Жастар шам жарығында жүздесті Избранное

Пятница, 24 Декабрь 2021 04:33 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 986 раз

Поэзия сүйер қауым «Шам жарығындағы кездесуде» бас қосты. Шабыттары шарықтап, арман жолында мазмұнды өлең жазуды мақсат тұтқан жастар биыл 5 жылдығын атап өтуде.

820

 

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жас ақындарға қала әкімінің құттықтауын жеткізді.
– «Шам» әдеби-шығармашылық орталығының мүшелері аз ғана уақыттың ішінде көптеген игі істің басы-қасынан көріне білді. Жеті ақын Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі болды. Ақындарымыз жас болса да, түрлі салада бас болып жүр. Кеше «Ұлт ұстазы» сериалын көріп, Алаш ардақтыларының ел үшін еткен еңбегінен ерекше әсер алдым. «Шам» жас ақындардың басын қосып, мақсаттарын бір арнаға тоғыстырып отыр. Осы толқын Алаш арыстарындай әдебиеттің келешегі болады деген үміттемін. Елдің сіздерден күтері көп, берерлеріңіз де мол болсын, – деді Шыңғыс
Жұмабекұлы.
Кеште жазушы Мархабат Байғұт жастарға ағалық батасын берді.
– Аға буынның атынан ерекше қуанып тұрмын. Жүсіпбек Аймауытов «Елдің марапатына бөленбей-ақ, елімді еңбегімнің марапатына бөлесем» деген екен. Ақын-жазушылар сөз киесін түсінеді.
«Әлемнен әдебиетті алып тастасаң, сақырлаған қару мен сықырлаған тиын ғана қалады» деген сөз бар. Әлемнен әдебиетті алып тастағысы келетіндер болған, бола береді. Бірақ, біздің жастарымыз ұрпақтар сабақтастығын сақтай бермек, – деген қаламгер жастарға деген сенімін білдірді.
– Миллион тұрғыны бар қаланың әдеби ортасы болуы шарт. Осындай ортаның бізде қалыптасқаны қуантады. Біздің дәрістеріміздің титімдей пайдасы тисе, сол үшін қуаныштымын.
Шымкент келешекте әдебиет орталығына айналады деген сенімдемін, – деді Ақжол Қалшабек шәкірттеріне ақ жол тілеп.
Ел ағалары Салтанат Мадиярқызының «Шах-мат» жинағының тұсауын кесті. Жас ақындар Ж.Жүрсінбек, Г. Жұмабай, А. Мұратәлиева, А. Бейбітбек, С.Сейітов, С. Мадиярқызы, С.Мергенбай, М. Әбілазымова, Н. Нұрғазы, Б. Мақашев, Б.Ерман өз туындыларын оқыды.
Кеш соңы поэтикалық дуэльмен жалғасты.