Версия для печати

Шындықты айтсаң, іркілме...

Пятница, 09 Сентябрь 2022 08:13 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2335 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Көзі тірісінде-ақ «Басшы болсаң, Асакеңдей бол!» деп аты аңызға айналған көрнекті қоғам қайраткері, заңғар тұлға Асанбай Асқаровтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Рухы биік азамат ширек ғасырдан астам Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстық партия комитеттерінің бірінші хатшылық қызметін абыроймен атқарды. Үш өңірдің өсіп-өркендеуінде Асанбай Асқарұлының маңдай тері, үлкен еңбегі жатыр. Қайраткер, сонымен қатар, «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Көзқарас», «Ұлы Тұранның ұлдары» кітаптары мен өлең жинақтарының авторы. Газетіміздің бүгінгі санында жазушының оңаша ойларынан үзінді жариялап отырмыз.

 

Askarov

ОҢАША ОЙЛАР

Құлан өлсе, құрбақа

Шығады екен басына.

Шыныменен бір қата

Жібердім бе расында.

Бір қиындық кездесті

Көрмеп едім жасымда.

***

Жігерсізбен дос болсаң,

Алтың басың қор болар.

Өлекседей төбеңе

Үймелейді қарғалар.

Өміріңдегі таңбалы

Бақытсыздық сол болар.

***

Қаншама мықты болса да,

Дұшпаныңа жүгінбе.

Рахымсыз ол саған

Сатып кетер түбінде.

Су беруге жарамас

Сенің ауыр күніңде.

***

Адам мықты болмайды,

Ақыл-есі болмаса.

Сөзіңе көңіл толмайды

Айтқандары далбаса,

Сен де соның бірісің

Басыңа бақыт қонбаса.

***

Опасызбен дос болма

Опық жейсің бір күні.

Ажырата біл әрдайым

Қарға менен түлкіні.

Жақын оған сенен де

Өз басының құлқыны.

***

Қиналдым деп жар салма,

Кездеспейді кейде не?

Жерге қарап қалсаң да

Жерге қарап сөйлеме.

Барлығы да кездесер

Жұмыр басты пендеге.

***

Шындықты айтсаң, іркілме,

Сөзің зая кетпесін.

Құны оның бір тиын,

Уақыт өтіп кеткесін.

Тура сөзбен тұқыртқын,

Тесердей ғып өкпесін.

* **

Өтірікке бармағын,

Басыңды кесіп алса да.

Шатастырар жан-жағын,

Өтірікшілер қаншама.

Сенбегін оның сөзіне,

Тілінен бал тамса да.

* **

Түсінген адам жақтайды,

Әділ сөз – оғың бір атар.

Адамдар сені сатпайды,

Бойында болса ұят-ар.

Арсыздар шалып аяқтан

Тұрмастай етіп құлатар.

***

Қанша ұлы болсаң да,

Емессің ұлы халықтан.

Күшімен емес,

Жақсы адам

Ісімен өзін танытқан.

Жақсы адам аумайды

Кішілік жақсы қалыптан.

***

Өзімшіл жаман адамның

Езеурегіш сөзі бар.

Білімсіз топас наданның

Кері тартар кезі бар.

Саналы жігіт көп сөзді

Айтқызбай-ақ тез ұғар.

***

Сөзің кейбір адамға

Қанша айтсаң да өтпейді.

Өйткені оның табанда

Санасына жетпейді.

Тәуелді болсаң жаманға

Жағаңнан қолы кетпейді.

***

Адамдықтың белгісі

Бір-біріне сенеді.

Надандықтың белгісі –

Жамандыққа ереді.

Сараңдықтың белгісі

Өзінен өзі қызғанар.            

Арамдықтың белгісі –

Алды жар, арты құз болар.

***

Жақсы менен жаманның

Арасы жер мен аспандай,

Білімсіз, ойсыз наданның,

Жолынан адам қашқандай.

Ақымақ жөнсіз сөйлейді.

Ақылмен өзін басқармай.

***

Түссе ісің жаманға,

Қор етер алтың сөзіңді.

Дұшпаның жақсы одан да

Бағалай білген сөзіңді.

Шошыдым талай ондайдан,

Ұрғандай болып маңдайдан,

Жігерім құм боп езілді.

***

Өзімдікі жөн деген,

Жұрт айтқанға көнбеген,

Аяқ асты өзгергіш,

Құбылмалы дембе-дем.

Ешкімге бой бермеген,

Еш тоқтамға келмеген,

Адамдар бар өмірде

Аулақ бол ондай пендеден!

Дайындаған: А.ӘБДІРАХМАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.