Шымқаланың символы қандай болуы керек? Избранное

Пятница, 10 Октябрь 2014 08:21 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7456 раз

Париж десе ең алдымен көк аспанмен таласқан Эйфель мұнарасы, Лондон десе әлемге әйгілі Биг-бен сағаты бірден көз алдымызға келеді. Сол секілді Астана десе шұғылалы «Бәйтерек» монументі, Алматы десе «Тәуелсіздік» монументі немесе дәмі тіл үйірген апорт алмасы ойымызға оралады. Шындығына келгенде, жоғарыдағы атаулар бүгінде аталған қалалардың брендіне айналып, нышандық символы ретінде аталып кеткен. Ал, Шымкент шаһары десе есіңізге не түседі? Әрине, әркім әрқалай ойлап, әрнені есіне түсіруі мүмкін. Десек те, қаланың бойтұмары ретінде көзге шалынатын қандай символ бар?

Шаһардың тарихын бүге-шүгесіне дейін зерттеп жүрген шымкенттік тарихшы ғалым Бауыржан Байтанаев бір сұхбатында «Шымкент – Қазақстандағы ең көне қала» деп мәлімдеген болатын. Тарихшы сол мәлімдемесінде Шымкент қаласының өз символы болу керектігін назарға салып, қаланың кескін-келбетін ресми айшықтауды айтқан. «Бәйтерек» монументі Астананың басты символы. Сол сияқты біздің Шымқалаға да айбар беріп тұратын ерекше белгі-нышан қажет», – деген еді ғалым.
Жұртшылық арасында «Қаланың символы қандай болуы керек?» деген сауал туындағанда әр түрлі пікірлердің айтылып жүргені ақиқат. Бұл ретте ең алдымен тарихқа көз жүгіртіп, өткенге зер салғанымыз абзал. Сөз жоқ, Шымкент – Қазақстанның көне қалаларының бірі. Тарихи мәліметтерге жүгінсек, Шымқаланың негізі б.з.д. II ғасырда қаланған. Бұған археологиялық қазба жұмыстары дәлел. Зерттеуші-ғалымдардың деректеріне назар аударсақ, Шымкент атауы «қала-бақ», «жасыл қала» мағынасымен астасып жатыр. Бұл деректен ұғатынымыз, «шым» ұғымы Шымкенттің басты символы болуға лайық секілді. Осы ойды қуаттаған ОҚО сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әшірбаев осыдан біршама уақыт бұрын «Шымкент келбеті» газетіне сұхбат беріп, шаһардың символына қатысты төмендегідей ой-пікір білдірген еді:
– Меніңше, Шымкенттің символы “шым” болуы керек. Біле білсек, «шым» деген атының өзі өзгеше. Шымқала дейміз ғой. Символ дегеніміз – осы – шым. Біздің бойтұмарымыз іспетті. Қазіргі уақытта шетелдерде шөпті үйлердің үстінде өсіруді қолға алған. Фасады да солай. Міне, Шымкенттің символын мен осылай елестетемін. Енді соның әдісін таба алсақ. Мәселен, үйдің фасадтарын әр жылы сырлаймыз. Енді солардың бәрі шыммен жасалса қандай әдемі. Әрине, символ міндетті түрде бір ғимарат болуы шарт емес. Қаланың бәрі өзінше бір символ болып қалу керек. Мәселен, Нью-Иоркті «бетонды Джунгли» деп айтады. Ал біздікі «шымқала». Әрі жасыл экономикаға бет бұрамыз.
Жоғарыдағы пікірдің жаны бар секілді. Себебі, зерттеушілердің пайымдауынша, «шым» сөзі жердің беткі қабаты, шымды қыртысы, ал «кент» қала, шаһар деген мағына береді. Зерттеуші ғалымдар «Шымкент» сөзі көне шығыс тілінен шыққанын, Шығыс тіліндегі «чиминь» («чемень») деген сөздер «жасыл алқап», «көк жайлау» деген мағына беретінін айтады.

Қаланың символына байланысты белгілі қоғам қайраткерлері мен жазушы, ғалымдарға хабарласып, осы мәселеге қатысты өзінің көзқарасын білдіруді сұраған болатынбыз. Бұл орайда жергілікті тарихшы, өлкетанушы Өмір Шыныбекұлының нақты айтары бар.
– Символды бейнелеу оңай шаруа емес. Бұл өте нәзік жұмыс. Мұны әбден зерделеген дұрыс, қоғам болып талқыласақ та артық емес, – дейді тарихшы. – Менің ұсынысым, қаланың символы болып Шымкентті әлемге танытқан дермене, қызғалдақ, барыс – осы үшеуінің бірі болғаны жөн. Жалпы Шымкентті мен атаған үшеуінсіз елестету мүмкін емес. Себебі, дермене – тек біздің жерде өсетіні үшін ғана емес, Шымкентте ашылған ең алғашқы өндіріс орнына шикізат болған өсімдік. Еуропа елдері Шымкентті алғаш осы дермене зауытының өнімі арқылы таныды, білді. Ал, екіншісіне келсек, қазір әлемдік нарыққа Голландия шығарып жатқан қызғалдақтың нешеме түрлерінің атасы осы біздің қызғалдақ. Оны да әлем мойындайды. «Долина тюльпанов» қаламыздан бар болғаны 20-25 шақырым жерде екенін білесіздер. Бұл кәдімгі қызғалдақтың тұқымы. Қар барысы – біздің өңірімізде мекендейтін әлемдегі ең бір сұлу жыртқыштардың бірі. Оның санының азайғаны бәрімізді алаңдатып отыр. Жалпы, адамдардың қатыгездігі мен жердің тозуынан аталған үшеуі де кеміп бара жатыр. Қала гербінде жоғалып бара жатқан осы дермене, қызғалдақ, барыстың біреуі тұрса оларға деген көзқарасымыз да өзгеретіні сөзсіз.
Ал, белгілі жазушы Алпысбай Шымырбайұлы болса, шаһардың негізгі нышанына қатысты өзінің ойын былайша жеткізді:
– Шымкент қаласы қасиетті де киелі мекен. Мұндағы әрбір шоқы, әрбір қырат кәрі тарихтан сыр шертеді, – дейді жазушы. – Менің қаланың символына қатысты бірнеше ұсыныстарым бар. Біріншісі – «Қошқар мүйіз» (Қошқар Ата) үстіне салынған «жасыл жапырақша» силуэті. Мұны айтып отырған себебім, шаһардың көркіне көрік қосып тұрған қалада суы тұнық Қошқарата өзені бар. Қаланы қақ жарып өтетін өзендер елімізде тұрмақ, әлемде де өте сирек кездеседі. Ал, екіншісі – «қос алақан» - «жасыл жапырақшада» - шапақ шашқан «Күн». Мұның мәнісі, қос алақан – мейірімділіктің нышаны, ал жасыл жапырақ – «шым» ұғымымен үндесіп жатыр. Күнді ұсынған себебім, Оңтүстік – өзге аймақтарға қарағанда көктемі ерте келетін жайма шуақты өңір. Ақиық ақын Сұтанмахмұт Торайғыровтың «Алаш ұраны» атты өлеңі бар. Сонда «Жасасын, алаш, жасасын! Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деген жыр жолдары жазылған. Демек, күнге таңдау жасау арқылы Елбасымыз бағыт көрсеткен «Мәңгілік ел» идеясына қарышты қадам жасар едік.
Шымкенттің негізгі нышанына қатысты ой-пікірлердің бір парасы осындай болды. Әрине, Шымқаланың шырайын ашатын бұл жауапты міндет – шаһардың беделін биіктетіп, мәртебесін асыратыны сөзсіз. Ендеше, ұлттық дәстүр мен салт-сананы жанына берік ұстаған киелі мекеннің дербес символын нақтылайтын кез жетті деп ойлаймыз.

 

Күнге жақын елдiң жүрегi жылы

Мархабат БАЙҒҰТ,
халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,
жазушы:

– Мен өз шығармаларымда, әсіресе көптеген әңгімелерім мен повестьерімде Шымкент атауын «Күн шуақ» деген ұғыммен бірге синоним ретінде қолданамын. Шындығында, Шымкент шаһары шуақты күнімен жалпақ жұртқа әйгілі болған. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбав Шымкентке келген бір сапарында: «Бұл өңір шуақты күнімен, халқының жомарттығымен, меймандостығымен, салт-дәстүрге беріктігімен, ең бастысы – еңбексүйгіштігімен ерекшеленеді» деген болатын. Меніңше, қаланың негізгі нышанын анықтағанда күннің кескінін айшықтаған өте дұрыс. Әрине, қызғалдақ пен бәйшешектің те Шымкенттің басты символы болуға таласы бар.

 

Нұрлан АРХАБАЕВ,
Шымкент қалалық
сәулет және қала
құрылысы бөлімінің
басшысы:

– Әрине, мәселенің қоғамдық маңызы зор. Шаһардың ресми символын анықтау – қаланың статусын көтеруге үлкен үлес тигізері анық. Нышан белгіні анықтауды жұрттың талқысына салсаңыз әркім әр түрлі пікір білдіреді. Оның бәрін бір символға біріктіру мүмкін емес. Сондықтан қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі бұл тақырыпқа байланысты алдағы уақытта арнайы комиссия құрып, конкурс өткізген жөн.

Аманхан ӘЛІМҰЛЫ,
республикалық «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси
журналының
бас редакторы:

– Шымкенттің символы Күн болу керек. Өйткені, Оңтүстік Қазақстан географиялық ендік бойынша да, табиғаты бойынша да Күнге ең жақын өңір. Орталығы Шымкент шаһары. Ендеше, Шымкентке көктемнің ерте келіп, Күн жылуының ерте тарауы бәрі-бәрісі соны меңзеп тұр. Адамдарының мейірімділігі, қонақжайлылығы, жылылығы тағы да басқа шуақты қадір-қасиеттері Күнге жақындығынан. Жер ерте жылынады, қар ерте ериді, көктем хабаршысы Алтынкүрек жылы желі бұрын еседі. Көктем жаршысы бәйшешек гүлі ерте шығады. Айта берсе көп. Күнге жақын елдің жүрегі жылы. Күн, Жүрек, Бәйшешекті – осы үшеуін үндестіріп, жылылықтың символы ете отырып, Күнді басты символдың көзі, яғни, негізі етіп алу керек. Қаланың символы «шым» болуы керек дегенге өз басым келіспеймін, ол бүгін бар да ертең жоқ, ал Күн мәңгілік. Символ мәңгілік болуы тиіс.

Әкім ЫСҚАҚ,
қоғам қайраткері, тұңғыш қазақ тіліндегі заңның
авторы, Ордабасы,
Сарыағаш аудандарының Құрметті азаматы:

– Иірімі мол, сұлу Қошқаратаның бойында сән түзеген қашанда жасыл кент атанған тарихы мол, шежірелі Шымкентім жаныма сондай ыстық әрі ерекше қымбат қала. Бұл менің ғана емес, өзін осы өлкенің азаматымын деп санаған жандардың барлығының арқа сүйер айбыны, беткеұстар мақтанышы, ту ғып көтерер ар мен намысы! Ұлан-байтақ қазақ жерінің осынау қасиетті жері қашанда қалаға көрік беретін, жан бітіретін сәулетті құрылыстың бой көтеруімен, екпіндеп дамуымен еліміздегі үшінші қуатты ордаға бет бұруы, барша жақсылықтардың, игіліктердің бастауына айналғанының көрінісі екендігінің айғағы. Сондықтан да, меніңше  қаланың символы шаңырақ, күн, гүл және құрылыстың белгісі болу керек! Мәселен, шаңырақ – ұлттық дәстүр мен салттың, күн мен гүл – жылылықтың, шапағаттың және жасыл желекті қаланың, ал құрылыс – өсіп, өркендеп, дамып келе жатқан өндірісті қаланың белгісі дер едім. Әрине бұған тарих пен ғылым, білімді де қосуға болады. Себебі, Шымкент жастардың, білімнің ордасы екенін мақтанышпен айта аламыз.

 Сәбит Тастанбек

Последнее изменение Пятница, 10 Октябрь 2014 10:52
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.