«Шымкенттiң көне қала екенiн айғақтайтын жәдiгерлер жетерлiк»

Пятница, 10 Октябрь 2014 11:09 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 7893 раз

Белгілі ғалым, тарихшы Ә. Марғұлан атындағы археология институтының директоры Бауыржан Байтанаевтың есімі жұртшылыққа кеңінен таныс. Ол Шымкент шаһарының тарихын індете зерттеп жүрген білікті маман. Археологиялық қазба жұмыстарға сүйене отырып қаламыздың жасы 2200 жыл екендігін анықтаған да осы ғалым. Оның ескі қаланың тарихына қатысты тың деректері, дәлел-дәйектері мол. Таяуда Бауыржан Әбішұлы кезекті халықаралық ғылыми концеренцияға қатысу үшін Шымқалаға келді. Мақсаты – біздің қаламыздың көне шаһар екендігін тағы бір нақтылап, көптің көзін жеткізу.

– Шымкенттің ауқымы ұлғайғалы бері археологтар жұмысының маңызы арта түсті, – дейді Б. Байтанаев. –  Бұл орайда тарихи-мәдени мұраларды сақтап қалу өте жауапты жұмыс. Қазіргі таңда облыс орталығына қарасты отыздан астам тарихи ескерткіштер, бес қорған, қаншама қоныс-мекендер, жалпы алғанда ескі қаланың орнындағы құнды жәдігерлер бар. Осы құндылықтарды жете зерттеп, елдің мұрасына айналдыруымыз керек.
Шымкент қаласының жасы қанша деген сұраққа да ғалымның жүйелі жауабы бар. Ол бұл туралы БАҚ беттерінде талай мәрте айтып, талай мәрте жазды да.
– Шымкент қаласына 2200 жыл деген мәліметті мен бұдан бұрын да айттым. Бұған нақты дәлелдерім де бар, – дейді тарихшы. – Мәселен, мынау жанымыздағы көрші Ташкент шаһары осыдан 5 жыл бұрын өздерінің 2200 жылдық мерейтойын тойлады. Тарихқа жүгінсек, сол заманда қазіргі Шымкенттің орнында үлкен өркениет ошағы болған. Бұл сөзіме қаладағы «Қайтпас-2» шағынауданында жүргізілген қазба жұмыстары дәлел. Сондағы зерттеулер нәтижесінде археологиялық орыннан көне дәуірге жататын бірнеше жәдігерлер табылды. Мұндағы, керамикалық кешеннің жасы Афросиабпен (Самарқан) шамалас. Бұл, біздің эрамызға дейінгі VIIІ ғасырды айғақтап тұр.
Археолог бұл орайда Шымкент қаласының жасы ресми түрде расталып, бұған мемлекеттік тұрғыда мән берілуі керек деп есептейді.
– Біздің бұл жаңалығымыз – аяқ астынан айтыла салған құрғақ әңгіме емес. Осы сала бойынша талай жыл зерттеу жүргізілді. Өз басым Шымшаһарды зерттеуге көп уақытымды жұмсадым, – дейді ғалым. – Егер қаланың 2200 жылдығы кең көлемде тойланып, ЮНЕСКО-ның мәдени мұра қатарына еніп жатса, өңірдегі туризм кластерінің дамуына зор ықпал ететіні анық. Соның арқасында әлемнің түкпір-түкпірінен келген саяхатшылар Оңтүстік өңіріндегі өзге де тарихи орындарды көзбен көруге құмартар еді.
Қазіргі таңда Ә.Марғұлан атындағы археология институтының директоры әлемде алғаш болып тимурид кезеңіндегі (ХV ғасыр) монеталардың тізімін жасап, оларды жинақтауға кіріскен. Еске сала кету керек, жалпы саны 2670-ті құрайтын тимурид дәуіріндегі күміс монеталар өткен жылы Сайрамнан табылған болатын. Бұл жайт қоғам үшін үлкен сенсация туғызса, бір жағынан археолог мамандар үшін керемет зерттеу нысанына айналып отыр.
Қаланың оң өзгерістеріне үнемі қуанып, шаһардың көне мұрасын аса ыждаһаттылықпен зерттеуге кіріскен Бауыржан Байтанаев жыл сайын қала күні қарсаңында Шымкентке ат басын бұруды дағдыға айналдырған. Бұл күнде Алматының тұрғыны болса да, қаланың әрбір игілікті ісіне қолдау көрсетуді өзінің борышы санайды. Осы мақсатта Шымкенттегі 2-ші рет ұйымдастырылып жатқан халықаралық конференцияға арнайы келген ол өзінің соңғы жаңалықтарымен бөлісті.
– Мен Шымкенттен екенімді әркез мақтан тұтамын. Шымкент мен үшін өте сұлу әрі сүйікті қала. Сол себепті ме, Шымқаланың болашағына қатты алаңдап жүремін. Ішкі түйсігіме сенсем, біздің қаламыз әлі талай таңдандырарлық жетістіктерге қол жеткізеді, әлі талай биік белестерді бағындырады, – дейді археолог.

Сәбит ТАСТАНБЕК

Последнее изменение Пятница, 10 Октябрь 2014 11:34
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.