Өз өзіңді оқшаула

Пятница, 17 Апрель 2020 02:06

37fc41de-42f2-4db6-affe-55dc3ded3063

Жұқпалы індет тарағалы «103» қызметінің жұмысы күрт көбейді. Төтенше жағдай енгізілгеннен соң ең алдымен жауапкершілік осы сала мамандарына жүктелді. Жедел жәрдем стансасының бекеттеріне күніне 2500-ден астам қоңырау келіп түседі.

Тәулігіне 1500 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетіледі. Айта кету керек, күн сайын денсаулығына шағымданып, хабарласатындардың саны бұрынғыдан еселенді. Олардың көкейінде жаһанды жайлаған кеселді жұқтырып алдыма деген алаңдаушылық басым. Ал орталыққа қоңырау соққан науқастардан алдымен аурудың себеп-салдары сұралады. Туыстармен қарым-қатынасы тексеріледі. Сонан кейін шақырту санаты анықталады.
– Көбісі басы ауырып, жөтелсе, дене қызуы көтеріліп, жайсыз сезінсе ауру жұқтырдым деп үрейленеді. Хабарласқандардың 30-40 пайызы коронавирусқа қатысты сауал қойып, кеңес сұрайды. Қазір тыныс жолы ауруларының артқаны байқалады. Шақыртулардың ішінде қан тамыр аурулары, инсульт, инфарк сырқаттарының саны өскен, – дейді оперативті бөлімнің диспетчері Сымбат Маханбетәлі.
Сын сағатта қатерге қарамастан жедел жәрдем бригадасының дәрігерлері науқастарға көмек көрсетуге әрқашан дайын. Оларға басы ауырып, балтыры сыздағанның бәрі туысындай. Кеселмен бетпе бет келсе де, мамандар алдыңғы шепте белсенді жұмыс істеп жатыр. Мұнан бөлек, төтенше жағдайда құлау, жол-көлік оқиғалары көбейген.
Қазір «103»-тің мамандары шұғыл шақыртулардың бәріне қорғаныш костюмдерімен барады. Талапқа сай бет, қол, көздің бәрі жабық болуы керек. Медициналық қорғаныш киімдері қалың резинкадан жасалған. Ішіне ауа кірмейді. Қуаттағыш арқылы берілетін оттегі 8 сағатқа жетеді. 3 қабатты бетперде, індеттен қорғаныш костюмі жұқпалы ауру болмаса, бір тәулікке киюге жарайды. Ал 3 қабатты маска мен медициналық қолғап 3 сағат сайын ауыстырылып тұруы тиіс. Егер індет жұқтырған науқасқа баратын болса, онда киілген арнайы костюмдер шақыртудан кейін шұғыл ауыстырылады.
Қала бойынша 10 жедел жәрдем бекеті, 100 бригада бар. Мұндағы мамандардың бәрі өз қызметін жақсы біледі. Коронавирус індетін жұқтырған адамдарды жедел жәрдем бригадасы арнайы медициналық стационарларға тасымалдайды.
Қалалық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекова шымқалалықтарды карантин талабын қатаң сақтауға, үйден сыртқа шықпауға шақырады. Оның айтуынша, қауіп әлі сейілген жоқ. «Ауру жоқ» деп бей-жай қараған тұрғындардың бейқамдығынан індеттің ілмегіне іліккендер саны 15 сәуірдегі жағдай бойынша 43 адамға жетті.
– Көктем мезгілінде созылмалы аурулар бас көтереді. Ескі сырқат асқынады. Әзірге шақыртулардың ішінде коронавирусқа шалдыққан науқастар жоқ. Әйткенмен адамдар бұл кеселдің қауіпті екенін түсінбей жүр. Карантиннің мәні жауапкершілікте екенін ұғынуымыз қажет. Барынша оқшауланып, сіз бен біздің ет жақындарымыздың амандығы үшін бей-жай қарамауға тиіспіз. Өзіңді қорғаудың жолы үйден шықпау, – дейді №2 бекет меңгерушісі
Эльмира Тасбауова.
Айта кетейік, Үкімет басшысы тағайындаған үстемақы шымкенттік 1290 медицина қызметкеріне берілді. Оның ішінде жедел жәрдем стансасының бекеттерінен 129 дәрігер, 668 фельдшер, 421 жүргізуші сыйақы алды.
Қаладағы карантин уақыты 1 мамырға дейін созылды. Төтенше жағдайдың сәтті аяқталуы өзіміздің жауапкершілігімізге байланысты. Дәл қазір үйде отырсақ, вирус жұқпайтыны анық. Біз қауышармыз, жолығармыз. Оған дейін бір-бірімізден алыста болған жөн. Өз-өзіңді оқшаула. Қоғамдық орында бетпердеңді ки. Сонда елді дүрбелеңге салған дерттен аман боласыз, дейді дәрігерлер.

 

Орамал – өмірлік аксессуар

Пятница, 17 Апрель 2020 02:01

5a28b9ce-1470-47dc-957c-194f456b8941

Ақын Қадыр Мырза Әлінің сөзіне жазылған Нұрғиса Тілендиевтің «Әже туралы» әнінде «Менің жаным жаулығыңа түюлі» деген сөз бар. Танымал әннің мәтініне қарап, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде орамалдың рөлінің маңыздылығын байқауға болады. Аналарымыздың арындай болған жаулықты дәріптеу мақсатында әлеуметтік желіде «Орамалды ару» челенджі кеңінен тарап кетті. Өңірлердегі қыз-келіншектер ә дегеннен бір-бірін қолдап әкетті. Аз уақытта желі беті көз жауын алатын жаулықты жандардың фотосына толды.

Иә, орамал тағу – салт-дәстүрдің бірі. Кешегі ата-әжелеріміз ақ жаулықты құрметтеді. Әдебін сақтады. Ұлттық болмысын ұмытпады. Орамалды қыз-келіншек отбасылы адам екенін аңғартады. Ана екенін, адал ниетпен аттаған шаңырағы бар екенін білдіреді. Осыдан оның қадір-қасиетін ұғуға болады. Алайда орамал сәннен қалған емес. Ол – өміршең аксессуар. Кез келген киіммен үйлесімді. Сәндеп тағудың да түр-түрі бар. Шалма қыласыз ба, тюрбан ретінде көресіз бе, еркіңіз. Қазақ әйелі қашанда орамалсыз жүрмейді. Игі дәстүрді отбасында қалыптастырған жандардың әдемі үйлесімділігіне сүйсінесің. Тәубе дейсің.

Орамалды келіншек

Желіде эстафетаны жалғастырған Аяулым Тастанбектің сұлулығына ажар берген орамалы көпті сүйсінтті. Келбетімен үйлескен жаулық талай нәзік жандының қызығушылығын тудырды. «Маған жараспайды», «Басымда тұрмайды», «Сусып түсе береді», «Таққым келмейді» деген келіншектер оған сырттай қызықты. Аяулым орамалды насихаттаудан жалықпайды. Мерекелерде өмірлік аксессуарды сыйлап, құрбыларының көңілін көтеріп қоятыны бар. Екі баланың анасы қазір орамал тағудың хас шебері. Гардеробында түрлі-түсті ұлттық брендтің сан түрі бар.
– Ақ жаулықты жақсы көремін. Сәндеп тағуды қыз-келіншектерден үйрендім. Қазір түрлендіріп қолдану хоббиіме айналды. Бұрынғыдай емес, орамал тағатын келіншектер көбейіп келеді. Әлеуметтік желілерде сәнді тағуды үйрететін парақшалар мен видеолардың көбеюі қуантады. Ежелгі шығыс, араб стилімен ұштастырып, заманауи үлгіде тағылатын түрлері көп. Қалауыңа қарай, үлгісін аласың. Біріншіден, жалаңбас жүргенше орамалмен жинақы көрінесіз. Екіншіден, орамал әрбір келіншек пен әйелдің ары мен сәні. Керек десеңіз, тартып жүруге міндетті киімі, – дейді Аяулым.

 

48f5ea98-3b50-4724-aa49-c139d4ec82f1

 

Дәстүрлі ұлттық бренд

Орамалды ұнатпайтын нәзік жанды жоқ. Күнделікті өмірде тартпаса да, қонаққа, асқа барғанда іздейтіні анық. Құран оқылған жерде әйел адам жалаңбас отырмайды. Несін айтасыз, базар нарығында бұл тауардың түр-түрі бар. Қалтаңның шамасына қарай сатып аласың. Десе де, ұлттық бренд кәсіпке айналды. Әнші Роза Әлқожаның орамалын қалада былай тұрсын, ауыл-аймақтағы қыз-келіншектер қолдан-қолға тигізбейді. «Мен сыйға тартқан орамал» дүкендер желісі еліміздегі облыс орталықтары мен қалаларда жұмыс істейді. Сөйтіп, орамалды ауыл әйелдері ғана тағады деген ұғым санадан көмескілене бастады. Себебі, қалалық нәзік жандылар да өмірлік аксессуарға біртіндеп бет бұруда. Әншімен қатар, шымкенттік Мариям Еркінбекова орамал бизнесін дөңгелетіп отыр. Көпбалалы ана алдымен жұмыспен қамту орталығына тіркеліп, 3 айлық тігіншілік курсты оқыпты. Сөйтіп тігіншілік кәсіптің қыр-сырын үйренеді. Атамекен Палатасының «Бастау Бизнес» бағдарламасы арқылы 505 мың теңге грантты ұтып алады. Биылдан бастап, орамал, тюрбан тігуді қолға алды.
– Алғашқыда жұмыс бастау оңай болған жоқ. Келушілердің назарын әлеуметтік желілердің көмегі арқылы (mariam_turbans) тарттым. Сөйтіп алушылардың қатарын жинадым. Қазір кәсібім жайлап дамып келеді. Көбіне сұраныс қала аумағындағы қыз-келіншектерден түседі. Өзге өңірлерден қызығушылық танытып жатқандар да бар. Ауылдарда қазақы ұлттық нақыш жақсы сақталған. Той көйлектерінен гөрі, камзол, көйлекті орамалдармен үйлестіріп алады, – дейді Мариям Әбибуллақызы. Шебердің қолынан шыққан отандық өнімнің қай-қайсысы да әдемі. Өзі тігеді. Өзі гүл өрнегін салып, түрлі ою-өрнекпен көмкереді. Мариямның инстаграм парақшасында тюрбанның 50-ге жуық түрі бар. Бағалары да қолжетімді. 2000 теңгеден басталады. Сапалы матадан жасалған аксессуарлар жас келіндердің басында желбіреп жүр. Орамал жараспайтын әйел бола ма? Мариям карантин біткен соң шашақты, ою-өрнекті, таспен көмкерілген үлкен орамалдар тігуді қолға алмақ.
Иә, орамал тағудың өзіндік ұстанымы бар. Ақ түсті орамал қуанышты, жақсылықты білдірсе, қара түс қасіретті байқатқан. Ең бастысы, жаулық сыйлық, жол тарту ретінде маңызды рөл атқарады. Сондықтан «Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», «Орамал тон болмайды, жол болады», – деген сөз қалған.

Өміршең аксессуар

Қазір орамал тағудың әдісі көп. Беті толықша келген қыздарға кез келген орамал жарасады. Көбіне қыздар реңіне, түсіне қарай таңдайды. Беті сопақ бойжеткендер шаштарын түйіп немесе шашының көлемін үлкейтіп тақса болады. Сосын кекіл түсіріп, тақса да жарасады.
– Орамал тағу жоғалды дегенге келіспеймін. Мұндай өмірлік аксессуар шаш үлгісін қажет етпейді. Салонға баратын уақытты үнемдейсіз. Кез келген киімге үйлестіріп таққан орамал сіздің ажарыңызды ашады. Ал, орта жастан асып, немере сүйіп отырған апаларымыз бен самайын ақ шалған әжелеріміздің жалаңбас жүргенін көргенде ыңғайсызданамын. Әйелдер қауымы ортаның ықпалымен кеткендей. Шашын бұйралап, орамалсыз жүреді. Жас қыздарға шашты жайып жүру де сән. Десек те, жасымыс әйелдер үшін бұл үлгі ерсілеу дер едім,– дейді стилист Гүлмира Темірова.
«Әйел орамал тақпаса арын ұмытады, күйеуінің барын ұмытады, шашы тамаққа түседі, үйіне келген қонақтың назары түседі», – деген сөз бар. Шындығында әйел адамның жалаңбас жүруі көзге қораш көрінеді. Медицина саласы да өмірлік аксессуардың нәзік жандыларға пайдалы екенін айтады. Мамандардың мәлімдеуінше, әйелдер жерден қуат алады. Содан болса керек, әйелдің шашы ауадағы шаң-тозаңды жинайды. Ал ашық-шашық киім ағзада гормон жүйесінің бұзылуына әкеліп, жыныс мүшелеріндегі қатерлі ісік және өзге де ауруларға жол ашады.

Түйін.

Орамал тағу қазақ әйеліне ғана тән үрдіс емес. Түркі тілдес
халықтар да орамалды қастерлеп, пайдалана білген. Демек, өмірлік аксессуардан үркуге не тосырқауға негіз жоқ. Ол – өміршең. Ол қайталанбас дүние. Қай кезде де құндылығын жоғалтпайды. Қысқасы, ақ жаулық жамылған аналарымыз бен орамал таққан келіндеріміз азаймасын.

АЛЛЕРГИЯ алаңдатып тұр

Среда, 08 Апрель 2020 05:50

89

Ауру айтып келмейді. Дегенмен кейбір аурулардың белгілі бір маусымға қарай бас көтеретіні, өршитіні болады. Айталық қазір аллергияның қозатын кезі. Түшкірініп, пысқырынатын бұл кесел көп адамда кездеседі. Көз қышиды. Мұрын бітеледі. Дем жетпей, дегбір кетеді.  Десек те, түшкірсе болды, өзін «аллергиямын» деп диагноз қоятындар бар. Сөйтіп өз бетінше ем-шараға кірісетіндері де аз емес.

Денсаулығыма қауіп келеді деп ойламайды. Дәрінің де, инъекцияның да түр-түрін сынақтан өткізеді. Өкініштісі сол, аллергияның дәріден соң өршитінін ескере бермейді. Ауру белгілері қатты байқалғанда ғана сан соғады. Дерт меңдеп, жанына батқанда­ ғана дәрігердің есігін қағады. Осыдан келіп «Аллергиядан жазылуға бола ма?» деген сауал­ туындайды.
Қала тұрғыны Ақжібек Мұстафина жыл сайын көктемді мазасыз қарсы алады. Маусымды дәрі қабылдап, екпе салғызумен өткізеді. 37 жастағы келіншек 14 жылдан бері аллергиямен ауырады. Кесел басталғанда оның алғашқы сәбиіне аяғы ауыр болатын. Ол аллергияның алғашқы белгісін «салқын тиді» деп елемепті. Босанғасын аурудан айыққандай болған. Бірақ көктем шыға жағымсыз күй қайта басталды. Шарасы қалмағасын аллерголог маманнан кеңес алды. Дипроспан салдырды. Бірақ антибиотиктің әсері көпке бармады. Амалы қалмаған Ақжібек дәрігер іздеп табанынан таусылды. Аллергия үшін маманның нұсқауынсыз жасамаған шарасы жоқ. Құрбысының кеңесімен түрлі компаниялардың шөп дәрісін ішті. Небір дәруменді қолданды. Әдепкіде сәл-пәл тәуір болады. Сосын ескі кесел қайтадан «әдетіне» басады.

НЕДЕН ПАЙДА БОЛАДЫ?

Дәрігерлер маусымдық аллергияның уақытша кесел екенін айтады. Бірақ ауырған адамның арқасын кеңге салуына болмайды. Он жыл бұрын дүниежүзілік ғалымдар «ХХІ ғасыр - аллергия ғасыры» деп дабыл қақты. 2020 жылдары жер шарының әрбір бесінші тұрғыны аллергиядан зардап шегеді деп болжады. Әзірге дерек пен дәйектің шындығына көз жеткізген ешкім жоқ. Десе де, шымкенттік дәрігер Гүлсім Байділдаеваның айтуынша, ауаның ластануы, сапасыз тамақтану, дене қимыл қозғалысының шектелуі, жүйке жүйкесінің әлсіреуі бүгінгі аллергияның себеп-салдары болып тұр. Қазір бұл кеселдің түрі көп. Алайда ғылыми тұрғыда толық дәлелденбеген. Ғалымдардың мәліметі де әралуан. Бірі – 400-ге жуық десе, бірі – 4 мыңдай дейді. Ал сәуір айы басталғалы маусымдық аллергия белең алды. Жоғары санатты дәрігер Гүлсім Мүсірепқызы адамға өсімдіктің бәрі кері әсер бермейтінін алға тартады. Біреу жусаннан, енді біреу түрлі өсімдіктің тозаңынан аллергия болатын көрінеді.
– Қазір шетелдік жеңіл фаст-фуд өнімдері, газдалған сусындар көп. Мұның бәрі негізінен адам ағзасына қауіпті. Адамның өңеш, жұтқыншақ, асқазанынан бастап ішкі рецепторлар бар. Ол жағымсыз нәрсе барғанда тітіркенеді. Ұшық шығады немесе дене бөртіп, аллергия береді. Яғни ауру ішкі ағзаның ластануынан өршиді.­ Тіпті үйде жүретін жәндіктер де ауру көзінің ошағы болып табылады. Біреулер «шөпке жақындаған жоқпын, бірақ сауылған малдың сүтін ішемін» дейді. Үй жануары да сол көк шөпті жейді ғой. Біздің климатымыз құрғақтау. Біреулер ауа алмастырғанда аллергиядан құтылдым деп ойлайды. Бірақ одан көмек бола бермейді. Көкөністер мен цитрустық жемістер, кондитерлік тәттілер де бұл дертке себеп болады. Себебі көкөністің дені дәрінің, гербицидтің көмегімен өседі. Ал тыңайтқыштарды шамадан тыс қолдану адам ағзасына зиян. Балалар арасында да аллергия алаңдатарлық жағдайға жеткен. Диатез көп. Балаға тағам жақпаса, денесі бөртіп шығады. Ондайда әлгі жақпайтын тағамды тұтынуды шектеген жөн, - дейді жоғары санатты дәрігер Гүлсім Байділдаева.

ТҰҚЫМ ҚУАЛАЙДЫ...

Мамандардың айтуынша, аллергияны ерте бастан анықтаған жөн. Өзіне диагноз қойып, дәрігердің рұқсатынсыз дәрі-дәрмек қабылдау кеселді күшейтеді. Соның салдарынан ауру ұлғаяды. Дер кезінде емделмесе, ол демікпеге айналады. Айта кету керек, аллергияның тұқым қуалайтын сипаты да бар. Егер анасында аллергия болса, ауру балаға 25 пайыз беріледі. Ата-анасында болса, 50 пайызды құрайды екен. Бірақ бұл аллергиясы бар ата-ананың барлығының баласы осы кеселге кезігеді деген қисын емес. Ол адам иммунитетінің мықтылығына байланысты екен.
Дәрігерлердің йтуынша, аллергияны бойға дендетіп келетіндердің қарасы көп.
– Емханаға осы сырқат түріне шағым айтып келетіндер көп. Олардың арасында үлкен кісілер де, балалар да бар. Біз нақты аллергия бар ма, әлде суық тиді ме, алдымен соны анықтаймыз. Соған орай, ем-шара жүргіземіз. Науқастарға симптоматикалық, яғни уақытша көмек береміз немесе­ АСИТ (Аллерген-спецификалық иммунотерапия) арқылы емдейміз. Бұл аллергияға деген сезімталдықты төмендетеді. Негізінен, бұл ауруды қыста емдеген жөн. Емдеу шараларының барлығы медициналық мекемеде әрі аллергологтардың бақылауымен өтуі тиіс, - дейді дәрігер.

Кеселдің алдын алу үшін аллергологтар саламатты өмір салтын ұстануға, газды сусындар және тез дайындалатын тағамдардан бас тартуға кеңес береді. Ал кей тағам түрлеріне сезімталдығы барлар гиппоаллергендік диета сақтауы қажет. Жүкті әйелдер дұрыс тамақтанып, аяғы ауыр және емізіп жүрген уақытта дәрі-дәрмек қолдануды шектегені жөн. Аллергиясы­ бар адамдар құс қауырсынынан жасалған жастық, жүннен тоқылған киім, төсеніш, жұмсақ ойыншықтардан бас тартқаны дұрыс.
Ал шаң-тозаңға аллергиясы барлар ағаш гүлдеген кезде ол маңға жоламағаны жөн. Шаң-тозаң киім мен шашта жиналатындықтан, киімді жиі ауыстырып отырған дұрыс. Сырттан келген соң, душ қабылдаған жөн. Бөлмеңізді жиі желдетіп, күн сайын 2-3 рет тазалап тұру керек. Егер аллергия белгісі байқалса, міндетті түрде маман дәрігерге қаралыңыз.
Қазір қалада сала мамандарының жетіспеушілігі байқалмайды. Алайда аурудың өршуіне байланысты аллерголог маманға сұраныстың артатыны анық. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бұл кесел соңғы 30 жылда әлем бойынша­ ең жылдам тарап бара жатқан дерт түріне айналған. Қазір денсаулық министрлігінің созылмалы аурумен ауыратын адамдарды емдеп, сауықтыру керек деген сөзінің жаны бар. Өйткені аллергия жылдан-жылға көбейіп отыр.

 

75485215 742000519634692 5749754632771469312 oМұхтар Шерім- қазақ сатирасындағы танымал тұлғалардың бірі. Оқырман оның әдемі әзіл, уытты әжуә, өткір қалжыңмен шымшылайтын шығармаларын іздеп жүріп оқиды. Көңілді күлкісін көмкеретін сатира снайперінің тілі семсер. Қаламы қуатты. Қай кезде де әзіл-сықақтың сағын сындырмайды. Нысанаға алған дүниесіне дөп тиеді. Интермедиялары әзілдің әрін, сахнаның сәнін келтіріп жүрген сықақшымен сұхбатымыз күлкі күніне орайлас келіпті.

– Мұхтар аға, бүгін – Күлкі күні. Сатираның сардары ретінде осы мерекенің тойланбауына ренішіңіз бар сияқты?

– Шынымды шымшылап айтсам, біздің елде мереке көп. Тойшыл қазақпыз ғой. Энергетиктер, мұнайшылар күні дейміз бе, осындай мейрамдардан көзіміз сүрініп, кірпігіміз жер тірейді. Ал, жылына бір келетін Күлкі күні ресмиленбеген. Десек те, бұл күнге қолдау көрсетіліп, сатириктер марапатталып, әр түрлі іс-шаралар өткізіліп жатса, оның несі айып?
Сатира да халыққа қызмет етеді. Кемшіліктерді кеңірдектен алып, оны келемеждейді, әшкерелейді. Астары бар әзіл-қалжың ойсыздарға ой салады, жетесіздерді желпіндіреді, сіркесі су көтермей жүргендерге қуаныш, шаттық сыйлайды. Олай болса, «жай Күлкі күні ғой» деп елеусіз, ескерусіз қалдырмай, күлкінің де қуатты қару екенін ескерген жөн дер едім. Мәселен, ақындар айтысы қалаған уақытында өтеді. Ал, жыл он екі айдың басқа күндерінде сатириктерді бәрі ұмытып кетеді. Осы жағы мені қынжылтады. Оларды «сынағыш, мінегіш» ретінде бағалап, көлеңкеде қалдыра салатындары да жасырын емес.

– Әлемді жайлаған, елімізді де алаңдатқан коронавирус кезінде немен айналысып жүрсіз?

– Тәртіпке бағынған оқушыдай үйде отырмын. Аты өшкір індетке деген ызамды сықақ арқылы білдіріп жатырмын. «Қорықпа қатын!» «Коронавирус, кетші әрі!» сияқты сарказм уытына суарылған дүниелерімді әлеуметтік желілерге жариялап қоямын. Уайымға салынған оқырмандарымның көңілін көтерсем деймін ғой. Біреулер: «Мынадай қиын жағдайда күлудің керегі не?» деп тыржиюы мүмкін. Тыржиғандарға ыржиямын. «Екінші дүниежүзілік соғыста да, окопта да күлкі болған. Небір анекдоттар айтылған. Солдаттар әзіл-қалжыңмен бірін-бірі қағытып, көңіл көтерген басылымдарда фашистерге арналған сатиралар, карикатуралар жарық көрген. Демек, коронавирусты келемеждеуге, сойып, іреп, бәйтеректің бір бұтағына іліп қоюға қақым бар. Құдай алапаттың бетін ары әкетсін, еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

– Шымкент күлкісі бренд деп едіңіз? Өзіңіз мұрындық болған «Күлкі жәрмеңкесі» соңғы жылдары саябырсып қалды...

– Оның рас. «Күлкі жәрмеңкесін» сонау 1986 жылы ұйымдастырдым. Әрине, менде қаражат қайдан болсын, облыстық мәдениет басқармасының қанаты астында зыр жүгірдім. Халықаралық әзіл-сықақ фестивальдерін өткіздік. Ол кезде жалындаған жас едім. Сатира үшін тиынсыз тегін жұмыс істедім. «Шаншардың» Уәлибегі бірде: «Күлкі жәрмеңкесін» 20 жыл сүйреледім» дегенде, көзінше: «Інім-ау, «Күлкі жәрмеңкесінің» әкесі мен ғой, сен кейін келген шешесісің! Осы сенің ішің бір бөлмелі пәтер сияқты, ішің тар, сәл кеңейтсеңші? Жүсіп екеуіңді Алматыға апарып, «Тамашаға» танытқанымды міндетсінбеймін, бірақ пойызда келе жатып, «Шаншар» бола ма, басқа бола ма, театр ашайық, сендер ойнайсыңдар» деп қол алысқан едік. Кейін ұмытып кеттің, театрыңның 25 жылдығында атымды атауға да қорықтың, өйткені, шындықтан қорқасың, ә?» деп әзілмен әрлеп, назымды жеткізгенім бар. Менің жаман әдетім, бетке былш еткізіп айта саламын. Уәлибекке рахмет, ағалап, арқамнан қағып, әңгіменің ауанын басқаға бұрып жіберді. Қасында отырған жас жігіт түкке түсінбей қалды. Шынында, «Күлкі жәрмеңкесі» соңғы жылдары өтпей қалды. Оған кінәлі әр жылдары басқарған мәдениет басқармасының басшылары, олардың күлкіге күңкілмен қарайтындығында болса керек.

– Сатира – күрделі жанр. Бұл салаға келуіңізге не себеп болды?

– Ақындар айтады ғой: «Анамнан туыла сала өлең жазып кеткендеймін» деп. Осылай әзілдесем де, сегізінші класта оқып жүргенімде тұңғыш рет «Әлиманың әлегі» атты әзіл әңгіме жаздым. Ол аудандық газетке жарияланғанда, қуанғанымды көрсеңіз! Ауылға аудан орталығынан Әлима есімді жынды кемпір келіп тұратын. Әжемнің көйлегін, камзолын киіп, сол кемпірдің кейпіне түсіп, ауылдасымыз Зебершенің үйіне барайын. Даусымды өзгертіп: «Зеберше қайда? Ол мені тастап кетті. Менің аяғым болса ауыр, күйеуің ұятсыз екен!» дегенімде, әйелінің түрі бұзылып кетті. Сол күні Зеберше көкем әйелін үйді айналдыра қуып жүргені есімде. Сол күні марқұм әкемнің «Бұлай әзілдеуге бола ма? Қонаққа шақырып, түсіндірейік!» деп ренжігені бар. Қой сойып, Зеберше көкемді әйелімен шақырдық. Мен кемпір киімін киіп келгенде ғана, Зеберше көкем тістерін ақсита күлгені. Осы күлкісі санамды сызғылап, шабытымды шарықтатып жіберді. Етпетімнен жата қалып, «Әлиманың әлегін» жазып шықтым.

– Айтқандай-ақ, жеке театр аштыңыз, құтты болсын! Идея неден туындап еді?

– Ойымда театр ашу болған жоқ. Ақтөбе қаласында «Екі езу» сатира театрының жетекшісі, сатирик Нұрлыбек Жұбатқанмен шығармашылық байланыстамын. Бірде ол: «Аға сатираңызды театрлар жиі орындайды. Мәселен «Шаншар» Үбәнді алып шықты. Алдараспан «Еуро моланы» бұрқыратты. Неге өзіңіз театр ашпайсыз?» деді. Күтпеген ұсынысқа ойланып қалдым. Нұрлыбек менің шабытымды қамшылады. Шынында да интермедиялар іздемеймін. Біреуге жазшы деп жалынбаймын. Мұның бәрі қиялымдағы қызықты жобалар ғой. Күн сайын сатиралық әңгімелер жазамын. Сонан идеяның июін қандырып, театр аштым. Алғашқыда атауы «Сүзеген сөз» еді. Кейін «Мистер Мұхтар» деп өзгерттім.
Бұл айтуға оңай болғанымен, қиын шаруа екен. «Ойбай, талантым таудай, тас шайнап, құм түкіремін!» дейтін қыз–жігіттер келіп, бағын сынап жатты. Бірақ әзілге ебі, сатираға себі жоқтар көп екен. Жыл бойы кастинг жариялаумен келдім. Биыл қаймақтарын сүзіп алдым. Қиындыққа төзе алмағандары, ойнай білмейтіндері ойланбастан өздері хош айтысты. Әрине, «Көш жүре түзеледі» деген бар. Бізде әлі жарнама жоқ. Енді етек жеңімізді жинап жатырмыз. Сосын, сатира театры тек күлдіре беру керек деген ұстанымға қарсымын. Сатиралық театр от басы, ошақ қасын айналшақтамай, әлеуметтік мәселелерді қаужау керек, көрерменін ойландыруы тиіс. Бекжан Тұрдыбаев, Рахат Батырхан, Нұрзат Керім, Дана Сұлтан, Оралхан Бектұрғанов Ермаханұлы, Мэлс Сейіткәрімовтер осы талаптарыма құлақ асып жүрген талантты жастар. «Айран жалайық», «Жемқордың басын шабамыз!», «Қойыңызшы, ағай!», «Құдық», «Шындық қайтыс болып кетті», «Коронавирус» қойылымдары бүгінгі күннің өзекті тақырыптары деп білемін. Сценарийдің бәрін өзім жазамын. Олар шығарма іздеп, шаңдатып жатпайды. Коронавирус та келмеске кетер, сол кезде «Мистер Мұхтар» театры еліміздегі қалаларға гастрольді бастамақ.

– Саяси сатираны жиі жазып жүрсіз. Қорықпайсыз ба?

– Неге қорқам? Біздің жазып жүргеніміз нақты фактілерге құрылған памфлет немесе фельетон емес. Шығармаларым абстрактілі дүниелер. Мақтанғаным емес, әлеуметтік желілерде сықақтарым жиі жарияланып, оқырмандарым жылы лебіздерін білдіріп жатады. Сондай пікірлердің бірқатарын ұсынайын:

Aigul Torebekova:

–Сізді шенді-шекпенділер ғана емес, қараша халық, қалың бұхара жақсы біледі, мойындайды, сүйіп оқиды.
Шынтуайтына келгенде, қазақ сатирасында сіз секілді еңбек сіңіріп, өскелең ұрпаққа өшпес мұра қалдырып жүрген сатирик жазушылар ауыз толтырып айтарлықтай соншалықты көп емес қой. Сіздің астары саясатқа толы садағы мықты сатираларыңыздың жебесі шекпенділердің шекесіне тигендіктен, атақты қалтасынан берердей пейілдері тарылып, тыжырынып қалғаны бар шығар....
Ол үшін сіздің бас ауырып, балтырыңыз сыздай қояр деп ойламаймын. Десек те, Тəңір ием жар болып, халқы бағалап жатса шығармашыл жандар үшін одан асқан бақ жоқ. Сіз халықтың сүйікті жазушысы екеніңізге дау жоқ. Зайырлы еліміздің өркениетінің гүлденуі жолында жазғаныздан жазарыңыз, бергеніңізден береріңіз, көрген қызығыңыздан көреріңіз көп болсын!

Әміржан Қосанов, саясаткер:

– Мына заманда шенділер сатириктерді марапаттай қоймас... Ода жазыңыз!

Мырзан Кенжебай:

– Соңғы 20-30 жыл көлемінде қазақ сатирасында өз басым осы Мұхтар Шерімнің алдына түсетін ешкімді көрген емен. Әрине, извините за категоричность.

Қыдыр Байдүйсенов:

– КЕРЕМЕТ жазылған, оқи бергім келеді-ау, оқи бергім...Әй, мәладес! жарайсың, Мұхтар Шерім! Көз алдымнан елестеп кетер емес!

Худияр Хусанов:

– Ассалаумағалайкум, аға! Сіздің «Құдағи құшақтай береді» атты кітабыңыздан талай рет сахнаға сатиралық көрініс қойдық, солай жұлдыз болдық, сіз өте тапқыр жан екенсіз, қазір сізді интернеттен көріп отырғаным мен үшін өте бақытты шақ, мың жасаңыз, Мұхтар аға, мың жасаңыз!

Гүлнәр Сиқымбаева, белгілі әнші:

– Мұха!!!! Ішегім түйіліп қалды. Сенің жазғаныңа да, саған берген жауаптарға да!!! Көптен бері бұлай күлген жоқ едім. Рахмет барлығыңызға! Қазақ тілім Жасасын!!!!!!

Жолдасбек Дуанабай:

– Мұхтар Шерім қазақ сатирасының классигі! Әттең, дер кезінде бағалай алмай келеміз...

Қадірбек Демесін, Републикаға танымал әртіс:

– Мұхтар Шерімнің сатирасы – саяси, оны сахналай алмаймыз.

Алкайдар Лашкерұлы, әлеуметтік желі белсендісі:

– Жалпы Мұқа, сатира арқылы көптеген тақырыпты қамтып жүрсіз. Ел қандай мəселе бойынша даурығып жатса сол бойынша қалам сермейсіз. Сөзбен батыл түйрейсіз. Күлдіріп отырып жылатудың шебері деп сізді айтса болады. Бұрын Оспанхан Əубəкіровты оқысақ, қазір сізді оқитын болдық! Жасай беріңіз, жаза беріңіз.

Тасбике Сүлейменқұлова:

– Ұтқыр əзілмен жазылған. Мұхтар бауырым кейде Сізді жоғалтып алам. Жоғалып кетпеңізші, өтініш. Дүниелеріңізді оқысам, бір сергіп қалам. Қөңіл– күйім көтеріліп қалады.

Әрине, осындай жылы лебіздер көңіліме қуат, сатирама шуақ береді.

– Сатирик ретінде қоғамның дамуына қаншалықты үлес қостым деп ойлайсыз?

– Оны килограмдап, таразыға тартып кім көріпті? Дегенмен, оқырмандарымның ой-пікірлеріне қарағанда, сатирамның да өзіндік үлесі бар деп ойлаймын. Заман көшіне ілесіп жазу керек. Біздің көп сатириктеріміз заман көшіне ілесе алмай қалды. Кеңестік дәуір стилімен жазады. Ал мұндай сатира қоғамға қозғау сала алмайды.

– Әдетте сатириктер қалжыңбас, әзілқой келеді. Ал, сіз салмақтысыз?

– Қылжақбас болғым келмейтіндігімнен шығар? Оның үстіне қария болдық. Салиқалы әңгіме айтуымыз керек. Болмайтын жерде ыржалақтап, болмайтын жерде әзілдей беру де жөн емес. Әзілің өтетін жерде әзілдегенге не жетсін.!

– Әзіл-сықақ театрларында қазақы қалжың азайып бара жатыр. Неге?

– Оның бір ғана себебі бар, – авторларды тарта білмейді. Естіген–көргендерін шимайлап жазып шығады. Содан барып, дөрекіліктің басы қылтияды. Ал, Ресейде актерлер тек авторлармен жұмыс жасайды. Сосын, авторларды қалай насихаттайды десеңізші? Қаламақыларын да төлеп, ренжіте қоймайды. Ал бізде басқаша.

– Плагиаттар туралы не дейсіз?

– Шынында сатира жазу кім көрінгеннің қолынан келмейді. «Әу» дегеннің бәрі ақын ғой қазір. Бірақ сатираның жүгін сүйреу, оны арқалау, діттеген жеріне жеткізу қиынның қиыны. Бұл – талант арқылы келетін нәрсе, жазған дүниеңді белгісіз адам пайдаланса, әрине көңілің құлазиды. Жаның жабырқайды. Өйткені ол сенің «бір балаң». Бүгінде идеяңды ұрлағанымен қоймай, интермедияға өзінің атын қоятындар көп. Кейбір театрлардың атын атап, түсін түстемей-ақ қояйын, сатираларымның идеясын ұрлап, өңін өзгертіп, басын аяғына, аяғын басына шығарып, қайта жазып шығады да, сахналайды. Бірақ, бәрібір одан менің стилімнің «исі» шығып тұрады. Оның үстіне, авторлық құқықтарым қорғалған. Әзірге кешіріммен қарап жүрмін. Алдағы уақытта кім білген?

– Сізді қазақстандықтар жақсы біледі. Республикалық басылымдар сатираңызды қолдан қолға тигізбей басады. Бірақ өзіңіз тұратын жергілікті өңірдің жергілікті газет-журналдарынан сіздің дүниелеріңізді, сұхбатыңызды көре бермейміз. Осы шымқалалықтар сізді неге тосырқайды?

– Оның рас. Павлодар, Жезқазған, Қызылорда облысының газеттері сықақтарымды сұрап, басып жатады. Сұрамай-ақ жариялап жатқандары қаншама?! Авторлық құқымды бұзбаса мейлі. Қайта қуанамын. Ал, жергілікті газеттердегі әріптестерім «Өзіміздің Мұқаң ғой!» деп жүрсе керек, үндемейді. Олар үндемеген соң, мен де үндемеймін.

– Нені армандайсыз?

– Қолымда билік болса, сатира сарайын салып, сатира көшесін қалар едім!

– Әңгімеңізге рахмет!

 

Құрақ әлемінің ханшайымдары

Пятница, 06 Март 2020 03:40

«Көрпе Fest» мегафестивалі Шымкентте ісмер әйелдердің басын қосты. Қазақтың төл мәдениеті мен өнерін дәріптеген іс-шараға үй шаруасындағы 300-ге жуық әйел мен көпбалалы ана қатысты. Олар көрме орталығында бір мезетте қолына ине-жіп алып, шеберліктерін шыңдады.

 DSC3221

Әлеуметтік желі арқылы этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың Шымкентке келетінін естіген қыз-келіншектердің қуанышында шек болған жоқ. Көпшілік 4 наурызды асыға күтті.
Иә, «Аналар аманаты» деп аталған дәрістің тағылымы өзгеше. Әйелдер іс тігуден бөлек, кәсіп ашып, тірлігін дөңгелетуге машықтанады. Қолөнердің сырына қанығып, оны заманауи технологиямен ұштастыра білу арқылы кәсібінің көкжиегін кеңейтеді. Ол төлөнер үшін тәп-тәуір қызметін тастады. Тамаша дәстүрді төрге шығарды. «Көрпе Fest» мегафестивалінің тұсауы елордада кесілген. Содан бері еліміздің түкпір-түкпірін аралап жүр.

– Бір жағынан қуансам, бір жағынан қобалжыдым. ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкентке бұрын іссапармен жиі келетінмін. Мұнда адамдардың мәдениеті ерекше. Іштей сүйсінемін. Көптен шеберлік сабағын өткізу ойымда болды. Қала басшысы Мұрат Әйтеновке өтінішімді жеткіздім. «Жас келсе – іске» деп, ұсынысыма бірден келісті. Төл кәсіпті қолөнерге құмарларға бес жылдан бері үйретемін. Дүние жүзін араладым. Этнобренд қалыптастырдым. Қазақтың қолөнері – француздың, жапонның брендтерінен күрделі, -дейді этнодизайнер.

Шебердің айтуынша, іс тігу қазақ қызы мен әйеліне жат емес. Қанымызда бар қасиет. Ұлттық нақыштағы құрақ көрпелердің әрбір өрнегі ұлттық таныммен, қазақтың салт-санасының көрінісімен сабақтасып жатыр.

– Іс тігуді қолына алған әйелдің болмыс мінезіне де ерекше әсер етеді. Мейірімі молаяды, көркем мінезі оянады. Қазір көпбалалы аналар мәселесі өзекті. Кейде оларды «ананы-мынаны сұрады» деп жазғырып жатамыз. Мүмкін біз әйелдердің жан-дүниесін түсінбейтін шығармыз. Бейнеттен шаршаған оларға терапия ретінде кәсіп үйретсе... Қала әкімінен қыз-келіншектер мен көпбалалы аналардың кәсібін жандандыруға ақысыз алаң сұрадым. Оларға қолдау көрсетсек, әрі қарай кәсібін өрге сүйрейтін еді, – дейді этнодизайнер.

Семинар-тренингке шебердің Нұр-Сұлтан, Атырау, Қарағанды, Қызылорда қалаларынан шәкірттері келді. Бәрі қызметін қолөнерге ауыстырған. Осының арқасында табыс тауып, екі жылда үй салып алғаны да бар.

–Түрлі салада еңбек еттім. Табысым жаман болған жоқ. Іс тігуге бұрыннан ебім бар. Десе де, құрақ көрпеге қызығушылық басым түсті. 2017 жылы семинар-тренингке қатысып, құрақтың қыр-сырын меңгердім. Ырза Тұрсынзада апамыздан әлі үйренеріміз көп, – дейді қызылордалық шебер Индира Табынбаева.

 DSC3133

Ырза апайдың шәкірттерінің бірі – шымкенттік Айнұр Торгаутова. 40 жастағы келіншек қолөнерден табыс тауып отыр. «Ханшайым шатыры» жеке бизнес орталығын ашып, 6 әйелді жұмыспен қамтыған.
Көрме орталығындағы шеберлік сабағына шымкенттік қыз-келіншектерден бөлек, аудан-ауылдардан көпбалалы аналар келді. Бәрінің мақсаты бір – құрақ құрауды үйреніп, жаңа кәсіп бастау. Қазақтың қолөнерін үйде отырып жасаса, тәп-тәуір табыс тапса жаман ба? Қала әкімінің тегін курс ұйымдастыруға ықпал етуі – нағыз азаматтық. Ал курстың бағасы – 70 мың теңге. Ырза Тұрсынзаданың ютуб арнасы да бар. Мұнда қыз-келіншектер құрақ құраудың түрлерін үйренеді.

– Екі жылдан бері үйде шағын кәсіппен айналысамын. 6 баланың анасымын. Төлөнер детальдарын ютубтағы дәрістен үйрендім. Қазір құрақтың 5 түрін білемін. Ауылда іске қызығушылығы бар қыз-келіншектерді де іс тігуге баулимын. Қыздарым маған қолғанат, - дейді Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылынан келген Роза Каракулова.
Шеберлік сабағына қатысушылардың арасында зейнет жасындағы әйелдер де бар. Солардың бірі – Мархабат Көбейқызы. Анасынан берілген ісмерлік сүйікті іске айналған. Құрақ көрпенің оюын ояды. 40 жылдан астам денсаулық саласында еңбек еткен әйел қыздары мен немерелерін қолөнерге тартыпты.

Ия, мереке қарсаңындағы семинар-тренинг ісмер әйелдердің тәжірибесін арттырып, кәсібін бастауға жол ашты. Қарлығаштың қанатымен су сепкендей игілікті іс-шара жұмыссыздар қатарын азайтпақ. Мегафестиваль аясында шеберлердің қолөнер көрмесі ұйымдастырылады. Сондай-ақ, байқау жеңімпаздарына сыйлықтар, семининарға қатысушыларға сертификат және «Аманат» сыйлығы тапсырылады.

Қым-қуыт тіршілікте басы ауырып, балтыры сыздамайтын жан жоқ. Әрине, сырқаттанған адамның «жедел жәрдем» қызметіне жүгінетіні белгілі. Ал алғашқы көмек көрсететін «103»-тің жұмысына қатысты мысал мың, пікір әралуан. Сондықтан сала қызметіне кейде атүсті баға беріледі.

DSC 2006

Біреу жанымен жанталасып, «жедел жәрдем» көлігінде қиналып жатса, кейбір көлік иелері сиренасын дабылдатқан «103»-ке жол бермейді. Бара жатқан бағытына кедергі жасайды. Ал дәрігер мен науқас үшін әрбір секунд маңызды. Жол апаты немесе қылмыстық оқиға болған жерге де «103» жедел жетуі тиіс. Алайда жол кептелісінен кешігіп жеткенде ауыр сөзге де, ашулы кейіпке де кез болып, кінәні көтеретін «жедел жәрдем» қызметкерлері.

Негізсіз шақырту неге көп?

Әдетте «103»-ті «шақыртуға кешігіп келеді» деп сынайды. Негізі, «жедел жәрдем» шақыртуларға санатына сәйкес жіберіледі. Егер науқастың ауруы қауіпті болса, шақырту 1-санатқа жатады. Мұндайда бригада 10 минутта жетуі тиіс. Ал науқастың өміріне медициналық көмексіз қауіп төну жағдайы 2-санатқа жатқызылады. Мұндай кезде «103» 15 минутта келуі міндетті. Сондай-ақ, медициналық көмексіз денсаулығына зиян келсе, ол 3-санатты шақырту болып табылады. Мұндай жағдайда бригада 30 минут аралығында жетеді. Ал науқастың өміріне де, денсаулығына да қауіп төндірмейтін дерт 4-санатқа жатады. Оған 1 сағат аралығында баруына болады.

Шымкенттік «жедел жәрдем» стансасының дерегіне сүйенсек, 2018 жылы – 516 мың, 2019 жылы 643,036 шақыртуға медициналық қызмет көрсетілген. Оның ішінде 2018 жылы – 10 459, өткен жылы 14 484 қоңырау негізсіз болып шыққан. «Жедел жәрдем» стансасының бас дәрігері Гүлнар Құрманбекованың айтуынша, шақыртулардың негізсіз екені диспетчерлік бөлімде анықталады. Дегенмен, барлық шақыртуға жедел жәрдем баруға міндетті. Себебі, науқастардың жағдайын телефонмен айтып жеткізе алмайтыны түсінікті.

DSC 1881

Әдеттегідей шақыртулар қатарын созылмалы сырқаттар бастап тұр. Бір өкініштісі, мұндай науқастар өз денсаулығына уақтылы күтім жасамайды, аурудың алдын алуға мән бермейді. Емханаға барып, дәрігер кезегіне тұруға мойны жар бермейді. Дерті қатты мазалағанда ғана жедел жәрдемге жүгінеді.

– Біздің қызметіміз – бір күндік. Ол емге жатпайды. Бойдағы ауру тәуліктен соң қайта бой көтеруі ықтимал. Мұндайда профилактикалық тексеруден өтіп, тиянақты ем қабылдау керек, - дейді «жедел жәрдем» стансасының оперативті бөлімінің аға фельдшері Майра Досыбаева.

Не керек, санат шақыртуына жатпайтын қоңыраулар көп. Әсіресе, негізсіз шақыртулар экомикалық тұрғыда қып-қызыл шығын. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұған жол бермеу үшін жөнсіз шақыртқандарға айыппұл салу мәселесін қолдайды.

«Бұл шара көптеген елде қолданылады. Біз азаматтардың өз денсаулығы үшін, басқа адамдарға шұғыл медициналық көмек көрсетуге кедергі келтірмеуі үшін ортақ жауапкершілік ұғымын қалыптастыруды көздейміз. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін айыппұл салуға болады. Неге шұғыл көмек көрсету ережелерін бұзу ескерусіз қалады?» - дейді министр.

Елеңдеткен дабыл

«Жедел жәрдемнің» дабылы құлаққа үйреншікті үн. Әйтсе де, «сиренаны неге сонша қатты қосады» деп шағымданатын тұрғындар да табылады. Ал белгіленген ереже, талап бойынша станциядан шақыртуға шыққан сәттен науқасты стационарға жеткенге дейін дабыл қосылуы тиіс. Сирена мен көлік жарығы таңғы сағат 8-ден кешкі 23-ке дейін қосылады. Бұл – қызметке енгізілген жаңашылдықтың бірі.

- Бұл тек Шымкенттегі жаңашылдық емес. Барлық өңірде сондай. «Жедел жәрдем» дабылы қосылды ма, өзге көліктер оған жол беруі керек, - деген бас дәрігер тұрғындарды денсаулығына қырағы болуға шақырады.

Денсаулықтың қадірін ауырғанда білесің. Таңғы сағат 4 пен 5-тің шамасында «103»-ті кез келген тұрғынның тектен текке шақырмасы анық. Дегенмен, көліктің ұшып баратын қанаты жоқ. Жүргізуші бағдаршамның қызыл көзінен өтпейді немесе иін тірескен көліктердің үстінен «секіріп» кете алмайды. Мұнан бөлек, мекенжайдың дұрыс берілмеуі, үй аулаларының көліктің кіруіне қолайсыз болуы тағы бар. Қаладағы және шағын аудандардағы асфальтсыз ойдым-ойдым жолдардың жағдайы үлкен мәселе. Мұндайда «Жедел жәрдемді» жылдам келе қоймады. Кешігіп жатыр» деп кінәлап, байбалам сала берудің де жөні жоқ екенін ескерткеніміз абзал.

Шымқалада «Жедел жәрдем» стансасының 9 бекеті, 97 бригадасы бар. 2020 жылдан бастап шақыртуларға кешігу азайды. Берілген 100 жаңа автокөлік олқылықтың орнын жойған көрінеді. Бас дәрігер Гүлнар Құрманбекованың айтуынша, көлік, кадр мәселесі шешімін тапқан.

Ақылы қызмет те бар

Әлемдік тәжірибеде жедел медициналық көмек көрсетудің екі тәсілі бар. Біріншісі, «Жедел жәрдем» көлігімен бірге дәрігер еріп барып, алғашқы ем-домды сол жерде көрсетеді. Екіншісі, шақырту жасаған мекенжайға 10-15 минуттың ішінде жетіп, науқасты ауруханаға жеткізеді. Біздің елімізде көбіне көп бірінші тәсіл қолданылады. Қан қысымы көтерілген, жүрегі ауыратын жалғызбасты қариялар «103»-ті шақыртушылардың көшін бастап тұр.

Сондықтан соңғы жылдары Қазақстанда «жедел жәрдем» қызметі екінші тәсілге ауыстырыла бастады. Енді «жедел жәрдем» бригадасы науқасты білікті мамандар емдеуі үшін бір сағат аралығында клиникалық ауруханаға жеткізуде. Бұл медициналық жағынан да, экономикалық тұрғыдан да тиімді.

Ақылы жедел жәрдем қызметі Шымкентте де бар. Шақыру құны – сағатына 10 мың теңге. 57-22-91 нөмірі шұғыл қоңырауларды қабылдайды. Зейнеткерлер мен мүгедектер үшін жеңілдік қарастырылған. Басқа өңірлерге науқасты жеткізу, әкелу қызметтерін де көрсетеді.

Ал шет елдерде 1-санаттағы шақыртулардан басқасына ақылы қызмет көрсетіледі. Террорлық оқиға немесе жол апатына түскендер үшін жедел медициналық көмек тегін. Ал қалғанына ақы төлейсіз. Германияда тәртіп қатал. Жөнсіз шақыртқандарға айыппұл салынады. АҚШ-та да қызмет құны медициналық сақтандыру есебінен қамтылады.

Экологияның ластануынан ба, әлде күнделікті тұтынатын тамақтың сапасыздығынан ба, болмаса әлеуметтік ахуалдың төмендігінен бе, бүгінде түрлі аурулар белең алды. Әрине, сырқаттанғанның бәрі бірдей ауруханаға жата бермейді. «Жедел жәрдемнің» көмегімен де жеңілдік табатын жағдайлар көп. Әйтсе де, сәл түшкірініп-пысқырынғанға «103»-ті шақыртып, «Жедел жәрдемді» қолбала көру де қисынсыз екенін айтқымыз келеді.

«Nur Otan» партиясының Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңсесінің кезекті отырысы өтті.

SHymkent

Жиында Тіл туралы заңның орындалуы және ТМД елдерінің мәдени астанасы аясында ұйымдастырылған шаралар талқыланып, міндет-межелер анықталды. Басқосуды жазушы Момбек Әбдәкімұлы жүргізіп отырды.

– ТМД елдерінің мәдени астанасы аясында өтетін айтулы даталар мәдениет басқармасының ғана міндеті емес. Талайды тамсандырып, шаһар шырайын кіргізетін жобалар мен қыруар жұмыс қолға алынуда. Ұлттық құндылығымыз, рухани байлығымыз бен мәдени мұрамызды әлемге танытуға мүмкіндік туып отыр. Осы орайда Тіл туралы заңның орындалуы, мәдени шаралардың өткізілуі жөнінде ұсыныс-пікір ұсынайық, - деді ол.

Мұнан кейін Шымкент қаласы мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы «Мәдениет тарихи, мәдени мұраны сақтау» бөлімінің басшысы Раушан Айғазиева аталған мерекеге дайындықты пысықтады. Құрылыс және инфрақұрылым бойынша жүргізілген жұмыстардан хабардар етті. Атап айтқанда, қалаға келген туристер тарихи орындарға, шағын сәулет нысандарына саяхат жасай алады.

«Тойдың болғанынан боладысы» қызық дегендей, этноауылда көктемнен қара күзге дейін мәдени шаралар толастамайды. Қолөнершілер көрмесі, суретшілер мен фотосуретшілер байқауы, халықаралық ақындар айтысы, анимациялық фильмдер, опера жұлдыздарының фестивальдері жоғары деңгейде өту үшін жұмыс атқарылады.

Раушан Айғазиева жауапты мерекелер қарсаңында кеңеске қатысушыларды қала мерейін көтеруге шақырды. Десе де, мәдениет саласында кемшілік жоқ емес. Мәселен, ономастика жайы алаңдатарлық халде. Шаһарда әлі күнге дейін 303 көшенің атауы жоқ. Ал 54 көше атауын өзгерту керек. Биыл ұлттық санақ өтетіндіктен атау беру немесе оны өзгерту тоқтап тұр. Бұл Шымқалаға келетін қонақтар мен шетелдік туристерге қолайсыздық тудыратыны анық.

Шымкент қаласы бойынша «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінің меңгерушісі Зәуре Оралбаева бағдарлама аясында өтетін мәдени шаралардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік тіл мәселесін көтерді. «Мәліметті екі тілде емес, мемлекеттік тілде беруді министрлік қолға алса» деген ұсынысын жеткізді. Мұнан бөлек, Шымкенттегі мәдениет үйінің тозығы жеткені, қаланың өз тарихи-өлкетану мұражайының жоқтығы сөз болды. Ал қуыршақ, әзіл-сықақ театрларының басшылары жыл бойы өтетін қойылымдар туралы айтып берді.
Момбек Әбдәкімұлы мектептердегі «Өлкетану» оқулығындағы олқылықты сынға алды.

– Қаланың шежіресін жақсы білемін. Кітаптарда қате көп. Тарихи маңызы бар ғимараттарды сақтай алмай отырмыз. Тәшенов көшесінің бойында архитектурасы ерекше үй бар. Бірақ оны ешкім көзге ілмейді. Сондай-ақ, қалалық қуыршақ театры бұрынғы «Никольский шіркеуінде» орналасқан. Шымкент мегаполис болғалы өнер ұжымына лайықты мекемелер босады. Бірақ бұл өнер ұжымы одан тыс қалды. Аталған шіркеуді орнымен пайдалана алмай келеміз. Ал Ташкентке барсаң, көне ғимараттарға көзің тояды. Бәрі қаз-қалпында жақсы сақталған. Дерегіне дейін түгел жазылған. Бізде қалай, көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған нысандарды қиратып тастайды, - деді жазушы.

Кеңесте тұшымды ой, салмақты пікірлер ортаға салынды. Қатысушылар келелі ой, кесекті пікірімен бөлісті.

ТМД елдерінің мәдени астанасы атанған Шымкент мерейлі мерекеге қызу дайындық үстінде. Қазір үшінші мегаполистегі көпқабатты үйлердің қасбеттері жаңартылып жатыр. Атап айтқанда, Абай, Әл-Фараби аудандарындағы 41 баспананың сыртқы келбетін әрлеу жұмыстары қолға алынған.

 DSC2176

Республика, Тәуке хан даңғылындағы 1960-61 жылдары салынған баспаналардың тозған шатыры, оңған қабырғалары қаланың ажарына елеулі нұқсан келтіреді. Қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымқаланың сәулеттік келбетіне баса мән беріп отыр. Жөндеуді қажет ететін 71 үйдің тізімі жасалып, жоба 2 кезең бойынша жүргізілуде.

Қала әкімінің айтуынша, көпқабатты үйлердің сыртын әрлеуге шымкенттік меценаттар үлес қосып, оған 13 мердігер мекеме тартылған. Ал жөндеу жұмыстары Наурыз мерекесі қарсаңында аяқталады. Абай ауданы бойынша жалпы аумағы 18 мың ш/м 17 тұрғын үйдің сыртын әрлеуге 5 мердігер мекеме және 133 құрылысшы жұмылдырылған. Қазіргі таңда 4000 ш/м құрылыс сатылары құрылып, 6000 текше метр құрылыс материалдары жеткізілген. Бүгінде аталған ауданда 12 тұрғын үйдің қасбеті ретке келтірілуде.

Ал Әл-Фараби ауданында 24 тұрғын үйдің сырты жаңартылады. Оған 8 мердігер мекеме мен 128 құрылысшы тартылған. Қазір бұл ауданда 14 үйдің қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Екінші кезекте, Темірлан тасжолы, Бейбітшілік және Жібек жолы көшесі бойындағы көпқабатты 30 үйдің қасбеті жөнделеді.

 DSC2172

Страница 8 из 43