Көрермендерді өзінің қайталанбас даусы және орындау шеберлігімен баурап алған жас әнші байқауға қатысқан 15 елдің өкілдерінің арасында ең жоғары бағаға ие болды. Мамандар оның өте сирек кездесетін диапазоны 5 октавалы даусы мен ерекше орындау мәнері және әннің табиғатын жүрекпен сезінетін болмысы тамаша үйлесім тауып, 22 жастағы әншіні шеберліктің шыңына көтеріп тұрғанын атап өтті.
Рухия – Талдықорған өңірінің тумасы, Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университеті эстрадалық вокал бөлімінің студенті. Өзінің айтуынша, оған өнер атасынан дарыған. Атасы Байдүкен бүкіл Жетісу өңіріне танымал айтыскер ақын әрі күйші болыпты.
Жеңімпаз «ABAI TV» телеарсына берген сұхбатында «Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына осындай тарту жасап, елімді қуантуды бұйыртқан Алла Тағаллаға шүкіршілік етемін. Қазақтың дарынды ұл-қыздары өте көп. Сол өрендеріміз барда Тәуелсіздігіміз де мәңгі болары анық» деп ағынан жарылды.
Айта кетейік, «Славян базары» байқауының 2015 жылғы жеңімпазы, әлемдік деңгейдегі эстрада жұлдызы Димаш Құдайберген қазылар алқасының құрамында болып, фестивалдің жабылу салтанатында өнер көрсетті.