Түсiндiру жұмыстары күшейтiлдi

Пятница, 06 Февраль 2015 05:08 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5710 раз

Еңбекші ауданы әкімдігіне мүлігін заңдастыру үшін осы ауданға қарасты тұрғындар көптеп келуде. Алайда олардың біразы құжаттарының толықтығына және тәуелсіз сарапшылардың қорытындысына жіті назар аудармайды.

Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Жайлауұлы халықтың осылайша мүлікті заңдастыру жұмысына бейқам қарайтынын айтады. Олардың арасында құжаттары толық емес және заңдастыруға ниет танытпай отырғандары бар. Осы ретте комиссия құрамы бүгінде келген халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуді күшейткен.
Аудан бойынша 54 өтініш келіп түссе, 20 өтінішке байланысты тиісті шешім шығарылып, оның сомасы 304 миллион теңгені құрады. Ал, 17-інен бас тартылса, тағы 17 құжат комиссия қарауында. 400-ден астам тұрғынға құжаттарының толық болмауына байланысты түсіндіру жұмыстары жүргізілген. Сайрам және Төлеби аудандарынан қалаға қосылған елді мекендерден келушілер көп. Олардың дені баспанасынан бөлек, гараж бен коммерциялық нысандарды заңдастырғысы келеді екен. Өкінішке қарай, заңдастыруға тиісті мүліктердің ішінде қызыл сызықтан асып кеткендері жиі кездеседі. Еңбекші ауданында 322 мыңнан астам халық тұратынын ескерсек, мынадай баяу қимылмен осы жылдың қыркүйегіне дейін мүлігін заңдастырып үлгермеуі мүмкін деген болжам айтуда мамандар.
Жылжымайтын мүлікті заңдастыру үшін негізгі үш құжаттың болуы маңызды. Олар – мемлекеттік жер актісі, жылжымайтын мүлік орталығынан алынған техникалық паспорт және тәуелсіз сарапшылардың қорытындысы. Келушілердің дені сарапшылардың қорытындысы көрсетілген құжатсыз келеді екен. Осыған орай, мамандар түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда. Құжаттар қабылданған жағдайда, комиссия мүшелері 30 күн ішінде шешім шығарады. Аудан тұрғындары Сайрам көшесі нөмірі 190 үйге келіп, құжаттарын өткізуіне болады. 57-50-55 телефоны арқылы толық мәлімет алуға мүмкіндік бар.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.