Үзілмеген «Медея майданы» Избранное

Среда, 09 Февраль 2022 03:42 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3103 раз

Адам адамға жау болған,
Қауіп-қатерлі, жұртты үрей билеген,
Қанды шайқастардан ел көзін бір ашпаған,
Қазіргі мына заманнан сыр шертеміз, көрсетеміз...

Мыңдаған жылдар бұрын Эврепид жазған Медеяның махаббат жолындағы зұлымдығы еш үзілмей келе жатыр. Ғасыр жаңарған сайын, тәсілі де жаңарып, жоғалудың орнына өршіп жатыр. Неге?..

200

 

Иә... Табиғат та жылына төрт мезгіл өзгереді. Адамзатқа мезгіліне сай қуанышын сыйлайды. Қыс мезгілінде жапалақтай жауған қарға қуанамыз. Аязына бетімізді тосып, өптіреміз. Көктемде бүр жарған көкке қуанамыз. Жазында күн шуағына тәнімізді тосамыз. Жылуынан ләззаттанамыз. Адам ше?..
Өкініштісі, ғасыр парағы ауысқанымен, Адам табиғатында өзгеріс жоқ. Керісінше, адамзат табиғатында мейірім азайып барады.
«Бүгінгінің Медеялары» махаббат ұғымын кек алу майданына ұластырып жатқанын көргенде «Адам» сөзінің әдірем қалу сатысына жақындап қалғандай үрей бунап, болашақты ойлауға жүрексінесің.
Медея, «...Мөлдіреген сәби көздер – қандыауыз қақпандар! Адам басты кішкентай жыртқыштар. Тоңдыңдар ма? Жүріңдер, аналарыңның құшағына кірсеңдер болды, қорқуды ұмытасыңдар...» деп, Язонның сатқындығына күйінген Медея (арт. ҚР Мәдениет саласының үздігі Б.Қожамұратова, арт. Ж.Баймұрзаева), жатырын жарып шыққан қос перзентін махаббаттың құрбандығына шімірікпестен қияды.
Көз алдыңда болып жатқан оқиға мен бүгінгі қоғамдағы нәрестесін әжетханалар мен қоқысқа лақтырып тастап кетіп жатқан «Медеяларды» ойлап, жаның түршігеді.
Тұлабойын жарып шығып, тас емшегін жібіткен перзенттерінің өз қолымен жанын алған, «Ана» сөзінен адырам кеткір Медеяны санаңда соттайсың... Махаббаттың нәзік сезімін нәпсі жолындағы кек жолына айналдырған жауыздығынан жиіркенесің.
«Бүгінгі Медеялардың» қатыгездіктен «кешегі Медеядан» қалыспай жатқаны көңілге қаяу түсіреді. Жүректі сыздатады. Жанды егеуше егейді. Бұл не деген үзілмейтін, таусылмайтын қатыгездік?..
«...Креон, патша екеніңді, қане, көрсет! Қуып жібер Язонды! Мен жасаған қылмыстарға ол да ортақ. Менің қолым былғанған қанға оның да қолы былғанған. Сол былғаныш қолдарымен ол енді сенің қызыңды да аймаламақшы!» деп, бойын керген кектен жанұшырған, мәртебелі махаббат алдында «қой терісін жамылған қасқырша» ақталып, өзегін жарып шыққан ұрпағынан өш алған Медеядан ұлы Махабатты қорғағың келеді.
Иә, бұл ойдың туындауына пәрмен боп тұрған – 3 ақпан күні
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театры сахнасында өткен режиссер, Ш.Айтматов атындағы халықаралық сыйлықтың лауреаты Қуандық Қасымов қойған Жан Ануй/Хайнер Мюллердің (аударған Өтен Ахмет) «Медея\Филоктет» драмасының премьерасы!
Көрермен сахна төрінде қойылыммен етене қабысып, әр қимылы мен тынысын мүлт кетірмей көретін сахналық шешімін шебер жасаған сценограф, ҚР Мәдениет қайраткері Қалтөре Жұмағұловтың тар шеңберде актердің бір жанын алып, мың жанын салуына еркін мүмкіндік бергеніне риза боласың.
Адам адамға жау болған, қауіп-қатерлі, жұртты үрей билеген, қанды шайқастардан ел көзін бір ашпаған көне грек қоғамындағы кейіпкерлердің бүгінгі күнгі өзекті мәселелер айна-қатесіз қайталанып жатқан қақтығысына ұлғасқан драмалық пьесаның өн бойынан көргенде, көрермен алар сабақтың болары сөзсіз.
Келесі кейіпкер – бүгінгінің Одиссейі (арт. О.Мұсабеков, Е.Аманғалиев) соңына ерген аңғал Неоптелемді (арт. Н.Орынбек, А.Төленов) жолына кедергі жауы Филоктетке (арт.Б.Сегізбаев, Б.Даулетжанов) айдап салғанға қандай көзір ойлап табады десеңізші?..
Жолындағы кедергіні жойғысы келген Одиссей, ішкі дәрменсіздігін шебер жасырып, Ахилестің ұлын жауына айдап салғанын көріп отырып, бүгінгі қоғамда қайталанып жатқан сценарийді көресің. Филоктеттің қапыда Одиссейдің қолына түскеніне күйінгеннен:
«...Тірі күйде қуып жетпес болған соң,

Қанша жерден тырнасаңдар, қан-жынымды тастағы,
Одан бәрібір түк шықпас.
Итке ит өлімі, деп айтады сендейлерге» деген сөзін бүгінгі Одиссейлерге оқ орнына атқың келеді. Бейкүнә құрбандардың кегін
Филоктеттің сөзімен қайтарғың келеді.
Аярлықтың қақпанына түскенін кеш түсінген Неоптелем әділдіктен аттап кеткісі келмейді.
Мен бойымдағы бар қасиеттен айрылдым,
Сенің кесіріңнен, қанішер, өтірікші, қарақшы.
Басқаша болғанда ғой бәрі де... – деп, Одиссейге қанжарын салғанда сатқындық пен опасыздықтың, аярлық пен жауыздықтың өңешіне қанжар сұғылғандай, ендігәрі қайталанбайтындай терең тыныстайсың.
Автордың да мақсаты осы – көрермен көзіне рухы әлсіз «Одиссейлердің» айдап салу тәсілінің қанша жерден аяр болса да, түбі өзі құрған қақпанға өзі түсетінін жеткізу болатын. Автор мен режиссер
межеге қатар жетті. Қойылым көрермен көңілінен шықты.
2022 жыл шаниндіктер үшін әлемдік драматургиядан қанаттанған жаңа премьерамен басталды! Сахна Сіздермен көрікті, мәртебелі көрермен! Келіңіздер! Әлемдік драматургияның жауһарының сахна тілінде сөйлегенін өз көздеріңізбен көріңіздер!

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург 

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.