде.
Хош, Турағұлдың өлеңіне қатысты азды-кем мағлұматтарымыздың жиыны осы, ал қолымызға түскен латын қарпінде жазылған ұлы тұлғаның өлеңін кирилл қарпіне түсірген едік. Сол өлеңдер тізбегін осы жерге беруді ұйғардық.

520


Турағұл өлеңінің латін қарпінде жазылған қолжазбасы.
ҚР Білім және Ғылым министрлігі Ғылым комитеті «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасы, (№628 папка, 3 дәптер)

Тағы сол Турағұлдың Ғабдырахман деген ағасын Әбіш деп айтушы еді. Жаңа бір жазған хаты.
Рахаты көңілімнің Әбіш ағай,
Аллаға мәлім шығар біздің де жай.
Күнде Алладан тілеймін тынбай жылап,
Бізді душар қылдың деп күнге осындай.
Аллаға мағұлым шығар қылған сыйым,
Жан қиюға ризамын бір сіз үшін,
Өмірімнің осы күнгі бар қызығы,
Амандасып, жолғасып көрген түсін.
Оңалып лазареттен шықтық деген,
Сөзіңіз жанға жылы болды тәтті.
Бірің ақыл, бірің көрік ағаларым,
Бұрынғыдан екі есе бағаларың,
Әбіш ағам бағымыз Құдай берген,
Құдай-ау бұл көңілді қылма жарым.

Турағұлдың тағы бір хаты

Бастапқы қатты көріп қалдық шошып,
Соңғы хаттан жақсылық тұрдық тосып.
Жүректің шошығаннан лүп еткенін,
Қайта оңалған қызыққа кеттік түсіп.
Өңге ой жоқ, тыңдап қаппын хаттың сөзін,
Хат оқыған ағада екі көзім.
Хат біткен соң ағамды абайласам,
Көз жасаурап, суалған көрдім жүзін.
Онан соң алдық жыртып соңғы хатты,
Құдайға етем қылып мінәжатты.
Көп тіленіп сұрайды осыны айтып,
Мен шыдаймын есітіп мұны қайтып?
Жүзін көріп бейнеті еске түсіп,
Бойымды жеңе алмадым бүгін тартып.

(Соңы)

Әзімхан ИСАБЕК,
М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Мұхтартану» ғылыми орталығының жоғары білікті маманы, гуманитарлық ғылым магистрі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.