Шымкентте әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы «Оңтүстік ғажайыптары» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

DSC 8305

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының тапсырысымен ұйымдастырылып отырған шараға облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қайрат Сүлейменов, Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, «Отырар» телеарнасының редакторы Зәуре Оралбаева және басқа журналистер мен блогерлер қатысты.

marapat-3

Қатысушылар ағымдағы жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихы мен шежіресін, ұлы тұлғалар мен олардың туындыларын насихаттау бойынша өз жұмыстарын жариялаған болатын.

marapat-6

Байқау қорытындысы бойынша І орын жүлдесі (300 мың теңге) 2 адамға бұйырды. Олар – Кеңес Исмаилов және Дастан Баширов. ІІ орынды (200 мың теңге) 3 қатысушы иеленді – Өмір Шыныбекұлы, Бейбіт Бертаев және Сәбит Сапарбеков. Ал ІІІ орын (150 мың теңге) Сұлухан Мыңбаева, Айгүл Амитова, Жібек Архабаева, Төлеген Ахметовке табысталды.

marapat-1

Сонымен қатар, ереже бойынша байқауға қатысқан 7 үміткерге ынталандыру сыйақысы (100 мың теңге) берілді. Олар – Дәурен Айманбетов, Тоған Жайлауов, Ақмарал Ғаниқызы, Ержан Сейдазимов, Ерлан Сыздық, Хамид Мүтәлиев, Мейірман Сауранбеков.

marapat-5

Шара барысында танымал журналист Кеңес Исмаилов бұл байқаудың жазбаларын өзге облыстағылар және шетелдіктердің де қызыға оқығанын айтты. Ал тарихшы, байқаудың белсенді қатысушысы Өмір Шыныбекұлы «Оңтүстіктің ерекше жерлерін әлі де болса көбірек насихаттау керек. Бұл өңіріміздің әлі ашылмаған жаңа қырларын танытуға мүмкіндік береді. Мәселен, байқауда кітапқа түспеген мәліметтер айтылды. Бұның өзі көп нәрсені аңғартса керек», – дейді.  

Айта кетейік, байқауға 30 аса үміткер қатысып, 16 жүлдегер марапатталды.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 11 Октябрь 2017 05:40

«Еркіндігім – елдігім»

Сыршыл да нәзік лирик ақын Исраил Сапарбайдың 75 жылдық мерейтойы туған өлкесінде тойланды.


Ақынның шығармашылық кештері бірі екіншісіне ұқсамайтындығымен дара десек, әр кеші – оқырманға рух беріп, шабыттандырып, қанаттандырады. Бұл жолғы кештің әсері тым бөлек. Ақынның туған күнінде еліміздің түкпір-түкпірінен жиналған жас әншілер ақынның ән-жырын жанды дауыста айтып, сайысқа түсті. 

20171005092132 4I7A1491-1

Шымкентте сазгердің шығармашылығына арналған тұңғыш рет «Еркіндігім – елдігім» атты республикалық ән байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – сазгердің шығармашылығын кеңінен насихаттап, дәріптеп қана қою емес, оның әндері арқылы елдің рухын көтеру болды. Сондай-ақ қазақ эстрадасының дарын иелерін анықтап, шеберліктерін шыңдап, жеке шығармашыл тұлғалардың қалыптасуына ықпал етуді назарға алған. 

160-тан аса ән, 150-ге тарта ән мәтінін жазған сазгерді байқау алдында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев қабылдады. Кездесуде әкім ақын-сазгер, драматург, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының және мемлекеттік «Парасат» орденінің иегері Исраил Сапарбайды 75 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің рухани байлығын арттырудағы еңбегіне алғыс білдірді. Өзінің дара жолы бар ел азаматы ретінде мақтан тұтатындығын да атап өтіп, ән байқауының сәтті өтуіне тілектестік білдірді. 

20171007090708

Екі кезеңнен тұрған байқауға 18-35 жас аралығындағы Алматы, Қызылорда, Атырау, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан келген 45 үміткер қатысты. Кеште сазгердің патриоттық, балалар әндері, махаббат лирикасын жас әншілер фольклорлық, эстрадалық бағытта табиғи дауыста орындап шықты. 

Республиканың барлық аймағынан жиналған үміткерлердің бәрі де дарынды, сазгердің әндерін шеберлікпен орындап, көрермендерді тәнті етті. Қазылар алқасы додада талантымен көзге түскен атыраулық Асхат Әмірғалиевті жүлделі бірінші орынға лайықты деп танып, жеңімпаз 300 мың теңге сыйақыға ие болды. Екінші орын мен 200 мың теңгені Семей қаласының күміс көмей əншісі Әлия Аукенова жəне шымкенттік «Сарын» тобына берілді. Жүлделі үшінші орын мен 150 мың теңге Қызылорда облысының əншісі Арайлым Мұхамеджанова мен оңтүстіктің атынан қатысқан Жеңіс Бертаев және Айгерім Тәжіге бұйырды.

20171005091214 4I7A1444

Байқауда арнайы жүлделер тағайындалған болатын. «Ғажайып танго» арнайы жүлдесімен Атырау облысынан келген «Тұран» триосы, «Айналдым» арнайы жүлдесімен оңтүстікқазақстандық Ержан Темірбаев және «Сағыныш сазы» арнайы жүлдесімен Алматы облысының өкілі Бердібай Қайыржан марапатталды. «Ананы аңсау» арнайы жүлдесімен оңтүстікқазақстандық Мархабат Бейсенова марапатталып, оларға 75 000 теңгеден ақшалай сыйлықтар тапсырылды.

Байқау соңы эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концертке ұласып, қала тұрғындары ҚР еңбек сіңірген әртісі Сембек Жұмағалиев, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Әбиірбек Тіналиев, Шахизада Байпатшанова, қазақ эстрадасының әншісі Таңат Мамырханның өнерін тамашалады.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 27 Сентябрь 2017 05:47

«ТЕМІР ТҰЛПАР» – ТҮРКІСТАНҒА!

«Алпамыс десек – Жиделі-Байсынды, Қызжібек десек – Ақжайықты, Қозы Көрпеш пен Баян десек – Аякөз маңын, Қобыланды дегенде Қараспан тауы мен Жем бойын көзге елестеткендей, «Қамбар батыр» жырын оқығанда, менің де көз алдыма Қаратау аңғарындағы киелі Үсіктас келе береді».

DSC 2513

Жазушы, ұлағатты сөз зергері, «құмға ғашық қария» Әдіһам Шілтерханов өзінің екінші томдығында көркемдік деңгейі мейлінше жоғары «Қамбар батыр» жырына қатысты ғасырлар бойы келе жатқан жұмбақтың түйінін осылай шешіп еді. 

«Жақсылар, дастан айтайын» І-облыстық жыршылар байқауының биылғы тақырыбы – «Қамбар батыр» жыры болды. Жас жыршылар жарысының ашылу салтанатында Әдіһам ақсақал сөз сөйлеп, ақ батасын берді. Ұрпақтан ұрпаққа кететін ұлағатты сөз айтып, әдебиет тарихында «Қамбар батыр» жырының 20 нұсқасы бар екендігін жеткізді. 

Сонымен үш кезеңге созылған дүбірлі додаға аудан, қаладан келген барлығы 48 қатысушы қатысса, қазылар алқасының қатаң іріктеуінен 12 оқушы үшінші ақтық кезеңге жолдама алды. Бірінші кезеңде үміткерлер жеребе бойынша жұптасып, жырдың қазылар алқасы нұсқаған белгілі бір оқиғасын баяндады. Бірі екіншісінің тоқтаған жерінен жыр жолдарын іліп әкетіп, жиналған көрерменді таңдай қақтырды. Байқаудың екінші бөлігінде үміткерлер арнайы билеттердегі әдебиет теориясына қатысты сұрақтарға жауап берді. Үшінші кезеңінде әділқазы алқасы мүшелері жырдағы көнерген сөздердің мағынасына байланысты сұрақтар қойды. Қатысушылар тек екінші кезеңде, әдебиет теориясына қатысты сауалдарға келгенде сәл мүдірді. Бұл болашақта мұғалімдерге үлкен сабақ болуы тиіс!

DSC 2612

Ұлы бастамалар, ұлағатты істер, тың, тосын тыныстар біздің Оңтүстіктен басталады. Облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков байқаудың қорытынды сәтінде сөйлеген сөзінде «бұл доданың маңызы терең, мазмұны ерекше» екендігін атап өтті. 

Жазушы, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Мархабат Байғұт болса, қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті мұрындық болған байқаудың бүкіл әлемге белгілі болуына сенім артты. 

– Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деген бағдарламасына байланысты бүкіл байтағымызда үлкен тірліктер қолға алынуда. Небір жобалар жасалып, жүзеге асып жатыр. Біздің өңірімізде де насихаттау, ұғындыру, сезіндіру жұмыстары жақсы жүргізілуде. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағы «Оңтүстік Қазақстан» газеті батырлар жырына, әдебиетке, кітап оқуға үлкен бетбұрыс жасады. Бұл газеттің мұрындық болуымен 50-60 жылдан бері қазақ күресінен де жыл сайын жарыс өткізіледі. Бұл еліміздің шеңберінен шығып әлемге әйгілі болған спорт жарысы. Батырлар жыры жарысы да солай белгілі болады деп қабылдайық, күтейік! – деді М. Байғұт. 

DSC 2622

Несін айтасыз, «Жақсылар, дастан айтайын» жас жыршылар бәйгесі жоғарғы деңгейде өткізілді. Оның жоғары дәрежеде өтуіне Оңтүстіктің аға газетінің бас редакторы Абай Балажаннан бастап бүкіл ұжым белсене атсалысты десек, еш қателеспейміз. Қатысушылардың ешбірі де сыйлықтан құр алақан қайтқан жоқ. Жүлделі үш орын және бас жүлдеден бөлек, үміткерлерге ынталантыру сыйлықтары (20 мың теңге) мен «Алғыс хаттары» табысталды. 3-орын алған оқушыға да, мұғалімге де – кілем, 2-орын алған оқушыға – 75 мың теңге, мұғаліміне – ноутбук, 1-орын алған Олжас Бакиров (Отырар ауданы, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектеп оқушысы) – 100 мың теңге, мұғалімі Айнұр Әлішерге үлкен экранды теледидар берілді. Ал бас жүлдеге Түркістан қаласы, №19 жалпы орта мектептің оқушысы Гүлжайна Елмұратованың жетекшісі Майра Назарбековаға «темір тұлпар» табыс етілді. Ал бәйгеде топ жарған Гүлжайна 200 мың теңге ақшалай сыйлықты иеленді. 

Осындай игі шараның біздің облысымызда бастау алғаны, оны «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы мен ұжымы ұйымдастырғаны көңілге қуанышпен қатар мақтаныш сезімін де ұялатады. «Біз бұл шараны тоқтатпаймыз! Тағы да өткіземіз!» – деді рухани жаңғырудың бірегей үлгісін нақты іспен көрсеткен Абай Бекназарұлы. Иә, келер жылы жас жыршылардың осынау додасы республика көлеміне, одан кейінгі жылдары халықаралық деңгейге шығатынына біз кәміл сенеміз.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 27 Сентябрь 2017 05:24

Бұл сында бәрі – жүлдегер

Қала күні мерекесіне арналған бұқаралық велошеруге қатысуға ниет білдірген жандар өткен жексенбіде «Тәуелсіздік» саябағына көптеп жиналды. Саябақтың бас қақпасынан бастау алған велошеру жолы «Наурыз» алаңына дейінгі 15 шақырымды құрады.

DSC 2127

Бұл шерудің жөні бұрынғылардан тіпті өзгерек. Велосипедті жанына серік етіп, талай сында бақ сынап үлгерген қала тұрғыны Қуаныш Асанов шын мәнінде, бүгінгі шеруден мерекелік көңіл-күй лебін сезінгенін айтады. Бұл жолы жарыс жолына ұлы Диясты да ерте келіпті. 

– Велосипед тебудің шын мәнінде, адам бұлшықетін нығайтып, қан айналымына оң әсер ететін пайдасы жеткілікті, – дейді әуесқой спортшы. – Ал осы қозғалыс құралымен көпшілікпен бірге қаланың орталық көшелерін жүріп өтіп, сәулетті кескін-келбетін тамашалай өтудің өзі жаныңды айрықша әсерге бөлейді. Қала тұрғындарының велоспортқа деген үлкен қызығушылығын арттырған осындай мерейлі шаралар бұқаралық спорттың дамуына серпін беретіні сөзсіз.

Мәре сызығын кесіп өткен велошерушілерді қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Намазбай Әбдіқұлов «Наурыз» алаңының төрінде дайындалған мінберде арнайы марапаттады. 

Сонымен, сынға қосылған әуесқой спортшылар арасында егде қатысушылар – Александр Полторацкий мен Жадыра Ізтаева және ең жас қатысушылар – Максим Павлов пен Ақмаржан Оспан арнайы марапатқа ие болды. Ал әкелі-балалы Қуаныш Асанов пен Дияс Қабылбекке спорттық жанұя ретінде арнайы сый-сияпат ұсынылды. Сондай-ақ, белсенді қатысушылар – Самат Есболов, Талғат Асылбеков, Шыңғыс Мажитов, Марина Варибрус және Дәурия Молдабекова да арнайы марапатқа ие болды.

Опубликовано в Спорт
Среда, 20 Сентябрь 2017 05:24

«Жақсылар, дастан айтайын...»

байқауының бас жүлдесіне – темір тұлпар

autowp.ru daewoo nexia 14

«Оңтүстiк Қазақстан» қоғамдық-саяси газетiнiң редакциясы ел аумағында алғаш рет тың жобаны қолға алып отыр. Араға апта салып, яғни, қыркүйек айының 26 жұлдызында мектеп оқушылары арасында батырлар жырын жатқа айтудан «Жақсылар, дастан айтайын...» атты облыстық байқауын өткiзбек.

x001.jpg.pagespeed.ic.DJa3HypYQfЖобаның мақсаты – рухы мықты, намысты, қайсар азамат тәрбиелеу, өскелең ұрпақты қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгiштік қасиетке баулу. Батырлар жырын жаттап өскен баланың жат елдердiң идеологиясына бой алдырмайтынын ата-аналарға ұғындыру. 

– «Оңтүстік Қазақстан» газетінің ұжымы бұған дейін ұлттық спорт түрлерін насихаттап, дәріптеу, қазақ балаларының үлкен спортқа қызығушылығын арттыру мақсатында қазақ күресінен дәстүрлі түрде облыстық деңгейде турнир өткізіп келген болатын, – дейді газеттің бас редакторы Абай Балажан. – Бұл жолы қазақтың ауыз әдебиетін төрге оздыруды мақсат етіп отырмыз. Бұл өз кезегінде, бүгінгі ұрпақ ұмыт қалдырған батырлар жырын насихаттау ғана емес, жасөспірімдердің әдебиетке деген қызығушылығын ояту, сондай-ақ, мектеп мұғалімдерінің, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің беделін көтеру болып табылады. Әрі бұл бастама Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен астасып жатқанын да айрықша атап өткен жөн. 

Облыстық газет редакциясының бұл бастамасына облыстық білім басқармасы лайықты қолдау көрсетуде. Мамыр айында өткен байқаудың бірінші кезеңінде өңірдің барлық аудан-қалаларында жырды жатқа айта білетін үздіктер анықталды. Нәтижесінде, алдағы аптада сарапқа салынатын шешуші кезеңде барлығы 50 үміткер бақ сынамақ. Байқаудың жүлде қоры да қомақты. Бас жүлде алған оқушыны даярлаған мұғалiмге бәйгеге «темiр тұлпар» берiледi. Сонымен қатар, жүлдегерлердiң ешқайсысы да сыйлықтан құр алақан қалмайды.

Байқауға 5-10 сынып аралығындағы оқушылар қатысады. Ұсынылған биылғы тақырып – «Қамбар батыр» жыры болмақ. Байқау кезінде үміткерлер жеребе бойынша жұптасып, аталмыш жырдың әділқазылар алқасы нұсқаған белгілі бір оқиғасын баяндауы тиіс. Кезі келгенде, екіншісі алғашқысының тоқтаған жерінен жалғастыруы тиіс. Тиісінше, үш рет мүдірген үміткер сыннан өте алмайды. Байқаудың екінші бөлігінде үміткерлерге арнайы билеттердің көмегімен әдебиет теориясы бойынша сұрақтар қойылады. Ал үшінші кезеңінде үміткерлер әділқазылар алқасының сауалдарына жауап беретін болады.

Бүгінде республиканың өзге өңірлерінен де байқауға қатысуға ниет білдірушілердің қатары ұлғая түсуде. Байқау шарты бойынша бұл жолғы шара облыстық деңгейді қамтиды. Дегенмен, дәстүрлі байқаудың келесі сындары республикалық ауқымды қамтуы да әбден мүмкін. 

Байқау 26 қыркүйекте ОҚО орыс драма театрында сағат 10.00-де басталады. Мекенжайы: Шымкент қаласы, Әл-Фараби алаңы, 1 үй.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 13 Сентябрь 2017 04:47

Журналистер Оңтүстікте бас қосты

«Рухани жаңғыру: Оңтүстіктің басты брендтерін насихаттаудың заманауи технологиялары». Осындай тақырыпта Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік педагогикалық институтының ғимаратында респубилкаға танымен журналист-блогерлердің қатысуымен форум өтті. Ұйымдастырушы – облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Медиакратия» қоғамдық бірлестігі.

shymkala-72-7

Шараға ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің кеңесшісі Қ.Ахметов, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры О.Аяшев, ҚР Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Ж.Әшімжан, «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО меншікті тілшісі Ғ.Елшібай, «Жас Алаш» газетінің Бас редакторы Р.Ербота, жапонтанушы, аудармашы, дипломат Б.Құрмансейіт және депутат, ұстаздар мен студенттер қатысты. 

Жиын барысында ОҚО өңірінде бренд қалыптастыру және оның жолдары, тарихи-мәдени орындарды қайта жаңғырту сондай-ақ, туризм саласын жетілдіру технологиялары талқыланды. Ресми бөлімде баяндамалар тыңдалған соң, қатысушылар жарыссөзге шығып, өз пікірлерін білдірді.

shymkala-72-7

– Брендті тұлға арқылы да қалыптастыруға болады. Мәселен, Мұқағали Мақатаев. Ол Райымбек ауданы, Қарасаз ауылының тумасы. Қазір сол жерге ақынның туған өлкесін өз көзімен көру үшін республиканың әр өңірінен тіпті, шетелдерден туристер келеді. Соның арқасында жергілікті халық пайда тауып, Қарасаз ауылының экономикалық жағдайы жақсаруда. Оңтүстікте де мұндай тұлғалар көп. Сондықтан оларды қадірлеп, кеңінен насихаттауымыз керек, – деді Жанарбек Әшімжан. 

Сонымен қатар, 2017 жылғы Республикалық «Үркер» Ұлттық сыйлығының Қазақстан бойынша «Үздік аймақтық басылым» номинациясының тұңғыш иегері – «РЕЙТИНГ» ақпараттық-сараптамалық газетінің 9 жылдығына орай журналистер мен блогрерлерге арналған футбол жарысы ұйымдастырылды. Оған баспасөз хатшыларынан, блогерлерден, мерзімді басылым және телерадио журналистерінен құралған командалар қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды «Дәнекер», 2-орынды «Талғам», 3-орынды «Обьектив» командалары иеленді. 

Айта кетейік, осы күні ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ОҚО бойынша департамент басшысының орынбасары А.Шілманов, «Егемен Қазақстан» газетінің ОҚО меншікті тілшісі Ғ.Елшібай және журналист-блогерлер мен аудан әкімдерінің баспасөз хатшыларының қатысуымен семинар өтті.

Опубликовано в Спорт

20800248 1945995835643726 1749682241591288963 n 1

Облыстық бейнелеу өнері музейінде «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» аясындағы ХХ-шы TURKSOY ұйымына мүше елдер суретшілері пленэрінде салынған жұмыстардың қорытынды көрмесінің ашылу салтанаты өтті.

IMG-20170822-WA0103

Пленэрге 9 шет мемлекеттерден, яғни, Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Босния-Герцеговина, Украина, Болгария, Молдавия, Башқұрстан, Әзірбайжан елдерінен 15 суретші, ал еліміздің Астана, Алматы, Павлодар, Шымкент қалаларынан 13 кәсіби суретшілер және Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, ҚР Көркем академиясының мүшелері мен өнер профессорлары қатысқан болатын.

Көрменің ашылу және кездесуді қорытындылау шарасына облыстық мәдениет басқармасының басшысы Нұрболат Ахметжанов және ТҮРКСОЙ ұйымы суретшілерінің ұйымдастырушысы Мехмет Санжар қатысып, суретшілерді арнайы алғыс хаттар және сыйлықтармен марапаттады. 

IMG-20170822-WA0116

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясындағы «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыру және «Түркістан – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында бас қосып, шығармашылық жолы тоғысқан Түркі әлемінің қылқалам шеберлері Түркістан қаласындағы Қ. А. Яссауи кесенесінде, Сауран және Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесі мен тарихи, мәдени ескерткіштерде, Хан тағы және Қаратау қорығы аумағы мен Бәйдібек ауданының Ақмешіт, Қостұра, Домалақ ана кесенелерінде, Қазығұрт ауданы мен Сайрам-Өгем тау шатқалдары және Шымкент қаласының көрікті жерлерінде этюдтік жұмыстар жасады.

IMG-20170822-WA0133

Оңтүстіктің киелі, тарихи мекендерін майлы бояумен кенеп бетіне бейнелеген суретшілер боямасыз сұлулыққа бай өлкенің табиғатына деген таңданыстарын да жасыра алмады. 

Табиғат аясында салынған 135 дана кескіндемелік жұмыстар облыстық бейнелеу өнері музейінің көрме залына орналастырылды.

Пленэрдің мақсаты – тәуелсіз еліміздің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ғасырлардан сыр шерткен қасиетті мәдени сәулеттік ескерткіштерді, тарихи орындар мен ұлттық өнерімізді насихаттау. Түркі тілдес елдердің еңбек сіңірген өнер қайраткерлері және талантты қылқалам шеберлерімен кескіндеме саласы бойынша өзара тәжірибе алмасуды жүзеге асыру. Сондай-ақ Оңтүстік өңірінің өзіндік табиғи географиялық ерекшеліктерін және көз тартарлық орындарын бейнелейтін халықаралық деңгейдегі өнер шығармаларын жасап, насихаттау, бейнелеу өнерінде жаңа көркем бағыттар мен пластикалық шешімдер және формаларды іздестіру басты назарға алынған.

Опубликовано в Мәдениет

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай мәлімдеді. Жыл сайын өтетін дәстүрлі байқауға республикалық, облыстық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен блогерлер қатыса алады.

18700183 1923032711276420 8303666008555775325 n

– Шараның мақсаты – Шымкенттің көрікті жерлерін паш ету. Ал ондай әсем орындар жүздеген жылдық тарихы бар қаламызда жетіп артылады. Байқауға жіберілген материалдарды комиссия мүшелерімен мұқият қарап, нәтижелерін интернетте жариялайтын боламыз, – деді Қайрат Нұртай. 

Байқау «Әлеуметтік желілерде Шымкент қаласы туралы ең қызықты жарияланым», «Бұқаралық ақпарат құралдарында Шымкент қаласы туралы ең қызықты мақала», «Облыстық деңгейдегі ресми сайттарында Шымкент қаласы туралы ең қызықты материал», «Республикалық деңгейдегі ресми сайттарда Шымкент қаласы туралы ең қызықты мақала», «Шымкент қаласы туралы телеарналардағы «Үздік сюжет», «Шымкент туралы эссе», «Фото-бейне жарияланымдар» номинациялары бойынша өткізіледі. 

Материалдар 2017 жылдың 30 тамызына дейін «Шырайлы Шымкент» тақырыбымен ( Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра. ) электрондық поштасына жіберілуі тиіс. Марапаттау рәсімі қыркүйек айында өтеді.

Опубликовано в Қоғам

Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының  бірінші кезеңі аяқталды. Отбасы құндылықтарын дәріптейтін байқауда 20 отбасынан екі жанұя үздік деп танылды.

merei-41

Оның бірі – еңбек ардагері, Мақтарал ауданының Құрметті азаматы Каналбай Сейілбекұлы. Суырып салма ақындығымен өнерімен елге танылған мәдениеттанушы. 

5 ұл, 4 қыз өсіріп, олардан 40 немере, 18 шөбере сүйіп отыр. 

– Отбасының басты міндеті – елге, халыққа қызмет ету. Кемтарларға жәрдем беріп, кішілерді тәрбиелеу. Бұл байқаудың тәрбиелік мәні зор. Жастар мұндай шарадан тәлім, тәрбие алады, – дейді еңбек ардагері К.Сейілбекұлы. 

Екінші үлгілі отбасы – Халық ағарту ісінің озаты, Арыс қаласының Құрметті азаматы Жұмабек Қансейітовтер әулеті.

Жеңімпаздар қала әкімінің «Алғыс хаты» және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Өзгелерден оқ бойы озып шыққан екі отбасы облыстық кезеңде бақ сынайды.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 17 Май 2017 05:41

Білімімен озған оқушылар

«ІТ әлемінде». Осындай атаумен «Көрме орталығында» ақпараттық технологиялар саласы бойынша жоба байқауы өтті. Шымкент қаласы әкімдігі мен физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі ұйымдастырған байқаудың мақсаты – жалпы білім беретін мектеп оқушыларының ІТ және кәсіптік бейімділіктерін дамытуға көмек беру, түрлі салаларда әлеуметтік маңызы бар қолданбалы бағдарламалар жасау, пайдалы сұхбат алаңын құру.

18198752 678676578983839 4137961140091628472 n

– Оқушылардың жасап жатқан әрбір жобалары, жұмыстары, ғылыми еңбектері болашақта елімізге пайда әкеледі. Келешекте отанымызды өркендетіп, беделімізді биіктететін де осы жастар. Қымбатты ұстаздар, сіздердің еңбектеріңіз шексіз. Оқушыларды жетістікке жетелеп жүргендеріңіз үшін алғысымды білдіремін, – деді Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева. 

Байқау «Робототехника», «Компьютерлік өнер», «Бағдарламалау» және «Қысқаметражды фильм» секциялары бойынша өтті. 

– Мен Scratch 2.0 бағдарламасымен жоба жасадым. Мақсат әлемдік стандартқа сай қимылы, дыбысы мен сюжеті бар толық қойылым жасау. Бұл бағдарлама арқылы анимация жасауға да болады. Қазір мұндай бағдарламаның баламасы жоқ, – дейді №45 мектеп-гимназиясының оқушысы Денис Гаврилов. 

Шара соңында жеңімпаздар анықталып, барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Опубликовано в Білім
Страница 1 из 3