Аслан ЕСЖАНҰЛЫ, жас кәсiпкер: «Кәсiпкер қиындықтан қашпауы керек»

Пятница, 01 Июль 2016 06:01 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3049 раз

«Еңбек еткенге бақыт басын иеді» дейді қазақ. Елімізде кәсіпкерлік саласында табысты еңбек етіп жүрген жастар аз емес. Сондай азаматтың бірі Аслан Есжанұлы бүгінде іскерлігімен көпті мойындатып үлгерді. Ол да тәуекел кемесіне мініп, ынта-ықыласымен кәсіпке бет бұрған. Қазір 150-ге жуық адам жұмыс істейтін төрт мекемені басқарып, өнімді еңбек етіп жатыр. Осы күні елдің түкпір-түкпірін аралап, семинар тренингтер өткізуді де қолға алған. Таяуда Шымкентте де осындай тегін тренинг-семинар ұйымдастырып, кәсіпкерліктің қыр-сырымен бөлісті.

914806774bb9d04676a1b2a912f45f94– Аслан Есжанұлы, қазіргі жұмыстарыңыздың бағыт-бағдары қандай? Оқырмандарға осыны кеңірек таныстырып кетсеңіз.

– Біз әзірге төрт саланы дамытуды қолға алдық. Жылжымайтын мүлік, ауылшаруашылығы, құрылыс және IT технологиялар саласында. Жылжымайтын мүлік саласының бір бағыты құрылыс, бірі жермен байланысты. Ал ауылшаруашылындағы «Ақылбай» шаруа қожалығымыз 2012 жылдан бері жұмыс істейді. Ол негізінен асыл тұқымды мал басын көбейтуге арналған. Ақпараттық технологиялар бағытындағы "Global intellect Service» деген компания франшизаны дамытуды көздейді. Яғни, кәсіпкерлерге семинар ұйымдастыру, тұтынушыларды тарту деген мәселелер. Жалпы, кәсіппен шұғылданып жатқанымызға жеті жылдан асты.
Бұдан бөлек, Түркияның Анталья қаласында да құрылыс компанияларының арасында танымалдылығымыз артып келеді. Сонымен қоса, бүгінге дейін Мәскеу, Анталья, Санкт-Петербург, Дубай қалаларына тренинг-семинарлар өткіздік. Бұл дәрістерімді 2009 жылдан бері қоғамдық жұмыс ретінде жүргіземін. Қоғамға кішігірім пайдамызды тигізсек деген ниет. Жыл басынан бері Астана, Алматы, Қарағанды, Ақтау, Атырау қалаларында 30-дан астам тегін тренинг өтті.
Бәрі де ынта-ықыластың арқасы. Бұл мақсатқа жетер жолда көп еңбектендік. Қаржы саласында білім алып, бизнес мектептеріне барып оқыдық. Тренингтердің арқасында біршама адамдармен таныстық. Басты есте ұстар қағида – қаржы басқарып үйренсеңіз қаржы өзі-ақ келеді. Осыны үйрену керек алдымен. Кәсіпте қаржыны дұрыс бағытта жұмсап, дұрыс жоспарлай адам ғана жетістікке жетеді. Өзіңізге де, өзгеге де пайда келтіретіндей етіп жұмсауыңыз қажет.
Қазір қарамағымызда бір салада он бес, екінші салада 52, жалпы жылына 60-пен 150-ге жуық адам нәпақасын тауып жүр. Ал, франшиза саласында серіктестеріміз бүгінде 600-ден асады.

– Жастар неге кәсіпке барудан қорқады?

– Білсеңіз, жастардың кәсіпке баруына тыйым салатын олардың әке-шешесі. Жастар тәуекелге бара алады. «Кәсіпте қиындық көп кездеседі» деген қасаң қағида бары да рас. Жоқ, мемлекет кез келген кәсіпті бастаймын деген адамға жәрдем береді. Жас болсын, кәрі болсын. Оқимын десеңіз Ұлттық палата, даму қорында тегін білім аласыз. Оған қатыспай, енжарлық танытып жүрсеңіз әлбетте бойды үрей билейді.
Адамда белгілі бір мақсат бар болса, арманға қол жеткіземін деген нақты шешімің бар болса, оның тек бір жолы бар. Ол – кәсіп. Мемлекетке кәсіпкерлер керек. Кәсіпорын ашып, инвестор тартатын. Және ол мүмкіндік бізде бар. Амал керек, іздену керек, зерттеу керек. Ұрынудан, құлаудан, сүрінуден де қашпаңыз. Жетістікке жеткен адамның жолын бір қарап, зерттеп шығып, соның атқарған ісін атқару кішкене тиімдірек. Содан әрі қарай өзіңіз жолын табасыз.
«Дәулетті адамға қарағанда қайыршы кедейдің қайырсыз іске баруы көп» деген сөз бар. Яғни, сіз қаражатыңыз жоқ болса, ұрлық-қарлық жасайсыз. Кісі өлтіру, тонаудың бәрі де жоқшылықтан шығады. Дәулетті адам болсаңыз қайырлы іс атқаруға мүмкіндік болады. Меніңше, халыққа ең бірінші дәулетке, байлыққа деген көзқарасты өзгерту керектей.
Айналамда мықты-мықты жастар көп. Әркімнің де өзінің артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Пендеміз ғой. Әрбірінің де талабын, еліме еңбек сіңірсем деген ниеттерін көріп қуанамын.
Құдайға шүкір, бүгінде кәсіптің арқасында қайырымдылық іс-шараларына да қатыса бастадық. Жыл бойы жетім балалар, қарттар үйіне көмектесу де жоспарлы іс-шарамыздың бірі.

– Әңгімеңізге рахмет!

Последнее изменение Пятница, 01 Июль 2016 07:01
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.