Пятница, 23 Февраль 2018 07:19

Томиристі танисыз ба?

Жуырда танымал қазақстандық кинорежиссер Ақан Сатаев өзінің Instagram-дағы парақшасында «Томирис» фильмінде Тұмар ханшайымның рөлін сомдайтын актрисаны таныстырды.
– Достар, тарихи фильмнің басты рөлін сомдайтын әртісті зор қуанышпен таныстырғым келіп тұр. Альмира Тұрсын. 1991 жылы туған, дейді режиссер.
ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Sataifilm» компаниясымен бірлесіп, Ақан Сатаевтың «Тұмар» көркем фильміне кастинг жариялаған. Байқау нәтижесі бойынша Альмира Тұрсын үш деңгейден де сәтті өткен.
Алайда, Тұмар ханшайым кейпіндегі актрисаның суретін жариялағаннан кейін, оның бет-әлпеті мен киім үлгісі әлеуметтік желілерде қызу пікірталасқа түсті. Пікір білдірушілердің бір парасы «Әртісті дәл таңдапты. Сұлу, әрі сұсты, әрі батыр» десе, енді бірі «Қазақтардың бет-бейнесіне мүлдем ұқсамайды. Киім үлгісі де басқаша» дейді.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы:

– Қазіргі дайындық кезіндегі Томирис киімі маған түрпідей көрінді. Тек қана археологиялық қазбалардан табылған дүниелерге сүйенген нашар мамандардың жасаған реконструкциясы ұнамайды. ...Егер біз Томиристі көзі қызарған жауынгер, батыр қатын ретінде суреттесек, ондай фильмдер мен әдебиет біздің қоғамда онсыз да өршіп кеткен әйел еркіндігін күшейтіп жіберетінін ескеру керек. Ал бұл деген қоғам үшін де, мемлекет үшін де катострофа. Біз мектеп жасындағы қыз балаларымызды қалай тәрбиелеп жатырмыз? Кім дұрыс зерттеу жүргізді? Кинодан көретіндері еркекбасты қатындар, мектепте көретіні жалғызбасты қатындар! Мен әйел халқына қарсы емеспін, бірақ оларды жаппай батыр, жорықтас, жарты малтаны бірге жейтін жолдас, еркекпен жекпе-жекке шығып жүрген күш иесі ретінде тым дәріптеуге қарсымын.

Жолымбет МӘКІШ,
әлеуметтік желі қолданушы:

– Киногерлер актрисаны тарих ғылымындағы «сақтар парсытілдес халық болған» дейтін евроцентристік көзқарастың жетегінде жүріп таңдаған секілді. Өйткені оның түрі протоқазақтарға, балбал тастағы біз көрген бабалардың түріне мүлдем ұқсамайды. «Баяғы қазақтар көк көзді, cап-сары болған» дейтін күлкілі концепцияны тыңдап өскеннен кейін солай істеген шығар, білмеймін. Ол концепция да моңғолтектестердің бәрін кембағал халықтай көрген евроценристік саясаттың санамызға сеуіп кеткен сандырағы ғой. Осының кесірінен өз түрінен өзі жеріген, европалықтарға ұқсағысы келіп тұратын дүмше, дүбәра қазақтар пайда болды. «Томиристің» аты да тура сондай дүдәмал ат. Өйткені оның шын аты Томирис емес! Томиристің атын бізге ең алғаш естірткен – «тарихтың атасы» атанған грек тарихшысы Геродот болатын. «Ис» деген грек тілінің жалғауы. Егер осы «ис» деген тіркемесін алып тастасаң, «Тамир», «Темир» деген өзімізге таныс сөз шыға келеді.

Сәрсенбай КӘРІБАЕВ,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ-нің Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі:

– Қазір таза ұлт жоқ. Барлығы араласып, құраласып кетті. Қазақтар да баяғыда көздері жасыл, сары реңді болған. Ал 7-8 ғасырлардағы Орхон-Енисей жазбалары, балбалтастардағы бейнелер және тағы басқа айтылып жатқан деректер біздің заманымызға тән. Ал Тұмар ханшайымдыкі біздің заманымызға дейінгі уақыттарда жатыр. Бұл туралы Геродот нақты айтып өткен. Ол ата-бабаларымыз мекендеген аймаққа жасаған саяхаты барысында скифтар мен массагеттерді салыстырады. Сол сапары аясында жазылған деректер бойынша біздің көзіміз жасыл, теріміз сары болған.

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ,
тарихшы:

– Таңдалған актриса Тұмар ханшайымның рөліне дəл келіп тұр. Сұсты сұлулық. Көздерінен өз басын бəйгеге тігіп қана қоймай, кез келген қаһарлы, қатал үкімді орындай алатыны көрініп тұр.

 

Тарихқа үңілсек, Томирис (Тұмар) – сақтардың, массагеттердің патшайымы, скифтердің көсемі Ишпақайдың ұрпағы, патшасы Мадийдің шөбересі, массагеттердің патшасы Сыпырдың қызы кей деректерде немере қызы деп те көрсетілген.
Оның жары тиграхаудтардың билеушісі Рустам болған. Алайда, б.з.д. 530-529 жылдары Мидия патшасы Кир Рустамды және ұлы Сыпырды өлтіреді. Кейін Кир елші жіберіп Томиристі өзіне жар болуын сұрайды. Бұл ұсынысты қабылдамаған Тұмар ханшайым парсыларға қарсы соғыс жүргізіп, Кирдің басын алып, қанға бөктіреді.
Томирис қазақ халқында танымал есім. Мағынасы – «темірді майыстыру», «темірді қирату». Кей деректерде Сақ әйелдері жауынгер, соғысқа бейімделген, ат үстінде садақ ата алатын болған деп көрсетілген.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 15 Декабрь 2017 08:26

«Азат күн бiзге оңай келген жоқ»

Шымкенттік Майра Малдыбаева 1986 жылы Желтоқсан көтерілісіне қатысып, «бұзақылығы» үшін сот алдында жауап берген жан. Сот үкімімен айыппұл салынған. Алты ай бойы сарсаңға салған тергеу ісін, техникумдағы қаралған тәртібін, ең сорақысы ақ қар көк мұзға тізерлеп отырғызып, әскерилердің дубинкасымен ұрып-соққан жаралы жылдың ызғарлы сәтін Майра апай есіне алғанды ұнатпайды. Жасы елуді еңсерсе де сол күндерді еске алғанда жүрегі шымырлайды.

maira

Мектепті тәмамдаған соң бір жыл жұмыс істеп, келер жылында Алматы байланыс электртехникумына оқуға түстім – деп бастады әңгімесін Майра Малдыбаева. – Шалғайдан білім іздеп барған ауыл қызының тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғаға куә болып, өмірімнің күрт өзгерерін қайдан білейін? ІІ курс оқып жүрген кезім. 1986 жылдың 16 желтоқсанында Брежнев алаңында жастардың толқуы басталды. Студенттер ұрандатып, патриоттық ән салып жатты. Бір уақытта жиналғандарға ыстық су шашып, машиналарға өрт қойылды. Бақылауда ұстағанына қарамастан 18-і күні алаңға қайта шығып, таңғы 08:30 шамасында бізді ұстап, солдаттар қыздарды көк мұздың үстіне тізерлеп отырғызып, қолындағы дубинкаларымен аяусыз ұрып-соғып, бетіміз бен денемізде сау тамтық жер қалдырмады. Одан кейін барлығымызды автобусқа тиеп, бір тәулікке қамап, ертесіне ешқайда шықпау жөнінде қолхат жаздыртып, босатты. Желтоқсанда басталған тергеу 1987 жылдың мамыр айына дейін жалғасты. Ешбір дәлел болмағанына қарамастан «бұзақылық жасаған» деген статьямен 40 рубль айыппұл салды. Ал қасымдағы таныс қыздардың бірі – 2 жылға сотталды, бірі 15 тәулікке қамалды. Ол күндердің қасіретін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

Желтоқсаншы жан сырын ешкімге ақтарып айтпайды. Оқу бітірген соң туған елге оралады, отбасын құрады, бүгінде 3 қыздың анасы, 6 немеренің әжесі, «Қазақтелеком» АҚ байланыс саласында қызмет етеді. Тек арада 15 жыл өткенде теледидардан облыстық саяси қуғын-сүргін мұражайында Тәуелсіздік күніне арналған шарада Желтоқсанға қатысқан жандарға стенд жасап, арнайы бағдарлама түсіргенін көзі шалады. Көрсетіп жатқан фотосуреттер арасынан Алматыда техникумда бірге оқыған курстасы Манзура Бектаеваны көреді.

Сол құрбысын іздеп-табу мақсатында музейге соғып, қызметкерлерден құрбысының мекенжайын алып, өзінің де Желтоқсан оқиғасына қатысқандығын әңгімелеп айтып береді. Осыдан кейін ғана тәуелсіздік күрескері екендігін ұғынады, өзі мұңдас жандармен бас қосады, жанайқайын, іштегі шерін тарқатуға болатындығын түсінеді. 

– Жыл сайын Тәуелсіздік мерекесі аясында түрлі ісшараларға қатысып, өткен тарихты қозғаймыз. Жүрегің ауырады, өрімдей ұл-қыздардың сол кездегі бейнесін еске түсіресің. Бірақ ұрпаққа Қазақстанға тәуелсіздіктің оңай жолмен келмегендігін айту – біздің парызымыз. 1986 жылы қаншама жастың қаны төгілді, қаншама аға-әпкелер көз жұмды, сотталғандары бар. Жастардың туған елге, жерге деген сүйіспеншілігі, рухы мықты болса, екен. Еліміздің тыныштығынан артық бақыт жоқ, – деп аяқтады әңгімесін тәуелсіздік күрескері.

Опубликовано в Мәдениет
Среда, 13 Декабрь 2017 05:56

Тәуелсіз елдің тарихи белесі

Тілдерді оқыту орталығына – 20 жыл

«Тіл. Тәуелсіздік. Тағылым». Осындай тақырыпта Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығының 20 жылдық мерейтойына орай ғылыми-практикалық конференция өтті.

 DSC9203

Оған облыс әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков, қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ерден Қажыбек, Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов, белгілі ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы және зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырлары қатысты. 

 DSC9257

Конференцияны Ұ. Сәдібекоа ашып, аймақ басшысы Ж. Түймебаевтың арнайы құттықтауын оқып берді. Іс-шара барысында орталықтың 20 жылдығына арналған бейнефильм көрсетіліп, арнайы көрме қойылды. Сонымен қатар, сала мамандары латын қарпіне көшу жайында баяндамалар оқыды.

– Шымкент қалалық тілдерді оқыту орталығы ашылғалы бері 20 мыңнан аса тұрғын тілдерді оқып үйренген. Оның 82%-дан астамы мемлекеттік тілді, 10%-ы ағылшын тілін үйренген.

 DSC9229

Білім алушылардың сапалық құрамы бойынша 30% мемлекеттік қызметшілер болса, 52% бюджеттік сала мамандары. Ал жыл басынан бері орталықта 1 546 азамат тілдерді дамыту курсын аяқтаған, – деді қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай.

Сонымен қатар, орталықта тілдерді қолдану мен дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін, оқу процесін іске асыратын 14 оқытушы, 1 әдіскер еңбек етеді.

 DSC9327

– Біз кирилицада қалатын болсақ, орыс әліпбиінің филиалы секілді болып қаламыз. Қазақ тілі – бай тіл. Сондықтан, өзіміздің жеке әліпбиіміз болуы керек. Тәуелсіз ел ұлттық рәміздерін, тұңғыш астанасын бекітетіні секілді, өзінің әліпбиін де бекітеді. Жаңа қаріпке көшу арқылы ел ішіндегі және өзге мемлекеттерде жүрген қандастарымыздың арасындағы ақпараттық қарым қатынас артады, – деді Ш.Шаяхметов атындағы тілдерді дамыту республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Ербол Тілешов.

Шара соңы пікір алмасуға ұласып, тіл жанашырларына алғыс хаттар табысталды.

Опубликовано в Мәдениет

Бұл туралы облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қатысуымен өткен қала құрылысы кеңесінің отырысында айтылды.

200-jyldyq-2

Белгілі сәулетшілердің басы қосылған жиында «Ескі қалашық» мәдени орталығындағы «Арбат» жобасы, «Ордабасы» мемориалдық тарихи-мәдени кешенін абаттандыру мен Үш бидің ескерткіші, «Флагшток» жобасы, «Қазығұрт-Кеме қалған» тарихи-мәдени кешенінің жобасы сынды 8 архитектуралық жоба қаралды.

Мәжілісте кеңес мүшелері Ордабасы тауында орнатылатын Үш бидің ескерткішінің макетін, Шымкенттегі ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру жобасын және Қазығұрт тауын тарихи-мәдени орталыққа айналдыру бағытындағы жобалары мен макетін қызу талқылап, өз ұсыныстарын білдірді.

Шымкент қаласы 2020 жылы ТМД-ның мәдени орталығы деген атаққа ие болғаны белгілі. Сәулетшілердің мәлімдеуінше, сол жылы қаланың 2000 жылдық тарихы аталып өтілмек. Сонымен қатар, Шымкент «Жібек жолы» номинациясы бойынша әлемдік мәдени мұра тізіміне де ұсынылып отырғаны айтылды. Аймақ басшысы бұл ретте ескі қаланың құндылықтарын сақтай отырып, тарихымызды көрсете білуіміз керек деген пікірін жеткізді.

Опубликовано в Қала

DSC 1790

Н.Назарбаев 1982 жылы 21 қараша күні Шымкенттегі Дендросаябаққа ағаш отырғызған. Ол кезде ҚКСР Орталық партия комитетінің хатшысы қызметін атқарған.

DSC 1750

Одан кейін Президент болып сайланғаннан соң, 1992 жылы қайта келіп тағы бір түп ағаш еккен болатын. Қазір сол шынар ағашы өсіп, өніп саябақ көркін келтіріп тұр. 

– Әрине Елбасының саябағымызға ағаш отырғызғаны үлкен мәртебе. Бұл жас ұрпаққа өте жақсы өнеге. Мұнда Н. Назарбаевтан бөлек түрлі ақын-жазушылар, шетел Президенттері, ұлы тұлғалар отырғызған ағаштар бар. Қазір сол ағаштардың маңында жас жұбайлар суретке түсіп, демалушылар көлеңкесін саялауда. Саябақ қызметкерлері де барынша күтіп баптайды, – дейді экскурсовод маман Ақмарал Қыпшақбаева.

Опубликовано в Қоғам

«Қасиетті Қазақстан» жобасына өңірімізден 23 киелі орын енгізілді

Шымкент қаласындағы жергілікті маңызы бар Қаратөбе қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 31 млн 436 мың теңге, Қаратөбе қорымына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 40 млн теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр. Бұл туралы облыс әкімі Ж. Түймебаевтың қатысуымен өткен әкімдіктің кеңейтілген мәжілісінде облыстық мәдениет басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асылхан Темірхан мәлім етті.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына орай өңірлік комиссия құрылып, «Қазақстанның киелі жерлері», «Қазіргі заманғы Қазақстандық мәдениет жаһандық әлемде» іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Нәтижесінде өңірлік карта жобасы дайындалып, «Қасиетті Қазақстан» республикалық орталығына облысымыздан 104 нысан ұсынылды. Қазіргі таңда республика бойынша 100 нысан іріктелініп алынса, оның ішіне Оңтүстік Қазақстан облысынан 23 нысан еніп отыр. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіштер жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне енгізілген.

– Шымкент қаласындағы жергілікті маңызы бар Қаратөбе қалашығына археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін 31 млн 436 мың теңге, Қаратөбе қорымына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 40 млн теңге, Оба патшалық қорымына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 24 млн теңге, Қазығұрт тауын тарихи-мәдени орталыққа айналдыру үшін 1 млрд 513 млн теңге, Ордабасы тауына 1 млрд 200 млн теңге қаржы қарастыру жоспарланып отыр, – деді А. Темірхан.

Биыл Шымкенттегі ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру үшін жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға және археологиялық жұмыстар жүргізуге қалалық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда.

Бұдан бөлек, алдағы жылы Сайрам ауданындағы «Ханқорған» қалашығына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізу үшін 31 млн 436 мың теңге бөлінбек. Биыл Шымкенттегі ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-музейі, ашық аспан астындағы музей құру үшін жобалық сметалық құжаттамасын дайындауға және археологиялық жұмыстар жүргізуге қалалық бюджеттен 100 млн теңге бөлініп, тиісті жұмыстар атқарылуда. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен 38 млн 500 мың теңгеге, ал кәсіпкерлердің есебінен 219 млн 084 мың теңгеге облыстағы сәулет ескерткіштеріне жөндеу жұмыстары, абаттандыру, көгалдандыру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жүргізілді.

Жиын қорытындысында «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында облыс әкімдігінің арнайы қаулысы қабылданды. Қабылданған қаулыға сәйкес дарынды тұлғаларға қолдау көрсету, қазақ өнерін насихаттау, әлемдік іс-тәжирібе алмасу мақсатында халық шығармашылығының түрлі жанрлары бойынша жақын және шетелдерге іссапарларға шығу жұмыстары да қарастырылған.

Опубликовано в Қоғам
Понедельник, 30 Октябрь 2017 10:16

Абылай ханның Оңтүстіктегі ордасы

«Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс»

Н. Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан


Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында археологиялық тарихи орындарды дамытуды айтқан болатын. Осыған орай, тасын түртсең тарихтан сыр шертетін Оңтүстік өлкеде түрлі зерттеу жұмыстары жүргізіліп, құнды дүниелеріміз қайта жаңғырып келеді. Жалпы, өңірде 1063 археологиялық, 218 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Қазірде бұл жерлерді тек қалпына келтіріп қана қоймай, туристік орындарға айналдыру жұмыстары жүргізілуде. Әлі де сыры толық ашылмаған сондай жердің бірі – Ханқорған қалашығы.

khan qorgan-3

Ханқорған – қазақтың киелі мекені

Қаратаудың күнгейінде, Арыс өзенінің бойында (Қазіргі ОҚО, Сайрам ауданы) «Ханқорған» деген тарихи орын бар. Бұл сан ғасырлар бойы қазақ еліне қатысты маңызды оқиғалар өткен қалашық. Зерттеушілер Ханқорғанды Абылай ханның Оңтүстіктегі ордасы болғанын және өмірінің соңғы күндері осында өткенін айтады. 

Жаугершілік заманда Абылай ханның қазақ даласының әр жерінде резиденциялары болған. Оңтүстік өңірін аралау барысында осы Ханқорған Абылайдың жиі келетін жеріне айналған. Бір кездері Абылай хан Самарқанға барып, түс көріп, шұғыл түрде қайтуға шешім қабылдаған. Қайта келгенде Сайрам ауданының территориясында қалың әскеріне елдеріне қайтуға бұйрық берген. Ал өзінің айналасына 500-ге жуық сарбаз алып қалған екен. Осылайша, Абылай бабамыз өмірінің соңғы күндерін осы қасиетті мекенде өткізіп, 68 жасында, жұма күні дүниеден озған деседі. 

khan qorgan– Міне, осындай жағдайларға байланысты осы қорғанда бірнеше күн ешкіммен сөйлеспей, пәниден бақиға аттанып кетті. Қайтыс болғаннан соң оның денесін күннің ыстығында Түркістанға алып бару қиын болғандықтан, жылқыны сойып, соның терісімен қаптап Түркістанға алып барып жерлеген. Абылайханның соңғы демі үзілген Ханқорғанда қазақтың ханына мәңгілік ескерткіш орнатып, ашық мұражай ретінде пайдалануға берсе екен, – дейді Сайрам аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы Амангелді Қабылбеков. 

Ханқорғанға Абылай ханнан бөлек Керей мен Жәнібектің, Кенесарының және тағы да басқа атақты хандар мен батырлардың табаны тиген. Мәселен, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Бауыржан Байтанаев бұл жерде Сыздық Сұлтанның да болғанын айтады. 

khan qorgan-2Кезінде Кенесарының ұлы Сұлтан Сыздық орыс мемлекетіне бағынбай соғысып жүрді. Генерал-губернатор Калпаковский бірнеше уәкілдерін жіберіп «Біздің мемлекетпен соғысуды қойыңыз. Түркістан өлкесінде қандай жерді таңдасаңыз, сол жерге барып тұрыңыз» деп дипломатиялық келісім ұсынған. Бұл кезде Сыздық Сұлтан Ауғанстанда болатын. Сөйтіп, Калпаковскийдің айтқанына көніп, соғысуды доғарады. «Сіз қай жерге барып мекендейсіз?» деп сұрағанда, Сұлтан Сыздық «Мен өзімнің бабам Абылайдың соңғы күндері мекендеген Ханқорғанға барып тұрамын» деген екен.

Зерттеушілердің пікірінше Ханқорған X–XI ғасырларға тән. Археологиялық экспедициялардың нәтижесі соны айғақтайды. Бұдан бөлек, қараханид заманындағы мыс тиындар, тұрмыстық ыдыстар және монша мен мешіттің орны табылған.

 

Ханқорған Сақ,  Ғұн кезінде болған...

Ханқорғанда сан ғасырлар бойы елімізге қатысты үлкен тарихи оқиғалар болған. Бұның ең бастысы Арыс өзеніне қатысты. Арыс өзені жағасында осыдан 2 мың жыл бұрын Арыс дейтін тайпа өмір сүрген. Бір жағы Жамбыл облысындағы Терісаққан өзенімен, екінші жағы қазіргі Қызылорда, Шиелі ауданы Қараспан дейтін тауға дейінгі аралықты қамтыған. Арыс деп аталуының бір себебі, тұрғындарының бойлары 2 жарым метрге жуық болған. Жер жыртумен, мал шаруашылығымен, аңшылықпен айналысқан. Өздерінің жерін, табиғатын қорғауда жанкештілік танытқан. 

khan qorgan-4

Бұл мекеннен Алатаудың аралығы 60-ақ шақырым жер. Өмір сүруге өте қолайлы аймақ болған. Осы жерде адамдар сонау Сақ, Ғұн заманынан бастап тіршілік еткен. 4-6 ғасырдан бастап, Орхон Енисей жазбаларында айтып кеткендей Саян, Алтай тауларының маңында өмір сүрген біздің түркі тектес әсіресе бізге өте жақын тайпалар өмір сүріп, кейін батысқа қарай жүріп кеткен. Сол қозғалыс барысында осы аймақтарды да игеріп өздерінің мал жайылымына, тұрмыс-тіршілігіне пайдаланған. Сол қолданылған жерлерді сақтап қалу үшін әскери жасақтарын қалдырып және сыртқы күштерден қорғану үшін биік төбелерді көтеріп сол төбелерді сарбаздар қарауылдап, үлкен қорғаныс жасаған. Міне, сондай бекіністердің бірі осы – Ханқорған. 

Ханқорғанда 550 жыл бұрынғы біздің алғашқы хандарымыздың болғаны жазылған. «Қасымханның қасқа жолы, Есімханның ескі жолын» еске алсақ, сол дәуірдегі заңдарда жерді сақтау, жерді кеңейту, қазақ халқын сақтау үлкен мәселе болған. Қазіргі еліміздің территориясы Қасым ханның кезінде қалыптасқан. Өйткені санаулы күннің өзінде 300 мың әскерін атқа қондыра алған. Ол кезде Ресей мемлекеті болмаған. Жеке-жеке княздік болған. Москва князі арнайы елшілік жіберген, оның ішінде башқұрттар мен татарлар да қазақ тілін біледі. Қасым ханға ел басқару, соғыс басқару техникасын үйрену үшін өтінішпен келген. Осы аймақта олар 7 ай бойы Қасым ханның қасында бірге жүріп соғыс, ел басқару тәсілдерін үйренген. 

Жуырда Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев бір топ археолог ғалымдармен осы Ханқорған қалашығында болды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған еліміздегі киелі жерлер мен тарихи орындарды насихаттау мақсатында өткен жиында Ханқорған қалашығын қалпына келтіру, ашық аспан астындағы музейге айналдыру, консервация жұмыстарын жүргізу жайлы сөз болды. Осыған орай, өңір басшысы сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Опубликовано в Қоғам

Шымкентте әлеуметтік желі қолданушылары арасындағы «Оңтүстік ғажайыптары» облыстық байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

DSC 8305

Оңтүстік Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының тапсырысымен ұйымдастырылып отырған шараға облыстық ішкі саясат басқармасының қоғамдық ұйымдармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қайрат Сүлейменов, Қазақстан Журналистер Одағының ОҚО филиалының төрайымы Айгүл Қапбарова, «Отырар» телеарнасының редакторы Зәуре Оралбаева және басқа журналистер мен блогерлер қатысты.

marapat-3

Қатысушылар ағымдағы жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында Оңтүстік Қазақстан облысының 85 жылдығы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, тарихы мен шежіресін, ұлы тұлғалар мен олардың туындыларын насихаттау бойынша өз жұмыстарын жариялаған болатын.

marapat-6

Байқау қорытындысы бойынша І орын жүлдесі (300 мың теңге) 2 адамға бұйырды. Олар – Кеңес Исмаилов және Дастан Баширов. ІІ орынды (200 мың теңге) 3 қатысушы иеленді – Өмір Шыныбекұлы, Бейбіт Бертаев және Сәбит Сапарбеков. Ал ІІІ орын (150 мың теңге) Сұлухан Мыңбаева, Айгүл Амитова, Жібек Архабаева, Төлеген Ахметовке табысталды.

marapat-1

Сонымен қатар, ереже бойынша байқауға қатысқан 7 үміткерге ынталандыру сыйақысы (100 мың теңге) берілді. Олар – Дәурен Айманбетов, Тоған Жайлауов, Ақмарал Ғаниқызы, Ержан Сейдазимов, Ерлан Сыздық, Хамид Мүтәлиев, Мейірман Сауранбеков.

marapat-5

Шара барысында танымал журналист Кеңес Исмаилов бұл байқаудың жазбаларын өзге облыстағылар және шетелдіктердің де қызыға оқығанын айтты. Ал тарихшы, байқаудың белсенді қатысушысы Өмір Шыныбекұлы «Оңтүстіктің ерекше жерлерін әлі де болса көбірек насихаттау керек. Бұл өңіріміздің әлі ашылмаған жаңа қырларын танытуға мүмкіндік береді. Мәселен, байқауда кітапқа түспеген мәліметтер айтылды. Бұның өзі көп нәрсені аңғартса керек», – дейді.  

Айта кетейік, байқауға 30-дан аса үміткер қатысып, 16 жүлдегер марапатталды.

Опубликовано в Қоғам
Пятница, 13 Октябрь 2017 05:59

Құпиясы көп Ханқорған


Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев бір топ археолог-ғалымдармен Сайрамдағы Ханқорған қалашығына барды. Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» мақаласында айтылған еліміздегі киелі жерлер мен тарихи орындарды насихаттау мақсатында өткен жиында Ханқорған қалашығын қалпына келтіру, ашық аспан астындағы музейге айналдыру, консервация жұмыстарын жүргізу жайлы сөз болды.

DSC 6349

– Бұл қалашықтың құпиясы көп. Бір кездері Абылайханның Оңтүстіктегі ордасы, цитадель болған жерде зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Қазір жұмысшы тобы құрылды. Оңтүстік Қазақстанда мұндай қалашықтар көп. Шымкент, Түркістан, Сайрамнан бастап Сауран, Сығанақ қаласына дейін көптеген қалашықтар болған. Ханқорған солардың бірі. Сондықтан, бұл жер де еліміз, ұрпағымыз үшін өте маңызды, – деді өңір басшысы. 

10

Сонымен қатар, жиын барысында Қазығұрт, Ордабасы, Отырар, Оқсыз, Сидақ, Мәртөбе және тағы да басқа тарихи жерлердегі туризм саласын дамыту және зерттеу жұмыстарын жүргізу жайында әңгіме өрбіді.

Айта кетейік, Ханқорған тарихи деректерде Абылай ханның ордасы болған. Ғалымдар осы жерде оның жан тапсырғанын, сосын Түркістанға апарып жерлегенін айтады.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 27 Сентябрь 2017 06:02

Көне қаланың жаңа келбеті

Әсілінде мұндай археологиялық нысандарды әлем елдері рухани игілікке пайдаланып, ел тарихының құнды бір тармағына айналдырып жатады. Қалаға туристерді қызықтырар бірегей орынның бірі де осы емес пе?! Рас, бұл орыннан табылған жәдігерлер келешек ұрпақты тарихымызды тереңнен танып білуге жетелесе, археологиялық жұмыстар қаланың абаттануына игі ықпалын тигізеді. Келешекте бұл тарихи орын туристік аймаққа айналып, тұрғындар көп жүретін саялы орын болмақ.

Шымкенттің көне қала аумағы – міне, осындай ерекшеліктерімен құнды. Ашылмаған әлі де мол мұраларымыз бар. Белгілі тарихшы, ғалым Бауыржан
Байтанаевтың айтуынша, бұл ескі қала орнын мұражайға айналдыру уақыт күттірмейтін мәселе.

DSC 1175

«Басты мәселе – ескі шаһарды мұражайға айналдыру»

Газетімізде Шымкенттің тарихын зерттеп жүрген ғалым, Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының директоры Бауыржан Байтанаевпен бірнеше рет сұхбатымыз жарық көрген. Ескі шаһар бойынша да маңызды ұсыныстарын айтқан. Мәселеге тереңірек үңілген-тұғын.

«Шымкенттiң 2200 жылдығы мемлекеттiк деңгейде тойлануы керек» деп жүргеніне біраз уақыт болды. Белгілі тарихшының зерттеулеріне сүйенсек, Шымкенттің 2200 жылдық тарихы осы аумақтағы археологиялық зерттеулерден табылып отыр. 

Еуропа, Азия елдеріндегідей, көне мұралардан-ақ біршама табыс тауып отыруға бізде де мүмкіндік бар. Қазіргі басты мәселе – ескі шаһарды мұражайға айналдыру, қаланың археологиялық картасын жасау. Тарихи мұраларды түгендей алсақ, Шымкенттің 2200 жылдығын тойлауға да кең жол ашылар еді. 

DSC 1184

Ғалымның сөзінде үлкен мән жатыр. Өткен жылдың қараша айында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев пен қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов көне қала аумағын аралап көрді. Облыс әкімі мамандар дайындаған концепцияға жақсы баға беріп, оны әлі де болса жетілдіре түсуге тапсырма берген-ді. Шымкенттің негізі осында қаланған. Кез келген елде көне қала аумағы қоршалып, туристерді тартатын орталық ететінін де атап өтті. Мәселен, Бакуде көне қалашықта қырыққа жуық галерея бөлімдері жұмыс істейді. 

«Бұл – үлкен жоспар. Алдымен археологиялық қазба жұмыстары аймағы қоршалуы тиіс. Одан кейін жұмысты бастаңыздар. ОҚМУ және ОҚМПИ ғалымдарымен бірлесе жұмыс жасаңыздар. Қазба байлықтардың маңайынан ешқандай үй салуға болмайды. Мұнда қат-қабат тарихи жәдігерлер жатыр. Жалпы, тарихи орталық таза болуы керек. Мына жақта керемет монумент тұр. Ал оның жанында баяғы ескі қала. Сол себепті, бұл орынды абаттандыруымыз керек», – деген еді Жансейіт Қансейітұлы.

Жоспар ауқымды. Міндет маңызды. Тарихи-мәдени мұраларды сақтау мен қорғау жұмыстары жүйелі жүргізілуі тиіс. Қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Раушан Айғазиеваның айтуынша, ескерткіштерге кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстары туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша атқарылады. 

DSC 1235

«Шымкент» ескі қала орнының аумағында археологиялық парк-мұражай, ашық аспан астындағы мұражай салу бойынша 2017 жылдың соңына дейін бірқатар жұмыстарды жүзеге асыру қолға алынған. Қалашықты зерттеу және қалпына келтіру жұмыстарына қала бюджетінен қаржы бөлінген. 

Бұл жұмыстар барысында Шымкент қаласының орта ғасырлық бейнесін қалпына келтіру және жаңғырту бойынша бірқатар басымдықтар назарға алынады. Яғни, Шымкент ескі қала орындарының аумақтарында археологиялық парк және мұражай құрылысының ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттар) дайындау қажет. 

Оған қоса, ескі қала орнындағы археологиялық жұмыстар барысында мыналарға мән беріледі: Шымкент ескі қала орнының бекініс қабырғаларының, сондай-ақ көшелер мен үй-жайлардың шекараларын, көрінісін, планиграфиясын және құрылымын қазынды барысында ашылған сәулеттік-археологиялық құрылмаларының негізіндегі құрылыстық қабаттар мен деңгей жиектерге сәйкес анықтау; Шымкент қаласының мұражайларында экспонаттау үшін көрнекті және бірегей артефакттар алу; Ескі қала орындарының топографиялық және ортофото жоспарларын жасау және дәлдігі жоғары заманауи электрондық жабдықтарды қолданумен қазындылардың, анықталған объектілердің, құрылымдардың, табылымдардың, олардың кейінгі виртуалды қайта құрылымдарын жасауға пайдалану үшін, толық фото- және графикалық құжаттамасы зерделенеді.

 

Алғашқы олжа – зеңбірек оғы мен тиындар

Жұмыс басталып кетті. Қазір көне қалашықта археологиялық жұмыстар күн құрғатпай жүргізілуде. М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың археологиялық ғылыми-зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Азамат Ергешбаев бастаған мамандар алдарына зор мақсат қойып отыр. Қазба жұмыстарына қыркүйектің 1-і күні кіріскен. Әзірге, он шақты адам. Уақыт сәтімен қызметкерлердің саны әлі көбеймек. 

DSC 1263

Азамат Әділұлын әңгімеге тарттық. Оның айтуынша, мұнда жұмыстар кезең-кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде – кейінгі орта ғасырдағы қаланың қорғаныс жүйесі зерттелуде. Яғни, қазір екі мұнараның орны табылыпты. Одан кейін «Оңтүстік және Оңтүстік батыс» бөліктердегі орта ғасырғаа дейінгі құрылымдардың сырлары ашылады. Соңына қарай Цитадель зерттеледі. 

– Қазіргі жоспар бойынша жұмыстар 2018-2020 жылдарға арналған. Біз ғылыми-зерттеу қазба жұмыстарының нәтижесінде базалық мәліметті ұсынамыз. Одан кейін сәулетшілер өздерінің жобаларын жасайды. Биылғы жұмыс бойынша біз сол қорғаныс жүйелері бойынша мәлімет беруіміз керек, – дейді ол. 

Әрине, мұның бәрі де келешек ұрпақ үшін қолға алынып отырған шаруалар. Олар жауапкершілікті жіті сезінеді. Жалпы, мәдени мұрамызды сақтап қалу мақсатындағы жұмыстар салғырттықты кешірмейді. 

Бір айға жуықтаған жұмыстың нәтижесі де баршылық. Қазірдің өзінде бірқатар материалдар табылды. Мәселен, кіреберіс қақпаның оң жақ бетінен әр түрлі калибрдегі зеңбірек оқтары шықты. Археологтардың пайымдауынша, бұл оқтар 19 ғасырға жатады. Біз археологтармен кездесуге барған күні де тиындардың табылғанына куә болдық. 

DSC 1268

Жалпы, мұндағы қазба жұмыстары он төрт метр мәдени қабатты құрайды. Келешекте салынатын «Көне Шымкент қалашығы» этномәдени кешенінің әлеуеті зор. Яғни, мұндағы археологиялық қазбалар қоршалып, оның жанынан қазіргі заман мұражайы, қолөнер шеберлері бөлмесі, сауда-ойын-сауық кешені, мұз айдыны, әмбебап көрме залы, лекция залы, т.б. нысандар бой көтереді. 

 

Тарихи құндылықтарды түгендеу – уақыт күттірмейді

DSC 1233«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол – ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамаларымызбен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек.

Сынаптай сырғыған уақыт ешкімді күтіп тұрмайды, жаңғыру да тарихтың өзі сияқты жалғаса беретін процесс. Екі дәуір түйіскен өліара шақта Қазақстанға түбегейлі жаңғыру және жаңа идеялар арқылы болашағын баянды ете түсудің теңдессіз тарихи мүмкіндігі беріліп отыр». Елбасының Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласы нақты мақсатты айқындап берді. 

Тарихи құндылықтарды түгендеу – уақыт күттірмейді. Бұған дейін қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі тарапынан 462,5 гектарды құрайтын «Көне қала аумағын толық жайғастыру» жобасы дайындалған еді. Ендігі ретте 2020 жылға дейін көне қала орнын абаттандырып, туристерді тартар нысанға айналдыру міндеті тұр. 

Құнды мәдени мұраларды ұрпаққа мұра етіп қалдыру зор аманат. Археологиялық нысандардың аумағын анықтап, бәрін картаға кіргізу де өзекті мәселе. Мұның бәрі де уақыт сәтімен, кезең-кезеңімен іске аспақ.

Опубликовано в Қала
Страница 1 из 2