Гүлнар Құрманбекова – қалалық мәслихаттың белсенді депутаты. Шымшаһардың дамуына сүбелі үлес қосып, игі бастамаларды жүзеге асырып жүр. Халық қалаулысының басты ұстанымы – ұлттық идеология мен жас ұрпақ тәрбиесі. Іскер жан өзі сайланған округтың мәселесін де ұмытпайды. Сондай-ақ ол Шымкент қалалық медициналық жедел жәрдем көрсету стансасының бас дәрігері.

gulzhan– Гүлнар Мамытқызы, қаламыздың дамуына бір кісідей атсалысып жүрсіз. Өзіңіз басшылық ететін медициналық жедел жәрдем көрсету стансасының жұмысы қалай жүріп жатыр?

– Тіршілігі қым-қуыт қала өмірінде тұрғындар жедел жәрдемнің көмегіне жиі жүгінеді. Тәулік бойы тыным таппайтын «103» қызметкерлерінің әр күні сын сағатқа толы. Қызу жұмыс бір сәтке толастаған емес. Жедел жәрдем қызметінің аты айтып тұрғандай, бұл қызмет жедел және шұғыл түрде қызмет көрсетеді. Бүгінде стансада 79 бригада жұмыс атқарып,тәулігіне 1300-ден 1500-ге дейін шақырту орындалады.Нағыз жұмыс қайнайтын жер – диспетчерлік қызмет бөлімі. Басы ауырып, балтыры сыздағандардың барлық қоңырауына 10 автоматтандырылған шақырту қабылдау пульттерінде жұмыс атқаратын 10 диспетчер жауап береді. 60 секунд ішінде науқас туралы мәліметтерді жинап, автоматты түрде тіркейді. Әсіресе, кешкі сағат 19.00-ден түнгі сағат 24.00-ге дейінгі мерзім нағыз қарбалас шақ десем болады.Станса бригадалары табандарынан тік тұрып қызмет көрсетеді.Қала тұрғындарының саны көбейген сайын жедел жәрдемге жүгінетіндердің қатары күннен күнге артуда. Сондықтан бұл сала кәсіби шеберлікті ғана емес, жылдамдық пен төзімділікті талап етеді. Осындай талапқа мойымағандар ғана бізге жұмысқа келеді. Қазір стансамызда 21 мамандандырылған, 16 фельдшер, 42 желілік бригада қызмет атқарады. Жедел жәрдем көліктерінде GPS қондырғысы орнатылған.Қажетті құрал жабдықтармен, дәрі-дәрмекпен толық қамтылған.

– Тұрғындар тарапынан жедел жәрдем қызметіне жиі шағым айтылады. Бұған не дейсіз?

– Сын айтылмаған жерде жұмыс жүрмейді. Ал жұмыс істемеген адам ғана сынға ілікпейді. Біз үшін барлық тұрғындардың денсаулығы өте маңызды, бірінші кезекте жүкті әйелдермен, кішкентай балаларға түскен шақыртуларға аса мән беріледі. Талап бойынша жедел жәрдем бригадасы шақыртуға 15 минут ішінде жетуі тиіс. Әрине, жол кедергілері болмағанда. Барлық шақыртулар 6 санатқа бөлінеді. 1, 2, 3 санатқа кіретін шақыртулар жол көлік апаты,суға бату, күйік шалу, газбен улану жағдайлары. 4,5,6 санатқа созылмалы аурулар бойынша түскен шақыртулар. Осы 4,5 6 санаттағы шақыртуларға 40-45 минут ішінде жедел жәрдем жіберіледі. Өкінішке қарай, тұрғындар мұны түсінбейді. Шағымдануға дайын тұрады. Әрине, науқастарды да түсінуге болады, ауырып тұрған адамның көңіл күйі де болмайды, тәні ғана емес, жаны да ауырады. Қазір ауруханаға жедел жәрдем арқылы жатқысы келетіндер көп. Адамдар өзінің учаскелік дәрігеріне, яғни емханаға қаралуға міндетті, ал жедел жәрдем шұғыл жағдайдағы науқастармен айналысуы қажет.

– Қалада атауы жоқ, қайталанатын көшелер жиі кездеседі. Бұл қызметкерлеріңізге кедергі келтірмей ме?

– Әрине кедергісі бар. Әсіресе, мекенжай бойынша мәселе көп. Қоңырау шалушылар эмоциямен өзінің қайда хабарласқанын ескермейді. Өкініштісі, мекенжайлар шақырту бойынша дұрыс берілмейді. Қала аумағы ұлғайғандықтан атаусыз, нөмірсіз үйлер жиі кездеседі. Енгізілмеген елдімекендер қаншама?! Бірақ жүргізушілеріміз баратын бағыттарды жақсы біледі. GPS бағдарламасы бойынша көліктің қай елдімекенге, шағынауданға барғаны, келе жатқаны, бәрі бақыланады. Атауы жоқ, қайталанатын көшелер бойынша мәселелер қала әкімдігінде қаралып жатыр. Алдағы уақытта бәрі қалыпқа келтіріледі деп ойлаймын.

– Жедел жәрдем стансасының әлеуеті қандай? Көліктен тапшылық жоқ па?

– Кейде 79 бригадамен халыққа қызмет көрсетуге үлгере алмай жатамыз. Тағы 10 жедел жәрдем бригадасын ашуға ұсыныс бердік. Күн сайын тыным таппайтындықтан, көліктер ескірген. Оны күнделікті жүретін машиналармен салыстыруға болмайды. Биыл Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан медициналық жедел жәрдем көрсету стансасын дамытуға айрықша көңіл бөлініп отыр. 30 жаңа автомашина беріліп, көліктердің жетіспеушілігі шешілмек.

– Әйел үшiн басшылық қызметпен қатар, халық қалаулысы ретiнде тұрғындардың талап-тілегін орындау, олардың мұң-мұқтажымен тереңiрек танысу үшiн кездесулер ұйымдастыру оңай шаруа емес. Дегенмен, сайлаушыларыңызбен кездесіп тұрасыз ба?

– Ел үшін еңбек ету – кім-кім үшін де азаматтық парыз. Ал сұрағыңызға келсек, сайлаушылар тағы да көптеген мәселенің шешілуіне мұрындық болуымды өтінді. Олардың ұсыныс-тілектерін ескерусіз қалдырған емеспін. Қолымнан келгенше әлеуметтік салаға өз үлесімді қосып жүрмін. Жергілікті атқарушы органдармен тығыз байланыс орнатып, тұрғындарды толғандырған мәселелердің шешілуіне шама-шарқымша ықпал етіп келемін. Күнделікті жұмыс барысында жолыққан адамдардың және сайлаушыларымның өтініштеріне сергек қараймын.

– Депутат ретінде бүгінге дейін жоспарлаған міндеттеріңіз орындалды ма?

– Ойға алған шаруаларымның біразы жүзеге асты. Қазіргі таңда әлеуметтік мәселе бірінші кезекте тұр. Ана, бала, мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Ал халыққа қажеттісі баспана, әлеуметтік көмек. Алайда, сайланған округім бойынша өзекті проблемалар ретімен жүзеге асып жатыр. Мәселен, жалғызбасты аналардың, мүгедектердің жайын ескеріп, тұрғын үймен қамтамасыз еттік. Балалар алаңшалары орнатылды. Әлі де қолға алынатын, орындалатын жұмыстар бар.

– Қаламыздағы қандай мәселені алдыңғы кезекке қояр едіңіз?

– Түйткілді мәселелер жоқ емес. Шымкенттіктердің ұқыптылыққа бейқамдылығы басым. Үйін таза ұстағанымен, ауланы күтуді, абаттандыру қажет екенін ескере бермейді. Елбасы тапсырмасымен қаламыздың бас жоспары бекітілгені белгілі. 2020 жылға дейін даму тұжырымдамасы жасалды. Осыған орай, Шымкент сауда-логистикалық, мәдени-тарихи орталыққа айналуы қажет. Мұның бәрін қала басшылығы жеке инвесторлардың көмегімен жүзеге асыратыны сөзсіз. Қаланың көркеюіне тұрғындар да үлес қосуы керек. Алдымен қала келбеті тазалықпен, ұқыптылықпен өлшенетіні сөзсіз.Олай болса, салынып жатқан балалар алаңшаларын, жаңғыртылған аулаларды тұрғындар күтіп ұстаса, жанашырлық танытса деймін.

– Халық қалаулысы, ардақты анасыз. Ұрпақ тәрбиесінде сізді қандай мәселелер толғандырады?

– Ұрпақ тәрбиесінде босаңсуға болмайды. Біз көбіне балаларымызды материалдық жағынан толық қамтамасыз етуге басымдық береміз. Бірақ олардың рухани әлеуетін назарда ұстамаймыз. Оның үстіне, балалар да, жасөспірімдер де, тіпті үлкендер де телефоннан бас алмайды, әлеуметтік желі мен интернет санасын жаулап алған. Қайда жүрсем де, телефонның шырмауынан шыға алмай жүргендерді көремін.Соның салдарынан қауіпті, қайғылы жағдайларға куә болып жүрміз.
Мен қыз балалардың болашағына алаңдаймын. Қызға қырық үйден тыйымды, ұлттық құндылықтарымызды ұмытып барамыз. Бауырмалдық, туыстық қарым-қатынастан ажырап бара жатқанымыз жаныма батады.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз...

– «Денсаулық – зор байлық» десек, сол байлықты басымыз ауырып, балтырымыз сыздамайынша білмейміз, бағаламаймыз. Әлі күнге дейін тұрғындар емханаға кезекке тұруға ерінеді, төсекке таңылуға қалғанда ғана келеді. Сондықтан адамдар ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздесе деймін. Мен үшін ел сенімінен асқан құрмет жоқ. Алға қойған жоспарларым жетерлік. Алдағы уақытта да сайлаушыларымның көкейіндегі мәселелерді көтеріп, қаламыздың дамуына үлесімді қосқым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Опубликовано в Сұхбат

Айдарымыздың бүгінгі кейіпкері – Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов. Ол іскерлігімен, білім-біліктілігімен көпшілікті мойындата білген. Жаңалыққа жаны құштар. Шығармашыл жандарды құрметтейді.


14705753 1801499913429701 495405788676945914 nРашид Абатоллаұлы 1981 жылы 4-наурызда Оңтүстік Қазақстан облысы Кентау қаласында дүниеге келген. «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Queen Mary University of London (Ұлыбритания) университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. 

Алғашқы еңбек жолын жекеменшік компанияда бағдарламашы болып бастаған. Одан әрі ҚР Премьер-Министрінің кеңсесінде сектор меңгерушісі, Мемлекеттік қызмет істер агенттігінің «Ақпарат және тестілеу орталығының» директоры, Премьер-Министр кеңсесінің мемлекеттік қызмет және кадрларды басқару бөлімінің сектор меңгерушісі болып қызмет етті. 

Ол Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы лауазымына дейін «ҚазАльянс» шетелдегі қазақстандықтар бірлестігінің басшысы болып жемісті жұмыс істеді. 

– Жұмыстағы басты қағидам – қызметкерлерімнен үнемі шығармашылық ізденісті талап етемін, – дейді ол. Ізденімпаз, жаңаша ойлайтындарды құрметтейтіні де сол себептен. 

Елбасы «Шымкент – еліміздің үшінші мегаполисі» деген болатын. Енді жұмыс та осыған сай атқарылуы тиіс. Қала әкімі аппаратының басшысы қаламызда «100 нақты қадам – Ұлт жоспары» өз деңгейінде атқарылып жатқанын айтады. Қала әкімдігіндегі өзінің функционалдық міндеттері Елбасының бес институтционалды реформасының бірінші бағыты – заманауи мемлекеттік аппаратты қалыптастыру. 

IMG 1009

– Шымкенттің 2020 жылдарға дейінгі даму тұжырымдамасы дайындалып, бірегей «Shymkent city» қалашығын құру жөнінде шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Сонымен қатар, қалада кәсіби мемлекеттік аппарат құру мақсатындағы «Ашық әкімдік» жобасы негізінде «Ресепшн қызметі», «Фронт офис» жобасы қолға алынды. Бұл жоба бойынша тұрғындар өзіне қажетті құжаттарды бір орталықтан-ақ рәсімдеуіне мүмкіндік туып отыр, – дейді халық қызметшісі. 

Кейіпкеріміз өз ана тілімен қатар, орыс, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Бүгінде түрік тілін базалық деңгейде білсе, француз тіліне деген қызығушылығы да артып келеді. 

Жұмыстан тыс уақытта табиғат аясында серуендейді, шахмат ойнап, шығыс жекпе-жек спорт түрі каратэ-до-шотоканмен шұғылданады. Шығыс жекпе-жегінен Кентау қаласы біріншілігінің чемпионы, шахматтан облыстық чемпионаттың жүлдегері екенін айта кеткен жөн. 

Кітап оқу – зейінді ашады, тұлғалық қабілетіңді дамытады. Р.Аюпов жұмыс уақытынан тыс кезде үнемі кітап оқуға уақыт табады. Соңғы кездері әлемдік саясаттағы реформашыл тұлға Ли Куан Юдың «Үшінші әлемнен бірінші әлемге» атты кітабын оқуды бастады. Сондай-ақ, Қазақ даналығы жинақталған «Ұлы дала өсиеті» атты кітаппен танысуды қолға алған.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 07 Октябрь 2016 06:53

Күрестен облыс чемпионы болған

"Халық қызметшісі" айдарының бүгінгі қонағы – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов.

akim orynbasaryТимур Сұлтанбекұлы 1956 жылы 25 шілдеде Алматы облысында дүниеге келген. Алғаш еңбек жолын 1978 жылы бастаған. Осы жылдар ішінде ол Қазақстанның көптеген жетекші жоғары оқу орындарында басшылық қызметтерде болды. Ол ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің Қауіпсіздік кеңесінде жұмыс істеді. 2016 жылдан мамыр айынан бастап Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол қызмет бабында қаладағы агро-өнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелерін қадағалайды.

Біздің кейіпкеріміз мемлекеттік қызметкерлердің көпшілігіне адалдық, ұқыптылық ұстанымын ұсынып, жақсы қасиеттерді жоғары бағалайды. Қазіргі таңда Тимур Сұлтанбекұлы төрт бала өсіріп, олардан 8 немере сүйіп отыр. Бос уақытында кітап оқуды ұнатады.

Тимур Сұлтанбекұлының спортта жеткен жетістіктері де аз емес. Жас кезінде ол еркін күрестен облыс чемпионы және спорт шебері атағын жеңіп алған. «Бұл өмірде жетістіктер оңайлықпен келмейді. Өзіңнің діттеген мақсатыңа жету үшін бар күшіңді сарп етіп, аянбай еңбектенсең ғана биікке шығасың. Қай салада болмасын солай деп ойлаймын. Меніңше, дұрыс өмір сүрудің бір кілті – спорт. Спортпен айналысқан адамның денсаулығы мықты, санасы сергек, өзі шыдамды болады», – дейді  Т. Баймұханов.

Опубликовано в Қоғам

kusherovАйдарымыздың бүгінгі қонағы – Шымкент қаласы әкімінің ең жас орынбасары – Нұралхан Көшеров. Н. Оралбайұлы қала өмірінде маңызды рөл атқаратын – құрылыс, жер қатынастары бөлімі, және тұрғын үй қатынастары бөлімдеріне жетекшілік етеді. Ел Үкіметі тарапынан аса маңыз беріліп, қала әкімінің ұдайы назарында тұратын жеке кәсіпкерлік субьектілерін қолдау, тұрғын үй кешенін дамыту, қала сәулетінің рөлін орнықты ету, бір сөзбен айтқанда, сала мүмкіндіктерін еселей түсу жауапкершілігі – осы азаматқа жүктелген.

Ол 1984 жылы Шымкент қаласында дүниеге келген. М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік Университетін «Экономика» мамандығы бойынша тәмамдаған.

Еңбек жолын 2008 жылы Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі депутатының көмекшісі болып бастаған. Сондай-ақ, Қаржы министрлігінің салық комитеті салықтық заңнамаларды түсіндіру және жетілдіру басқармасының сарапшысы, Астана қаласы бойынша салық департаментінің бас маманы, Астана қаласы бойынша салық департаменті Есіл ауданы бойынша салық басқармасы бастығының орынбасары, қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитетінің Астана қаласы Есіл ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы қызметін атқарған.

Жас та болса, білікті басшы ретінде қалыптасқан Нұралхан Көшеров – өз ісінің кәсіби маманы. Қай ортада болсын, үнемі ізденісте жүріп, бастамашыл істерге ұйытқы бола біледі. Бастысы, кішіпейілділік пен адамгершілік салтынан айнымауды өмірлік ұстаным ретінде қарайды.

– Бала кезімнен спорттың бірнеше түрін жаныма серік етіп келемін. Жүйелі түрде ұзақ қашықтықта жүгіріп, дұрыс тамақтану дағдысын қолданамын. Өміріміздің әр атқан таңын сынақ деп алар болсақ, күнделікті өз-өзіммен күресіп, «емтиханды» барынша жақсы тапсыруға тырысамын, – дейді Нұралхан Оралбайұлы.

Адамға өз мамандығы бойынша, өз жүрек қалауы бойынша жұмыс жасау өте маңызды болмақ. Осы орайда, қала әкімінің орынбасары күнделікті қызмет орнына асыға келіп, кетуге асықпайтынын жасырмады.

Жоғарыда көрсетілген салалар бойынша түйткілді мәселелері бар азаматтар үшін әр сейсенбі күні сағат 16.00 – 18.00 аралығы қабылдау уақыты ретінде белгіленген.

Опубликовано в Қала

«Халық қызметшісі» айдарының бүгінгі қонағы – Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай.

knurtaiҚайрат Ырзақұлұлы 1982 жылы 28 тамызда дүниеге келген. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ мен Д.Қонаев атындағы гуманитарлық институтында жоғары білім алған.

Еңбек жолын 2004 жылы ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің кадрлық қамтамасыз ету департаментінің маманы болып бастаған. Мемлекет басшысының саясатын жүргізуде зор жетістіктерімен көзге түсіп, 2011 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері атанды.

Қайрат Ырзақұлұлы 2015 жылдың 26 қаңтарынан бастап, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Жауапты қызметті қолға алған іскер азамат бүгінде қаламыздың білім беру, ішкі саясат, мәдениет және спорт салаларына жетекшілік етеді.

Қайрат Ырзақұлұлы қай істе болмасын шыншылдық пен лайықты басшылық жасауға тырысады және тынымсыз еңбек етуге бейім. Мемлекеттік қызметтегі тағы бір ерекшелігі – әкімдік пен халықтың ашық әрі еркін түрде байланыс жасауына үлкен үлес қосып келеді.

– Қазіргі қарыштап дамыған заманда ең алдымен, ұрпақ тәрбиесі аса маңызды. Себебі ұлттың бүгіні де, болашағы да өскелең ұрпаққа байланысты, – дейді Қайрат Ырзақұлұлы. – Осы тұста мектептің, ұстаздардың алдына қоятын біздің басты мәселеміздің бірі – өркениетті, азаматтық – адамгершілік қасиеті мол, патриоттық сезімі жоғары, бәсекеге түсе алатын биік, өрелі, терең білімді ұрпақ тәрбиелеу. Менің қызметтегі басты міндетім осы бағыттағы жұмыстарды үйлестірумен тікелей байланысты. Өзіндік шежірелі тарихы бар, құндылығы мол Шымкент қаласында мәдени саланың дамуына ерекше көңіл бөлінеді. Мәселен, қазір «Қала күні» мерекесіне арналған барлық мәдени шаралар мен жобалар шымкенттіктердің рухани өміріне ерекше серпіліс беріп, сондай-ақ стратегиялық мақсаттарға жетуге және ұлттық құндылықтарды ұйыстыруға ықпал етуі тиіс. Біз осыған ерекше мән берудеміз. Биыл еліміз үшін қоғамдық-саяси маңызы зор Тәуелсіздіктің 25 жылдығы тойлануда. Еліміздің 25 жылдағы жетістігін айқындап, халыққа жеткізу бойынша ақпараттық науқан жүруде. Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін насихаттау – бұл да үлкен идеология. Ең бастысы Елбасы жариялаған «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарын орындау бағытында атқарылатын жұмыстарды БАҚ арқылы халыққа жеткізу қажет. Өйткені, мемлекеттік ақпараттық саясат дұрыс насихатталуы үшін БАҚ саласына артылатын міндет жоғары.

Салауатты өмір салтын ұстанған адамның дені сау болады. Бұл – Қайрат Ырзақұлұлының ұстанымы. Қолы қалт еткенде спортпен шұғылданып, әлемдік классиктердің кітабын оқиды. Жаңа заңдарды, техникалық жаңалықтарды назардан тыс қалдырмайды. Әлеуметтік желіні белсенді қолданады. Отбасында екі ұл, екі қыздың әкесі.

– Біздің ойымызда жеке мүдде емес, ең әуелі мемлекеттің мүддесі тұруы керек. Адал қызмет, әділ шешім, қарапайымдылық және адамгершілік қасиет барлық мемлекеттік қызметшінің бойынан табылуы тиіс деп ойлаймын, – дейді Қ.Нұртай.

Опубликовано в Саясат
Среда, 14 Сентябрь 2016 05:40

Қыз-келіншектерге өнеге болған

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары – Гүлжан Мамытқызы Құрманбекова.
Мемлекеттік қызметте 24 жылдан астам уақыт тәжірибе жинаған іскер ханым бүгінде экономика, қаржы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жетекшілік етеді.

kurmanbekovaГүлжан Мамытқызы аналық үмітін ақтай білген балаларына зор алғыс білдіреді. Екі ұл, бір қызды тәрбиелеуде өзін үлгілі әке ретінде таныта білген жарын құрмет тұтады. Жанына жақын жандары оның отбасылық өмір мен қызметті қатар алып жүруіне үнемі қолдау таныта білген.

Г. Құрманбекова отбасының ұйытқысы, асыл жар, аяулы ана болумен шектеліп қалмай, қызметте де биік белестерді бағындыра білуімен көптеген жас қыз-келіншектерге өнеге.

– Мен өз елімнің патриотымын! Қазақстанның азаматы, сүйікті қалам Шымкенттің тұрғынымын. Мен үшін туған елге қызмет ету – өте абыройлы іс. Әріптестерімнен кәсібилікті, жауапкешілікті және орындаушылықты талап етемін. Экономика бөлімі – нағыз кәсіби мамандар қызмет ететін қала әкімдігінің ең жауапты қызметтерінің бірі деп есептеймін, – дейді Г.Құрманбекова.

Өз кезегінде Гүлжан Мамытқызы уақытылы демалыс ұйымдастыруды да естен шығармайды. Талапшыл әрі қатал орынбасар қызметтен тыс уақытын балаларымен бірге отырып теледидар қарауға және дәмді тағамдар дайындауға арнағанды ұнатады.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 07 Сентябрь 2016 05:16

Ұқыптылық – басты ұстанымы

zhnboҚұрметті оқырмандар!

Елбасымыздың «Мемлекеттік қызметші болу – зор құрмет, сондықтан да, кәсібилікпен бірге жоғары адамгершілік қасиеттерге ие болған абзал» деген сөзі бар. Қазіргі таңда Шымкент қаласының әкімдігінде 500-ден астам мемлекеттік қызметкер бар. Халыққа қызмет ететін әкімдік қызметкерлерінің кеңседен тыс өмірі, өзіндік болмысы қандай? Бұл туралы газетіміздің «Халық қызметшісі» атты жаңа айдарынан біле аласыздар.

Айдарымыздың алғашқы қонағы – Шымкент қаласы əкімінің орынбасары Бейсенбек Kерімбекұлы Жанбосынов. Ол – 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, бұрынғы Алғабас (қазіргі Бәйдібек) ауданының Шалдар ауылында дүниеге келген. Б.Жанбосынов өмірінің басым бөлігін мемлекеттік саладағы қызметке арнаған.

1992 жылдан мемлекеттік қызметті тізгіндеген Б.Жанбосынов 2013 жылдан бері қала әкімінің орынбасары. Мұнда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, тұрғын үй инспекциясы бөліміне жетекшілік етеді. Қызметте тиянақтылықты талап ете біледі. Б. Жанбосынов әрбір уақытын тиімді пайдаланады. Өз ісін жетік меңгерген халық қызметшісін қала тұрғындары «білікті, ұқыпты маман» деп таниды. Жары Сара Мырзахамидқызымен 1 қыз 3 ұл өсіріп, олардан үш немере сүйіп отыр.

Бейсенбек Kерімбекұлы «дүниедегі ең қымбат қазынам» деп өзін тәрбиелеп өсірген ата-анасымен мақтанады. Бала күнінен спортты серік етіп, футболға әуестенген ол қызметтен тыс уақытын әлі күнге ала допқа арнайды. Бүгінде қала және облыс чемпионы атанып үлгерген жергілікті «Арғымақ» футбол клубын басқарады. Б.Керімбекұлының бұл саладағы басты жетістігі – «Кеңес әскерінің Ауғанстаннан шығарылғанына 25 жыл» толуына орай ұйымдастырылған жарыста ТМД құрама командасында ойнап, гол соққан.

Қызметте әріптестерінен шынайылықты және адал еңбек етуді талап етеді.

Опубликовано в Қоғам
Страница 2 из 2