×

Предупреждение

JUser: :_load: Не удалось загрузить пользователя с ID: 26

Кәсiпкерлiк қарқын алған жыл Избранное

Среда, 30 Декабрь 2015 04:48 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4867 раз

Тарих бетіне айналған 2015 жылы Шымкент қаласының кәсіпкерлік саласы жаңа бір белеске көтерілді деуге негіз бар. Бір ғана индустриаландыру картасы  шеңберінде, қала аумағында шығыс күнтізбесіне сәйкес, артта қалған қой жылында 8 ірі кәсіпорын іске қосылды. Аталмыш жобаның жалпы құны 27 миллиард 640 миллион теңгені құраса, 900 адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Бұл қатарда, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың қатысуымен ұйымдастырылған телекөпір барысында іске қосылған «Әлем БТ» ЖШС-гі қаланың кәсіпкерлік саласын түлетуге тың серпін әкелді деуге болады.


onerkasipДайын жіп өнімдерін өндірумен айналысатын кәсіпорынның жалпы жобалық құны – 1 миллиард 800 миллион теңге. Бүгінгі таңда мұнда тұрақты жұмыспен қамтылған жергілікті 150 тұрғын өз ісінің білгір маманы аталады. Кәсіпорын құрылтайшысы Қайрат Балабиев кәсіпорынның жыл уақыт мерзімінде 8 миллион дана шұлық өнімдерін өндіруге толық мүмкіндігі бар екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, Шымкент қаласында биыл 20 өнеркәсіп орны отандық дайын өнімдерді шығаруға мүмкіндік алды. Осы орайда, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Асқар Қаныбеков қала аумағында тіркелген 76 940 бизнес субъектісі әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан өсіп-өркендеуге өзіндік үлес қосып келе жатқанын айрықша атап өтті. Бұл қатарда, 7213 сауда дүкені, 948 қоғамдық тамақтану орны, 1178 халыққа қызмет көрсету орындары және 33 базар жұмыс жасайды. Аталған сауда нысандарында барлығы 30 370 адам жұмыспен қамтылған. Нәтижесінде, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен өткен 11 айда 273 486.6 миллион теңгенің өнімі өндірілген.
Бөлім басшысының берген мәліметі бойынша, 2015 жылдың өткен 11 айында бөлшек сауда көлемі 21 миллион 960 мың теңгені құрапты. Тиісінше, Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша бұл көрсеткіш 27 миллион 560 мың теңгені құрағанын ескерсек, шымкенттік кәсіпкерлердің үлесі қаншалықты деңгейде екенін байқауға болады. Бұдан бөлек, көтерме сауда көлемі 44 миллион 302 мың теңгені құрады. Яғни, бұл бағыт бойынша да қала көрсеткіші облыстық жалпы жиынтықтың 90 пайызын қамтиды.
– Әлем елдерін шарпыған дағдарыс жағдайында дер уақытында жасалған ұтымды әрекеттердің нәтижесінде нақты тірліктер атқарылды. Жұмыла қызмет етіп, түрлі қиындықтарға бетпе-бет келе отырып, еңсені басқан тапшылық пен қымбатшылық жағдайының алдын алуға тырыстық. Ең алдымен, қала әкімдігінің жанынан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағасының өсу себептеріне мониторинг және талдау жасау жөнінде штабы құрылды. Әр аптаның сенбі күндері Орталық Қажымұқан стадионы аумағында жергілікті тауар өндіруші кәсіпорындардың, көтерме фирмалардың және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалықтардың қатысуымен тұрақты түрде жәрмеңкелер ұйымдастырылуда, – дейді Асқар Сәкенұлы.
Жаһандық дағдарыстың екпініне илікпестен, жеке инвесторлардың есебінен «Север», «Фиркан» ірі сауда орталықтары ашылып, нәтижесінде, 150 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. «Рахима-Плаза» сауда үйін іске қосудың нәтижесінде, мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылды. Өз кәсібін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін де қолайлы жағдай жеткілікті. Осы орайда, бөлім басшысы кәсіпорын қызметі үшін сауда-логистикалық орталығынан 72 гектар, «Тассай» елді мекеніндегі индустриалды аймағынан 89 гектар және «Жұлдыз» ауыл округіндегі индустриалық аймағынан 76 гектар жер телімдері ұсынылғанын атап өтті.

onerkasip-2Қаланың бүгінгі таңдағы күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелерінің бірі – базарларды құрылыс нормалары және ережелеріне сәйкестендіру десек, бұл бағытта биыл ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, 9 базар басшысымен өзара келісім жасалып, «Бекжан» және «Шымкент-Тұлпар» базарларында қайта құрылымдау жұмыстары толығымен аяқталды. Бүгінде «Көктем», «Айна» базарларында қайта құрылымдау жұмыстары жүргізілуде. Және 6 базарда құрылыс жобалау жұмыстары жүргізілуде. Белгіленген жерлерден тыс сауда орындарын жою іс-шара жоспары бекітіліп, 3 жұмысшы тобы құрылды. Өткен 11 айдың көрсеткіші бойынша, ҚР ӘҚБК-нің 204 бабына сәйкес, 4471 әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 9 миллион 483 мың теңге айыппұл салынған. Жергілікті бюджет есебіне 4 миллион 172 мың теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Сондай-ақ, ҚР ӘҚБК-нің 505 бабына сәйкес, қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру бойынша 2661 хаттама толтырылып, 2 миллион 834 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
Иә, шын мәнінде, кәсіпкерлік саласын дамыту – ел экономикасының ұтқыр әрі нәтижелі секторының бірі екені даусыз. Ішкі жалпы өнімнің елеулі бөлігін өндіру осы саланың үлесіне тиеді. Нақ қазіргі таңда Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кірудің алғышарттарын түзіп қойған қазақ елі үшін ең алдымен, отандық өндірісті өрістету маңызды. Осы бағытта қой жылын табысты қорытындылаған қаланың кәсіпкерлік саласы алдағы мешін жылында да өрісін кеңейте түсуге мүдделі.