Версия для печати

«ӨНЕРМЕН БІТЕ ҚАЙНАСЫП КЕТКЕН ОРТАНЫҢ ОПЕРАНЫ ЖАТЫРҚАУЫ ӘСТЕ МҮМКІН ЕМЕС» Избранное

Пятница, 19 Ноябрь 2021 04:32 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2999 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Биыл Шымкент қалалық опера және балет театры шығармашылықтың жаңа бір жеңгейіне көтерілді. Жыл басында шымкенттің брендіне айналған «Домалақ ана» операсын дүниеге әкелсе, жуырда ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» операсын қайта жаңғыртты. Енді 20-21 қараша күндері Е.Рахмадиевтің 90 жылдығына орай «Қамар сұлу» операсын жаңа бағытта көрермен назарына ұсынбақ. Осындай игі істердің басы-қасында жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет», «Отан» ордендерінің иегері, «Тарлан» сыйлығының, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Париждегі «Гранд Операның» Қазақстаннан шыққан тұңғыш әншісі Майра МҰХАМЕДҚЫЗЫМЕН сұхбатымызды назарларыңызға ұсынбақпыз.

404

 

— Майра ханым, атамекенге оралғаныңызға 27 жылдан асыпты. Яғни Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы, өсіп-өркендеуі, даму кезеңдері көз алдыңызда өтті. Осы орайда жылдарды саралай түйген ойыңызды айта отырсаңыз.
— Қазақстан тәуелсіздік жылдарында түрлі кезеңдерден өтті. Аллаға шүкір, бүгінде еліміздің тұғыры биік, шекарамыз айқын. Отыз жылда осындай деңгейге жеткізген Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы
Н.Назарбаевтың еңбегіне ерекше тоқталғым келеді. Қазақстанды мәдениетте, спортта, түрлі халықаралық келісімдерде әлемге паш етті. Жазық даладан қала салып, оны елордаға айналдырды. Қазіргі таңда астанамыз жастар қаласына айналды. Кейбіреулер көңілі толмай жатады. Бірақ, әрнәрсе өз уақытымен дамып жатыр. Бүгінде еліміздің экономикасы да дамып келеді. Жастарымыз қалаған оқу орнында, қалаған шет елде білім алып жүр. Мұның бәрі тұрақтылықтың жемісі. Ең басты байлығымыз – бейбітшілік, еркіндік. Біз соны түсініп, қадірін білуіміз керек. Мына кішкене ғана ұжымды басқарып, көпшілікпен жұмыс істеген кезде көшбасшы болудың, көпті басқарудың қиындығын түсіндім. Сондықтан ел билігіндегі ағаларымызға жүктелген міндеттің ауыртпалығын ұғынуымыз керек.

— Опера – бекзат өнер. Үшінші мегаполиске келіп, бекзат өнер ордасының тізгінін ұстағаныңызға 10 айдың жүзі болды. Осы он айда қандай жетістікке қол жеткіздіңіз?
— Тау қопарып жатырмыз десек пе екен?! Әзіл ғой. Бірақ, опера театрларында бір жылда үш премьера беру өте сирек, тіптен болмаған десек, қателеспейміз. «Қыз Жібек» операсы мен басшылыққа келгенге дейін жоспарланған және оған бюджеттен аз ғана қаражат қаралған екен. Алайда, аз болса да қаржыны театр игілігіне пайдалану үшін жамап-жасқап жүріп өткен айда премьераны жаңа үлгіде ұсындық. «Қыз Жібек» операсы Қазақстанның үш театрында сахналанды. Қоюшы режиссер Михаил Александрович Панджавидзе әр театрға өзіндік ерекшелігімен ұсына білді. Сондай-ақ, «Домалақ ана» операсы бүгінде Шымкенттің брендіне айналып отыр десек, қателеспейміз. Осы он айдағы жетістігіміздің бірі — «Домалақ ана» операсының елорда төрінде сахналануы. Гострольдік сапарымыз триумфальді табыспен өтті. «Абай тв» арнасы «Домалақ ананы» Нұр-Сұлтан қаласындағы қойылым кезінде толық бейнетаспаға түсіріп, мерекелік демалыстарда телекөрермендерге ұсынып жүр. Жуырда Еркеғали Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсының премьерасы өтеді. Е.Рахмадиев ағамыздың 90 жылдығына орай операны қайта жаңғыртуды жөн көрдік. «Қамар сұлу» әуелі 1963 жылдары сахналанған екен. Кейін араға 40 жылдан аса уақыт салып, Е.Рахмадиев ағамыз көзі тірісінде тағы бір рет сахналапты. Содан бері бұл операның Қазақстанда ешбір театрда қойғанын естіген емеспін. «Қамар сұлу» операсы – музыкасы көркем, жоғары деңгейде жазылған қиын шығармалардың бірі. Қазақ операсындағы шоқтығы биік композитор Е.Рахмадиев ағамыздың құрметіне біз «Қамар сұлуды» дайындасақ, «Астана-опера» «Алпамыс» операсын сахналамақ.

— Шымкенттіктер сіздің есіміңізді «Домалақ ана» операсымен байланыстырады. «Домалақ ана» бейнесі тек шымкенттіктерді емес, елорда жұртшылығын да тамсандырды. Бұл шығарманы таңдауға не себеп болды?
— Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің қабылдауына барған кезде қызық жағдай орын алды. Ол кісі опера, балет саласын жақсы біледі екен. Кезінде «Астана-опера» театрының салынуына мұрындық болғандардың бірі ғой.
М.Әйтенов «Көкшетауда «Біржан-Сара», Батыста «Қыз Жібек» бар. Оңтүстіктен кім бар?» дегенде, Алла Тағала аузыма салған шығар «Домалақ ана» дедім. «Ондай опера бар ма?» дейді ғой. «Жоқ, жаздыру керек» дедім де, бірден жұмысқа кірісіп кеттік. Үш күннің ішінде операның негізгі мазмұнын ұсындық. «Домалақ ана» тарихта бар, ел аузында жүрген аңыз. Сондықтан операда оны қаз-қалпында халыққа жеткізуге тырыстық. Опера өнерінде аналарды ұлықтауға арналған қойылымдар өте сирек. Сондықтан аналарды ұлықтап, оларға құрмет көрсету ешқашан да артықтық етпейді. Ана деген мәңгілік тақырып қой. Міне, «Домалақ ана» операсы осылай өмірге келді. Халықтың да көңілінен шықты. Оңтүстікте «Домалақ ана» кесенесі бар. Көптеген әйелдер Алладан тілеп, сол қасиетті кесенеге түнеп, перзент сұрап жатады. Әрдайым зиярат етіп, Құран бағыштап отыруының өзі елдің Домалақ анаға деген құрметі деп білемін.

— Жалпы, театр ұжымның кез келген істе біте қайнасып кетуіне біршама уақыт керек. Ең алғаш сізге опера және балет театрын басқаруды ұсынғанда қандай сезімде болдыңыз? Ұжыммен танысу, жұмыс істеу қиындық туғызбады ма?
— Әрине, әрбір істің өз қиындығы болады. Қарсы шыққандар, оған мұрындық болғандар да бар. Мүмкін, маған дейінгі басшыларына үйреніп қалғаннан болар. Бірақ, мен келгеннен бәріне өз уәжімді айттым. «Мен қолымнан келгенше барлығыңыздың жағдайыңызды жасаймын. Бірақ, соған сай жұмыс істеу үшін талап та қоямын. Мақсатым – осы театрды таныту. Ешкімді жұмыстан шығармаймын. Әрқайсысыңыздың өз мүмкіндіктеріңізді көрсетіп, жұмыс істеуге шақырамын» деп кесіп айттым. Он айдың ішінде 30 шақты адам жұмыстан шығыпты. Бірі жалақысы аз десе, екіншісінің 2-3 жерде жұмысы бар, үшіншісі менің жұмыс істеу ритміме үйрене алмады. Жасыратын жоқ, Шымкентте той бизнесі жақсы дамыған ғой. Әртістер сенбі, жексенбі тойға шығады екен. Концерттік қойылымдарды жұмыс күндері беріп отырған. Ал, театр заңдылығы бойынша халық сенбі, жексенбі, мереке күндері демалғанда, театр оларға рухани азық сыйлап, демалыста жұмыс істеуі тиіс. Біз осы заңдылықпен жұмыс істеуіміз керек. Мен бұл кісілерді тойға шықты деп те кінәлай алмаймын. Себебі, жалақы өте мардымсыз. Әрқайсысының отбасы, бала-шағасы бар. Оларды асырау керек. Яғни, өнерпаздардың жалақысы көтеріліп, әлеуметтік жағдайы реттелсе, олар да сырттан жұмыс іздеп, сабылмас еді. Өзінің бар күш-жігерін өнерге арнар еді.

— Сіз сұхбаттарыңыздың бірінде Шымкенттің опера театрын әлемдік аренада танытуға күш саламын деген екенсіз. Шығармашылық ұжымның мүмкіндігі қандай?
— Мүмкіндік – мол, ақша – жоқ. Ендігі мақсат, осы ұжымның тізгінін сеніп тапсырған соң, бюджеттен қажетті қаржы бөлінсе, талай іс атқарар едік. «Көрпеңе қарай көсіл» деген әдемі сөз бар ғой. «Астана-опера», Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера театры сынды қаржыландырылса, біздің мамандардың тау қопарар мүмкіндігі бар. Талантты жастар, өнерге ғашық мамандарымыз өте көп. Оларды неге әлемге танытпасқа?! Барлық мәселе қолдауға байланысты болып тұр.

— Биылғы премьералар қазақ қыздарына арналып жатыр. Әуелі, «Домалақ ана» сахналанса, өткен айда «Қыз Жібекті» жаңғырттыңыздар. Бұйыртса, ертең «Қамар сұлу» операсының премьерасы. Бұл қойылымдарды таңдаудың басты себебі неде?
— Тарихта да, қазіргі кезеңде де аналар тақырыбы өзектілігін жоймаған. Қарап отырсаңыз, әйелдер қоғамның барлық ауыртпалығын ерлермен теңдей көтеріп, онымен күресіп жүреді. Аналар қоғамның қозғаушы күші ғана емес, отбасының да ұйытқысы. Ертеңгі ел басқарар бала тәрбиесі де аналардың мойнында. Әйел–ана табиғат сынды түрлі мезгілдерден өтеді. Жер-Ана деген теңеу де бар. Көктемдей құлпырып, жаздай жадырап, күздің суығына төзіп, жемісін көріп, қыстың қаһарын да сезінетін осы аналар. Сондықтан ана, әйел тақырыбын қанша қозғасақ та, артықтық етпейді деп білемін. Әйел заты –әрдайым бейбітшіліктің нышаны. Яғни, әйелдің өмірде де, өнерде де орны биік.

— Қателеспесек, облыстық опера және балет театры алғаш ашылғанда Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсын сахналаған екен. Биылғы премьераның бұрынғы қойылымнан несімен ерекшеленеді?
— Ерекшелігі өте көп. Театр ғимаратының сахнасын бұрын өте тар болған. Бүгінде сахнаның өзін барынша кеңейтіп жатырмыз. Оның өзі өнерпаздардың еркін қимылдауына мүмкіндік береді. Техникалық жағынан проектор, жарық беру құрылғыларының көмегімен дамытып отырмыз. Бұған дейін қазақ операларындағы әуендердің сарыны, костюмдері, биі бәрі-бәрі бір-біріне ұқсас келетін. Бұл тұста режиссерлік қолтаңбасы қалыптасқан Михаил Панджавидзенің еңбегін атап өткен жөн. Кезкелген операда 7 қыз билеп сахнадан шығып кететін болса, мұнда хор әнді орындап тұрып билейді. Ал, композитордың биге арнаған музыкалық бөлігін қонақ күту, қазақы дәстүрлерді көрсету сынды мерекелік эпизодтарға арнадық. Шығармада Ахмет көзі ашық, оқымысты жігіт. Біз операда Ахмет бейнесін зиялы қауымға жақындатып, бұрынғыдан өзгеше етіп шығардық. Яғни, барынша қойылымды жан-жақты дамытып жатырмыз.

— «Қамар сұлу» романының соңғы бөлігі жоғалған. Сіздер қойылымды қалай түйіндейсіздер?
— Біз барынша «Қамар сұлу» операсын жаңғыртып ұсынамыз. Сондықтан операның түйіні премьераға дейін құпия болсын.

— Мегаполисте опера театрына жаңа ғимарат салынады деген еді. Құрылыс барысы қалай?
— Бүгінде ғимарат құрылысына жауапты BI Group компаниясымен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырмыз. Театр әлемдік стандарттарға сай болуы үшін театрдың архитекторлық жұмыстарына да ұсыныс тастап отырмын. Әлемдік қойылымдар сахналау үшін республикадағы өзге театрларда кеткен кемшілік қайталанбаса, заманауи техникалық жабдықтармен, барлық талаптар сақталып жасалса деген ниетте ізденіс үстіндеміз. Штат мәселесі, грим бөлмесі, репетициялық залдар, балет бөлмесі, акустикасы барлығына мән берілуде. Жылжымалы сахнаның құрылысы да өте үлкен жауапкершілік жүктейді. Мәселен, «Астана-опера» әлемдегі үздік бестікке енді. Оның жылжымалы төрт сахнасы, техникалық мүмкіндіктері өте мол. Сахнаны жоғары-төмен көтеріп, жылжытып, түрлі ғажайып дүниені жасауға мүмкіндік бар. Біздікі ол сияқты үлкен емес, дегенмен, 570 шаршы метр деген аз аумақ емес. Зал 800 орынды болмақ.

— Шымкент тұрғындарының опера және балет өнеріне деген қызығушылығы қандай?
— Шымкент — қаймағы бұзылмаған қазақы орта. Халықтың әдет-ғұрып, салт-дәстүрді дәріптеуі, тілін сақтауы, тарихқа деген құрметі ерекше. Қолөнер ерекше дамыған. Тіптен, археологиялық қазбалар Шымкенттің тарихи сауда, қолөнер орталығы болғанын көрсетіп отыр. Тұрғындардың еңбекқорлығы өз алдына бөлек тақырып. Мұндай өнермен біте қайнасып кеткен ортаның операны жатырқауы әсте мүмкін емес. «Домалақ ана» операсы алғаш сахналанған кезде елдегі пандемияға қарамастан келушілер көп болды. Бұл тұрғындардың өнерге деген, менің, театр ұжымының еңбегіне деген құрметі деп білемін. Бізде тек жарнама кемшін түсіп тұр. Шетелдерде жарнаманың өзіне қомақты қаржы қаралады. Премьералардың билеті 1 жыл бұрын сатылады. Ол өнердің ғана емес, сол елдердегі туризмнің де дамыуына ерекше әсер етіп отыр. Қаржы қолбайлау болып тұрған соң, оған көңіл бөле алмай отырмыз. Келешекте жаңа ғимаратта, жаңа бастамалармен жұмыс істеген кезде біз жарнама мен алдын ала билет сату мәселесін де қолға аламыз. Жалпы, жаңа театрды қалыптастыруға арналған өзімнің концепциям бар. Сол кезде көрерменіміз көбейеді деген сенімім мол. Әзірге, кадр қалыптастыру, ішкі іріктеу жұмыстары жүріп жатыр. Шетелде, Италияда оқып жүрген шымкенттік жастар бар. Бұйыртса, сондай дарындарымызды Шымкентті өркендетуге шақырсақ деген ниеттеміз.

— Сіз ана ретінде бала тәрбиесінде нені негізге аласыз?
— Бала ойынмен өседі. Сондықтан кішкентай балаға өзімнің ұстанымдарымды сіңіріп, түрлі курстарға сүйрелеп, шаршатудан, ұрсудан аулақпын. Әрине, бәріміз де баламыздың жақсы болғанын, дамығанын қалаймыз. Алайда, бала балалық шақта ұйқысы қанық болып, ойнап-күліп, ата-анасының қамқорлығын сезінуі тиіс. Баланың қиялын дамыту үшін күнделікті қарбалас шаруама қарамастан уақыт бөліп, кітап оқып беремін. Кітап – баланың дүниетанымын кеңейтеді. Сондай-ақ, баланы тәрбиелеу үшін оған өзім үлгі болуға тырысамын. Мәселен, өзім ата-анамның күндіз-түні еңбектенгенін көріп өскен соң, еңбекқор болмауға қақым жоқ деп талпына беретінмін. Міне, бала осылай ата-анасына қарап бой түзеуі керек. Ал, бала 12 жасқа келгенде қадағалап, тәртіпті күшейтемін деп отырмын. Себебі, ол кезде бала тұлға ретінде қалыптаса бастайды.

— Сұхбатыңызға рақмет!