Версия для печати

Тарих тұнған «ShymQala» Избранное

Среда, 14 Июль 2021 04:11 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3530 раз
Оцените материал
(0 голосов)

2200 жылдық тарихы бар көне қала Шымшаһар Орталық Азияда тарихи өзегін сақтап қалған жалғыз қала десек, ал ондағы «ShymQala» тарихи-мәдени кешені заманауи мегаполистің тарихи жүрегі. Ал кешеннің жүрегі деп «Шеберлер ауылын» айтар едік. Шеберлер ауылының тіршілігімен арнайы танысып қайттық.

420

 

Тарихи-мәдени кешендегі «Шеберлер» ауылында тіршілік таң азаннан басталады. Ал бұл маңның ең басты артықшылығы, қала тұрғындары мен қонақтары шеберлердің тұрмыстық заттарды, ыдыс-аяқтарды, ұлттық әшекейлердің жасалу жолдарын көреді. Сондай-ақ ұлттық бұйымдарды өзі жасап үйренуге мүмкіндігі бар. Бүгінде мұнда жергілікті ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен қаншама жас ұлттық бұйымдар мен кәдесыйларды жасап үйреніп жүр. Алматылық Асыл медицина колледжінде оқыса да, қолөнерге қызығып, жазғы уақытын тиімді өткізу үшін осындағы шеберлер ауылына келіп бір айдың ішінде ұлттық аспап – домбыра жасап, құрастыруды меңгеріпті. «Мамандығын қолөнерге ауыстырамын деушілердің қатары көбеюде. Тоқырау заманында суретшілер керісінше басқа мамандықтарға ауысқан-ды. Бұл үрдіс көнеден жеткен көзайым ата-баба өнерінің ілгері басып, өркендеуінің белгісі», - дейді шеберлер ауылының жетекшісі, халықаралық деңгейдегі қолөнер шебері Болат Бейісбеков.
Шеберлер ауылында бес киіз үй бар. Бірінші ақ қанат киіз үйде сән-салтанатымен хан тағы қойылған. Керей мен Жәнібек, Абылай хандардың отырған орнындай әсер қалдырады екен. Хандар киген бас киімнен бастап шапан, етік және өзге де ұлттық киімдерді киіп хан тағына отырып естелікке суретке түсуге болады. Бұл – туристер үшін жасалған экзотика. Жергілікті тарих пен мәдениетке қызығушылық танытқан туристер келетін мегаполистің маңызды туристік нүктесіне айналдыру мақсатының үдесінен осылайша шығып жатыр.
Екінші киіз үйде қолөнер бұйымдары қойылған. Былғарыдан істелген түрлі заттар, ер тоқымнан бастап кісе белдік, ер-тұрман, жебенің түр-түрі, асатаяқ, т.с.с. алуан түрлі бұйымдарға қызыға қарадық. Мұнда атақты қолөнерші Әшірбек Желдібайдың қолынан шыққан құнды заттарды айрықша атап айтуға болады.

421


Одан кейінгі үшінші киіз үйде кілем тоқып, киіз басып көрсетеді. Біз барғанда кезекті түскиіз дайындау шеберлік-сағаты жүріп жатты.
Этноауылға кіреберісте екі қақпа бар, сол жақта «Kaztourism» қонақтарға өз ақпаратын ұсынады. Ары қарай Шығыс базарының атмосферасына еніп кеткендейміз. Қазақ тұрмысында қонақ түскен үйдің дастарханы әрдайым мол, берекелі болуы керек. Бұл – Ұлы Даланың жазылмаған заңы. Этноауылда да қонақжай қазақтың берекелі дастарханына тап келдік.
Бірінші кезекте бағаның қолжетімді болуына баса мән беріпті. «Кәсіпкерлерден біздегі бағалар мейрамханадан төмен болуын талап етеміз. «Баға қолжетімді болсын!» деген бір ғана талап қойдық. Кәсіпкерлерден жалдау ақысын алмаймыз, олар тек электр энергиясы үшін төлейді, басты шарт – бағаны көтермеу». Осылай деген мекеме басшысы Б. Мүслімовтен шеберлер ауылында көне ұлттық тағамдардың дайындалатынын да білдік.
Төрт түліксіз ауыл ауыл бола ма?! Жақында Shymkala алаңында құлынды биелер пайда болмақшы.
–Шет елдерде адамдар табиғатпен тілдесіп, жан-жануарды ұстап, көру үшін бүкіл отбасымен арнайы демалыс орындарына, қала сыртындағы фермаларға барады. Балалар қоршаған ортадан ажырап қалмасын деп нағыз ауылдағыдай жағдай жасағымыз келді, - деді Бейбітжан Мүслімов.
ShymQala-дағы Шығыс базарында кәдесыйлар мен ұлттық қолөнер бұйымдарын, отандық өнімдерді сатып алуға болады. Былғары, киізден жасалған сувенирлер, ұлттық өрнектері бар әмиян, әшекейлердің сан түріне қол жеткізе аласыз.
Этноауылда садақ атып үйренетін алаңға дейін жасалыпты. Келушілер бір сәт болса да садақ ұстап, атып көрсін деген игі тілектен туған ой.
Алтыбақансыз этноауылды елестету қиын. ShymQala-дағы балалар алаңында балалар үшін әткеншек қойылған. Көгалда балалар атмосферасы сезіледі. «Келесі жылы мұнда жүзім және басқа да жеміс ағаштарын егіп, оларды тамшылатып суару әдісін енгізсек пе деп жатырмыз. Ондағы мақсатымыз – келген туристерге Шымқаланың жемісінен дәм таттыру, - дейді Бейбітжан Жомартұлы.
Этноауылдың дәл ортасында үлкен қазан қойылыпты. Биыл 1,5 тонна Наурыз көже осы алып қазанда дайындалыпты. Енді жыл сайын наурыз көжені осы жерде дайындау дәстүрге айналмақ.
Дәл қазір кешенде қайта құру, музейлендіру жұмыстары жүріп жатыр.

422


–Цитадельдің сол жағы – ең көне бөлігі. Өйткені, бұл аумақта қыш ыдыстар, керамикалық бұйымдардың қалдықтары, Қарахан дәуіріне жататын қаңлы, сақ, ғұн, үйсін дәуірі кезеңінің артефактілері осы жерден табылған. Екі мұнараның жұмыстары жүріп жатыр. Әсіресе, Шығыс мұнарасының тарихы терең. Көне заманда мұның бәрі шымнан жасалғандықтан, қаламыздың атауы Шымкент болып аталған. «Шым» парсының «чемень» - шөп атауынан, «кент» - «қала» сөздерінен алынған. Тарихи кешеннің әр қақпасынан кіріп-шығудың өзіндік мазмұны бар. Бұл аймақ көне артефактілер мен аңыз-әпсаналарға толы, - дейді С.Мажитов.
Цитадельдің кіреберіс қақпасының оң жағы бойлай жерасты музейіне алып барды. Шілденің аптап ыстығында саялайтын бірден-бір салқын, жанға жайлы жер екен. Музейдің ең бір қызық тұсы, мүндағы жерасты жолы дер едік. «Бұл жерасты жолы Сайрамға дейін жеткен деген мәліметтер бар. Музейдегі оң жақтағы сөреде – теңгелер, сол жақта – қару-жарақтар қойылған. Жалпы бұл жерден 35 мыңға жуық артефакт табылған екен.
Цитадель мен этноауылдың қызығы мұнымен бітпек емес. Тарихқа тұнған жердің сыры көп.

Последнее изменение Среда, 14 Июль 2021 04:14
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.