Версия для печати

Кәсіпкер әйелдер тәжірибе алмасты

Пятница, 13 Март 2015 06:01 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5718 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте «Әйел және бизнес» атты VIII аймақтық конференция өтті. Қаламызда жаңадан ашылған «Rixos Khadisha Shymkent» қонақүйінде Тараз, Қызылорда, Түркістан және Талдықорған қалаларынан келген 120-дан астам кәсіпкер әйел бас қосты. Сонымен қатар, микроқаржыландыру саласының сарапшылары, қаржы ұйымдарының өкілдері және мемлекеттік қызметкерлер қатысты. Конференция биыл «Бизнес толеранттылықты таңдайды» деген атаумен өтті.

DSC 0212Іс-шараны микроқаржы ұйымы, «KMF-Демеу» қаржы ұйымы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Қазақстанның Іскер Әйелдер қауымдастығы, ОҚО әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия ұйымдастырды. Мақсат – әйелдердің бизнестегі белсенділігін арттыру, қатысушыларға өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік жасау, кәсібін енді бастағандар үшін бағыт-бағдар беру және іскерлік қарым-қатынасты орнату.
Аймақтық конференцияны ОҚО әкімінің орынбасары Ербол Садыр ашып, бүгінгі таңда әйелдердің тек отбасының ғана ұйытқысы емес,  бизнесте де биік шыңдарды бағындырғанын, соңғы уақытта өндіріс саласында да аянбай еңбектеніп жүргенін айта келе, көктем мерекесімен құттықтады. Сонымен қатар, микроқаржы ұйымы төрағасының орынбасары Гүлмира Әбенова, ОҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Құралай Бикенова сынды бірқатар азаматшалар сөз алып, ой-пікірлерін ортаға салды.
Конференция барысында отбасы бизнесінің ерекшеліктері мен мүмкіндіктері, жастар кәсіпкерлігі мәселелері қаралып, уақытты ұтымды басқару жөнінде тренинг өтті. Іс-шара соңында қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.