Әлімжан Серікбаев: «ДӘСТҮРЛІ ӘН-ТЕРМЕ МЕКТЕБІН ДАМЫТСАҚ ДЕЙМІЗ» Избранное

Пятница, 09 Июль 2021 04:52 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3799 раз

Шәкірттерге жазғы каникул болғанымен, білім ұяларында жаңа оқу жылына дайындық қызу жүруде. Білім ошақтары сабақ бағдарламасын пысықтап, мектептер – оқушыларды, ал жоғарғы немесе орта арнаулы оқу орындары студенттерді қабылдауға әзірленуде. Сондай оқу ордаларының бірі де бірегейі – Шымкент саз колледжі.

418

 

Саз колледжінің іргетасы 1958 жылы қаланған. Алдымен музыкалық училище болып құрылған оқу орны кейін колледж атанады. Жалпы пәндер бөлімімен қосқанда 14 бөлім жұмыс істейтін оқу ордасы, оның ішінде кейінгі жылдары ашылып, қарқынды дамып келе жатқан дәстүрлі ән бөлімі туралы әрі ұстаз, әрі өнерпаз мамандардың өз аузынан білген едік.
– Оқу ордамызда музыка саласының барлық мамандығы бойынша шәкірттер даярланады деп айтуға болады. Яғни, вокалдан бастап хореография, хор, қазақ ұлттық аспаптары, орыс ұлттық аспаптары, үрмелі және соқпалы аспаптар, музыкалық теория, эстрада бөлімі, шекті аспаптар, арнайы фортепиано бөлімі, міндетті фортепиано бөлімі бар. Соның ішінде дәстүрлі ән бөлімі де бар, – дейді дәстүрлі ән бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Серікбаев.
Бөлім бастапқыда дәстүрлі ән салу сыныбы болып ашылған. Бұл идеяның жүзеге асуына сол кездегі ОҚО әкімінің бірінші орынбасары Әли Бектаев тікелей атсалысады. Арада уақыт өте келе бөлімнің ауқымы кеңейіп, білім алатын шәкірттер көбейеді.
– Содан 2018 жылы арнайы бөлім болып шықтық. Бөлімге 9 сыныпты аяқтаған оқушыларды қабылдаймыз. 14-15 жасар жеткіншектерді 4 жыл бойы тәрбиелеп, халықтың төл өнерімен сусындатып шығарамыз. Бүгінде олардың алды лауреат атанып, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Сондай жастарға алғашқы ұстаз атану бізге нәсіп болған екен, – дейді Әлімжан
Рысбекұлы.
Саз колледждің сол кездегі директоры Ұлықбек Мажитовтың үлкен еңбегі сіңген ән сыныбына одан кейін Жақып Сыпатаев оқытушы болып келеді. Ал өнер мен ұстаздықты қатар алып жүрген Әлімжан Рысбекұлы шәкірттерге сабақ беру, оқу бағдарламасын әзірлеу деген жұмыстарға бел буып кірісіп, Алматыдағы өнердегі ағаларынан кеңес алады.
– Бізге Рамазан Стамғазиев ағамыз көп көмектесті. Ол кезде Жүсіпбек Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінде дәстүрлі әннен сабақ беретін. Оқу процесіне қажет құжаттарын көрсетіп, бағдарлама жөнінен көмегін аянып қалмады. Сол кісілерден дәстүрлі әннен дәріс берудің негізін алып, колледжімізде өз өңіріміздің ән-термелерін қосып оқу бағдарламасын жасадық. Қазіргі таңда құжаттар да, репертуар да, ән қоры да, оқыту құралдары да бір жүйеге келді, – дейді дәстүрлі ән бөлімінің меңгерушісі.
Осылайша бөлімнің ауқымы кеңейіп, шәкірттер көбейеді. Ауыл-аймақтан қазақтың домбырасын ұстаған қарадомалақ балалар көптеп келе бастайды. Содан колледж басшылары білікті, талантты ұстаздарды іздестіріп, консерватория түлегі Ербол Халмұрзаевты мұғалімдікке шақырады. Одан кейін белгілі әнші Руслан Ақинбековты, Тұрар Әлменовты, осы колледждің түлегі Еркебұлан Құрасбекті, Сафура Әбдіразақты арнайы шақырады. Қазір дәстүрлі ән бөлімінде жалпы 7 мұғалім дәріс беріп жүр.

406


– 2010 жылы сынып болып ашылдық дедік қой. Бар назарымыз дарынды, талантты шәкірт тәрбиелеуде болады. Елімізде бұрыннан қалыптасқан өнер мектептерімен иық тіресіп, бәйгеге түсу керек. Дегенмен, өнер сайыстарға шәкірт апарайын десек, әлі дайын емеспіз-ау деп жүрексініп те жүрдік. Содан 2013 жылы жас орындаушылардың республикалық колледж аралық 34-байқауына бардық. Айта кетейік, бұл өнер додасы 1979 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Онда әнші де, трубач та, вокалист те, жалпы, барлық өнерпаздар өзара сайысады. Алматыдағы Чайковский атындағы колледжде өткен конкурсқа екі жасты апардық: Ерғали Ағайдаров және Еркебұлан Құрасбек деген шәкірттерім. Әділқазылар арасында Рамазан Стамғазиев ағамыз, ол кезде Жұбанов мектебінің директоры, қазіргі Мәдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуәлиев замандасымыз, Айгүл Қосанова әншіміз бар. Содан атын бәйгеге қосса, тақымын қысып отыратын қазақпыз ғой, балаларымыз сахнаға шығып, додаға түскенде мына жақта отырған біз өзіміз конкурсқа қатысқандай қобалжыдық. Нәтижесінде Ерғали үшінші орын алды. Алғашқы сайыс үшін бұл жаман нәтиже емес еді. Әділқазылардан, үлкен ұстаздардан «Шымкентте өнер мектебі ашылыпты ғой, жарайсыңдар!» деген қошемет-қолдау естідік. Сол жылы Таразда өткен Кенен Әзірбаев атындағы үлкен өнер сайысына да қатысып, халық әртісі Қажыбек Бекбосынов ағамыздан мақтау естіп қайттық. Бөлімнің жұмысы ең әуелде Арқаның, Жетісудың, Сыр бойының, Батыстың іргесі мықты, қалыптасқан әншілік мектептеріне қызығып, бізде – Оңтүстікте тұнып тұрған өнер бар, ендеше, неге өзіміздің ән мектебі болмасқа деген оймен ашылған. Ал қазір өңірдің ән мектебі деп қана қоймай, Оңтүстіктің ән-терме мектебі деп жатырмыз. Себебі, бізде терме мектебі жақсы дамыған, – дейді Әлімжан Рысбекұлы.
Дәстүрлі әнші осыдан бірнеше жыл бұрын «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісін алған Жақып Спатаевтың да еңбегі барын айтады. Оңүстіктегі терме өнерінің дамуына үлес қосқан бірден бір азамат болса, сол кісінің өзі дейді.
– Жақаң 2017 жылы «Нартай сазы» деген кітап шығарды. Арнайы жинақтап, терменің бәрін таспаға түсірді, орындаушылардың барлығын реттеп, қай мақам кімнен жеткенін, оны кім орындағанын анықтады. Жүйелеп, дискіге басты. Сол кездегі облыстық халық шығармашылығы бөлімімен Оңтүстіктің терме өнерін дамытуға қатысты біраз жұмыс істедік. «Оңтүстіктің 100 әні, Оңтүстіктің 100 термесі, Оңтүстіктің 100 күйі» деген жинақ шығардық. Аудан-ауданды аралап, орындаушыларды таспаға жазып алдық. Кітаптың жанында музыкалық дискісі бар. Қазір оны шәкірттерге оқулық ретінде қолданамыз, – дейді Әлімжан Серікбаев.
Өнер адамының айтуынша, үшінші мегаполисте ән мен терме ғана емес, сырнаймен орындаушылық та жақсы дамыған. Бұған саз колледжінің қазіргі директоры Сералы Тілеубаев бастаған ұжымның да сіңірген еңбегі мол. Мысалы, Жақып Спатаевтың Өсербай Ақжол деген шәкірті консерваторияның 4-курсын тәмамдады, күні кеше Қарағандыда өткен Жүсіпбек Елебеков атындағы үлкен конкурста бас жүлде алған. Ал осыдан екі жыл бұрын дәстүрлі ән бөлімінде оқитын Қылышбек деген өнерпаз республикалық конкурста 1-орынға ие болып, Қайрат Байбосыновтың батасын алған. Еңбектің еленгені болар, бүгінде дәстүрлі ән бөлімінің ұстаздары сол конкурстарда әділқазылар құрамына еніп жүр. Тек шәкірт тәрбиелеумен ғана шектелмей, бөлім оқытушылары өздері де үнемі ізденіс, даму үстінде. Мысалы, Әлімжан Рысбекұлы 2019 жылы «Білім беру саласының үздігі», ал 2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» атанған.
– Жалпы, дәстүрлі ән – әншіліктің түп негізі деп айта аламыз. Себебі, дәстүрлі әнде білім алған, іргетасы қаланған әнші эстрада, фольклор болсын, вокал, оркестр болсын – кез келген бағыттағы әнді орындай алады. Оған қоса ұлттық тәрбие, ұлттық болмыс, патриоттық сезім – барлығы дәстүрлі әннің ішінде бар. Сондықтан бізде оқыған балалардың барлығы тұлға болып қалыптасып келеді деп сеніммен айта аламыз, – дейді бөлім меңгерушісі.
Оқу орнының алдағы жоспары – «Оңтүстіктің ән-термесі» деген атаумен ән бәйгесін өткізу. Бүкіл елден әншілерді жинап, Оңтүстіктің әндерін насихаттаса, үлкен ғылыми конференциялар өткізсек деп жоспарлап отыр.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.