РЕЗОНАНС ТУДЫРҒАН ҚОЙЫЛЫМ Избранное

Пятница, 24 Декабрь 2021 04:30 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 4021 раз

Театр — ұлт тәрбиесінің жаршысы. Себебі, театрға ақыл айтып, тәрбиелеу тетігі берілмесе де, қоғамдағы түйткілді тақырыптарға түрен салып, ықпал ету мүмкіндігі бар. Жуырда Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры жас драматург Қ.Мұраттың «Мұғалім» пьесасы негізінде «Мектеп» драмасын сахналады.

822

 

«Мектеп» қойылымына қазіргі білім ошақтарында орын алып жүрген оқиғалар мен мәселелер арқау болды. ХХІ ғасыр мектептеріндегі оқушы мен мұғалім, ата-ана мен ұстаз арасындағы қарым-қатынастың өзгергені белгілі. Қоюшы режиссер Фархадбек Қанафин осы мәселені спектакльде ұтымды қолдана білген. Режиссердің екпін берген тақырыбы театрдың көркемдік кеңесінде мақұлданып, спектакль «Мектеп» деп аталды.
Ертеректегі және бүгінгі мектептің, оқушылардың айырмашылығы — жер мен көктей. Бұрын көркем әдебиет кейіпкерлеріне қарап бой түзеп, үлкеннің сөзіне тоқтайтын буын қалыптасқан болса, жас толқынның дүниеге көзқарасы ғаламдық ауқымды қамтиды. Бірі – білімге, екіншісі – өмірге құштар, үшіншісі – техниканың құлағында ойнайды. Енді бірі дорама жанрының фанаты болса, келесісі спортпен шұғылданып, белсенді өмір сүргенді қалайды. Ал, ата-аналар отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз ету жолында жұмысбастылыққа жол берген. Режиссер қойылым барысында «Ата-аналардың балаға көңіл бөлуді, сырласуды, жан дүниесіне үңілуді неліктен ұмытады? Әке-шеше назарынан тыс қалған жасөспірім қоғамды, өмірді қалай қабылдайды? Олардың жан дүниесі қандай және күйзелгенде демеу болар дүние не?» деген сауалдарға жауап іздейді.
Оқиға мектептегі оқушылардың қарбалас тірлігінен бастау алған. Бірі телефон шұқылап, барлық іс-әрекетінің фотосын әлеуметтік желіге жүктеп отырса, бірі дорамадан көрген әрекетін қайталап, тіптен киім, шаш үлгісіне дейін өзгертіп алады. Сол уақытта мектепке жаңадан мұғалім келіп, аумалы-төкпелі кезеңде жүрген оқушыларға сынып жетекші болады. Ол сыныптағы оқушылармен жақынырақ танысып, барлығын дұрыс жолға салу үшін іздене бастайды. Педагог ретінде ең тиімді деген әдістерді таңдап, балалармен жұмыс істейді. Алайда, балаларының іс-әрекетінен, мінез-құлқынан өзгерісті байқаған кейбір ата-аналар оны сынып жетекшісінің ықпалы деп түсініп, шағым түсіреді. Сыныпта жиналыс ұйымдастырылып, мұғалім ата-аналарға сауал тастайды. Үзіліп қалған байланысты жалғау үшін әр ата-анаға перзентімен сырласу бөлмесіне кіруін өтініп, оларға жылы сөзін айтуға кеңес береді. Ата-аналардың қатарында прокурор, оқытушы, полиция қызметкері, жалғыз ілікті әйел бар. Олар сырласу бөлмесіне барып, балаларының ішкі жанайқайын естіген тұста, өздерінің сынып жетекшісі туралы пікірінің жаңсақ екенін ұғынды.
Қойылым «Отбасындағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасы негізінде сахналанды. Мұғалім бала мен ата-ана арасындағы келіспеушілік оқиғаларын ашық айта отырып, жас толқынның әрекетіне қарай шешу жолдарын ұсынады. Кейіпкерлердің ішкі күйзелісін жеткізу арқылы жастарды тұрақты жол таңдауға үндеген қойылым жас көрермендер арасында резонанс тудырды. Бүгінде қаладағы мектеп басшылары тарапынан ұсыныстар түсіп, көрермен сұранысына орай мектеп базасында да сахналанып жүр.

Шолпан МАМЫТХАНОВА,
Шымкент қалалық қуыршақ және
жасөспірімдер театры
әдебиет бөлімінің
меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.