Пятница, 13 Январь 2017 08:36

Абай армандап өткен ару

Махаббат әр адамның жүрегіне ұя салатын сезім құдіреті. Ол құдірет бірде шапағатқа, бірде машақатқа, бірде ләззатқа, бірде азапқа, бірде нұрға, бірде мұңға бөлейтін, ыстығы мен суығы астасып жататын асау бір ағын. Жарқылы жаныңа гүл еккізетін, тіпті кейде қайғы-қасірет шеккізетін бұл сиқырлы сезімнің ғашықтық ғаламаты да, махаббат машақаты да сонысымен қымбат, сонысымен жұмбақ.
Осы оттың шарпуынан ақылы дария, таланты жаһанға жария небір ұлыларыңыз да «аман» қалмаған. Ғашықтық ғаламаты тағдырының аманатына айналған талай-талай тұғырлы тұлғалардың сүйіспеншілік сезімі жайлы сөз қозғайтын жаңа жобадан сіздер қазақтың әйгілі адамдарымен қатар ғаламның танымал ұлыларының ұлы сезімдері хақында сыр ұғатын боласыздар.

234

«Махаббатсыз дүние бос...» Адамның жан дүниесін жарық нұрға бөлейтін ұлы сезімді бір- ақ ауыз сөзбен осылай түйіндей білген ақын Абайдың жүрегін шоқтай жандырған махаббат алауы оның ақындық шабытына ғана емес, өмірлік бағытына да сәуле шашқан сөнбес шырақ еді...

 

«Айттым сәлем, Қаламқас,
Саған құрбан мал мен бас.
Сағынғаннан сені ойлап,
Келер көзге ыстық жас.

Сенен артық жан тумас,
Туса, туар, артылмас.
Бір өзіңнен басқаға,
Ынтықтығым айтылмас.

Бұл ұлы ақынның ақылы мен жүрегін жаулаған, қолы жетпей, мәңгі арманына айналған ғашығы Тоғжанға арнаған сезімінің селі. Абай-дана, Абай-дара, Абай-ақын, Абай-хакім. Солай бола тұра Абай да жұрт қатарлы жұмыр басты пенде. Оның да жігіттік желікті, қызық-думан көрікті бастан өткермеуі мүмкін емес. Әкесінің тапсырмасын орындай жүріп ол талай дала аристократтарының аруларымен танысты. Лап етіп жанған, соңыра өз сезіміне өзі тоңған сәттері де болған шығар. Бірақ Тоғжанға деген кәусар көңілінің ынтықтығы өмір бойы басылмай өтті. Бұл – көркем шығармадағы бейнелі образ емес, бұл – ақын тағдырының шынайы шындығы.

Абай үш әйел алған адам. Әйткенмен алғашқы қосағы Ділдаға үйленбес бұрын-ақ махаббат дертіне шалдығып, жүрегі Тоғжанға тұсалған ақын арманының орындалуына заманның қатал қағидалары, дәрменсіздікке душар еткізген дәстүр-дәріптері дес бермеді. Бөжей мен Майбасардың дауы кезінде Құнанбайдың тапсырмасымен Сүйіндік ауылына келген бозбала жігіттің албырт сезімін оятқан Тоғжан бейнесін жазушы Мұхтар Әуезовтің суреттеуінде былай танимыз. «Қақтаған ақ күмістей жазық маңдайы, сәл жасаураған бота көздері, қарлығаштың қанатын еске түсіретін қиғаш қастары, ұшы үлбіреп тұрған екі бүйрек беті, шебер қолынан шыққандай жұмыр иегі, аққу мойыны мен қаз омырауы»...Бұған дейін Семейде талай орыс, татар қыздарымен таныс-біліс болып жүрсе де Абайдың сезімін арбаған мына сұлулық оны еріксіз еліттіріп, ессіз күйге жетелеп бара жатады. Сүйіндіктің ауылындағы сол жүздесуден кейін Тоғжан бейнесі көз алдында мөлдіреп, көңіл түкпірін тәтті бір сезім шайқайды да тұрады. Жан-дүниесін тағатсыз сағынышқа малған күйден арыла алмаған ақын «Арылмас, айықпас бұл не дерт?» деп өзі де ішкі әлеміндегі өзгеріске таң қалады.

Сүйіндіктің өзінен екі-үш жас үлкен баласы Асылбекпен таныстығы мен көңіл жарастығын себеп етіп, Майбасар лаңынан қолы босаған Абай Тоғжанды көріп қайтуды ойлайды. Бұл кезде Құнанбай аға сұлтандықтан босап, оның болыс інісі Майбасардың орнын Сүйіндік басқан еді. Бұдан бұрын Сүйіндік ауылына барғанда жүзтаныс болған Ерболмен кездесіп, орайы келіп Асылбектің отауына түседі. Қыз ағасының үйде жоқтығы қос ғашықтың таң атқанша сырласып, қимас сезіммен табысуына себеп болады. 

Бұдан кейін де Абай айнымас адал досы Ерболдың көмегімен Тоғжан ауылына жолай жолаушы іспетті тағы бір тоқтап, сүйген аруымен жүздесудің есебін тапқан еді. Тоғжанның ағасы Әділбектің қайындап, өзге үлкендердің де ілесе кеткені ауыл жастарының жиналып, ойын-сауық құруына мол мүмкіндік тудырған-тұғын. Асылбектің отауындағы жастардың басқосуы, әдемі әзіл-күлкімен көңілдің жарастығын жақындастырған тәтті сәттер Абай мен Тоғжанның жүректерін жалынымен жандырды. Екі жасқа тілеулес жеңге келер түні оларды оңаша табыстырып, бір-біріне ынтыққан қос жүрек таң атқанша сезім сыры мен көңіл шерін тарқатып тауыса алмай, қимастықпен амалсыз қоштасады. Бұл Абайдың ессіз сүйген ғашығымен соңғы рет жолыққан, мәңгі сағынышқа айналған жүздесуі еді.

Өйткені сүйген жүрек өздерінікі болғанымен, шешім етер ерік өзгенікі еді. Абайдың өзі көрмесе де, әке-шешесі қалап айттырған қалыңдығы бар. Тоғжанның тілегін тұсап, сыртынан атастырған күйеуі бар. Сондықтан да екеуі де ғашықтық дертінен құса болса да әке-шешенің әмірінен асып кете алмайды.

Құнанбайдың Абайға айттырған қалыңдығы Ділдә айтулы жердің, атағы дүркіреген Алшынбай бидің қызы. Алшынбай Қаздауысты Қазыбек бидің шөбересі. Абайдың анасы Ұлжан да бұл тұқымнан алыс емес, Алшынбайға ағайын қарындас боп келеді. 

Ділдәнің Абайдан екі жас үлкендігі болғанымен, әйгілі әулеттің қызы тым тәккаппар, өр көңілді, кесек сөйлеп, кергіп басады. Ал Тоғжанға деген маздақ сезім жүрегінде мәңгі жанған Абай Ділдәмен дәм-тұзы жарасқанымен, ол оның сүйіп алған жары емес еді. 15 жасында отау иесі атанған Абай тұңғыш ұлы Ақылбай дүниеге келгенде де өзін әке ретінде сезіне алмады. Абайға аңсары қаншалық ауғанмен ата салтты аттап кете алмаған Тоғжан да тағдырдың тұсауына көнбеске шарасыз-тын. Күйеуі ақырғы рет келіп алып кетерінің алдында ол Абайға «жетсін» деп хабар бергізіп, соңғы рет жүздесіп, тілдесіп қалуға тілек білдірген. Жаздың желсіз ымырт жабылар шағында жым-жырт сайда қос ғашық құшақ айқастыра тұрып сүйіскен күндерінің сәулесіне шомылып, қоштасар шағының қайғы-қасіретіне тұншыққан. Көңілдегі нала мен жүректегі жара, өзекті өртеген өкініш пен өксік, сағыныш пен сағымға айналған сырлы сәттер екеуін арманның айықпас дертіне шалдықтырып, араларын амалсыз алшақтата берген. Жайшылықта ұяң, нәзік, қорғаншақ Тоғжан ұзатылар шағында ішкі дертін ірікпей, жан сырын жария етуден жасқанбай, ел ағаларынан рұқсат сұрай отырып Абаймен қоштасу зарын шығарыпты.

«Кертаудың ат байладым аршасына, Сәлем де Тобықтының баршасына»... деп басталатын бұл сыңсу әнді кешегі елуінші жылдарға дейін әжелеріміз ұмытпай айтып та келген екен.

Ал «Жарқ етпес қара көңілім не қылса да,
Аспанда ай менен күн шағылса да.
Дүниеде сенен артық маған жар жоқ,
Саған жар менен артық  
табылса да»

деп өз жанының жарасын жырмен ақтарған Абай да өмір бойы қолы жетпеген ғашығын аңсаумен өтті. Сол сағыныш, сол арман оны Әйгеріммен Тоғжан боп табыстырды.

...Құнанбайды қажылық сапарға Семейден аттандырып салған соң көп ұзамай елге қайтқан Абай мен Ербол көз байланар шақта Орда тауының бөктерін жайлаған Бекей мен Шекей деген ағайынды адамдардың ауылына тап болады. Жолсоқты болып келген Абай Бекейдің отауында азырақ мызғып алмақ боп жатқанында түсінде Тоғжанды көреді. Дәл баяғыша өздері кездескен Жәнібек өзенінің етегінде «Мен келдім. Міне, қасыңдамын» деп сүйгені тұр. Тоғжан мұны сағынғанын айтып, сызылтып өзі үйреткен «Топайкөкке» салады. Зарықтырған ғашығына «Кел, келші, сәулем» деп құшағын жая бере оянып кеткен Абайдың құлағына тым жақыннан әлгі үн үзіліп жетеді. Сол «Топайкөк»... Сол Тоғжанның дауысы... Абай есеңгірегендей есікке ұмтылады. Бірақ бұл әнді салып жатқан Тоғжан емес еді. Ол көрші Шекей үйінде жастармен бірге отырған Бекейдің қызы Шүкіман болатын. Дауысы ғана емес түр-тұлғасы да, бет-әлпеті де Тоғжаннан аумай қалған бойжеткенді көргенде Абай аңырып тұрып қалады. Жүрегі аттай тулаған ол, «айнымаған Тоғжан» деп күбірлей береді. Бекей үйінде жалғасқан жастар жиыны Шүкіманды ашық ажарымен ғана емес, жарқын мінезімен, жүректің қылын шертер әншілік өнерімен, назды, сазды үнімен де өзіне баурап бара жатты. Қыз да сыртынан атына қанық қонақ жігіттің жанарынан лап еткен жалынды аңдаусыз аңғарған.

Бұл кезде жасы отызға келген Абайдың жақсы аты Орта жүзге түгел тарап, әйгілі болып қалған-ды. Ділдәмен бас қосқан 14-15 жылдан бері алты баланың әкесі болып та үлгерген. Бірақ түнде түсінен, күндіз есінен шықпайтын Тоғжанның сол баяғы уылжыған бейнесін қайта тапқалы Абайдан дегбір кетті. Ақылына көркі, мінезіне сымбаты сай арудың айдай жүзін көз алдына қайта-қайта келтіріп, қайтар жолда қасындағы серігі Ерболға « Керім! Несін айтасың!..Керім!» деп тамсана сөз етумен болды. Досы да «Оның рас. Әй. Керім-ақ екен! Әй, керім!» дегеннен танбады.Сұлу қыздың Шүкіман атын затына сай көрмеген қос жігіт осыдан кейін оны Әйгерім деп атауды ұйғарған. 

Түсінде Тоғжан боп аян берген арудан Абай енді айырылмауға серт етті. «Мен Әйгерімді жар етемін» деп байлауын бір-ақ айтқан ол ақылдаса келе достары Ербол мен Жиреншені Мамай ауылына елшілікке жіберді. Қыз қарсы емес. Бірақ бұл жерде шешуін келтіретін бір қиын түйін тұрған-ды. Ол–Әйгерімнің айттырылған жері бар. Оның алғаш атастырған жігіті жастай қайтыс болып, қалыңдықты кейін қайынағасына қосуды ұйғарған. Жасы мосқал тартқан, әрі қыздай алған әйелінен бата алмай шырмалған қайынағаға қосылуды қос көрмейтін Шүкіман да басына бостандық ала алмай жүрген. Абайдың достары қыз жағымен де, айттырылған жұртымен де бәтуаласа келе мәселені оңтайлы шешіп тынды. Абай Бекейге де, Шүкіманның қайын жағына да еселеп қалыңмалын төлеп, көп ұзамай Әйгерімді алып келді. Бір тәуірі, мінезі шайпау, тілі ащы болғанмен Ділдә бұл жағдайға аса тулап, шу шығармады. Отыздан енді асса да бетін әжім торлап, жасынан ерте егде тартқан, алты бала туып, саркідір қатын болған ол «Абайға бала туып берем деп, оның қисапсыз қонағын күтем деп титықтап біттім. Алатын тоқалын ала берсін» деп кедергісіз көне салған. Көңілі қалап, жаны сүйіп қосылған жары Әйгерім араға жыл салып Тұрағұл атты ұлды дүниеге әкелді. Бірақ Ділдә «бай --сенікі, бала –менікі» деп нәрестені бауырына басып, тәрбиесіне алды. Әйгерім тұңғышы Тұрағұлдан кейін Мекайыл, Ізкайіл, Кенже атты перзенттерін дүниеге әкелді.

Абайдың үшінші әйелі – Еркежан інісі Оспанның жесірі, Оспан қайтыс болған соң «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді» деген әмеңгерлік салтымен Еркежанды қайынағасы Абайға қосады. Екі әйелі бар Абай келінін алуға көп қарсылық білдіреді. Керісінше Оспанның үш әйелінің ішінде қарашаңырақта қалған Еркежанның еншісіндегі қыруар малға қызығып, Тәкежан мен Ысқақ інісінің ең кіші жесірін иеленуге таласады. Бітпейтін дауға нүкте қою қажет болғанда Еркежан қайынағасы Абайды таңдайды. 

Үш әйел алып, соның ішінде Әйгерімге жүрек қалауымен үйленсе де Абайдың көңіл түкпірінде Тоғжан тұлғасы мәңгі мұнартып қалған еді. Тоғжан ұлы Абайды ұлы сезімнің алдында дәрменсіз күйге салған, арман мен сағыныштың қол жетпес қиянына айналған ару. Оның мұң мен сырға толы махаббат жырларының жауқазын гүлі ғашықтық дертінен бүршік жарып, өлең өлкесінің есігін ашуға, ақындық талантының тегеурінін танытуға алғышарт болды.

...Абай ессіз сүйген Тоғжан қыздың есімі содан бері махаббат пен сағыныштың символындай талай аруға теберік аттай телініп келеді.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 21 Декабрь 2016 06:09

Ардагерлер марапатталды

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Шымкент қаласының ардагерлері марапатталды.

IMAG2305Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы И. Рысбай қариялардың омырауына мерекелік медалды салтанатты жағдайда қадап, құрмет көрсетті. Ұлы Отан соғысының майдангері Анна Шаля, ардагерлер кеңесінің төралқа мүшелері Сейдахмет Байдәулетов, Айтымбек Құмарбеков, Оразалы Омаров, Әл-Фараби аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұхан Омарұлы, облыстық кеңестің төралқа мүшесі Кәрсенбай Қунақов, кеңес мүшесі Базарбек Уәлиханов, пленум мүшесі Любовь Ралдугинаны Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық медалімен марапаттады. 

– Сіздерді мемлекетіміздің ең мерейлі мерейтойымен құттықтаймын. Бұл күн біз үшін ерекше толғаныспен қарсы алатын мерекелердің бірі. Сіздердің өмірлеріңіз ерен ерлікке, қаһармандыққа және табандылыққа толы. Әрқайсыңыз мемлекетіміздің көркейіп, дамуына өзіндік үлес қоса білдіңіздер. Ерліктеріңіз бен еңбектеріңіз біз үшін әрқашан үлгі болып қалады. Сіздерге денсаулық пен жақсылық, отбасыларыңызға бақыт тілеймін! – деді И. Рысбай. 

Марапатталған ардагерлер өздеріне көрсетілген құрметі үшін Елбасына алғыстарын жеткізді.

Опубликовано в Әлеумет
Среда, 21 Декабрь 2016 06:05

Киелі орындарға зиярат жасады

Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына және қасиетті Мәуліт айы мерекесіне орай, қоғам белсенділері өңірдің әулиелі орындарына зиярат жасады. Шараға облыстық «Бибі Фатима» қоғамдық бірлестігі ұйытқы болды.

IMG 20161219 120121

25 әйелден құралған топтың құрамына өңірдегі қоғамдық бірлестік төрайымдары, ардагерлер кеңесінің мүшелері, зиялы қауым өкілдері енді. Саяхатшылар алдымен күн түс ауа Арыстан бабтың кесенесiне ат басын тiредi. Мұсылман қауымы үшін киелі орын Арыстан баб кесенесі – Алаш жұртының зиярат ететін қасиетті мекені. Қыс ауасындағы қытымыр ауа-райының мінезіне қарамастан, әжейлер кесене маңайын түгел аралап шықты. Бабаның басына құран бағыштап, құдықтан су iштi. Елдiң, жердiң амандығын тiлеп, дұға оқыды. Кесене маңындағы мұражайларға кiрiп, рухани танымын кеңейттi. 

– Ұлтаралық татулық пен ынтымақты дәріптеп жүрген бірлестік мүшелері бұл жолы зиялы қауым өкілдерінің басын қосып, киелі орындарға зиярат жасап қайтуды өз міндетіне алып отыр. Зиярат барысында арнайы құрбан шалып, елдің тыныштығы мен бейбіт өмірін дұға-тілектерімізге қосудамыз, – дейді «Бибі Фатима» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Күләйша Шәкірова. 

Мұнан кейін арақашықтығы 50 шақырымды құрайтын Шәуілдір ауылынан Түркiстанға дейінгі аралықтағы жолды ақ жаулықты әжейлер әнмен тербеп қысқартты. Күн төбеден ауған сәтте, топ мүшелері Түркістан қаласына келіп жетті. Дегенмен, Қожа Ахмет Яссауи кесенесiнiң басындағы адамдардың қарасы мұнда да қалың.
Бабалар рухына құран бағыштаған ардагерлер бұл жолғы сапардан үлкен әсер алғанын жеткізді.

Опубликовано в Әлеумет
Пятница, 18 Ноябрь 2016 06:07

Ескі қоныс – тарих сырын ашады

Оңтүстік өңірі көне шаһарлар мен тарихи-мәдени ескерткіштерге бай. Елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігері болған археологиялық мұраларымыз жетерлік. Әр дәуірдегі ескерткіштердің көптігі жағынан өлкеміз алдыңғы орында. Жуырда Шымкент қаласы Сайрам ауданының тұрғыны, жеке кәсіпкер Уринбай Ураимжанов (суретте) азаматтық танытты. Ежелгі дәуірдегі жәдігерлер табылған үйге жөндеу жұмыстарын жүргізуде.

P61117-124625

Мұнара жанындағы тұрғын жай көне дәуірден сыр шертеді. Бұл орын кеңес дәуірі кезінде табылған. Бүгінге дейін толығымен сақталған. Ошақтың бейнесі отырықшы халықтың тұрмыс-тіршілігінің куәсі іспетті. Заңғар жазушымыз Әбіл Кекілбаев айтқандай ескі қоныстан тарихымыздың бір парағын, сол заманның бұлтартпас құжатын аңғардық. Жеке кәсіпкер Уринбай Ураимжанов игі істі қолға алыпты. Өз қаражатына ескі тұрғын жайға жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Іскерлігімен ерекшеленген Уринбайға Сайрам ауылының тұрғындары риза. Іскер азамат мұны Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен байланыстырып отыр.

– Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 25 жыл. Осы ширек ғасыр ішінде тарихымызды түгендедік. Біз біле бермейтін көне ғасырлардың парақтары ашылып жатыр. Елбасымыз айтқандай, «Мәңгілік ел» болу идеясы шындыққа айналатын болмыс.Осы мәңгілік ел аясында өмір сүретін жас ұрпаққа тарихи және мәдениет ескерткіштерінің беретін тәлім-тәрбиелік мәні зор деп ойлаймын. Өңірімізде туризмді дамытуға мүмкіндік мол. Соның ішінде археологиялық ескерткіштерді барынша қорғауымыз керек, – дейді ол.

P61117-124919

Расында да, еліміз дамудың жаңа кезеңін бастан өткеруде. Мақсатымыз айқын, бағытымыз түзу. Өскелең ұрпақ үшін бұл ұлттық тарихымыз, ұлттық мақтанышты күшейтудің, отаншылдықты артты­рудың қуатты тетігі. Ал отаншылдық сезім – ұлы істердің бастауы емес пе? 

Уринбай Ураимжановтың азаматтығы мұнымен шектелмейді. Ол үнемі балалар үйіне қолдау көрсетіп келеді. Мереке сайын балдырғандарды азық-түлікпен қамтып, сыйлықтармен қуантуды ұмытпайды. Өзі спорт саласының маманы болғандықтан волейболдан турнир өткізіп тұрады. Іскер азамат отбасылы, 2 ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 11 Ноябрь 2016 08:24

Дәстүрді дәріптеген дода

Шымкент қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы әжелер алқасының «Әже – ұлт ұйытқысы» атты байқауында әжелер ән салды, бұралып би де биледі. Ең маңыздысы, ақ жаулықты аналар ұмыт болып бара жатқан салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, жөн-жоралғыларымызды көрініспен сахналады.

DSC 0235

Доданың мақсаты да – өскелең ұрпақтың бойына күнделікті қолданыстан қалып қойған ғұрыптарды сіңіріп, елін, жерін сүйетін жаңа заманның жаңа патриоттарын қалыптастыру болатын. – Байқау «Ата-баба дәстүрі – ұрпаққа аманат» бағдарламасы аясында осымен төртінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Өңіріміздегі барлық қала, аудандарда өткізіліп келеді. Абай, Еңбекші, Әл-Фараби, Қаратау аудандарынан қатысқан әжелердің әрқайсысы әртүрлі салада жемісті еңбек етіп, зейнетке шыққан. Олар қоғамдық жұмысқа да белсене араласуда, – дейді Облыстық әжелер алқасының төрайымы Үрзада Айтөреева. 

Бірінші көріністе «Босаға майлау» дәстүрі көрсетілді. Бұрын жастар шаңырақ құрып, бөлек шығып, үй болғанда немесе біреу жаңа үй салғанда ағайын-туыс, көрші-қолаң келіп, үйдің босағасына май жаққан. Бұл салт «осы үй берекелі, майдай жұғымды, қонағы көп болсын» деген ырымнан туған. Босағасын майлаған адамға үй иесі сый-сияпат жасап, кәдеге қарық қылған. 

DSC 0242

Бүгінгі таңда Облыстық Ардагерлер кеңесінде 707 бастауыш ұйым, 19 қалалық, аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдары жұмыс істейді.

Жаңадан қоныс тепкен көршіге ерулік жасап бару салты да сахналанды. 

Әдет-ғұрыпты әдеп санамайтын қазіргі кейбір жас келіндерге ой салу мақсатында «келінді төрге оздыру» жоралғысы жасалды. Әжелер бір дастарханға жиналып, келінге ата-баба әруағына сәлем салдырып, «төрге оздырды». 

DSC 0269

Осы күні балаға азан шақырып ат қоюдың маңызы жоғалып бара жатқандай. Тағы бір сахналық көріністе қатысушылар ақ сақалды атаға жаңа туған нәрестенің құлағына айғайлап, азан шақырып, ат қойғызды. 

Баяғыда дауласқан екі тарапты бітімге келтіру үшін ортаға ақ орамал тастаған. Ақ орамалды ешкім аттап өтпеген. Әжелер байқауында бұл ғұрып та назардан тыс қалмады. 

Жезтаңдай әжелер халық әндерін нақышына келтіре орындап, жас буынның көңіліне шуақ себеледі. Халық әндерінен өзге өзбек, орыс, корейдің де әнін шырқап, ұлттық биін биледі. Кеш соңында халық әні «Еркем-айдың» әуезіне салып:

– Жасымда айтқан өлеңді,
Қартайғанда қоям ба-ай?!
Қызыр келіп, бақ қонсын,
Қазақстан жеріме-ай!.. – деп әуелетті ақ кимешек киген әжелер.

Байқаудың қорытындысы желтоқсан айында өтетін «Әже әлдиі» деген облыстық форумда жарияланбақ.

Опубликовано в Мәдениет
Понедельник, 07 Ноябрь 2016 05:24

Бекзат жаққан алау сөнбейді

Шымкенттегі Бекзат Саттарханов атындағы дарынды балалардың спорт мектеп-интернатына биыл 20 жыл толып отыр. Осыған орай аталған спорт мектебінің ұжымы таяуда Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орайластырып, мерейтойларын атап өтті.

bekzatЕр Бекзаттың есімін иеленген мектеп 1996 жылы ашылған болатын. Мектептің іргетасының қалануына септігін тигізіп, қаншама таланттың топ жаруына Ақжол Асқар мен Сейітбек Құлбаевтар зор еңбек сіңірді.

Салтанатты жиында Бекзат жайлы естеліктер айтылып, оның өмір жолынан өнегелі әңгімелер айтылды. Бұл білім ордасының республика бойынша көш бастап келе жатқанын айтқан Облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Әлібек Нұртаев Олимпиада чемпионының жеткен жетістігін үлгі етіп, жастарды отаншыл, еңбекқор болуға шақырды.

Салауатты өмірді насихаттаған мерекеде футболдан спорт мектеп-интернаты мен облыстық футбол мектебінің жасөспірімдері шеберлік байқасты. Нәтижесінде спорт мектеп-интернатының командасы қарсыластарын 4:1 есебімен ұтты. Ал бокстан өткен жолдастық кездесуде оңтүстікқазақстандықтар 5:3 есебімен тараздықтарға басымдық байқатты.

Опубликовано в Спорт

Бүгінгі қазақ әдебиеті мен театр өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, ән өнерінің биікте қалықтауына зор үлес қосқан Исраил Сапарбай Оңтүстікке сапарлап келіп, бірқатар игі шараға қатысты. Соның бірі – Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» халықаралық ән фестивалі. Бұдан кейін драматург-ақынды облыс әкімі қызметіне жақында ғана тағайындалған өңір басшысы Жансейіт Түймебаев қабылдаған болатын. Бір айдан бері туып-өскен ортасында жүрген Исраил Сапарбаймен сұхбаттасу бізге де бұйырды.

israil sapaebai– Исраил аға, Оңтүстікке қош келдіңіз! Сұхбатымызды кеше ғана Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрында өткен «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» атты шығармашылық кешіңізден бастайықшы.

– Мұның жаңа жоба екенін көрермендер білген жоқ. Әлемдік классикалық музыканы, әсіресе, италиялық Вивальди мен Чайковскийдің шығармаларын жақсы көремін. Екеуінде де «Времена года» деген табиғаттың төрт мезгіліне арналған туындылар жинағы бар. Сол жинақтарды соңғы он-жиырма жылдан бері зерттеп, зерделеп келемін. Содан, «менің де өмірімнің төрт мезгілі бар, неге осылай топтап, жақсы бір дүние жасамасқа?» деген ой келді. Шығармаларымды саралай бастадым. Балалық, жастық шағым, бүгінге дейінгі өмірімде лирикаға толы шығармаларым өте көп екен. Осының бәрін жылдың төрт мезгілімен үйлестіру керек болды. Ұзақ ойлану мен жемісті жұмыстың арқасында «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» деген атау дүниеге келді. Өлеңдерді таңдап алдық. Оған өзімнің әндерімді дайындадым. Адам бала күнінен-ақ бойжеткеннің кім екенін, сұлулықтың не екенін білмейді ғой. Жаңадан бүр жара бастаған сезімге ұқсас әндерді де дұрыс таңдауға тырыстым. Әр мезгілге ән-жырды таңдап болған соң биге көңіл бөлдім. Көптен бері сценарийі дайын тұрған жобама әртістерді театрлардан таңдап аламын ба деп жүргенімде жас қыз-жігіттер хабарласты. «Аға, бізге бүгінгі заманның көзқарасына сай келетін жаңа образдарыңыз бар ма, біз сахналап көрейік» деген ұсыныстарын айтты. Мен ойымда жүрген сценарийді көрсеткенімде: «Іздегеніміз осы еді. Сіздің бізге берген батаңыз болсын, жолымызды осымен ашайық» деп қуанды. Бұл жастардың бишілері де бар, режиссерлық білімдері де бар екен.

– Осындай керемет дүниені өнердің ордасына айналған Алматыда сахналамай, Шымкентті таңдауыңызға не себеп болды?

– Бір ай дайындық жұмыстарын жасап, нәтижесі жақсы болатынына сендік. Ал «қай жерде сахналау» туралы сөз қозғалғанда Оңтүстікті әдейі таңдадым. Өйткені, қиялға толы балалығым, сезімге толы жастығым осында өтті. Шымкентте білім алдым, ғашықтық сезімді бастан кешірдім, отбасын құрдым. Еңбек жолымды бастадым. Мені өмірге қалыптастырған өңірдің халқы бүгінге дейін де қадірімді арттырып, қаланың да, облыстың да «Құрметті азаматы» атағын берді. Осыншама қошеметшіл Оңтүстік жұртшылығына жасаған сыйым болсын деп ойладым. Сол оймен облыстың экс-әкімі Бейбіт
Бәкірұлына кірдім.
Ол кісі шығармашылық кештерім туралы сұрай келе, жеке авторлық кеш өткізбегеніме таңданды. Ресми емес, таза шығармашылық кешімді Шымкентте өткізуге ұсыныс жасады. «Іздегенге сұраған» деген осы болар, қуана келістім. Облыс әкімі көмекшілеріне арнайы тапсырмасын беріп, қазан айының соңына жоспар құрдық. Белгіленген күн жақын қалғанда Оңтүстікте әкім ауысты. Тура сол кезде біз де Шәмші әндерінің фестиваліне қонақ болып келген едік. Жаңа әкім Жансейіт Түймебаев фестивальдан кейін «жақсы ырым болсын, алғашқылардың бірі ретінде сіздерді қабылдайын» деп М.Шахановты, К.Әмірбекті және мені кабинетіне шақырды. Ж.Қансейітұлымен таныса отырып, қолға алған бастамамыз жайлы да сұрадым. «Сол жоспармен жұмыс істеуді тоқтатпаңыз» деп қолдау танытқан әкім «Төрткүл дүние – төрт мезгілдің» жоғары деңгейде көрермен назарына ұсынылуына мүмкіндік берді.

– Кештің ерекше өткені соншалықты көрермен керемет әсер алып қайтты...

– Менің мақсатым да сол. Қазір адамдарды күлдіретін емес, жүректің пернесін дәл шертетін заман. Бүгінде адамдар тым қатыгез болып барады. Жүректің орнында тас тұрғандай. Оған себеп болған жағдайларды ұмыттырғым келеді, жүректерді жібіткім келеді. Адамдар бүгінде бір-бірін жұбатпайды. Әркім өз қайғысын ішіне жұтып, шері шемен болып қатып кеткендей. Абай «Жүректің көзі ашылса, Хақтың түсер сәулесі» деген, мен осы сөздің үдесінен шығуға тырысып жүрмін. Жүректерге лирикамен еніп, көзінен жас болып қайта шықсам, жүректегі мұңды, кірді шайып шыққаным. Күні кеше театрға келген 500-дей көрерменнің бір-бірімен қолтықтасып, жадырай қайтқаны соның жемісі.

– Сіздің авторлық кешіңізді, керемет үйлесімді қойылымдарды Шымкент жұртшылығы сағынатыны рас. Шығармашылық кеште өнер көрсеткен жастар қай театрдан келді?

14591620 1198863480160340 2267124897646329133 n

– Шынымды айтсам, бұрын еш жерде қойылмаған дүниені жоғары деңгейде алып шыққан жастарға таңғалдым. Шын өнерлі екен! Олар Алматыда эстрадалық училищені бітіріп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясында білім алып жүргенде Ресейдің Ярослав
деген ескі қаласына оқуға шақырған екен. Сонда төрт жыл оқып елге оралғаны осы еді. Елден ұзақ уақыт алыстап кетсе де ана тілін тамаша меңгеріпті. Әсел, Дархан, Ұлар, Нұрсұлтан есімді жастармен бірге жұмыс бастадық. Бишілері де бар. Дәл қазір құрамы толық, бір театрға сұранып тұрған команда деуге болады. Бір ғана өкініштісі, ертең жан-жаққа жұмысқа орналасып кетсе, дәл мынадай дайын театрды жоғалтып аламыз.

– Оларды таратып жібермей, алып қалуға не кедергі болып тұр?

– Әрине, ойланбай-ақ алып қалар едім. Біздің Оңтүстікке «Жастар» теарты қажет-ақ. Алматыда мұндай театр бар. Ал Шымкентте жастарға орналасатын үй-жай керек. Тұрақты айлық-табысы керек. Оны қаржыландыруға дүние жимаған екенмін. Оңтүстіктен «Жастар» таетрын ашуға демеушілік жасайтын мәдениет жанашырлары табылып жатса, бізге ұсыныс жасаса, осы құраммен жемісті жұмыс істеуге қуана келісер едік.

– Өнерлі жастарға қолдау көрсетуден біз не ұтамыз?

– Ұтарымыз көп. Біріншіден, Оңтүстік тарихында мұндай театр әзірге жоқ. Екіншіден, миллионға жуық тұрғыны бар еліміздің үшінші қаласында Мәдениет саласының жаңа толқыны жүрер еді. Үшіншіден, облыс орталығы, қала тұрғындары театр саласындағы жаңалыққа бетбұрыс жасайды. Ал қолдау болмаса, біз мынадай үйлесімді жұмыс жасайтын шетелдерде шыңдалған білімді жастарды жинай аламыз ба? Олар ертең әр театрдан жұмыс іздеп шашырап кететінін ойласам мазам кетеді...

14595791 1198863970160291 7474977812861523583 n

– Қазір театрдің әртістері тойларда өнер көрсетіп жүр ғой.

– Мейрамханада өлең оқу өмірімде бір рет осыдан 10 жыл бұрын Қызылорда жақта болған. Театрға сыймай қалған көрермен шығармашылық кешті мейрамханаға барып кешкі ас үстінде жалғастыруға ұсыныс жасады. Ол жақтың мейрамханасы Шымкенттегідей үлкен емес, шағын ғана 200-300 орынға арналған. Бірақ соның өзі толып, ән мен әуені жарасқан әдемі кеш болды. Әндерімді келген жұрт әншілермен бірге орындады. Мен өлең оқыдым. Кеш өте көңілді өтті. Содан кейін бұл әдісті ой елегінен өткізіп көрдім. Болмайды екен. Өйткені, біз өнердің адамымыз. Тойға неше түрлі адам келеді. Әркімнің ой деңгейі әртүрлі. Ақшаға шақырған соң ондағы естіген әр сөзге шыдауың керек. Дәл осылай талантты табыс көзіне айналдырып, өнерді арзандатқым келмеді. Бұған дейін де мал-мүлікке құнығып әрекет жасамадым. Шашым ағарған шақта да қадірімді түсіргім келмейді. Тойға ақша іздеп барғанымнан, елдің таетрға лириканы іздеп келгені әлдеқайда жақсы.

– Аға, әңгімені поэзияға бұрайықшы. Бүгінгі жас ақындардан кімдердің атын атап мақтана аласыз?

– Абай «өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» дейді ғой. Аллаға шүкір, маған берген талантты өлеңмен көрсеткім келеді. Сол талантты елге беру үшін барымды салдым. Ал бүгінгі ақындық атты бақты көтеріп жүрген жастардың қатарында Ақберен Елгезекті, Алмас Темірбайды, Тоқтарәлі Таңжарықты, Ерлан Жүністі, Қалқаман Саринді ерекше атап өтемін. Олармен үнемі шығармашылық байланыс жасаймын, «әке» деп сыйлап жатады.

– Тәуелсіз еліміздің бүгіні мен осыдан 25 жыл алдыңғы өмірін салыстыра отырып, не айтар едіңіз?

– Біз 300 жыл бодандықта болған елміз. Еңсемізді тіктеу үшін 25 жыл тым аз уақыт. Елдің әл-ауқаты артқанымен рухани құлдыраудың аз-ақ алдында тұр. Жеңіл-желпі ән мен дарақы ойын күлкі рухани азықтың орнын толтырып жүр. Халықтың көбі кітап оқымайтын болды. Ұлттық құндылықтың не екенін ажырата білмейтін күйде. Арзан күлкі, сүйексіз әңгімеге құмар жандар ұлтымыздың солқылдақ тұсы.
Қазақ «бірін-бірі дос» тартудың орнына жік-жікке бөлініп отырады. Міне, осы жаман әдеттен арылу үшін елді бірлікке, ынтымаққа жұмылдыруға әлі талай жұмыстар атқарылуы тиіс.

– Отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз.

– Осында өткен шығармашылық кешіме тұңғышым Жанар мен анасы да қонақ болып келді.
Жанарым соңғы кездері менің шығармаларымды жинақтап, сайт ашып, электронды нұсқасын жасап жатыр. Ұлым Еркебұлан
скрипкада ойнауда еліміздегі үшінші орында аталып жүрген мақтанышым. Ортаншы ұлым да өнерден кенде емес еді, сонысына қарамай талантын құрбан етіп, кәсіпкерлікті қолға алған.

– «Шымкент келбеті» газетіне айтарыңыз бар ма?

– Мен оқу бітіріп, облыстық мәдениет басқармасында автоклуб меңгерушісі болып жүргенімде «Оңтүстік Қазақстан» газеті жұмысқа шақырды. 6-7 жылдай журналист болдым. Сол жылдары қалалық «Шымкент келбеті» газеті ашылғаны есімде.
Жұмамұрат Тұяқбаев ол газетті өте жоғары деңгейге көтерді. Елдің бәрі тез таныды, маған да ұнайтын. 1983 жылдары отбасыммен Алматыға көштім. Қазір Шымкентте 200-ден аса газет-журнал бар дейді ғой. Бірақ, «Шымкент келбеті» газетінің бүгінге дейін жарық көріп келе жатқанын естіп қуандым. Аты да өзгермепті. Бүгінгі ұжымға шығармашылық табыс тілеймін. Қаланың атын арқалаған газет елге абыроймен қызмет ете берсін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Опубликовано в Сұхбат
Среда, 02 Ноябрь 2016 06:22

«Төрткүл дүние – төрт мезгіл»

«Махаббат шайыры» Исраил Сапарбаев Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында шығармашылық кешін өткізді.

14725497 1198863583493663 5347243416704904198 n

Аптаның соңғы күні жұмыстан қайтқан жұртшылық театрдың дәлізіне кіргеннен-ақ ойы бір серпілгендей болды. 

Өйткені, қойылым театрдың табалдырығын аттағаннан басталып кеткендей, бір бұрышта суретші суретін салып отыр. Одан беріде скрипкада ойнаған тағы бір әртіс көзге түседі. Жігітін күткен қыз да театр әртісі. Ал дәліздегі алмалар мен күзгі жапырақтардың әсері тым ерекше. Мұның бәріне гардеробқа киімін өткізіп болғанға дейін куә болған келушілер белгілі драматургтың кешін бір деммен тамашалауға дайын еді.

Сазгер-ақынның «Төрткүл дүние – төрт мезгіл» атты авторлық кеші жылдың емес, өмірдің төрт мезгілін суреттеген өлең-жырларымен өрілді. 

Қашанда жаңа дүние күтетін көрермен ақын кешінен сол өзгешелікті тапты. Ән, би, өлең, сахналық көрініс пен қойылым да бір-бірімен керемет үйлесім тауып, ақынның даралығын тағы бір айқындай түсті. Бұл – көпшіліктің ықыласына бөленген Исраил Сапарбаевтың әдебиет әлеміндегі іні толқынға көрсеткен үлгілі ісі еді.

– Зал толы көрерменнің қимылсыз, тіпті көзіне жас ала отырып көргені қуантты. Менің мақсатым да сол, күнделікті күйбең тірлігімен қатайып кеткен жүректерді жібіту, көрерменнің көңіліне лириканы қайта ұялату, махаббатты, сезімді ояту болатын, – дейді ақын.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 05 Октябрь 2016 04:27

Бәсеке басы – білім

Ұрпақ тағдырына атүсті қарамайтын ұлағатты ұстаздардың ерен еңбегі елімізде лайықты бағаланады. Соның бір дәлелі ретінде «Мұғалімдер күні» мерекесіне орай, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесі қарсаңында өз саласында елеулі еңбек етіп келе жатқан ұлағатты ұстаздарды марапаттады. «Rіхоs Kһadisһа» қонақүйіндегі салтанатты жиынға облыстық білім басқармасының, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар, қаладағы 129 жалпы орта білім беру, 88 мектепке дейінгі және 8 қосымша білім беру мекемелерінің басшылары қатысты.

Жиынға қатысушыларға алдымен, LED-экран арқылы арнайы дайындалған фильм және облыстық драма театры ұжымының орындауында көрініс ұсынылды. Мерекелік шарада саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған 6 мұғалім Шымкент қаласы әкімінің «Алғыс хатымен» және арнайы сыйлығымен марапатталды.

– Шәкірттерге білім беріп, жақсы қасиеттерді бойына дарытатын және алдағы жарқын өміріне бағыт-бағдар көрсететін ол, ең алдымен – мұғалім. Сол себептен де, ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп келе жатқан ұстаздардың атқарар рөлі ерекше. Бүгінгі қоғамда, ұстаздар күні – орны бөлек, дәрежесі биік, ең ұлық та ұлағатты мереке. Ұлт болашағын қалыптастыруда уақытпен санаспай атқарған қажырлы еңбектеріңіз үшін ұстаздар, сіздерге алғыс білдіремін, – деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сондай-ақ, салтанатты жиында шәкірттеріне тәрбие тағылымын дарыта білген ұстаздар қауымына облыстық білім басқармасының, Шымкент қалалық мәслихатының және «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалының «Алғыс хаттары» табыс етілді. Айта кетейік, қазіргі таңда, Шымкент қаласындағы барлық педагогтар саны – 16 мыңнан асады.

Арнайы тағайындалған марапат пен сый-сияпатты қабыл алған ұстаздар өз өнерін ұсынған шәкірттерімен қосыла ән шырқады.

Опубликовано в Білім

Шымкентте еліміздің түкпір-түкпірінен келген көркемсөз оқу шеберлері бас қосты. 18 жылдан бері дәстүрге айналған Оралхан Бөкей атындағы сайысқа облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 16 жеңімпазы қатысты.

 MG 7805

 MG 7716Прозалық шығармалардан үзінді оқу және поэтикалық туындыны мәнерлеп оқу бойынша сайысқа түскен оларға жазушы Мархабат Байғұт, қоғам қайраткері Оразгүл Асанғазықызы,
ақын, «Жұлдыз» әдеби журналының бас редакторы Ұлықбек Есдәулет, филология ғылымдарының докторы, фольклортанушы Кенжехан Матыжанов және «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп баға берді.

– 1998 жылы бірінші рет тіл мерекесін атап өту жөнінде мәдениет министрлігінде шешім қабылданды. Сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбайұлы қалай өтетіні жайлы ақылдасып, сұрау салғанда Оралхан Бөкей атындағы көркемсөз оқу шеберлерінің байқауын өткізуді ұсындық. Өйткені Оралхан жиындарда бас қосқанда «Өзі де Шұға десе, Шұға-ау» деп Бейімбет Майлиннің шығармасынан шашын қайырып қойып, нақышына келтіріп, үзінді оқитын. Ережесін бекіттік. «Атамұра» баспа корпорациясын басқарып жүрген Мұхтар Құл Мұхамедке қоңырау шалдық. Ол қаржылай қолдау көрсетіп, осылайша 1998 жылы бірінші рет байқау өткіздік. Алғашқы жеңімпаз атанғандардың ішінде бүгінде театр сахнасында ойнап жүрген танымал әртістер бар, – дейді Ұлықбек Есдәулет.

Сонымен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені (180 000 теңге) Алматы облысынан келген Қадыржан Сабырақын қанжығасына байлады.

 MG 7787

– Мен Алматы облысы, Райымбек ауданы, Қарасаз ауылынан келдім. Бұл жерге келгеннің өзі де жеңіс деп білемін. Қатысушылардың барлығы өз облыстарында дара шығып, үмітін үкілеп келген кіл мықтылар. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Оралхан Бөкейдің «Атау керек», сондай-ақ, Мұқағали Мақатаевтың «Шәмілге жазған хаттардан» шығармасынан үзінді оқыдым. Сөз өнерін, киесін түсінетін жастардың көп екеніне тағы бір көзім жетті, – дейді жас ұстаз Қадыржан Серікбекұлы.

Ал қостанайлық Айдана Камелге жүлделі І орын бұйырса (150 мың теңге), қарағандылық Айсұлу Нұртай ІІ орын (120 мың теңге), Солтүстік Қазақстан облысынан келген Ақмарал Хехнай ІІІ орынды (100 мың теңге) иеленді.

Белсенді қатысқаны үшін Елдос Құлшаровқа (Атырау облысы), Мақсұтбек Абылайға (Шығыс Қазақстан облысы), Бақыт Мыңбайға (Оңтүстік Қазақстан облысы), Айнұр Қапановаға (Павлодар облысы) ынталандыру сыйлығы (50 мың теңге) табысталды.

 MG 7845

Ал қалған 7 үміткерге байқауға қатысқаны үшін 20 мың теңге көлемінде сыйақы берілді.

Айта кетейік, бұл байқауды ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің тапсырысымен «Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы» ұйымдастырды.

Опубликовано в Қоғам
Страница 4 из 7