«Өлдік те, құрметті болдық...» Избранное

Среда, 04 Май 2022 03:26 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 3338 раз

«Еккенің тікен болса, орарың балауса болмасты» кейіпкеріне сай қолдансақ, обалы жоққа: «Не ексең, соны орасың» деп, нүктені бір-ақ қояр едік. Ал, керісінше, бала қаздай баптап, алақанда аялаған ұрпағың «тікенекке» айналса ше?..

151

 

Адам бойынан жайсыз жайтты көрсек, «заман өзгерді» дей салуды қалыпқа сіңірдік. Сонау ілкі замандар ғасырлар қойнына енгенімен, кешегі өткен әкелеріміздің мейірім мен инабаттылығы, ізеті мен қамқорлығы лезде жоғалғаны қалай? Ыстық ұядан ұшып шыға сала, ана алақаны мен әке қамқорлығын не себепті тез ұмытып, теріс қарап кетіп жатырмыз?..
Әке-шешеміздің «ұрпағымның қолынан бір уыс топырақ бұйырт» деп намазда тілегенін естіп өстік. Онысына «онсыз да топырақ саламыз ғой, несіне тілейді?..» деп таңданғанымыз да жасырын емес. Сөйтсек, ата-анамыз өзінен бұрын мына біздердің күйімізге «Ертеңгі ұрпағы теріс айналып кетпесе екен...» деп, келер ұрпаққа алаңдаған екен.
Атам қазақ:
«Шаңыраққа ие болып қалатын,
Ұлдың аты – ұл ғой шіркін, қашанданы» айтудан танған емес. Ал «қыз – жат жұрттық» деп, қызға құрметпен қарап, еркін өсірген. Естеріңізде болса, осыдан небәрі отыз-отыз бес жыл бұрын «ата-анасына қызы қарайды екен...» деп, өзге ұлтқа күліп, өзімізде болмастай таңырқағанымыз шындық. Ұзаққа бармай бұл жағдай өз басымызға туды.
Иә, бүгінгі күннің ащы шындығы сол – қараусыз ата-ана саны көбейді.
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық қазақ драма театрында 28-29 сәуір күні премьерасы өткен Х.Хурсандовтың «Өлдік те, құрметті болдық...» комедиясы жоғарыда саралап өткен тақырыпты тереңінен қозғайды. Спектакльдің қоюшы режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Б.Құрманғожаев не үшін бұл тақырыпты таңдады екен деген сұрақ туындайтыны анық.
Сахна ашылғанда адам өзгерсе де, табиғат өзгермейтін, керісінше, ұлғая беретінін паш еткендей кәрі ағашты көреміз. Кәрі ағашты «Әулеттің символикасы» етіп алған сценограф, Қазақстанның мәдениет қайраткері Қ.Жұмақұловтың сахналық шешімінің оқиға барысында кейіпкерлерімен етенеге айналғанын көріп, күтімі нашар ағаштың тамыры ерте қиылып, бабы болса тереңге кететінін ұққандай боласың.
Жалғыз ұлы жаназасына келмеген құрдасын жерлеп келген
Мәулен қарттың /арт.Д.Аралбаев, М.Дариев/ көңіліне «менің де бала-шағам өлігіме келмей қойса қайтем?» деген күдік кіріп, бала күнгі досы Әуез /арт.Е.Аманғалиев,
Б.Дәулетжанов/ бен кемпірі Айданаға /ҚР мәдениет саласының үздіктері Ұ.Саффаралиева, Н.Қаламбаева/ көптен бері хабарсыз кеткен бала-шағасын «Әкең өлді» деп шақыртуға ант-су ішкізеді.
Көкейдегі күмәнға бола бала-шағасын дүрліктіргелі жатқан Мәуленге қызыққан Әуез қария: «Мәулен құрдас, аяқ астынан олай-бұлай боп кетсең, сенің шырағың өшпейді. Жоқтайтын бала-шағаң, ағайын-туысың, кемпірің бар. Менің ешкімім жоқ. Кемпір о дүниеге кетті. Перзенттің жайын өзің білесің. Құдай бұйыртпады...» деп мұңаяды.
Мұңайта отырып күлдіретін оқиға барысы көзі тірісінде ұрпағының қалай жаназалайтынын көргісі келген Мәулен қарттың ойлағанындай болмай шығады. Көптен көрмеген ортаншы ұлы /арт.А.Қалыбеков, С.Құттыбаев/ мен кіші ұлы
Дастан /Н.Орынбек, Б.Рахман/, жалғыз қызы Гүлстан /М.Зияева, Г.Ильясова/ хабар алысымен «Әкем-айлап» жетеді-ау, бірақ...
Ұл-қыздың қайғысы ұзаққа бармайды. Қос бірдей жеңгесін көрмеген Гүлстан, екі ағасынан жеңгелерін сұрап, әкесінің жаназасына келмегеніне ашумен жанжал шығарады. Ашуы жөн-ау, тек... Әкесінің өлігі үстінде жанжал шығарғанын кінәламай қалмайсың. Ағаларына би жеңгелердің қайынатасының қазасына келмей, «әке сенікі...» дегендей күйеулерін жалғыз жібергеніне қынжыласың. Танысыңның, туысыңның, көршіңнің, қызметтесіңнің басына түскен ұқсас жайтты есіңе түсіріп, қабырғаң қайысады.
Бірін-бірі қуалай қашқан ұрпағының соңынан қараған Мәулен қарт «Бар өмірімді сендерге арнап, сендер үшін қиыншылықпен арпалыстым. Бар мейірімімді төктім. «Табанына батқан шөңге маңдайыма кірсін» деумен ғұмырымды осыларға арнадым. Әттең, жалған өмірдің не үшін босқа өткенін білсемші?.. Мен істеген бесікте тербелген баланың алды ел тізгінін ұстады. Сонда өмір бойы балаларымның алдында қадірімнің болмағаны ма?..» деп, Әуез құрдасына күңіренгенін бой түршікпей көру мүмкін емес.
Иә... Күлкінің астарында жатқан ащы шындықпен беттескенде «ұрпақ тәрбиесін қалай беріп жүрмін?..» деп ойланбай қалмайтын қойылымға режиссері Б.Құрманғожаевтың не себепті барғанын түсінесіз. Көңілді басталып, көзіңе жас үйірумен аяқталатын қойылым «Қанша жерден жұмысбасты болсаң да, ата-ананың қадірін көзі тірісінде біл» деген ойды көрермен таразысына тастайды.

Сая ҚАСЫМБЕК,
Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық
академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Нұсқасы бөлек «Паяцы» Тарих – жұмбақ айдын »