– Шымкент қаласының опера және балет театрында үлкен өзгерістер орын алып жатқанына өздеріңіз де куәсіздер. Әлемге танымал Майра Мұхамедқызы қаламызға келген соң екі айдың ішінде, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында «Домалақ ана» операсын Шымкентте сахналау нәсіп болыпты. Енді сол қойылыммен Елордаға аттанып барасыздар. Жолдарыңыз болсын! Бұл сапар еліміздің Конституциясы күні мерекесімен қатар келіп отыр. Жалпы, алдағы он жылдың ішінде Шымкенттің мәдениет саласының шоқтығы бұдан да биікке көтеріледі деп сенеміз. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен Шымкентте арнайы опера театры салынады деп жоспарланып отыр, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Театр жетекшілерінің айтуынша, ұжым пандемияға байланысты екі жылдан бергі алғашқы сапарға мұқият дайындалған. Нұр-Сұлтан қаласына театр труппасы түгел дерлік аттанды. Елордадан да бірқатар мамандар мен арнайы аспаптар қосылады.
– Астана опера театры – әлемдік өркениеттің бесігі. Әз-Наурызда тұсауы кесілген қойылымды енді әлемнің алып 5 театрының бірі саналатын Астана балет театрында, республикалық деңгейде паш еткелі отырмыз. Пандемия салдарынан көптен бері сахна төріне шықпап едік, сондықтан, жүрегіміз толқып, әрі қобалжып, әрі қуанышымыз қойнымызға сыймай отыр. Себебі, бүкіл өнерсүйер қауым «Домалақ ана» операсы Шымкентте тұсауы кесілгенін естіді, көрді. Сондықтан, бізді тағатсыздана күтіп отыр деп сенеміз. Шығармашылық ұжым қойылымды әбден пысықтады. Арасында Бәйдібек бабаның даналығы, Домалақ ананың монологы деген сияқты қосымша толыққан тұстары бар. Бұл жолғы жаңалық – бізбен келісімшартқа отырған «Абай» телеарнасы операны телевизияға түсіріп алмақ. Шымкент қалалық опера және балет театрының бұл гасрольдік сапары ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында жүзеге асырылады. Ендеше, 2-3 қыркүйек күндері Елорда сахнасында жүздескенше! – деді театрдың директоры Майра Мұхамедқызы.
Осылайша «Домалақ ана» операсы елорда төрінде сахналанбақ. Ал сапар алдында театрдың бас суретшісі Бақтыбай Күзембаев көпшілікке сәттілік тілеп, бата берді.
Айта кету керек, Нұр-Сұлтан қаласынан келген сапардан соң театр ұжымы 15-18 қыркүйек күндері аралығында маусымның шымылдығын ашқалы отыр. Ал «Домалақ ана» операсы алдағы уақытта қалалық опера және балет театрының брендіне айналмақ.