Бимаханбетовтер әулетi – ел мақтанышы

Пятница, 26 Сентябрь 2014 06:37 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3935 раз

Елбасы бастамасымен ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауында түркістандық Бимаханбетовтер әулеті Астанадан жеңіспен оралды. Ақордада өткен салтанатты рәсімге қатысып, Президент Н. Назарбаевтан әмбебап микроавтобусты сыйға алып қайтқан отбасының қуанышында шек жоқ.

Мұндай айтулы мемлекеттік шарада отбасының құрметке бөленіп, абыройы асқақтай түскеніне Бимаханбетовтердің жанұясы дән риза. Ұлттық жарыста топ жарған әулетті облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қабылдады.
– Елбасы Өкімімен бекітіліп, тұңғыш рет ұйымдастырылған «Мерейлі отбасы» байқауында облысымыздың мәртебесі тағы да биіктеді. Қандай қоғам, қандай мемлекет болса да отбасылардың орны айрықша. Президентіміз айтқандай, «Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі». Кішіпейілділік,  бауырмалдық, мейірбандық, алдымен жанұяда  қалыптасады. Демографиялық өсімі жағынан ілгері  облысымыздан отбасының жеңіске жетуі әділ шешім деп ойлаймын. Ел Бимаханбетовтер отбасын жақсы біледі. Құрмет тұтады. Қуаныш құтты болсын!-деген өңір басшысы Елтай  ата мен Елена апаға темір тұлпардың кілтін тапсырды.
Елтай ақсақал облыс әкіміне алғысын білдіріп, өзі жазған кітабын сыйға тартты. Жеңімпаз отбасының мүшелері жастарға отбасылық үлгі-өнегелері туралы әңгімелеп берді. Сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірген қариялар бүгінде 33 немере, 10-нан аса шөбере сүйіп отыр. Ата-анасынан ерте айырылған қария ес білгеннен Түркістандай киелі шаһардың тектілігіне тәнті болып, үлкен кісілердің ақыл-кеңесіне ден қойып өсіпті. Жастайынан жазумен, сурет салумен айналысқан Елтай Бимаханбетұлы әнді де жақсы орындайды. Балаларға арналған тәлім-тәрбиесі мол прозалары өз алдына. Қаламгерлігімен танылған қарияның шығармалары  талай сахналарда орындалды.
– Қазақ халқында ерлі-зайыптылық, отбасылық өмір туралы небір даналық сөздер  бар. Мысалы: «Бейнетің сорға айналмасын; Әзизің қорға айналмасын; Қасірет зарға айналмасын; Сау басың шарға айналмасын; Жанжалың дауға айналмасын; Жан-жарың жауға айналмасын» дейді қазекең. Елбасы да керемет айтты. «Отбасының бірлігі – Отанның бірлігі, ағайынның татулығы – Атамекеннің тұтастығы» деді ғой. Жасыратыны жоқ, әйелім анамдай ақылшы, әкемдей қамқоршы бола білді. Татулықтың, сүйіспеншіліктің, сыйластықтың арқасында ел-жұрттың арасында лайықты абырой-беделге ие болдық. Осындай отбасымыздың барына, үбірлі-шүбірлі екендігімізге шүкіршілік етемін, – дейді Елтай ақсақал.
Қабылдауда Бимаханбетовтер әулетінің сөзге шешен, ақынжанды перзенттері мен немерелері арнау өлеңдерін оқыды. Ал шөбересі Ерназар байқауда жеңімпаз атанған ата-әжесіне риза екенін жеткізді. Шөбере қыздары Сая «Біз үшін ата-әжемнің әрбір әңгімесі сабақ» деп түйіндеді.  Жиналған жұртшылық Бимаханбетовтер әулетімен бірге әкімдік ғимаратының алдында көлік тапсыру салтанатын тамашалады.


Құттыбике НҰРҒАБЫЛ.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.