«Оңтүстiк Қазақстан» павильоны – мәскеуліктер үшін Избранное

Пятница, 29 Январь 2016 05:11 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3536 раз

«Фуд Сити» ірі көтерме азық-түлік сауда орталығында «Оңтүстік Қазақстан» сауда-көтерме залының ашылуын Қазақстанның Сауда өкілдігі мен Ресейдегі Елшілігінің қолдауымен KazFood брендімен белгілі «Призма групп» компаниясы ұйымдастырды. Салтанатты рәсімге Оңтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілінің орынбасары Гүлжан Бодықова, «Фуд сити» агрокластерінің бас директоры Омар Абрамов, сонымен қатар, ресейлік және қазақстандық кәсіпкерлер қатысты.

Салтанатты шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев Мәскеудің ірі сауда орталығында Оңтүстік Қазақстанның тұрақты жұмыс істейтін көрме орталығының ашылуы қазақстандық және ресейлік тараптардың көп уақыттан бері жүргізген жұмысының жемісі екенін айтты. Мақсаты – қазақстандық өндірушілердің өнімдерін таныстыру. Айта кетейік, Ресей астанасындағы барлық ірі сауда желілер мен мейрамханалар тауарларын күнделікті «Фуд Ситиден» сатып алатындықтан, қазақстандық өндірушілерге Мәскеу нарығына жол ашылып отыр. С.Тұяқбаевтың айтуынша, алдағы уақытта жеміс-жидек, ет-сүт өнімдерін, тоқыма бұйымдарын Мәскеуге жеткізу жоспарланған. Сондай-ақ Ресейдің астанасында қазақстандық өнімдер сататын шағын дүкендер желісін ашу да жоспарда бар екен.

Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілінің орынбасары Г.Бодықова аталған жобаның болашағы зор екендігін атап өтіп, оның қазақстандық дайын өнімді экспортқа ілгерілетуге өз септігін тигізетінін айтты. Оның сөзіне қарағанда, Қазақстанның Ресейдегі сауда өкілдігі жыл бойы Мәскеу мен Ресейдің өзге де өңірлерінде тағы да 12-14 дүкендер мен сауда алаңдарын ашуды жоспарлап отыр.

«Оңтүстік Қазақстан» павильонында әзірше қазақстандық өнімнің 24 түрі қойылған. Таяу аралықта жобаға қатысушылар тауар түрлерін жүзге жеткізуді жоспарлап отыр. Айта кетейік, «Фуд Ситиде» Иран, Мексика, Марокко, Қытай, Грузия, Үндістан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Армения, Өзбекстан және өзге де елдердің сауда павильондары бар.

Эльмира МЫҚТЫБАЕВА

2001 жылдан бастап журналист болып жұмыс істейді.  Бұған дейін "Сайрам ақшамы", "Отырар" телеарналары мен "Юмакс" радиосында жұмыс істеген. 2012 жылдан бастап қалалық "Шымкент келбеті" газетінің тілшіcі.