«МҰҚАҒАЛИ» ХАЛҚЫМЕН ҚАУЫШТЫ Избранное

Среда, 20 Октябрь 2021 04:10 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 686 раз

«Том-том болып дүкенде тұрмасақ та,
Подвалдағы архивтен табылармыз...» деп кеңестік тоталитарлық жүйенің бұғауын бұза алмай, арман-шері ішінде кеткен қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туғанына биыл 90 жыл толды. Тәуелсіздіктің, азаттықтың арқасында ақынның тұлғасы мен мол әдеби мұрасы «шаң басқан архивтерден» шығып, төрден орын алғаны баршаға мәлім. Ал өткен жұмада қазақтың
Мұқағалиы халқымен үлкен экран арқылы тағы бір рет қауышты. Иә, Шымкентте ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай түсірілген «Мұқағали» көркем фильмінің премьерасы өтті.

100

 

Алғашқы көрсетілімнің алдында шығармашылық топ өкілдерімен кездесу ұйымдастырылды. Оған Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» акционерлік қоғамының вице-президенті
Айдархан Әділбаев, фильмнің режиссері Болат Қалымбетов, қоюшы суретшісі Ермек Өтегенов, бас рөлді сомдаған актер Асланбек Жанбалаев, Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және қаламыздың зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Мұқағали жайлы фильм түсіруді осыдан 13 жыл бұрын ойға алған едім. Содан бері шығармашылық ізденісте болып, толғанып, толғатып жүріп осы бір туындыны өмірге әкелдік. Фильмнің тұсаукесер рәсімін қазақ мәдениетінің мәйегі сақталған, ұлттық салт-дәстүріміз үзілмей жалғасып келе жатқан қала – Шымкентте өткізуді жөн деп шештік. Оңтүстік өңірі – даңқты батыр Бауыржан Момышұлының, Мұқағалидың рухани досы, сырласы Шәмші Қалдаяқовтың туған өлкесі. Фильмнің тұсаукесерін осындай киелі топырақта, қалың қазақтың ортасында өткізсек, ақынның рухы бізге разы болар деген ниетпен осында келдік, – деді режиссер Болат Қалымбетов.
Фильм ақынның өмірін, жан-дүниесі мен тұлғалық кескін-келбетін көрерменге шебер жеткізген. Мәселен, Мұқағалидың ұлы Айбар әкесі үйіне жасырып әкелген кітаптан Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін оқиды. Отты жырлардан рухтанған бозбала оны парақшаға жазып, түнделетіп Алматы көшелеріне жапсырып жүреді. Ол заманда бұл әрекет үлкен қылмыс боп саналатын еді. Ақыры бір күні Айбар КГБ-ның қолына түсіп, қамауға алынады. Ақын ұлына араша сұрап, Қазақстан компартиясының орталық комитетіне хат жазады, Бауыржан Момышұлын ортаға салады. Ұзақ тергеу мен азаптаудан кейін Мұқағалиға ұлын қайтарып береді. Бірақ, ол кезде Айбар мүгедектер арбасына таңылған жарымжанға айналып қалған-ды...

101


Фильм көркемдік шындық арқылы осынау трагедияны суреттей отырып, отарлаушылардың, кеңестік тоталитарлық жүйенің қазақ халқына, оның зиялы қауымына жасаған қиянаты мен озбырлығын көрсетеді. Сол арқылы көркем фильм жас ұрпақты ұлт тарихын тануға, Тәуелсіздікке тәу етуге, бүгінгі азат, бейбіт күннің қадірін білуге шақырып тұрғандай.
Тарихи тақырыпта кино түсіру әрқашан қиын. Сол заман адамдарының киім үлгісі мен кескін-келбетінен бастап ғимараттың сәулеттік ерекшеліктеріне дейін сақталуы тиіс. Тіпті, жиһаз бен ұсақ-түйек заттарға дейін сол заманға тиесілі болуы шарт. Ұсақ детальдағы ауытқушылық бүкіл картинаны бүлдіруі мүмкін. «Мұқағали» фильмінде бұл мәселеге баса назар аударғаны бірден көрініп тұр. Өткен ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Алматыға ұқсайтын орындарды табу үшін шығармашылық топ бүкіл Қазақстанды шарлап, ақыры Өскеменге тоқтапты. Осы орайда фильмнің қоюшы суретшісі Ермек
Өтегеновтың ерен еңбегін атап өткен жөн.
Кинода исі қазаққа аты мәшһүр Бауыржан Момышұлының, Нұрғиса Тілендиевтің, Фариза Оңғарсынованың бейнесі жасалған. Бұл кісілердің көзін көрген, жақын араласқан адамдардың әлі де арамызда жүргенін ескерсек, бұл жәйт шығармашылық топтың мойнындағы жауапкершілікті еселей түскені шүбәсіз. Сол себепті режиссер
Болат Қалымбетов «Өмірдегі шындық пен өнердегі шындықтың айырмашылығы болады. Өмірде әркімнің өз Мұқағалиы бар. Әр адам ұлы ақынды өзінше таныған. Біз де Мұқағалидың өз қиялымыздағы, біз армандағандай, кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болардай бейнесін жасауға ұмтылдық. Көрермен мұның көркемдік шындық екенін ұмытпаса екен» деген тілегін қайта-қайта айтты.
Премьерадан соң Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан шығармашылық топ өкілдеріне алғыс айтты.
– Мұндай әсерлі фильмнен кейін сөз сөйлеу де оңай емес. Ішімізде сан алуан сезімдер сабылысып, бір-бірімен арпалысып жатқандай. Бас кейіпкерді сомдаған актердің өзі оны көзіне жас ала отырып тамашалады. Демек, бұл кинода адам жанына әсер ететін бір нәрсе бар деген сөз. Бала күнімізден Мұқағали жырларын жаттап өссек те, бүгін оның жеке өмірінің сырларына қанығып, жан-дүниесіне үңіліп, ақын тұлғасын мүлде жаңа қырынан таныдық. Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы мен Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында қазақ кино өнері көркемдік деңгейі жоғары тағы бір тамаша туындымен толықты деп ойлаймын. Ал еліміздің рухани-мәдени өміріндегі осынау елеулі оқиғаның Шымкентте орын алуы біз үшін қуанышты жағдай. Бұл Шымкенттің республикадағы ірі рухани-мәдени орталықтың біріне айналып келе жатқанын көрсетеді, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Иә, Атырау драма театрының актері Асланбек Жанбалаев премьераны көзіне жас алып отырып тамашалағаны рас. Ол өз кейіпкерінің жан-дүниесін, ішкі сырларын жүрегімен сезініп, жеріне жеткізіп ойнап шыққан. Мұқағали образы – оның кинодағы алғашқы елеулі рөлі. Бұған дейін жекелеген эпизодтарда ойнағаны болмаса, шығармашылығының негізгі бағыты театр болып келген екен. Яғни, актердің театрдағы Станиславский жүйесімен шыңдалғаны, кейіпкерінің басындағы қуанышы мен қайғысын жүрегі арқылы өткізе білетіні бірден көрініп тұр. Мәселен, ақынның қызы Майгүлден айрылған сәтіндегі қайғысын экранның бер жағында отырған Сіз де сезініп, жүрегіңіз езіліп кете жаздайды. Бұл актердің шеберлігі емей не?!.
Қала берді Мәскеудегі М.Горький атындағы әлем әдебиеті институтында оқып жүргенде Мақатаев ұстазының өтініші бойынша өзі аударған Дантенің «Құдіретті комедиясынан» үзінді оқиды. Алматыдағы саябақта Сергей Есениннің жырларын жатқа айтады. Екі эпизодта да ақиық ақынның өзі Кеңсайдан шығып келіп, жыр маржанын тізбелеп жатқандай әсер алдық.
Әрине, жаңа туындыны талдап, сын айтып, баға берердей бұл саланың маманы емеспіз. Дегенмен, қатардағы көрермен ретінде пікір білдіруге құқымыз бар деп ойлаймыз. Сондықтан өзіміз байқаған кейбір нюанстарға тоқтала кетсек. Біріншіден, фильмде Мұқағалидың шығармашылық серігі, рухани досы компазитор Шәмші Қалдаяқовтың орны ойсырап тұрғандай. Сценарий авторы, белгілі жазушы Жүсіпбек Қорғасбектің бұл туындыға Шәмші бейнесін неге қоспағанын қайдам, бірақ, ұлы компазитордың образы киноның мазмұнын байыта түсер еді.
Екіншіден, М.Мақатаев ауруханада жатқанда іздеп келген Н.Тілендиев терезенің тұсына келіп айғайлап, ысқырып тұрады. Терезеден қараған қария кісі «Сен неге үнемі ысқыра бересің, Мұқаш енді жоқ» деп зекіп тастайды. Ұлы компазитор ақын досының қаралы хабарын осылай естиді... Бәлкім режиссер шынайы өмірді көрсеткісі келген шығар. Алайда, ұлы компазитордың жас балаша ысқырып тұрғаны бізге олқылау көрінді. Көрермен қауым, жас ұрпақ Нұрғисаның бойынан зиялылықтың, тектіліктің, бекзаттықтың үлгісін көргісі келетіндей.
Халқымызда «Біткен іске сыншы көп» дейтін сөз бар. Біз сөз еткен жекелеген кемшіліктер жалпы киноның мазмұнды, сәті түсірілгенін жоққа шығара қоймас. «Мұқағали» фильмі 21 қазаннан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Шынайы, әділ бағаны қалың көрермен беретіні сөзсіз.