Менің сүйікті қалам - Шымкент!

Пятница, 10 Октябрь 2014 09:32 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 38171 раз

Серік ЖАНӘБІЛ,
Қазақстан
Жазушылар
одағының мүшесі       

Күз түсті. Жол бойын сарғыш тартқан жапырақтар жауып жатыр. Күздің салқын жаңбыры түнімен жауып, таң алдында тоқтады. Аспанды торлаған қара бұлттар батысқа қарай жөңкіле көшеді. Көштің алдын құстар бастайды. Қарлығаштар қанаттарын қағып, Шымкент қаласын сан мәрте айналып ұшып, балапандарын соңынан ілестіріп ыстық жаққа қарай ұшып кете береді. Олар келесі көктемде тағы айналып ұшып, әсем қала Шымкентке жетеді. Қошқарата өзенінің балшығын тұмсықтарымен шым-шымдап тасып үй қабырғаларына ұя сала бастайды. Сол жерде ұрпағын өсіреді. Екеу болып келсе алтау болып күзде балапандарын қанаттандырып қайтады... Шымкент қаласының мейірімді шуағы құстарға пана.
Шымкент қаласы Самарқан, Ферғана, Қашқар, Түркістан, Отырар қалаларымен қатар өмір сүрген... Шымкент қаласы Тянь-Шань тауының Сайрам шыңы мен Қазығұрт, Қаратау тауларының кіндігінде орналасқан... Бадам өзені мен Қошқар-Ата сулары қаланың дәл ортасынан буырқанып ағады...  Тарих кейде алдайды, кейде арбайды. Кейде сенесің, кейде сенбейсің. Захир ад-дин Мұхаммед Бабыр өзінің «Бабырнама» атты кітабында Ферғана, Кабул, Үндістан туралы тарихи деректерге сүйеніп, кітап жазып қалдырып кетті. Қызығасың, таңданасың, риза боласың...
1996 жылы ұлы жазушы Жүсіпбек Аймауытовтың үлкен баласы Бектұр қария Ресейдің Кемеров облысынан Шымкент қаласына келді. Сәуір айының 25 жұлдызы болатын. Қаладағы №64 Ж.Аймауытов атындағы орта мектепте болды. Онан кейін Ж.Аймауытов атындағы көшені жаяу аралады.  
– Менің әкем тірі. Ол мәңгі тірі. Оны тірілткен Шымкент қаласының халқы! – деп жасы сексенге толған Бектұр қария жан қалтасынан орамалын алып, көз жасын сүртті. Жерден бір уыс топырақ алып, орамалына түйіп жанқалтасына салды. – Бүгін Шымкент қаласында күн ыстық болды. 1926-1929 жылдары мен осы қалада тұрғанмын. Әкем «Ақбілек» романын жазды. Ол кісі неміс, французша жақсы білетін. Оқу орындарына арнап «Психология» деген ғылыми кітап шығарды. Неміс, ағылшын, француз ғылымын көп оқыды! – деп бізге қарап күлімсіреп сөйледі.
Әл- Фараби ауданының әкімі Оразкүл Асанғазиева Бектұр қарияға Шымкент қаласын аралатты.  «Шымкент тарихы тереңде жатқан қала. Менің әкем «Әзірет Сұлтанды» жазып біткен соң Шымкент қаласының тарихын жазбақшы болып құжаттар жинады. Ақыры 1929 жылы Қызылорда қаласында тұтқындалып, 1931 жылы Москвада «халық жауы» болып атылды. Мен бұл сапарымда туған жерден топырақ бұйырса деп келдім. Соңғы рет Шымкент қаласын 16 жасымда іздеп келіп едім. Өгей анам осы қалада тұратын. Менің балалық шағым осы қалада өтті. «Қошқарата» өзеніне сан рет шомылғанмын. Шымкент қазақ халқының ордасы», – деді қария... Қаладағы зәулім үйлерге қызыға қарап.

***

«Шымкент қаласы қазақ халқының алтын ордасы», – деген Бектұр қарияның сөзі есімнен кетпей қойды. Бертінгі тарих беттерін ақтарып отырсаң 1911 жылы теміржол инженері Мұхамеджан Тынышбаев осы қалада болған. 1934 КСРО-ның ақсақалы Калинин, 1935 жылы КСРО өнеркәсіп министрі С. Оржаникидзе осы Шымкент қаласында болды. КСРО-ның соңғы президенті М.С. Горбачев қаланың көркін тамашалады.
А.Асқаров салдырған дендропаркте болды.  Түрік Республикасының президенттері Түрғұлт Озел мен Сүлеймен Демирел еккен ағаштар Шымкент дендропаркінде өсіп тұр. Қаламыздың өсіп өркендеуіне зор үлес қосқан Левенцов, Асқаровтарды ел мақтанышпен  еске алады.
Шымкент қаласын әнге айналдырған Шәмші Қалдаяқов еді. Қала туралы жыр нөсерін төккен атақты ақын Мұхтар Шаханов. Қаланың сәулетін өркендеткен Асанбай Асқаров дедік. Ал, бүгінгі қаланы танымастай ажарландырып ерекше еңбек етіп жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов. Шымкент қаласының атын әлемге таратып алтын алқа әперген Нелли Ким мен Бекзат Саттарханов... Шымкент қаласынан білім алған Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы, әйгілі ақын Әбділдә Тәжібаев, академик Өмірбек Жолдасбеков қала тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Сұлтанбек Қожановтың ұсынысымен 1921 жылы Черняев аты өшіріліп, Шымкент қаласы өз атын қайтарып алды. Оны біреу білсе біреу білмейді.

***

Күзгі жаңбыр себелеп жауа бастады. Бадам өзені ағып жатыр. Өзен жағасы танымастай өзгеріп кеткен. Ойға берілемін. Сонау, 1934 жылы Ұлы ақын Абайдың баласы, алаштың көсемі Тұрағұл Абайұлы Құнанбаев осы жерде мәңгілік сапарға аттанған... Оны біреу білер...біреу білмес... Жаңбырға қарамай қала шетіндегі Астана даңғылы бойындағы алып құрылыстарды көрдім. Отырар кітапханасы. Түркістан Конгресс-холл. Биік-биік үйлердің құрылыстары еріксіз өзіне тартады. Міне менің сүйікті қалам – Шымкент.
Орта Азия елдерімен байланыс орнататын алтын орда. Республикадағы Алматы, Астана, Шымкент болып ірі үш қала қатар аталады. Қаланың екі шетінде Алпамыс батыр мен Бәйдібек бидің алып ескерткіштері орнатылған. Олар ел рухы. Әсем қаланың дәл ортасындағы Абай саябағында қазақ халқының тағдырын ойлап отырған хакім Абайдың ескерткіші еріксіз өзіне тартады.
Шымкент өз тарихымен республикадағы еш қалаға ұқсамайтын дара бәйтерек сияқты. Біздің қалада қазақ елінің игі жақсыларының есімімен аталатын көшелер бар. Олар
А. Байтұрсынов, І. Жансүгіров, Ж. Аймауытов, Д. Қонаев,
А. Асқаров, Н. Төреқұлов,
М.Қ. Дулати, С. Жандосов, Майлықожа, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, Т. Рысқұлов, Тәуке хан, Ә. Диваев, Бәйдібек би, Қапал батыр, Әл- Фараби т.б. Қала орталығындағы Қапал батыр, Ақпан батыр, Жолан батыр, Қабанбай батыр, генерал-майор, Кеңес одағының батыры Сабыр Рахимов, Бауыржан Момышұлы, Тұрар Рысқұлов ескерткіштері жас ұрпаққа үлгі өнеге болады...

***

Шымкент түні өте ғажап. Сәуле шашқан қаланың кең көшелерін аралаудан жалықпаймын. Кей кездері жазу жазып, таңды ұйқысыз қарсы аламын. Қала туралы роман, повесть, өлеңдер жазған Ф. Чирва, О. Посников, Ю. Кунгурцев, Хайкин сияқты тілі басқа болғанмен тілегі бір ақын-жазушыларды есіме түсіремін. Олар осы қаланың перзенттері еді. Шымкент қаласы туралы шығармалар жазған Ә.Жылқышиев, Н. Серәлиев, О. Малқаров, Н. Сүлейменов, Қ.Қазиев, Ж. Тұяқбаев, Қ. Төлеметов, Ә.Аймақ сияқты өмірден өткен талант иелерінің кітаптарын оқимын... Таң алдында Қазығұрт тауы Шымкенттің дәл іргесінде тұрғандай болады. Таңғы сағым ерекше еді.
1991 жылы жазушы Оралхан Бөкеев ақын Әбділдә Аймаққа:  – Мынандай әсем қалада тұрып жатырсыңдар. Таулар мен бұлақтар қоршаған қаланы сирек кездестірдім! – деген еді. Әбділдә Аймақ көп кешікпей қалаға арнап өлең жазды. «Жібек жолы» журналы тұңғыш рет осы қалада жарық көрді. Редакторы Төрегелді Байтасов болатын. Шәмші Қалдаяқов атындағы ән фестивалі тұңғыш рет осы Шымкент қаласында өтті. Ұлы жазушы Шыңғыс Айтматов қаладағы  Ж.Шанин атындағы драма театрында кездесу кешін өткізіп ел құрметіне бөленді...
Шымкент қаласы Орта Азия елдеріне қатынас жасайтын Ұлы Жібек  жолының бойындағы қазақ елінің атын шығаратын Алтын ордасы. Керуен жолы Шымкент арқылы Ташкентке шығады.

***

Ел аузында аңыздар көп. Қаланың құрметті ақсақалы Шерім Медеуовпен Қазыбек би көшесінің бойында кездесіп қалдым. Күздің салқын күні еді. «Шымкент қаласы республикадағы үшінші қала атанды. Бұл қаланың көркейіп өсуіне қаншама жандар атсалысты. Ел бірлігінің арқасы. Халықтар достығының бірлігі. Облыс әкімі Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың еңбегі ерекше болып тұр. Алты жылдың ішінде қаланы өзгертіп жіберді, Шәмші Қалдаяқов алаңын ашты. Шәмшіге ескерткіш орнатты. «Көл» аялдамасын жөндетті. Бір кезде қала тозып кетіп еді. Асқар Мырзахметов ерекше еңбек етіп, халық алғысына бөленді. Ел үшін қызмет атқарған адамды халық ешқашан ұмытпайды!», – деді ол. Шерім Медеуов ақсақалдың сөзі өте ойлы айтылды. Қазіргі облыс басшысы А. Мырзахметов пен Шымкент қаласының әкімі Д. Сатыбалдының бірігіп атқарып жатқан жұмыстарына ел риза болды. Қалада төртінші Қаратау ауданы құрылды. Бұл да қуаныш.

***

1391 жылы Ақсақ Темір осы Шымкент шаһарында болып, одан кейін 200 мың қолымен Ұлытауға барып тоқтапты. Тоқтамыс ханды шабуға бара жатқан  беті екен. 1781 жылы Қазақтың ханы Абылай Үргіншіден келе жатып, осы Шымкент шаһарына ат басып тоқтатып, дем алыпты. Арыс өзеннің жағасындағы «Хан ордаға» жеткенде мәңгілікке көз жұмыпты. Хан сүйегін Түркістанға апарып жерлепті. 1980 жылы Шымкент облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Асанбай Асқаров Шымкент қаласының өркендеп өсуіне күш жігерін жұмсап, қала ішіндегі зәулім құрылыстарға көңіл бөлді.
Менің сүйікті қалам – Шымкент. Олай деп айтуға толық мүмкіндігім бар. Осы жасымда шетелдерде көп болдым. Бірақ Шымкентке еш бір қаланы теңестіре алмаймын. Көп ұлтты әсем қала. Бәрі бір-біріне бауыр басқан. Бұл Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының арқасы. Қазақ елі ру мен жүзге бөлініп көп қиындықтар көрді. Үш жүздің басын дана Абылайхан біріктірді. Қазір қалада «Халықтар достығы» үйі бар. Опера және балет театры өркениетіміздің жемісі. Бүгінгі таңдағы жастарымыз шетелдерден білім алуда. Үш-төрт тілді жетік біледі.
Шымкент  қаласында мектеп көп. Олар А.Байтұрсынов, О.Жандосов, Т. Тәжібаев, Ш. Уәлиханов, Ө. Жолдасбеков, М.Х. Дулати, Т. Рысқұлов, Ж. Аймауытов есімдерімен аталады. Сондай-ақ, екі тілде қалалық «Шымкент келбеті», «Панорама Шымкента» газеттері бар. Жақын күндері жаңа драма театры пайдалануға беріледі... Қала әкімі Дархан Сатыбалдының атқарып жатқан жемісті жұмыстарына ел риза.
Менің сүйікті қалам Шымкентім жарқырап жайнай береді...

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.