95398322 2923910597699657 838081924860739584 n

Жеңіс! Осы бір ауыз сөздің астарында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші. Оны әр адам, әр халық өзінше пайымдап, өзінше ұғынады...

Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында жеңіс деген, ең әуелі, жауды жеңу емес, өзіңді жеңу. Өз бойыңдағы тәкаппарлықты, менмендік пен көрсеқызар нәпсіқұмарлықты, кертартпалық пен кержалқаулықты жеңіп, ездік пен екіжүзділіктен сақтана білсең, нағыз жеңімпаз болғаның. Жеңілістің ащы дәмін татып, шын жеңістің не екенін түсінген, оның қадіріне жете білген адамның да, ұлттың да бағы ашылып, айдарынан жел еседі.

Міне, биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 75 жылдығын атап өткелі отырмыз. Бұл оқиғаның ұлт тарихында алар орны ерекше. Өйткені, осынау Ұлы Жеңіске қазақ халқы да орасан зор үлес қосты. Тарихи деректерге көз жүгіртсек, Қазақстанда сол кезде өмір сүрген 6,2 миллион адамның 1,2 миллионы соғысқа аттанған. Соның ішінде 601 мың азамат туған жеріне орала алмай, майданда шейіт кетті.
Соғыс жылдары қазақ жауынгерлері ерліктің тамаша үлгісін көрсетті. 100 мыңнан астам сарбаз түрлі орден-медалдарға ие болса, 528 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанды.
Қазақ халқы жеңісті жақындатуға майданда ғана емес, тылда да орасан зор үлес қосты. Фашистер КСРО-ның батыс бөлігін жаулап алған тұста Қазақстан негізгі өндірістік базаға айналды.
Мына деректерге назар салыңызшы: 1941-1942 жылдары Қазақстанда 25 кен орны мен шахта, 11 кен байыту фабрикасы, 19 жаңа көмір шахтасы мен 3 разрез, 4 жаңа мұнай кеніші мен Атыраудағы мұнай өңдеу зауыты іске қосылған.
Соғыс кезінде жалпыодақтық мыс құймасының – 30 пайызы, марганец кенінің – 60 пайызы, мыс кенінің – 50 пайызы, металл висмутының – 65 пайызы, плоиметалл кенінің – 70 пайызы, мырыштың 85 пайызы Қазақстанда өндірілді.
Одақтағы мыстың үштен бір бөлігі Қазақстанда өндірілгендіктен, жауға қарсы атылған әрбір тоғыз оқтың жетеуі Шымкент қорғасын зауытында құйылған.
Жалпы, соғыс жылдары
КСРО-ның өзге аймақтарынан қазақ жеріне 142 кәсіпорын көшіріліп әкелінсе, елде барлығы 460 ірі зауыт-фабрика жұмыс істеп тұрған.
Білесіз бе, егер осынша өндірісте тепсе темір үзетін атпал азаматтар еңбек етсе, мұның бәрі ештеңе емес еді-ау. Бірақ, зұлмат жылдары еңбекке жарамды ерлер қан майданға аттанған кезде бұл ауыртпалықтың бәрі әйелдер мен балалардың және қариялардың мойнына түсті.
Тылда еңбек еткен олар майданға 30 миллион пұт – астық, 15 миллион пұт – картоп пен көкөніс, 16 миллион пұт – ет, 3,2 миллион центнер – сүт өнімдерін, 2,5 миллион дана жылы сырт киім жіберген. Қала берді, КСРО-ның жаудан азат етілген аудандарына көмек ретінде қазақтар 500 мың бас мал, оның ішінде 110 мың жылқы жіберген.
Біз көрсеткен деректер Қазақ
станның жеңіске қосқан үлесінің бір парасы ғана. Әрі біз оларды қанша тізбектесек те, бұл цифрлар бәрібір соғыс жылдарында қазақтың басына түскен қайғы-қасірет пен тауқыметтің, халқымыздың жанқияр ерлігі мен жанкешті еңбегінің шынайы өлшемі бола алмайды.
Сенбесеңіз мына бір жазбаға зер салыңыз: « ...«Қызыл батыр» колхозының ауданында 1942 жылы қарашаның 23-і күні ол өз минометімен дәл көздеп атып, жаудың жаяу әскерінің бір взводын жойды. Шарнутовский хуторының түбінде 1942 жылы 26 қараша күні жаудың 36 танкісі үш жақтан батареяны қоршайын деді. Сыпатаев жолдас минометімен атқылап жаудың бірнеше танкісі мен оның соңынан ілесіп келе жатқан жаяу әскерді тоқтатты. Тағы бір неміс танкісі минометке тақап қалғанда оның жолын бөгеу үшін Сыпатаев қолындағы жарылғыш затты бауырына басып, танктің астына түсіп кетті. Сөйтіп жау танкісімен бірге өзін жарып жіберді».
Иә, бұл қазақтың қаһарманы Қарсыбайдың, Кеңес Одағының Батыры Қарсыбай Сыпатаевтың марапаттау қағазынан алынған үзінді.
Майдан даласында мұндай көзсіз ерлікті тек Сыптаев қана жасаған жоқ. Алысқа бармай-ақ, Оңтүстік өңірдің тағы бір тумасы, мынау Қазығұрт ауданындағы Рабат ауылының қарадомалағы Қарақозы Әбдалиев те Мелитополь қаласын азат ету үшін болған шайқаста қолындағы бірнеше гранатасымен бірге жаудың «Тигр» атты алып танкісінің астына түсіп, шейіт кеткен.
Жаумен айқаста өз-өзін ойланбай құрбан еткен бұл неткен ерлік пен өрлік еді?! Бодандықтың қамытын мойнына мықтап киген, жаппай ашаршылықтың кесірінен миллиондаған адамынан айырылған, саяси қуғын-сүргін жылдарында бүкіл элитасы жіпке тізіліп атылған халықтың рухы жасып, жігері мұқалмас па еді?
Жоқ, қазақ халқы басынан өткен сонша зобалаңға қарамай қаншама қаһарман ұл тудырып, жеңіске қарай сеніммен қадам басты. Қайтсе де жігері мұқалмайтын бұл неткен қайсарлық? Осыншама өр рухтың астарында не жатыр? Әрине, иман жатыр.
Сөз басында жеңісті әр адамның, әр халықтың өзінше ұғынып, өзінше қабылдайтынын айттық қой. Ата-бабаларымыз жер бетіндегі шайқастарда кім жеңіп, кім жеңілгеніне қарамай, нағыз жеңіс аса қамқор, ерекше мейірімді, ең әділетті әрі ең құдіретті, барша жаратылыстан қашан да үстем болған Аллаға тән екенін білген және соған шүбәсіз сенген.
Батыр бабаларымыз мал-мүлкін, отбасын, туған жерін, өз Отанын қорғауды Алланың алдындағы парыз деп білген. Азғындыққа, әділетсіздікке қарсы тұрып, зұлымдықпен күресуді адамдық борышы санаған.
«Сапымыз Хақтың, әділеттің жағында болса, бұл соғыстың соңында жеңсек – қаһарман, өлсек – шейіт боламыз» деген сенім Қарсыбайлардың жүрегінен өлім қорқынышын алып тастаған. Өйткені, соғыста өлу шын мұсылман, нағыз қазақ үшін трагедия емес, керісінше екі дүниенің зор бақыты.
Осынау исламдық сенім жүйесі мың жыл бойы бабаларымыздың қанына сіңіп, сүйегіне дарып, ұлттық дүниетанымның негізіне айналды. Яғни, қазақ халқының Ұлы Отан соғысында танытқан өр рухының астарында осындай берік сенім, идеялық негіз жатыр еді.
Бүгінде білерді білмес кей бауырларымыз «Неге біз сол соғысты Ұлы Отан соғысы деп атаймыз? КСРО біздің Отанымыз ба еді? Аталарымыз жат жерді қорғау үшін қан төкті ме?» дейтін ағат әңгіме айтады.
Біріншіден, аталарымыз КСРО жеңілсе, жаудың қазақ жеріне де түбі келіп жетерін білді. Сондықтан олар жат жерді емес, өз Атамекенін қорғау жолында басын құрбан етті.
Екіншіден, Исламда ардақты пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафадан (оған Алланың разылығы мен сәлемі болсын) қалған соғыс әдебі бар. Ол әдептің басты шартының бірі – соғыс кезінде дұшпанның әйелдері мен балаларына және қарияларына зәбір көрсетпеу. Екінші шарты – тұтқынға түскен жау әскерін азаптап, қорламау. Майданда қолында қаруы бар кезінде оны өлтіруге болады. Ал, тұтқынға түсіп, қол-аяғына кісен салынды ма, оның басқа құқығы пайда болады. Ол құқық – адамдық құқығы. Мейлі дұшпан болса да шын мұсылмандар оның құдай жаратқан адам екенін ұмытпаған және соған лайықты қарым-қатынас жасаған.
Адамзат тарихы фашистердің осы қасиетті қағидалардың бәріне қарама-қайшы әрекет жасағанына куә. Ол зұлымдар әйел, бала, қария деп бөлмеді, бәрін бірдей қырып салды. Ал, концлагерлерде тұтқындарға жасалған зұлымдықты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес-тін. Осындай азғындыққа қарсы шайқас жүріп жатқанда жан сауғалап, үйінде жату шын мұсылман, нағыз қазаққа тән қылық емес. Демек, аталарымыз сталиндік жүйені қорғау үшін күрескен жоқ, адамзат баласына қарсы жасалған үлкен қылмыспен күресті. Демек, біздің аталарымыз – нағыз шейіт.
Ұлы Отан соғысы – қазақ тарихындағы көп соғыстың бірі ғана. Әрі біздің бабаларымыз қай соғыста болса да, өз Отанын қорғау мен зұлымдыққа қарсы тұру жолында ғана күрескен. Ешқашан зұлымдардың жағында болмаған. Демек, біз әділеттік жолында миллиондаған перзенті шейіт түскен қаһарман ұлттың, ұлы ұлттың ұрпағымыз.
Қасиетті Құранда «Алла жолында өлтірілгендерді «өлді» демеңдер. Жоқ, олар тірі. Бірақ, Сіздер оны білмейсіздер» дейтін аят бар. Демек, шейіт кеткендер ешқашан өлмейді, олардың рухы мәңгі бізбен бірге жасай береді.
Келер ұрпақтың бойына ата-бабамыздан мирас болып қалған «Шейіттер өлмейді» дейтін осы сенімді сіңіре алсақ, сөйтіп олардың жүрегінен өлім қорқынышын алып тастасақ, қазақтың зұлымдық пен әділетсіздікке қарсы тұрар өр рухын қайта оятсақ, Тәуелсіздігіміз баянды, мемлекеттілігіміз мәңгі болары шүбәсіз.
Міне, 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесінен алар ғибратымыз осы.

АМАНЖОЛДЫҢ ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҒЫ

Среда, 29 Апрель 2020 00:30

535fbda45cfedc04871ac9fb210019cb

1 мамыр бір-бірімізді мерекемен құттықтап, той тойлайтын күн ғана емес, тарихтың қатпарлы беттеріне көз жүгіртіп, өткеннен сабақ алатын мереке. Өйткені, тарихи тағдыр тоғыстырған Қазақстан халқының өткеніне қарап бүгінгі жүзден астам этностың ырысты ынтымағының қадірін тереңірек ұғына түсінеміз.

Тарихи деректерге сүйенсек, сталиндік депортация жылдарында 3 миллионнан астам адам туған жерінен, елінен күштеп көшіріліп, мүлде жат аймақтарға қоныстандырылған. Қазақ жеріне сол уақытта КСРО-да тұрып жатқан немістердің 38 пайызы, шешен мен ингуштардың 83 пайызы, кәрістердің 59 пайызы, балқарлардың 55 пайызы, қарашайлардың 58 пайызы, гректердің 76 пайызы, күрдтердің 62 пайызы күшпен әкелінген. Олардың жалпы саны кем дегенде 1 миллион 200 мыңды құрайтын-ды. Депортацияланған барлық ұлттарға тағылған негізгі айып – «сенімсіз халықтар» деп тану. Яғни соғыс жылдары фашистерден азат етілген аймақтардағы тұрғылықты халыққа осындай негізсіз айыптар тағылып, тұтас ұлттар күдікке ілінген.
Күштеп қоныс аударылғандар туған жерінен мал-мүліктерін де, киім-кешектері мен ас-ауқатын да ала алмаған. Жүк таситын вагондарға тиеліп, Қазақстанға келгенде босап қалған мешіттер, мал қоралар мен жертөлелерге орналастырылған, тіпті мыңдаған адам ашық аспанның астында, жапан далада қалған.
Міне, сондай жағдайда қазақ халқы өзінің атамекеніне тағдыр тәлкегімен келген өзге ұлттарға қолынан келген бар жақсылығын жасады. Қазақтың жақсылығын көргендердің бірі – Шымкент қалалық шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің жетекшісі Саждат Ахметованың әжесі екен.
Туған жерінен ажырап, еркінен тыс жер аударылған байғұс ана кішкентай 6 нәрестесімен бірге қыстың қақаған аязында вагоннан түсіп, далада қалған. Аяздан үсуге айналған балаларына қарауға дәті бармай, үміті үзілуге шақ қалғанда бір қайырымды қазақ азаматы жолығыпты. Ол бүрсең қаққан балаларды көрісімен үстіндегі тұлыбын шешіп, олардың үстіне жауыпты. Содан Саждат ханымның әжесі қазақтардың мейіріміне талай бөленгенін ерекше ықыласпен әңгімелеп береді екен.
– Әжем үстіндегі тұлыбын шешіп беріп, балаларын үсік шалудан аман алып қалған Аманжол есімді кісі туралы жиі айтып беретін еді. Соғыстан кейінгі қиын жылдары өздері де жарымай отырғанына қарамай қазақтар әжемді 6 баласымен үйіне кіргізіп алып, бір үзім нанын бөліп берген екен. Содан әжеміз өз балалары мен немерелеріне қазақтарға қашан да құрметпен қарауды өсиет етіп айтумен өтті, – дейді Саждат Зияутдинқызы.
Оның айтуынша, этносаралық келісім мен татулықты сақтап қана қоймай, одан әрі нығайта түсу үшін аға буын өкілдері жастарға осы тарихты үнемі әңгімелеп отыруы тиіс.
– Өткен жылы Санкт-Петербург қаласында стоматолог дәрігер өз пациентінің Қазақстаннан барып, ресейлік университеттердің бірінде оқып жүрген студент екенін, ұлты қазақ екенін біліп, одан тісін емдегені үшін алуы тиіс ақшадан бас тартқанына куә болдым. Содан әңгімелесе келіп, доктор Шаарана Магамадованың да әулеті кезінде Қазақстанға жер аударылғанын білдім. Оның ата-әжесі ұзақ жылдар бойы Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданындағы Атасу ауылында тұрыпты. Ата-анасы да, өзі де қасиетті қазақ жерінде дүниеге келіпті. Дәрігер «Бүкіл әулетімізбен қазақтардың арқасында аман қалғанымызды біле тұрып, сол ұлттың өкілінен қалайша ақы аламын» деп ағынан жарылды. Шынында да мейірбан қазақ халқына деген ризашылығымызды тек осындай мереке күндері ғана емес, күнделікті өмірде де білдіріп жүруге тиіс екенбіз-ау деген ой келді, – деді Н.Ахметова.
Этномәдени бірлестіктің жетекшісі Қазақстанда барлық этнос өкілдерінің өз тілі мен мәдениетін сақтауына барынша жағдай жасалғанын айтады.
Қазақстанда ешкім біздің құқығымызды шектемейді. Жоғары білім алуымызға, бизнес немесе мемлекеттік қызметпен айналысуымызға барлық мүмкіндіктер бар. Біз өз балаларымыздың болашағына сенімдіміз. Біз – қазақстандықтармыз. Біздің Отанымыз –Қазақстан!
Кейіпкеріміздің пікірінше тап осы ертеңгі күнге деген сенімділік пен ұлтына қарамастан әрбір азаматтың өзін осы қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі – Қазақстанның табысты дамуының кепілі. Әрі мұның бәрі дұрыс жүргізілген ұлт саясатының ғана емес, қазақ халқының кеңпейілдігі мен парасаттылығының жемісі. Сондықтан әрбір азамат ынтымақ пен келісім дейтін қасиетті құндылықтарды көздің қарашығындай сақтауы тиіс.
Иә, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – бұл қазақстандықтардың бір-біріне деген мейірімділігі мен махаббатының жарқын мерекесі. Сондықтан әрқайсымыз өз тарихымызды есте сақтап және оны мақтан етуіміз керек. Мұндағы басты мақсат – өскелең ұрпақтың бойында толеранттылық сезімін, бір-біріне деген сыйластықты дарыту және Қазақстандағы этносаралық келісімді дамыту.

 

Тыныштық ҚҰШАҒЫНДАҒЫ ҚАЛА:

Среда, 22 Апрель 2020 02:07

7896

Шымкентте індетпен күрес бойынша ауқымды жұмыс атқарылуда

Тарихта небір аласапыран замандар өтті. Оның кейбірін қауымдар, халықтар мен мемлекеттер бір-бірімен соғысып қолдан жасады. Енді біразы адам баласының еркінен тыс табиғи апаттар мен індеттер түрінде орын алды. Әр ғасырда айналып келіп отырған обаның адамзатқа қандай қайғы-қасірет әкелгеніне қарт тарих куә. Бірақ, адамзат өркениеті соның бәрінен аман-есен өтті.

Адамзатты апаттардан алып өткен оның бойындағы күрескерлік рух пен сабыр-төзім, ақыл-парасат пен ғылым-білім, ынтымақ-бірлік пен ТӘРТІП дейтін құндылықтар. Демек, бұл жолы да короновирус пандемиясын осы құндылықтарға арқа сүйеу арқылы ғана жеңе аламыз.
Қазір короновирус індеті бүкіл әлемді шарпып барады. Алдыңғы қатарлы дамыған мемлекеттер экономикасы қуатты, ғылым-білімі мен медицинасы жетілген болғанына қарамастан індеттің таралуын бақылауда ұстай алмай қалды. Осы орайда Қазақстанда мемлекет короновирусқа қарсы уақтылы әрі мейлінше тиімді шаралар қабылдап жатқанын баса айту керек.
Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның кезекті отырысында ҚР
Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Оңтүстік – халқы тығыз орналасқан өңір. Сондықтан індеттің таралуын тоқтатпасақ, жағдайды ушықтырып аламыз» деп, жергілікті атқарушы органдарға карантин шараларының орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырған болатын. Бүгін біз оңтүстік өңірдегі ең ірі қала, басты орталық – Шымкент шаһарында Мемлекет басшысының аталған тапсырмасы қалай орындалып жатқанына шолу жасап көрмекпіз.

КАРАНТИН ДЕР КЕЗІНДЕ ЕНГІЗІЛДІ

Бүгінгі таңда жергілікті билікке қойылатын негізгі үш талап бар. Біріншіден, жан-жақты ойластырылған, ақылға қонымды әрі рационалды шешімдерді дер кезінде қабылдай білу. Екіншіден, сол шешімдерді жүзеге асыру барысында жедел әрекет ету, яғни, мобилділік. Үшіншісі, халықпен тиімді кері байланыс орнату. Бұл талаптар былайғы жаймашуақ кезде де маңызды. Ал, қазіргідей төтенше жағдай кезінде мұның маңызы еселеп артты. Біздіңше, Шымкент қаласының әкімдігі осы үш талаптың да үдесінен толықтай шығып отыр.
Бұған дәлел ретінде 2020 жылғы 4 сәуірден бастап қала аумағында карантин режимі енгізілгенін айтуға болады. Сол күндері Шымкентте Сovid-19 вирусын жұқтырғандар саны саусақпен санарлық болатын. Бірақ, қалада індеттің тез таралуына ықпал ететін жәйттер аз емес еді. Атап айтқанда, Түркістан облысындағы 2 миллионнан астам тұрғынның күнделікті тіршілігі осы мегаполиспен тығыз байланысты. Әрі Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан қала. Республиканың өзге өңірлеріне Шымкент арқылы күн сайын кемінде 200 мың транзитті жолаушы өтетін. Көлік пен жолаушылар ағыны мұндай көп кезде індеттің қалай тез тарап кетері белгілі. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бастаған команда осы қатерді алдын ала болжай білді. Сондықтан, шаһарға карантин режимін енгізі туралы шешім азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғап, денсаулығын сақтау тұрғысынан дер кезінде қабылданған өте орынды шешім болды деп сеніммен айта аламыз.

 

ҚАЛАДА МҮЛГІГЕН ТЫНЫШТЫҚ

Ендігі мақсат – тұрғындардың карантин режимін бұлжытпай орындап, өзін-өзі оқшаулауына ықпал ету және қала ішіндегі қозғалысты барынша шектеу болатын. Міне, осы тұста жауапты органдар жедел, тиянақты әрі жинақы әрекет етудің тамаша үлгісін көрсете білді.
Ойланып қарасаңыз, төрт ауданнан тұратын, миллион халқы бар алып шаһардағы қайнаған тіршілік пен сабылысқан қозғалысты бір күнде шектеу оңай шаруа емес. Бұл жерде тек қана қатаң шаралар қолданып, полицияның күшіне ғана сүйенуге болмас еді. Қалада қозғалыс азайғанымен, тіршілікті қамтамасыз ететін қызметтер – халықты азық-түлік, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуден бастап, коммуналдық авариялық мекемелерге дейін жұмысын жалғастыра берді. Осының бәрін үйлестіру үшін қала әкімдігі санаулы күннің ішінде Полиция департаменті және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып «Сергек» қосымшасы арқылы жаңа өткізу жүйесін жасап шықты. Мұның артында басшылар мен жауапты мамандардың орасан зор еңбегі жатқанын айта кеткен жөн.
Жалпы, қазір Шымкент қаласының кіреберістерінде 18 блок-бекет жұмыс істеп тұр. Олардың әрқайсысы бейнебақылау камералармен қамтылған.
Ресми мәліметтерге қарағанда
18 блок-бекетте арнайы автокөлік құралдарымен жалпы 676 қызметкер жұмылдырылған. Оның ішінде 240 полиция қызметкері (18 арнайы автокөлік), 204 медицина қызметкері (18 жедел жәрдем көлік) және қарулы күштердің 232 сарбазы тәулік бойы 3 ауысымда қызмет атқаруда. Одан бөлек прокуратураның 18 қызметкері де жұмылдырылған.
Аталған блок-бекеттерде төтенше жағдай режимін бұзу бойынша 23 жайт орын алып, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 476 бабымен (Төтенше жағдай режимiн бұзу) хаттама толтырылған. Айта кету керек, төтенше жағдай режимiн бұзу 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.
Ал, қала ішінде карантин режимінің сақталуын 115 полиция қызметкері, Қарулы күштер – 14, Ұлттық ұланның 192 сарбазы қадағалауға алған.
Коронавирус инфекциясының кең таралмауына және қауіпті індеттің алдын алу мақсатында Шымкент қаласында 16 аумақ оқшауланды. Онда 163 полиция қызметкері жұмылдырылған. Медицина мамандары да тәулік бойы қызмет атқаруда. Ошақтарда дезинфекция жүргізіліп, эпидемияға қарсы үздіксіз іс-шаралар өткізілуде.

 

ШЫМКЕНТТЕ – ЖАҢА ГОСПИТАЛЬ

Шымкентте Сovid-19 вирусын жұқтырғандар үшін қажет төсек-орындар, госпитальдар толық дайын. Нақтырақ айтқанда, қалада барлығы 680 төсек-орынға арналған провизорлық стационарлар бар (қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы – 180 төсек, «Мейірім» оңалту орталығы - 120 төсек, «Атамекен» медициналық орталығы - 380 төсек).
Сондай-ақ, 1 456 төсек-орынға арналған карантиндік стационарлар қарастырылған. Мамандардың айтуынша, тап қазіргі қалыптасқан жағдайды есепке алғанда бұл төсек қоры толық жеткілікті. Алайда, көптеген елдерде індеттің таралуы шарықтау шегіне жеткен кезде медициналық құралдар мен төсек орындардың жетіспеушілігі күрделі проблемаға айналып отыр.
Шымкент қаласының әкімдігі осы жәйтті ескерген болса керек, жедел түрде 200 орынды госпитальдың құрылысын бастау туралы шешім қабылдап, жедел түрде іске кірісті.
Жақында қала әкімі Мұрат
Әйтенов жаңа аурухананың құрылысымен танысты. Төтенше жағдай кезінде науқастарды қабылдайтын госпиталь тез құрастырылатын материалдардан тұрғызылуда. Оған қажетті құрылыс заттары толықтай Қазақстанда өндірілген. Жергілікті жерден 400-ге жуық жұмысшы тартылған.
Арнайы аурухана стационар, жан сақтау сынды бірнеше бөліктен тұрады. Ол коронавирус инфекциясын жұқтырған азаматтарды емдеуге қажетті құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етіледі. Емдеу орны санитарлық-эпедемиялық нормаларға сәйкес келеді. Әрі мұнда медицина қызметкерлерінің жұмыстан тыс уақытта жуынуына, тамақтануы мен тынығуына барлық жағдай жасалады.
Мұндағы жұмысты Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы үйлестіреді. Аталған госпитальдің қызметі инфекциялық аурулардың алдын алуды жақсартады.

 

МҰҚТАЖ ЖАНДАР ҚАМҚОРЛЫҚСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Елімізде төтенше жағдай орын алуына байланысты көптеген азаматтар табысынан айырылып, қиын жағдайға тап болды. Осы күрделі кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларға қол ұшын беру – мемлекеттің тікелей міндеті. Шымкент қаласында бұл жұмыс ойдағыдай жүзеге асуда. Атап айтқанда Елбасы бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорынан 21 864 шымкенттіктің есепшотына 50 мың теңгеден қаржы аударылды.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес төтенше жағдай салдарынан табысынан айырылған Шымкент қаласының 40 586 тұрғыны 42 500 теңге төлемді алды. Өтініштерді қабылдау әлі де жалғасуда.

 

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАҒАСЫ БАҚЫЛАУДА

Елімізде төтенше жағдай жарияланған күннен бастап қала әкімі Мұрат Әйтеновтің тапсырмасымен бірінші кезекте азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселесі жіті бақылауға алынды. Бұл мақсатқа қажетті қаржы бөлінді.
Мемлекет бекітіп берген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақты ұстап тұру үшін әкімдік пен «Gramad Retail» ЖШС мен келісім түзілді. Қазіргі таңда аталмыш серіктестік өзінің 2 супермаркетінде азық-түлікті белгіленген бағада сатуда.
Өткен аптада «Gramad» супермаркетіне «Magnum» «Фиркан» сауда желілері де қосылды. Қазір қала аумағында бекітілген бағамен азық-түлік сатып жатқан 21 сауда желісі бар. Оған қоса «Gramad» супермаркеті қаладағы «Алаш», «Жібек жолы», «Қапланбек», «Акбар» және «Айна» базарда арнайы көлікпен жылжымалы сату нүктелерін ұйымдастыруда.
Карантин кезінде азық-түлікпен қатар жеке сақтану құралдарына, атап айтқанда медициналық бетперделерге сұраныс еселеп артқаны белгілі. Осы орайда Шымкентте тұрмысы төмен азаматтарға жалпы саны 76 255 бетперде тегін таратылды.Бұл көп реттік маскалар, сондықтан сабындап жуып, қайта қолдануға жарамды. Айта кету керек, үшінші мегполисте бұл игі іс сақтық шаралары аяқталғанға дейін жалғаса бермек.

 

БҮГІНГІНІҢ БАТЫРЛАРЫ – ДӘРІГЕРЛЕР

Бүгінде коронавирус инфекциясымен күрес бүкіл әлемде көзге көрінбейтін дұшпанмен арпалысқан қан майданға айналды. Өмір мен өлім таразыға түскен сол майданның алғы шебінде ақ халатты абзал жандар жүр. Әрине, науқастың өмірін сақтау үшін өз денсаулығын қатерге тігіп күні-түні тынбай еңбек етіп жүрген дәрігерлер мен медбикелердің, басқа да медицина қызметкерлерінің қаһармандығы ешбір цифрмен, ешбір соммамен өлшеуге келмейді. Олар – нағыз бүгінгі күннің батырлары. Тұтас халықтың алғысына бөленген ақ халаттылардың еңбегінің толық өтеуін тек Жаратқан Иеміз ғана бере алады.
Десе де оларға әлеуметтік қолдау көрсету арқылы ризашылығымызды білдіру – парыз. Осыны ескерген ел Президенті коронавируспен күресіп жатқан медицина қызметкерлеріне көмек көрсету туралы тапсырма берген болатын. Осыған орай, Шымкент қаласында 1 290 медицина қызметкеріне үстемақы төленеді.
Медицина қызметкерлері жұмысының қауіптілігіне қарай 3 топқа бөлінген. Бірінші санаттағы өте қауіпті жағдайда жұмыс істейтін 24 қызметкерге 8,7 млн теңге бөлінді. Екінші санаттағы қалыпты жағдайда жұмыс істейтін дәрігерлер мен фельдшелерге, 845 медицина мамандарына 258,3 млн теңге бөлінді. Үшінші деңгейдегі қауіпсіздік жағдайында жұмыс істейтін 421 медицина ұйымының қызметкеріне 51,3 млн теңге бөлінді.
Үстемақы алғандар реанимация бөлімдерімен қоса алғанда, жұқпалы аурулар стационарларының дәрігерлері, карантиндік аймақтағы орта және кіші медицина қызметкерлері. Сондай-ақ провизорлық стационар мен жедел жәрдем қызметінің дәрігерлері мен жедел-жәрдем жүргізушілері.

 

БАНК ҚЫЗМЕТІН ҮЙДЕ ОТЫРЫП ПАЙДАЛАНАСЫЗ

Сәуірдің басында мемлекет табысынан айырылған азаматтарға 42 500 теңге жәрдемақы төлейтіні жөнінде хабар таралды. Осы қаржыдан үмітті қалың көпшілік есепшот нөмірін алу үшін банкке қарай ағылып, бөлімшелер мен банкоматтардың алдында ұзын сонар кезектер пайда бола бастады. Эпидемиялық жағдайға орай қабылданған карантиндік шара кезінде халықтың бір жерге бұлайша көп шоғырланбауы өте маңызды.
Әлеуметтік желілерде банк бөлімшелеріндегі кезектер бейнеленген жазбалар тарай бастаған алғашқы сағаттарда-ақ Шымкент қаласының әкімдігі екінші деңгейлі банктермен бірлесе отырып дереу әрекетке көшті.
Бүгінгі таңда мемлекет тағайындаған 42 500 теңге жәрдемақыға өтініш беруге қажетті есепшот нөмірін анықтау үшін банктерге барудың қажеті жоқ. Қызметтердің барлығы онлайн жүйесінде көрсетіледі. Үйде отырып есепшот ашуға мүмкіндік қарастырылған. Тіпті шот бұғатталып қалса да жәрдемақыға арнайы шот аштыруға болады. Цифрлық жүйенің арқасында енді мобильді қосымша арқылы банктік картаға үйден тапсырыс беріп, оны кейін карантин біткен соң банктің кез келген бөлімшесінен барып алуға мүмкіндік бар.
Қазіргі уақытта қаладағы төрт қаржы институтының филиалдары «Kaspi bank», «Home credit Bank», «Халық банкі» және «Банк Центр Кредит» қызметтерін толықтай онлайн жүйеге көшірді.
Айта кетерлігі, қаламыздағы базарлар мен дүкендер және сауда орындары төлемдерді пост терминалдар арқылы қабылдауды бастады. Бұл өз кезегінде коронавирустың таралуына тосқауыл болмақ. Оған қоса көлеңкелі бизнестің жолын кеседі.
Картасы жоқ азаматтар банктерге қоңырау шалу арқылы немесе онлайн тапсырыс бере алады. Дайын картаны банктер үйлеріңізге жеткізіп береді. Төлем картасын қабылдайтын құрылғы орнатпаған нысандарға әкімшілік шара қолданылмақ.

 

ОТАНҒА ҚЫЗМЕТ – ПЕРЗЕНТТІК ПАРЫЗ

Ел басына күн туған қиын-қыстау шақта Отанға қызмет ету – әрбір азаматтың перзенттік парызы. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру жөніндегі ұсынысына сәйкес Шымкентте ел үшін тер төгуге бел буған азаматтардың қатары көбейіп келеді.
Еріктілер қалалық әскери комиссариатқа барып тіркеліп жатыр. Төтенше жағдай кезінде Шымкент қаласы әкімдігінің тапсырысымен қала бойынша әзірге 100-ге жуық азаматты қабылдау жоспарланған. Олар зазалсыздандыру мен блок-бекеттерде патрульдеу жұмыстарын атқарады. Бұл жолы 35 жасқа дейінгі азаматтар тіркеуге алынуда.
Жалпы, Шымкент қаласындағы залалсыздандыру жұмыстарына 50 автокөлік пен 600-ге жуық адам жұмылдырылған. Сондай-ақ, 200-ге тарта әскери қызметкер қамтылған.



ТАМАША ТӘЖІРИБЕ ЖИНАҚТАЛУДА

Иә, қазір елдегі ахуал шынында күрделі. Бір жағынан пандемия алқымнан алып жатса, екінші жағынан экономикалық дағдарыс елімізге қосымша ауыртпалықтар әкелді. Дегенмен, Қазақстанның бұл уақытша қиындықтарды жеңіп шығатын қаржылай қоры да, халқының бойында күш-жігері де бар.
Әрі кез келген дағдарыс бізді шыңдай түседі. Осындай қиын-қыстау кезеңде басталған ізденістер мен тәжірибелер болашақта дамудың жаңа сапалық деңгейіне көтерілуімізге жол ашады.
Бұл жөнінде Елбасы «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген мақаласында «Кез келген қиындық адамды тығы­рықтан шығуға, өзгеше ойлауға, қалып­тасқан жұмыс тәсілдерін жетілдіруге бастайды. Ал, бұл ғылым мен технологияны дамытуға, сергек өмір салтын қалыптастыруға алып келеді. Бүгінде еңбекті ұйымдастырудың креативті әдістері, тіпті жаңа кәсіп түрлері шыға бастады. Қазір адамдар біртіндеп қағазбастылықтан арылып, қашықтан жұмыс істеу режіміне көшті» деді.
Осыған орай бір ғана мысал айтайық. Бүгінде еліміз қашықтан білім беру бойынша тамаша тәжірибе жинақтап жатыр. Иә, қазір бұл істің өзіндік қиындықтары мен кемшіліктері болуы мүмкін. Алайда, бүгін жинақталып жатқан тәжірибе күні ертең кәдеге асатыны сөзсіз. Сол арқылы біз білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттырып, жаңа технологиялар негізінде жұмыс істеуге машықтанып жатырмыз.
Бүгінде Шымкент қаласында жалпы 213 білім беру ұйымы толығымен қашықтан оқыту форматына көшті. Биылғы 6 сәуірден бастап барлық мектеп оқушылары ІV тоқсанды қашықтан оқыту форматында бастады.
Қалада жалпы 172 мектепте 222 037 оқушы білім алуда.
Оқушылардың 96,7 пайызы электронды құрылғылармен яғни, компьютер, смартфон, планшетпен жабдықталған (214 613 оқушы), қалған 3,3 пайыз (7 424) оқушының телеарналар арқылы білім алу мүмкіндігі бар. 17 253 мұғалім электронды құрылғылар мен интернет желісімен қамтамасыз етілген.
Жоғары оқу орындары 4 цифрлық білім беру платформалары арқылы жұмыс атқаруда. Студенттер саны – 106 723 (практикада – 11 459, сырттай – 22 333).
2020 жылдың 26 наурызынан бастап барлық мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының жұмыстары тоқтатылды. Қаладағы барлық балабақша қызметінің уақытша тоқтатылған мерзімінде меншік түріне қарамастан балабақша қызметкерлерінің жалақылары толық көлемде төлену туралы шешім қабылданды.
Жоғарыда айтқанымыздай, бүгінгі таңда мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалаудағы басты өлшемдердің бірі – халықпен кері байланыс орнату.
Бұл тұрғыдан алып қарағанда Шымкент қаласының әкімдігі нәтижелі жұмыс атқаруда. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов шаһарда карантин енгізілуіне байланысты жергілікті телеарналар және әлеуметтік желілер арқылы мәлімдеме жасап, азаматтарға жағдайды баяндап отырды.
Төтенше жағдай жарияланған алғашқы күндерден бастап құрылған жедел штаб БАҚ пен тұрғындарды жан-жақты сараланған әрі шынайы ақпаратпен толық қамтамасыз етіп келеді. Сондай-ақ, ақпараттық-коммуникациялық орталықта күн сайын түрлі сала басшылары брифингтер өткізіп көпшілікті алаңдататын ең өзекті сауалдарға жауап беруде.
Төтенше жағдай кезінде тұрғындардың сауалдарына тұшымды жауап беру мақсатында қала басшылығының шешімімен арнайы Сall-орталық жұмысын бастаған болатын.
39-50-55 нөміріне тіркелген 9 телефонда күнделікті отыратын мамандар 22 наурыз бен 9 сәуір аралығында азаматтардан түскен 8 707 қоңырауды тіркеп, сауалдарға жауап берді.

 

16 науқас коронавирустан жазылып шықты

Төтенше жағдай енгізілгелі атқарылған барлық жұмыстың түпкі нәтижесі індеттің таралуына жол бермеу және науқастардың дертінен аман-есен айығуы. Осы тұрғыдан алғанда Шымкентте қолға алынған шаралар алғашқы нәтижелерін бере бастады. Денсаулық сақтау басқармасының соңғы мәліметі бойынша, қалада коронавирус жұқтырған 16 науқас ауруханадан жазылып шықты.

Ораза дұғалары 5684

Ал, пітір садақаны онлайн беруге болады

Биыл қасиетті Рамазан айы 24 сәуір күні басталады. Осыған орай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Azattyq Rýhy порталының «Азат алаң» бағдарламасына сұхбат берді. Наурызбай қажы Тағанұлы сұхбатында карантин кезінде пітір садақаны қалай төлеуге болатынына қатысты сұрақтарға жауап берді. Бас мүфти, сонымен қатар, биылғы Рамазан айында кейбір діни жоралғылардың орындалмайтынын, яғни тарауық намазы әдеттегідей жамағатпен оқылмайтынын, көпшілік үшін аузашар берілмейтінін түсіндіріп өтті.

— Ислам діні адамның амандығын, азаматтардың денсаулығын қорғауды бәрінен маңызды деп санайды. Сондықтан, өкінішке қарай, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты Рамазан айындағы құлшылық амалдарын орындауда бірқатар шектеулер енгізуге мәжбүр болып отырмыз. Мәселен, биыл пітір садақасы тек онлайн түрде төленеді. Ол үшін біз Каспи банкпен келісім-шарт жасадық. Рамазан басталған күні осы банктің мобилді қосымшасында арнайы баған пайда болады. Сол қызметті пайдалана отырып әрбір азамат өзі тұратын өңірдің орталық мешіті ашқан есепшотқа пітір садақасын аударады. Биыл пітір садақаның мөлшері – отбасының әрбір мүшесіне 370 теңге, – деді Бас мүфти.
Оның айтуынша, ынсап мөлшерінде дүниесі бар, яғни қазіргі өлшеммен алғанда күнделікті қажеттілігінен артылған 127 мың теңгесі бар адамға отбасының әрбір мүшесіне арнап пітір садақа беру – уәжіп амал.
— Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарымыздың «Кімде кім Рамазан айында ораза тұтқан адамды ауыз ашар кезінде тамақтандырса, оның бұған дейінгі күнәлары кешіріліп, өзі жұмаққа кіргізіледі» дейтін хадисі бар. Сонда сахабалары «Уа, Расулалла, біздің оған шамамыз келмесе ше» деп сұрағанда Алла елшісі «Ауыз ашқан адамға бір құрма, бір жұтым сүт немесе су берген адамға да сол сауап жазылады» деген. Яғни, басты мақсат — ауыз бекіткен адамды тамақтандыру, ол үшін бір жерге жиналып, бірге отыру немесе мол дастархан жаю міндетті емес. Қазіргі жағдайға байланысты үйде ауызашар өткізуге болмайды. Сондай-ақ, жылдағыдай мейрамханалар мен дәмханаларда, мешіттердің жанында ауызашар ұйымдастыруға тыйым салынып отыр. Есесіне, қазір қоғамдық тамақтандыру орындары үйге дейін жеткізу қызметін көрсетуде, – деді Бас мүфти.
Оның айтуынша, Сіз таныстарыңызға ауызашар беріп, сауапқа кенелгіңіз келсе, оларға телефон арқылы «Мен осы күні Сізге ауызашар беремін. Тағамдар Сіздің үйіңізге жеткізіліп беріледі. Басқа тағам әзірлемеңіз» деп алдын ала ескертесіз. Содан кейін мейрамханаға телефон арқылы хабарласып, өзіңіз әзірлеген тізімдегі адамдардың мекенжайын, жеткізіп беру уақытын және тағам түрлерін айтасыз да онлайн төлем жасайсыз. Осылайша өзіңіз үйден шықпайсыз, бірақ одан Алланың Сізге беретін сауабы ешқандай кемімейді.

 

628b8173-9426-42f0-bd0c-88f16d60b9d3


— Қазір мұқтаж жандар өте көп. Күнделікті табысын күн сайын жұмыс істеп тауып жүрген отбасылар қаншама болатын. Енді төтенше жағдайға байланысты сол отбасылардың барлығы табысынан айырылып қалды. Мемлекеттің беретін жәрдемақысы ол отбасының күнкөрісіне толық жете бермейтіні де шындық. Сондықтан мешіттерге телефон арқылы хабарлассаңыз Сізге осындай азаматтардың мәліметтерін береді. Ауызашар берейін деген ниетпен сол отбасыларға қаржылай немесе азық-түлік түрінде көмектессеңіз де болады, — деді
Наурызбай қажы Тағанұлы.
Бас мүфтидің айтуынша, ең бастысы Алла разылығы үшін қайырымдылық жасайын деген ниеттің болуы. Сіз ол қайырымдылықты қандай жолмен және қандай формада жасасаңыз да Алла барлығын көріп, біліп тұр. Періштелер бұл жақсылығыңызды амал дәптеріңізге жазып қояды.
Сонымен қатар Бас мүфти тілшінің «Тарауих намазын онлайн түрде оқуға болмас па еді» деген сауалына орай «шариғатта оған рұқсат жоқ» екенін айтты.

 1286-2850

алайда, мемлекеттен бөлінетін квота тым аз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемдегі барлық ерлі-зайыптылардың 8 пайызы бедеулік пен белсіздіктен зардап шегеді. Халықаралық ұйымның сарапшылары зерттеу кезінде кемінде 5 жылдан бері бала сүйе алмаған жұптарды ғана есепке алған.

Ал, елімізге белгілі маман Салтанат Байқошқарованың айтуынша,
Қазақстанда бұл көрсеткіш 15 пайыздан кем емес. Яғни, Қазақстанда бедеулік пен белсіздік әлемдік орташа көрсеткіштен 2 есе жоғары. Бірақ, бұл отандастарымыздың бәрі баланың қадірін біледі деген сөз емес.
Өкінішке қарай, ҚР Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, еліміздегі 15–49 жас аралығындағы әйелдердің 20 пайызы өмірінде бір рет болсын жасанды түсік жасатқан. Әрбір бесінші әйел жасының ұлғайғанын, әлеуметтік жағдайының нашарлығын, денсаулығындағы кінәратты, баласының онсыз да көптігін сылтауратып құрсағындағы шаранасын көзі қиып, өз қолымен өлтіретін қатыгез қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Жасанды түсік жасататындардың 70 пайызға жуығы өмірлік тәжірибесі аз жас келіншектер емес, керісінше жасы 40-тан асқан салиқалы әйелдер екені де ойландырады. Дүние-ай десеңші, біреулер сәбидің тырнағына зар болып, перзент сүйе алмай жүрсе, өзге бір әйелдер жатырында пайда болған жаңа өмірді қыршынынан қиып, түсік жасатады... Мұндайда халықтың демографиялық өсімі қайдан оңсын?!
Жастардың ұрпақ өрбітуінде кездесіп отырған қиындықтар қайсы? Жас толқынның репродуктивті денсаулығын жақсарту үшін мемлекет қандай қолдау көрсетуі керек? Осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрген болатынбыз.
Дәрігерлердің айтуынша, бүгінде бедеулік пен белсіздікті емдеудің ең тиімді тәсілі – экстракорпоралды ұрықтандыру. Жұртшылық ЭКО деп атайтын бұл ем түрін Еуропа елдері 40 жылдан бері қолданып келеді. Ал, Қазақстанға ЭКО бағдарламаларының ене бастағанына 20 жылға жақындады. Белгілі дәрігер-репродуктолог Алмас Ибрагимовтің мәліметі бойынша, осы жылдар ішінде елімізде жасанды ұрықтандыру әдісімен 20 мыңға жуық бала өмірге келіпті. Осы әдіспен бала сүюге талпынып жүрген ерлі-зайыптылардың бірімен біз де әңгімелескен едік.
Арман мен Айдананың (кейіпкерлердің аты-жөні өздерінің өтініші бойынша өзгертіліп алынды – авт.) жасы отыздан асып барады. Отасқандарына 9 жылдан асқанымен, әзірге дүниеге сәби әкелу бақыты бұйырмапты.
Алғашқы екі жылда жас жұбайлар бұл мәселеге онша назар аудармаған. «Әне-міне болып қалар» деп жүре берген. Тек содан кейін емделе бастапты. Үш жыл бойына үздіксіз емделгенімен нәтиже болмаған.
– Бір күні Арман үйге келіп «Перзентті бола алмағанымыз бізге Құдайдың берген сынағы ғой, Алла сүйген құлдарына ғана ауыр сынақтар береді, сондықтан ендігі жерде не болса да, тіпті перзент сүйе алмасақ та жанжалдан аулақ болайық, бір-бірімізден айрылмайық» деді. Азаматымның осындай парасаттылық танытқанына қатты қуанып, бар қайғымды ұмытып, өзімді сондай бақытты сезіндім. Содан кейін екеуміз де жұмыстан демалыс алып, Алматы қаласына ЭКО жасатуға бардық. Оған 700 мың теңгедей қаржы керек екен. Қолымыздағы қаржы оған жетпейді. Содан банктен 500 мың теңге несие алып, Алматыға аттандық, – деген Айдана 5 жыл бұрын басынан өткен оқиғаларды еске алды.
Бірақ, ерлі-зайыптылардың арманы бірден орындала қоймапты. Мамандар тағы бір рет байқап көру қажеттігін айтқан. Алайда, Шымкентте пәтер жалдап тұратын, екеуі бірдей жұмыс істесе де жалақыдан жалақыға әзер жетіп жүрген жас отбасы 700 мың теңгені қайта-қайта қайдан ала берсін?! Сонда да сағы сынбай, үш айдан кейін шекесі торсықтай ұл асырап алыпты. Ал, 2016 жылдың күзінде емхана мен ЭКО-орталықтағы түрлі тексерулерден, комиссиялардан өтіп жүріп, квотаның кезегіне тұрыпты. Арада 2 жылдан астам уақыт өткен соң кезектері келіп, екінші рет ЭКО бағдарламаның көмегіне жүгінген. Қазір бақытты жұп он жыл сағындырған сәбилері жарық дүние есігін ашар күнді күтіп, Алладан құрсақтағы шарананың амандығын сұрап отыр.
Жақында Репродуктивті медицина институтының Шымкент филиалы ашылды. Институттың басты артықшылығы — емделуші барлық қажетті сараптамаларды осында жасата алады. Науқас бұрынғыдай сараптама жасату үшін өзге қалаға сабылмайды. Тіпті жатырына салынған баланың да талдамасын осы орталық тексеріп бере алады. Орталық жұмысы Еуропалық мамандардың тәжірибесіне сүйене отырып жүргізіледі.
— Бұл жердің лабораториясы өте жақсы. Бір сағаттың ішінде 15 рет ауа ауысып тұрады. Өте таза ауа береді және басқа да артықшылықтары бар. Және бұл орталықта ЭКО-дан басқа әйелдерге лапороскопиялық отаның барлық түрі жасалады. Және ерлердің де бедеулігін шешеді.
Клиника бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады. Бір мезетте 25 адам лапороскопиялық ота жасатып, емделу мүмкіндігі бар. Жылына 3000 ЭКО бағдарламасын және 2000 лапороскопиялық ота жасай алады, – дейді институттың бас маманы, репродуктолог
Ләззат Айтожина.
Әрине, Шымкентте осындай заманауи емдеу мекемесінің ашылуы тамаша жетістік. Алайда, ең өзекті проблема — ЭКО жасатуға мемлекеттен бөлінетін квотаның жеткіліксіздігі.
Шымкент қаласында қазір экстракорпоралды ұрықтандырумен айналысатын «Экомед», «DL-ЭКО», «Брак и семья» және «Доктор Тарараканың ЭКО орталығы» атты 4 орталық бар. Қазір баға біршама арзандаған. Шамамен 400-450 мың теңгенің төңірегінде. Бірақ, кейіпкерлеріміздің сөзінен байқағанымыз, жастардың басым бөлігі үшін бұл орталықтардың қызметі әлі де қымбат.
Жалпы, Қазақстанда экстракорпоралды ұрықтандыруға квота 2010 жылдан бері бөлініп келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметіне сәйкес, республика бойынша 2019 жылы – 900 квота, биыл 1200 бөлінген. Егер елімізде репродуктивті жастағы ерлі-зайыптылардың жалпы саны 2 миллионнан асатынын, оның 15 пайызы бедеулік пен белсіздіктің түрлі деңгейлерінен зардап шегетінін ескерсек, 300 мың ата-ана перзент сүйе алмай қиналып жүр деген сөз. Оның ішінде жыл сайын кемінде 20 мың жұп емнің осы тәсілін қолданғысы келеді. Бірақ, оған бәрінің бірдей қолы жетпейді.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметтерге сәйкес, 2019 жылы қалада емнің осы түріне 159 квота, ал, биыл Шымкент қаласында ашылған жаңа орталыққа бюджет есебінен 322 квота бөлініпті. Алайда, бұл — жеткіліксіз.
Дәрігер-репродуктолог Алмас Ибрагимовтің айтуынша, біздің елімізде ерлі-зайыптылар ЭКО қызметіне өте кеш, көбіне 35 жастан асқан соң ғана жүгініп жатады екен.
– Жастар көп жылдарын консервативті ем тәсілдерін қолданумен өткізіп алады. Тәуіпке барып, қасиетті жерлерді аралап уақытын зая кетіреді. Ал, біздің қызметімізге 80 пайыз жағдайда 35-40 жастан асқан ерлі-зайыптылар жүгінеді. Иә, теория бойынша қазір жасанды ұрықтандыруды 45 жастан кейін де іске асыруға болады. Бірақ, іс жүзінде жұбайлардың жасы ұлғайған сайын нәтижеге қол жеткізу қиындай береді. Ал, мемлекет бөлетін квотаны алу үшін кемі 2 жыл кезек күтуге тура келеді. Осы аралықта кейбір әйелдердің репродуктивті жасы өтіп кетеді. Сондықтан мемлекет бұл бағытқа бөлінетін квотаны еселеп арттыруы керек, – дейді А.Ибрагимов.
Дәрігердің айтуынша, соңғы 1-2 жылда ЭКО-ға жүгінетін жастар да көбейген. Бұрындары барлық ЭКО жасатқандардың небәрі 10 пайызы 30 жасқа толмағандар болса, қазір бұл көрсеткіш 30 пайызға жетіпті.
Арман мен Айдананың әңгімесінен аңғарғанымыз, мұндағы жалғыз проблема кезек күтуде емес, мемлекеттік квота алу үшін ерлі-зайыптылар шамамен 70 түрлі медициналық тексеруден өтуі керек. Біздегі онсыз да кезегі бітпейтін емханада 70 есікке кіріп-шығу дегеніңіз оңай шаруа емес.

 

ТҮЙІН:

Әрине, қазіргі заманда әркім өз денсаулығына өзі жауапты. Бедеулік пен белсіздікке әкеп соқтыратын себептердің қатарында спиртті ішімдіктер, темекі, дұрыс тамақтанбау, қимыл-қозғалыстың аздығы, төсектегі серіктестің тұрақты болмауы, жыныстық инфекциялардың таралуы және жыныстық аурулардың уақтылы емделмеуін айтуға болады. Жастар осының бәрінен аулақ болса, бәлкім бедеулік қаупі де азаяр ма еді?!
Иә, Біріккен Ұлттар Ұйымының репродуктивті денсаулықты қорғау бойынша мамандандырылған мекемесі – ЮНФПА-ның еліміздегі өкілдігі соңғы 25 жылда атқарылған іс-шаралар нәтижесінде Қазақстандағы туу көрсеткіштері 19.6 пайызға өскенін, бала өлімі көрсеткіші 3,4 есе азайып, ана өлімінің көрсеткіштері 5 есе азайғанын мәлімдеді. Мұның бәрі тамаша жетістіктер.
Дегенмен, бүгінде қазақ жастары бетпе-бет келіп отырған күрделі проблемалар шаш-етектен. Бедеулік пен белсіздік – солардың ең өзектілерінің бірі. Егер болашағымызды ойласақ, мемлекет ЭКО бағдарламаларға бөлінетін квотаны еселеп арттыруы тиіс деп ойлаймыз. Егер Реподуктивті медицина институтының Шымкентте жаңадан ашылған филиалына мемлекет тарапынан көбірек квота бөлінсе, бұл бүкіл оңтүстік өңірде демографиялық өсімнің артуына оң ықпал етер еді.

Рухани жаңғыру

Абайдың жетiншi қара сөзiн бiлмейтiндер кем шығар. Жан құмары мен тән құмары жайлы сөз қозғаған данышпан «Дүниенiң көрiнген һәм көрiнбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп бiлмесе, адамдықпен орны болмайды. Оны бiлмеген соң, ол жан адам жаны болмай, хайуан жаны болады» деп түйедi. Мұндағы хәкiмнiң «көрiнген сыр» дегенi материалдық игiлiктер де, «көрiнбеген сыры» – руханият. Яғни Абай ұғымында өмiрден жан азығын алмаған, рухпен iсi болмаған кiсiнiң хайуаннан айырмашылығы жоқ. Бiз емес, абайтанушы ғалымдар осылай тәпсiрлейдi.

Ендi Абайдың сол байламын басшылыққа ала отырып бүгiнгi өмiрiмiзге зер салайықшы. Не көремiз, ненi байқаймыз? Тәуелсiздiк алған ширек ғасырда экономика айтарлықтай дамыды, халықтың тұрмысы да түзелдi. Қазақ елi бiреуден iлгерi, бiреуден кейiн болса да әйтеуiр тыныштық пен молшылықта күн кешіп келді. Бiрақ, замандастарымыздың көбi күнкөрiс қамының, тән құмарының соңына түсiп кетiп, руханияттан алшақтай бастады. Азаматы жан азығын алмаған соң қоғамды түрлi iндет меңдеп алды. Жалақорлық, жемқорлық, жағымпаздық, жеңiлтектiк, көзбояушылық, тасбауырлық…
Iшiмiзден iрiтiп, адамдықтан алыстатқан қасиетсiздiктер осылар. Осының бәрiнiң ортасында өмiр сүре жүрiп мұндай iстерге немқұрайлы қарайтынымыз қай-қайсымыздың да рухани дiмкәс екенiмiздi көрсетедi.
Кім білсін, бәлкім елімізде таралып, тіпті бүкіл әлемді шарпып бара жатқан, қоғамды қалыпты тіршілігінен ажыратқан қазіргі пандемия біздің руханияттан алшақтап, шектен шыға бастағанымыз үшін жаратқан Иеміздің жіберген ескертуі шығар. Қолда бардың қадірін білмегеніміз үшін, жақындарымызға жеткілікті мөлшерде мейірімді болмағанымыз үшін немесе Абайша айтқанда, «пайда, мақтан, әуесқой – шайтан ісінен» тыйылмағанымыз себепті осылай сыналып жатқан болармыз.
Сырқаттан айығу үшiн рухани сiлкiнiс керек. Мұны парықтап, санада салмақтаған кезде Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының не себептi жазылғанын ұғына қоясыз.
Осы аптада Ұлт Көшбасшысының айтулы мақаласының жарыққа шыққанына 3 жыл болады. Есті адам болса, үш жыл деген ойлануға, ішкі жан дүниесін өзгертуге жеткілікті уақыт.
Осы уақытта біздің қоғам рухани сілкініс жасай алды ма? Мақалада айтылған ұлттық кодты жас ұрпақтың бойына сіңірудің үдесінен шықтық па екен? Өз-өзімізді өзгертіп, рухани кемелдену жолында қандай қадам жасадық? Бұл сұрақтарға жауап берерде көбіміз мүдіріп қаламыз.
Өйткені, көп адам рухани жаңғыруды мемлекеттiң өзi қабылдап, өзi жүзеге асыратын қатардағы көп бағдарламаның бiрi деп ойлаған секiлдi. Солай ойлағандықтан да жаңғыру үшiн түрлi жобалар жасап, iс-шаралар ұйымдастыруды ләзiм санап, шапқылағандар баршылық. Мейлi, мемлекеттiк органдар өздерiне жүктелген мiндеттердi толық орындады-ақ делiк. Елбасының еңбегiнде айтылғандай, киелi орындардың картасы жасалды. Оны кәрi-жасымыз аралап та шықтық. Бiрақ тамашалаған тарихи орындарымыз жанымызға қозғау салып, ол жердiң киесiн сезiнiп, iштей тазаруға ұмтылдық па? Әлде бұл жай кезектi бiр саяхат болып қалды ма?! Мақалаға сәйкес қабылданған «Туған жер» бағдарламасының шеңберінде қалталы азаматтар, кәсiпкерлер, жалпы елге белгiлi адамдар әрқайсысы өз ауылына шама-шарқынша көмектесіп жатыр. Бiрақ бұл iстен жас ұрпақ өнеге алып, адамдардың бойында туған жерге деген сүйiспеншiлiк, iңкәр сезiм пайда болды ма? Біздіңше, көп жағдайда бұл іс тағы да атын шығарғысы келетiн байшыкештердiң арзан PR-кампаниясына айналып кеткендей... Әлемдегi үздiк 100 оқулықтың қазақ тiлiне аударылуы – керемет бастама! Алайда, балаларымызды кiтапқұмар етiп тәрбиелей алмасақ, аударылып жатқан сол тамаша кiтаптар да ертең кiтапханалардың шаң басқан сөрелерiн толтыра түсуден өзгеге жарамай қалатынын ұмытпайық.
Айтайын дегенiмiз, әрбiр адам, тiптi тұтас қоғам болып рухани кемелденуге ұмтылмасақ, бар жауапкершiлiктi билiктiң мойнына артып қойып қарап отырсақ, бұл бағдарлама жаңғыруға бастамай, құр жаңғырық болып қала бередi.
Өзiн-өзi түзетуге ұмтылмаған адамды да, қоғамды да ешқандай билiк түзете алмайды. Оны қарт тарих талай рет дәлелдеген.
Алысқа бармай-ақ КСРО-ның тарихына үңiлсеңiз бұған көз жеткiзесiз. Сталин Одақта темiрдей тәртiп орнату үшiн әртүрлi деректер бойынша 12 миллионан 40 миллионға дейiнгi адамды репрессиялады! Бiрақ содан елде бiржола тәртiп орнады ма? Жоқ. «Халықтардың әкесi» дүние салған соң арада 10 жыл өтпей Одақты жемқорлық қайта жайлап, бертiнде КСРО ұрылардың елiне айналды. Миллиондаған адамдардың қанын қатыгездiкпен төгу арқылы орнатылған тәртiп адыра қалды. Тағы да қайталап айтамыз, өзiн-өзi түзеуге ұмтылмаған адамды да, қоғамды да ешқандай билiк те, заң да түзете алмайды. Ондай пенденi Алла да түзу жолға салмайды. Өйткенi, Жаратушы Иемiз жақсы мен жаманның арасындағы таңдауды өз еркiмiзге қалдырған. Бұл – қасиеттi Құранда жазылған қағида.
Сөздiң түйiнi, рухани жаңғыруды әркiм өзiнен бастауы қажет. Ал, рухани жаңғыру деген не деп қайғы жесеңiз, оның жауабы белгiлi. Ол – адалдық, әдiлдiк, iшкi жан тазалығы. Яки үшеуiн бiрiктiрiп имандылық деп айтамын десеңiз өз еркiңiз.
Айналаңызға зер салып қараңызшы, қайда барсаңыз өз iсiн бiлмейтiн мамандар, уәдеде тұрмайтын адамдар, сапасыз iстелген жұмыстар, жөнделiп болмай жатып қайта тесiлген жолдар, жарылған құбырлар, шашылған қоқыс... Сабақтан қашқан оқушылар, емтиханды ақшамен жапқан студенттер, жол ережесiн бұзып, ұсталмай кеткенiне мақтанған көлiк жүргiзушiлерi, парақор пысықайлар мен жемқор басшы...
«Арым жанымның садағасы» дейтiн мәрт қазақтың елiнде мұның бәрi неге қалыпты жағдайға айналып кеттi?! Өйткенi, бойымызда әлгi айтқан үш iзгi қасиет кемiдi.
Бәрiмiз елде жемқорлық жайлап кеткенi үшiн билiктi кiнәлаймыз. Бiз атқамiнер ағалардың бәрiн сүттен ақ, судан таза деуден аулақпыз. Бiрақ өзiмiз қандай болсақ, бiздiң елдiң билiгi де сондай болып қала беретiнiн ұғынуымыз керек. Ойланып көрiңiзшi, жол салуға бөлiнген бюджеттiк 100 миллион теңгенің 20 миллионын жымқырған әкiм мен таңсәрiде сауған 8 литр сүтiне 2 литр су қосып сатқан келiншектiң не айырмашылығы бар?! Екеуi де адалдықтан аттады емес пе? Әлде бiрiнiң адамдықтың алдындағы күнәсi жеңiлдеу ме? Қиянаттың үлкен-кiшiсi бола ма?.. Тек әкiмнiң жемқорлығы көзге ұрып тұрады да, сүтке су қосып сатқан келiншектiң ұрлығы байқала бермейдi. Дегенмен, қазақ «Сыбырлағанды құдай естiмей ме» деп бекер тұспалдамаған шығар...
Хәкiм Абай «Баламды медресеге бiл деп бердiм, Қызмет қылсын, шен алсын деп бермедiм» дейдi. Қазiргi кейбір жемқор басшыларды өткен ғасырда әкелерi университетке не деп бердi екен? Шамасы көпшiлiгiн «Совхоз директоры болып, мына ағыл-тегiл байлықтан қарпып қал» деген ниетпен берген сияқты. Ал, бiз балаларымызға қандай өнеге көрсетiп жүрмiз? Оларды бiлiм алуға шақыра отырып, сол бiлiмдi жемқорлықтың, пайдакүнемдіктің емес, iзгiлiктiң жолына пайдалану керектiгiн ұғындыра алып жүрмiз бе?
Ғасырдың ортасына қарай елiмiзде жемқорлықтан ада, әдiлеттi, халықтың қамын ойлайтын билiк орнасын десек, алдымен өзiмiз адал болуға ұмтылайық. Iстеп жүрген iсiмiзге, жалақы алатын мекемемiзге, отбасымызға адал болайық.
Одан бұрын бүгінгі сынақтардан аман өтейік десек, түрлі індеттер мен нәубеттер алдағы өмірімізде бізге қайта айналып соқпасын десек, кiшкентай болсын ұрлықтан, қиянаттан аулақ тұрайық. Сол арқылы ел мен жердiң, арымыздың алдында адал бола аламыз. Әйтпесе, бәрімізді үрейлендірген коронавирус кетер-ау, бірақ жүрегімізге мықтап жайғасқан тәкаппарлық, екіжүзділік пен мақтансүйгіштік дейтін вирустардан арылмай айтып келмейтін апаттардан арылуымыз неғайбыл.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, рухани жаңғыру деген адалдық, құрметтi оқырман! Бұл iстi өзiңiз қолға алмасаңыз, Сiздiң iшкi жан-дүниеңiздi сырттан келiп ешқандай күш өзгерте алмайды. Ал, жақсы өмiр сүру үшiн, жақсы күндерге қайта қауышу үшін Елбасы айтқандай, өзгере бiлуiмiз керек.

287 кәсіпкерге айыппұл салынды

Среда, 01 Апрель 2020 06:40

Шымкент қаласында төтенше жағдай режимін бұзғаны және санитарлық талаптарды орындамағаны үшін сауда және қызмет көрсету нысандарына 287 әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды.

Бұл туралы Шымкент қаласының төтенше жағдай жөніндегі штабынан хабарлады.
Атап айтқанда, соңғы 5 күннің өзінде Абай ауданында – 144, Еңбекші ауданында – 58, Қаратау ауданында – 50 және Әл-Фараби ауданында 35 кәсіпкерлік нысаны жауапқа тартылды. Оның ішінде сауда орталықтары, азық-түлік дүкендері, дәмханалар, әсемдік салондары, ломбардтар мен автокөлікке техникалық қызмет көрсету орталықтары бар.
Айта кетейік, төтенше жағдай кезінде сауда және қызмет көрсету нысандарының жұмыс уақыты шектелген. Бұл орындардың кіре берісінде қолды антисептикалық өңдейтін құралдар қойылып, келушілердің дене қызуы контактісіз пирометрмен өлшенуі тиіс. Сондай-ақ, қызмет көрсетуші персонал мен келушілер медициналық бетперде тағып жүруге міндетті. Осы талаптарды орындамаған кәсіпкерлер алдағы уақытта да жауапқа тартылады.

 

брифинг абай акими

Шымкент қаласындағы карантинге жабылған Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде.

«Nur Otan» партиясы ұйымдастырған «Біз біргеміз!» республикалық акциясының аясында 107 (616 адам) жағдайы төмен отбасыға азық-түлік себеттері тегін таратылды.
Бұл туралы Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында мәлімдеді.
–Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабы короновирус инфекциясына байланысты 14 күнге карантинге жабылғаны белгілі. Біз осы қиын кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Елбасы тапсырмасымен ұйымдастырылған «Біз біргеміз!» республикалық акциясының аясында 107 (616 адам) жағдайы төмен отбасыға азық-түлік себеттері тегін таратылды. Сонымен қатар 716 отбасыға 40-50 пайыз жеңілдікпен картоп, пияз, сәбіз, май, ұн ұсынылды, - деді Бұқарбай Рысқұлұлы.
Б.Парманов тұрғын алабына арзандатылған бағамен бірінші сұрыпты ұн жеткізілгенін, қазір нан бағасы тұрақты екенін айтты. Нан Жаңаталап тұрғын алабындағы (500 метр қашықтағы) наубайханада жабылып, жеткізілуде. Тұрғындарға нан 75 теңгеден сатылып жатыр. Ал «ЛТД Тұрмыс» мекемесі елдімекенге күніне 2 мезгіл таза ауыз су жеткізіп беруде.
Аудан әкімінің айтуынша, елді мекендегі барлық тұрғындар қауіпсіздік талаптарын мұқият орындап, үй карантинінде отыр. Барлық 2 856 тұрғынға тұрақты түрде тегін медициналық бетперде таратылуда.
Айта кетейік, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алабында 132 аз қамтамасыз етілген, 96 көп балалы отбасы өмір сүреді.

 

Страница 1 из 2