Шымкенттің кілемі төріңізде тұрсын

Пятница, 27 Февраль 2015 05:00 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5392 раз

Шымкенттегі «Бал текстиль» ЖШС-і кілем тоқыма фабрикасының жұмысы қарқынды. 2014 жылдың қорытындысы бойынша фабрика өнімдері  «Парыз», «Алтын сапа» байқауына қатысып, екінші дәрежелі дипломға ие болды.  Бұл – біржылдық белес. Жұмыс істеп жатқанына бір жарым жыл болған шымкенттік кілемдердің танымалдылығы неде? Бәсекеге қабілетті, өнеркәсіптің үздіксіз жұмыс істеуінде болса керек.

8a1b6b229631baa2618c4d4977803dfbddБельгиядан әкелінген  қондырғы алты түрлі сапада кілем тоқиды. Шикізаты әзірге Түркия, Үндістан, Бангладеш, Ресейден алынады. Ал кілемнің екі жүзден астам түрі бар: классика, абстрактілі, модерн, ұлттық және т. б. Яғни, сапасымен де, дизайнымен де әлемдік кілем өндірістерінен кем түспейді.
Сондай-ақ, арнайы тапсырыстар да қабылданады. Мәселен, портреттік, отбасылық немесе табиғат, жануарлардың суреті бейнеленген кілемдер. Қандай ою-өрнек керек болса, соны дайындап бере алады.
Фабрика  осы уақытқа дейін  2 300 000 шаршы метр кілем тоқыған. Бүгінге дейін Қазақстанның барлық өңірлерін отандық өніммен қамтамасыз етіп отыр. Қырғыз еліне де тасымалданады. Бүгінде Ресейден де тапсырыс түсіп жатыр.  
 «Қазіргі уақытта екінші ғимаратымызды салдық. Шілде айында кілемнің негізгі шикізатының бірі полипропиленді жіп өндірісін бастаймыз. Жылына төрт мың тонна жіп өндіреміз. Яғни, екі жүз елуге жуық жұмыс орны болады. Бұл жерде де құрал-жабдықтар Германия, Франциядан әкелінеді. Осы жылдың бірінші жарты жылдығында, шілде айында іске қосамыз», – дейді бас директор Талғат Ысқақов. – Екінші кезеңді іске қосқанда алты миллион шаршы метр өнім  шығарамыз. Ресей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Өзбекстанға экспорттауды жоспарладық. Сәуір айында қажетті қондырғы әкелінеді.
8a1b6b229631baa2618c4d4977803dfbКілемге қажетті шикізатты өзімізде өндірсек, тоқыма кластері сонда дамиды. Жіп өндіруді қолға алудың себебі де осы. Кілем тоқитын қондырғы келешекте жиырма екіге жетіп, сегіз жүз адам жұмыспен қамтылады. Қазір төрт қондырғы жұмысты жандандырып тұрса, сәуір айында қатарға тағы үшеуі қосылады.  
Талғат Жүнісбекұлы  өз өнімдерін «Тұран», «Алатау», «Алаш», «Хан Тәңірі» секілді сауда белгісі бейнеленген логотип арқылы айыра алатынын айтады. «Қазақстанда өндірілген» деген логотипімен қоса, «Бал текстиль» ЖШС-нің маркісі болуымен таба аласыз. «Кейбір адамдар шетелдікіне құмар. Адамда патриоттық сезім болуы керек. Еліңде шыққан өнімді қолдау керек қой. Кейбір кісілерге шетелдің тауарлары жақсы болып көрінеді. «Түркияның, Бельгияның кілемін алдым» деп айтып жатады. Бірақ біздің кілемдеріміз де олардан кем емес. Бүкіл әлем бельгиялық қондырғылармен жұмыс істейді. Иран, Түркия, Бельгия кілемдерімен бәстесе аламыз. Өнімдеріміз экологиялық таза», – деп кәсіпорын басшысы отандық өнімді тұтынуға шақырды.
Расында, біздің тауарлар әлемдік бәсекеге қабілетті. Әсіресе, ұлттық ою-өрнектермен бедерленген кілемдерге сұраныс жоғары. Мұнан бөлек, заманауи классикалық үлгілерге де қызығушылық артып келеді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.