Мүлiктi заңдастыру жалғасуда

Пятница, 16 Январь 2015 04:18 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5345 раз

Мүлікті жария ету акциясы жалғасын табуда.  Шымкенттегі үш аудан әкімдіктерінде де бұл жұмыстар қызу қолға алынып,  мүлігін заңдастырғысы келген тұрғындарға тиісті ақпараттар берілуде.

5e92228e11679c38ca107699bcaАбай ауданы бойынша  мүлікті заңдастыру бойынша 21 өтініш қаралып, мүліктік құны 178 165 мың теңгені құраған.  Әкімдік жанынан арнайы құрылған комиссиясының хатшысы Меруерт Туткишбаеваның айтуынша, науқан басталғалы  637 адам келген. Комиссия мүшелері  мүлікті заңдастыруға қатысты тиісті ақпараттар берген. Құжаттарының толық болмауына байланысты, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, мүлікті жария етуге қажетті құжаттар тізімі мен техникалық сарапшылар тізімі берілген.  Бүгінгі таңға барлығы 67 өтініш қабылданған. Оның мүліктік сомасы–578 770  мың теңге. Комиссия тарапынан 51 өтініш қаралып, шешім қабылданды. Атап айтқанда, 29 өтініш бойынша жылжымайтын мүлікті (215 025 мың теңге) жария етуден бас тартылды. Бір өтініш бойынша (жылжымайтын мүліктің құны- 20 000 000 теңге) құжаттары кері қайтарылды. Қалған 16 өтініш бойынша белгіленген тәртіппен комиссия тарапынан қаралуда.
Еңбекші ауданы бойынша  43 өтініш келіп түссе, оның 12-і қаралып, оң қорытынды  берілген.  Ал, 15-нің құжаты кері қайтарылыпты. 350 келушіге  құжаттарының толық болмауына байланысты  түсіндіру жұмыстары жүргізілген.  Еңбекші ауданы әкімдігі жанынан құрылған мүлікті заңдастыру жөніндегі комиссиясының хатшысы Нұрсағым Қалтаевтың айтуынша, Сайрам және Төлеби аудандарынан қалаға қосылған елдімекен тұрғындары көп келуде. Жылжымайтын мүлікті заңдастыру үшін негізгі үш құжаттың болуы маңызды. Олар-мемлекеттік жер актісі, жылжымайтын мүлік орталығынан алынған техникалық паспорт  және  тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы. Келушілердің дені сарапшылардың қортындысы көрсетілген құжатсыз келеді екен. Осыған орай, мамандар түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Аудан тұрғындары  Сайрам көшесі нөмірі 190 үйге келіп, құжаттарын өткізуіне болады. 57-50-55 телефоны арқылы толық  мәлімет алуға мүмкіндік бар.
Әл-Фараби ауданы бойынша барлығы 24 өтініш қабылданған. Мүлікті жария ету жөніндегі комиссия 17 өтінішке  жария етуден бас тарту туралы шешім қабылдады. Бір өтініштің құжаттары талаптарға сәйкес болмауына байланысты кері қайтарылыпты. Ал үш өтініш комиссияның  шешімімен жария етілген. Қазір қалған үш өтініш  белгіленген тәртіппен комиссия тарапынан қаралуда. Науқан басталғалы бері 570 аудан тұрғынына түсіндірме жұмыстары жүргізілген. Комиссия хатшысы Дастан Шындалиевтің айтуынша, өтініш берушілердің  денінде құжаттар толық емес. Маманның айтуынша, түсіндіру жұмыстарына көп уақыт жұмсалуда.
Айта кетейік, мүлікті жария ету жөніндегі комиссия заң талаптарына сәйкес, мүлікті жария ету субъектісінің өтінішін берген  күннен бастап 30 күн ішінде қарап, шешім қабылдайды. Құжаттар  үш аудан әкімдіктерінде  дүйсенбі-жұма күндері  сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін (түскі үзіліс 13.00-ден 15.00-ге дейін) қабылдануда.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.

Другие материалы в этой категории: « Жағымды жаңалық Қала бюджетi нақтыланды »