КҮЙШІЛЕР БЕЙНЕСІ – ПОП-АРТ СТИЛІНДЕ

Пятница, 09 Июль 2021 05:04 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 1812 раз

Шымкенттің көрікті орындары Ұлттық домбыра күнінде әйгілі күйшілердің портреттерімен безендірілді. Атап айтқанда Түркістан сарайы мен Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ғимараттарына танымал күйшілердің алып портреттері ілінді.

417

 

Осылайша аты аңызға айналған Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Дәулеткерей, Кенен Әзірбаев, Біржан сал, Қазанғап, Жаяу Мұса сынды күйшілердің есімдері насихатталды. Мұндай суреттер қаладағы билбордтарға да ілінді.
Карантин шараларының күшеюіне байланысты бұқаралық-мәдени іс-шаралардың көпшілігі онлайн форматта өтті. ShymQala этноауылында домбыра жасау бойынша онлайн шеберлік-сабағы ұйымдастырылды. Қолөнершілер ұлттық аспаптың қандай материалдардан және қалай жасалатынын, оның бірегейлігі мен мүмкіндіктері туралы айтып берді.
Бұл күні қала кітапханаларында кітап көрмелері мен әдеби кештер ұйымдастырылды. Ал Арбатта әртістер костюмдер мен атрибуттардың көмегімен танымал күйшілердің бейнесін сомдады.
Айта кетейік, Қазақстанда домбыра күні биыл төртінші рет атап өтілуде. 2018 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шілденің бірінші жексенбісін Ұлттық домбыра күні деп белгілеу туралы қаулыға қол қойған болатын. 2014 жылы ЮНЕСКО дәстүрлі домбыра күйін орындау өнерін адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы деп таныды. Домбыра күйі адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізілген
Қазақстанның алғашқы мұрасы болды.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.