Версия для печати

Тарих – жұмбақ айдын Избранное

Пятница, 06 Май 2022 04:22 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2845 раз
Оцените материал
(0 голосов)

немесе тамырымызды тарқатқан «Алтын төркін»

Әдебиет әлемінде өршіл рухты өлеңдерімен, тарихи танымдық прозалық шығармаларымен есімі өшпестей жазылып қалған ақын, тарихшы жазушы Әмзе Қалмырзаұлының өмірден озғанына жыл уақыты болып қалыпты. Соңғы бірнеше жылдан бері Хамза Көктәнді деген әдеби атымен еліне кеңінен танылған ақын «Күн саңы», «Адуынды ағыстар», «Арман қуып адассам, кешір мені», «Құбылыс» атты жыр жинақтарымен қатар «Мен сені көргелі», «Он екі таным», «Кереметнама», «Теберік дүние», «Ойдың күші», «Туысқан», «Өмірдің он сегіз жылы», «Аспан мен даланың ұмытылған төрт тарихы» атты кітаптарымен оқырман жүрегінен орын алған еді. Оның бірнеше өлеңіне танымал әндер жазылып, шырқалып келе жатқанын да жұртшылық жақсы біледі.

200

 

Әмзе Қалмырзаұлының өмірінің соңғы кезінде жарық көрген «Алтын төркін» деп аталған тарихи танымдық кітабының тұсауы қаладағы Әл-Фараби атындағы кітапханада кесіліп, оқырманға жолдама алғаннан кейін көп уақыт өтпей автордың өзі өмірден өтті. Рухани жаңғыру жолында үлкен ізденіспен, терең танымдық тегеурінмен арғы тарихымызды зерттеп, зерделеген осынау шығарманың әдебиет қорына қосар үлесі зор деп білеміз.
Тарих – жұмбақ айдын. Оның асау ағысындағы толқын-толқын кезеңдердің қатпарын ажыратып, қалтарысын ашу әрине, инемен құдық қазғандай қиын шаруа. «Алтын төркін» сол тарихымыздың тамырын тарқатып, төркінін түгендейтін еңбек.
Ендеше айтулы ақын, тарихшы жазушы Әмзе Қалмырзаұлының есімін еске ала отырып, «Алтын төркін» кітабының мазмұн мәніне қысқаша талдау жасағанды жөн көрдік.
Бұл кiтап – қадым замандарда болып өткен төрт ұмытылған тарихтан тұрады. Оларды бiр-бiрiне бiрiктiретiн сүйек-фабуласы – түркi тектiлердiң киелi атамекенi Түркiстан өлкесi. Сондықтан автор осынау туған жерiн жырлаған кiтапты «Алтын төркiн» деп атапты. «Алтын төркiн» шамамен 5500 жылдық төрт дәуiрдi қамтиды.
Оның алғашқы дәуiрi – адамдар санасына өшпестей таңбасын басқан КӨП ТӘҢIРIЛЕР СЕНIМIНДЕГI ҚАУЫМ ДӘУIРI. Арғы жағы қараңғы түнек болып кететiн бұл дәуiр бәлкiм ең ұзақ мерзiмдi қамтыған болар? Оның уақытын мөлшерлеп ешкiм дәл айта алмаса керек.
Екiншi ұмытылған дәуiр – ЗАРАТУШТРА ПАЙҒАМБАР ДӘУIРI. Бұл – өте қызықты, таңғажайып дiни оқиғалар шиыршықтала шырмалып жатқан әлденеше ондаған заманаларды қамтитын дәуiр. Мiне, осы кезеңнен бастап адам баласы бiр Құдайға мойынсұнып, осынау жарық дүниеге өзiнiң өркениетiн жая бастаған: дүниеге тұңғыш рет кiтап тудырған Пайғамбар келген. Жаратушыға құлшылық ету – иманға ұю канондары бiр жүйеге түсiп, нешеме мыңдаған жылдар бойы бiр Аллаға сиынып, зиярат жасаған Қағба орынын, сол маңға нешеме мың жылдар бойы зияратшы дiн-бiрадарлары жерленген пантиондарын анықтаған. Жан-жануарды құрбандыққа шалу әдет-ғұрпы бекiтiлiп, дию мен перiлердi бұғалықтайтын, әлде жын-шайтандарды байлап оқитын қасидалар, Құдайға жақындауға – тiлегiн қабыл етуге болатын намаз сынды амалдары жария болған, қалыптасқан. Бұл құбылыс тәлiмдерi шамамен үш жарым мың жыл салтанат құрған. Бұл дiннiң 6 мың бұзау терiсiне алтын әрiппен жазылған канондық жинақ-кiтабын Ескендір Зұлқарнайын қолына түсiргенде аяусыз өртетiп жiберген. Дегенмен Авеста сынды кiтапқа жинақталған оның кейбiр бөлiмдерiнiң жұрнақтары бiздiң күндерге жеткен. Ежелгi көшпендiлер ислам дiнi келгенде осы дiндi ұстанатын. Сайрамның билеушiсi Боқтан «Бабаларым отыз ұрпақтан берi ұстанатын өзiмiздiң дiнiмiз бар, сiздiң дiндi қабылдамаймыз! Соғысамыз!» дегенде осы дiндi айтқан. Сонымен бiрге бұл кiтапта Памир шыңдарының бiр жазығына орналасқан немесе аңыз-миф деп келген, Құдай алғаш жаратқан киелi мекендер – Ранха өзенi, арилықтардың Арианам Вайдж құлашы (Арианэм Ваэджа жазығы) қандай, қайсы жер екенi көрсетіліп, дәлелдермен әңгiмеленген.
Екiншi ұмытылған дәуiрде осы туралы, т.б. таратылып айтылыпты; көптеген тылсымдар мен құпияларды жайып салыпты.
Үшiншi ұмытылған дәуiр – түркi әлемiнiң әйгiлi перзентi АФРАСИАБ ПАТША ДӘУIРI. Бұл дәуiр – түркiлердiң өмiр сахнасына шығуы, Оолун ананың өмiрге үш Нұрдан пайда болған балаларды әкелуi, олардың патша болу тарихтары қамтылған дәуiр. Афрасиаб патшаның түркiлердегi есiмi Оғыз хан екендiгi – «Оғызнама» эпосының тууы, бұл әйгiлi қаћарманның қазiргi түркi халықтарындағы есiмдерi Алп Ел-Алпмш, Алпамыс екендiгi, Афрасиабтың парсы тектiлермен соғыстары, қаншама ғасырлардан соң ежелгi Арианам Вайджаға (Кейiнгi Түркiстан өлкесi) ел қондыруы, жұртын отырықшылыққа үндеп, «Өгiз-каналдар» қаздыруы және өзiнiң сүйегiнiң де осы қасиеттi өлкеге қойылуы, кейiнгi Көктүрiктiң көптеген патшалары мен Тоныкөк дананың сүйектерi де осы жерге қойылуы – өте сәттi ћәм сенiмдi деректермен тартымды баяндалған. Бiрақ ислам дiнiнiң ықпалымен бұл мазмұндар да ұмытылып бара жатқанда қаншама ғұламалардан iлiм алған Қожа Ахмет Йассауидiң туған жерi Сайрам-Испиджапты тәрк етiп – Арианам Вайджаның жүрегi Йасса қыстағына келiп дiни уағыз жүргiзгенi, сонда қылуетке түсу құпиялары – Әмiр-Темiр бұйрығымен басына сол заман үшiн теңдессiз кесене-күмбез тұрғызылуы паш етiлген. Осы құбылыстар Арианам Вайджа мазмұнының қайта, бiрақ басқаша жаңғыруының себеп-салдарын ашады.
Төртiншi ұмытылған дәуiр – көшпендiлер әлемiнiң теңдессiз перзентi ШЫҢҒЫС ХАН ДӘУIРI. Бұл дәуiр – ең бiр шатысқан тарихи оқиғаларды жеткеретiн дәуiр. Шыңғыс ханның тарихи тұлғасын әртүрлi ұлттар саналуан сипатта жеткередi. Көпшiлiгi жұмбақ күйiнде қалады. Автор осы деректердiң арасымен жүре отырып мүлдем бейтаныс қаған бейнесiн жарыққа алып шыққан. Ұлы қолбасшының туғанынан өлгенiне дейiн өмiрiндегi алуан-түрлi құпияларды жайып салады. Сартауылға не себеппен шабуыл жасағанын, саны жағынан екi-үш есе көп қарсыласын қандай стратегиялық әдiспен жеңгенiн, Қарақорым-астанасы қайда екенiн, 1223 жылы Сартауылды жеңген жеңiс тойын өткерген жерiн және Сыр бойында Құланбасы деген жерде болған Құрылтайын, (Құланбасының қайда екенiне дәлел ретiнде көрсеткен бұлтарпас айғақтарын), өзiнiң сүйегiн қайда жерлеудi аманат еткенiн неше түрлi дәлелдермен айғақтайды; Оолун ана – Есекей батыр өлген соң әменгерлiк жолмен кiмге тұрмысқа шыққаны, онда қанша перзант көргенi туралы жазылған тарих шындығы – бүгiнгi бiздей пақырлардың ешқайсысының ойына ешқашан кiрiп-шықпас кереметтер!
Бесiншi ұмытылған дәуiр – ежелгi көшпендiлердiң бүгiнгi жалғас-сүйектерi ҚАЗАҚ ЕЛI ДӘУIРI. Бұл заман да өте таңғажайып оқиғалар мен құпияларға толы. Әсiресе онда бұрынғы монғол тектi делiнетiн найман, керей, арғын, тайчут, нирун, қоңырат, дулат және т.б. тайпалардың бүгiнгi қазақ елi арасына қашан, қалай, қандай атпен сiңiрiлгенi, бүгiнгi күнi белгiлi тайпалар – Қоңырат, Сiргелi, кiшi жүз-Әлiмұлы, Шектi, Қатаған, Қожа, Төре, т.б. рулардың түп-тегi туралы жазғандары – талай қасқа бастарды ерiксiз шайқатар деп ойлаймыз.
Қысқасы бұл кiтапты толық оқымай тұрып пiкiр айту – үстiрт, жадағай ой туғызады. Сондай-ақ бұл дүние – қасиеттi мазмұндар жиынтығы екенін де еске салғымыз келеді. Себебi мұнда Тәңірдің бұйрығынсыз шешiлуi мүмкiн емес кереметтi-түйiндер жеткiлiктi екен...
Ендеше, «Алтын төркінді» қолына алған оқырман тұңғиық тарихқа төркіндеп қайтары хақ. Бұл туынды рухани жаңғыру рухымен үндестік тапқан бағалы дүние.

Асхан МАЙЛЫБАЕВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.