Версия для печати

Несие несiбенi еселей ме?

Пятница, 08 Июль 2016 05:44 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4160 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қарыз беру – қайырсыз емес, жалпы сауапты іс саналады. Өзгенің ахуалына үңіліп, қолдан келсе жәрдем бергенге не жетсін!? Қазір құндылықтар өзгерген заман. Қысылтаяң шақта қаражат іздеген пенденің бір ғана жанашыры бар. Ол – банк. Нарық заңдылығы шығар, күйбең тіршіліктің мәселесін несие алумен шешу әлемдік тенденцияға айналып кеткеніне біршама уақыт болды. Қарызға неге құмарттық? Соңғы кездері ел азаматтарының екінші деңгейлі банктерден алған қарызы ұлғая түскен.

Бұл – нарық заңдылығы

Бұрын несиені тек күнделікті қажеттілікке қарай алсақ, қазір той жасауға да банктен қарыз сұрайтын болдық. Шоу жасау үшін де қарыздануға кетәрі емеспіз.
Амалы құрып, үміті жоғалған пенде ақыр соңы банктің есігін қағады. Бүгінде түрлі жарнамалар арқылы клиенттер тартатын банктерге керегі осы. Әрбірінің де ұсынысы әр түрлі. Небәрі, он минутта қолыңызға қаражатты санап береді. Бар ойыңыз «басым аман, бауырым бүтін болса қайтарамын ғой» деген жұбату ғана.
Жақында отандық арналардың бірінде «Несиеге той» деген бағдарлама берілді. Бағдарлама қонақтары осы мәселе төңірегінде айтысып-тартысты-ақ. Бірі жастар бақытты болып кетсе несиеге той жасаудың еш сөкеттігі жоғын айтады. Ал енді бірі оған қарсы пікірде. Бағдарламаға арнайы дайындалған бейнесюжетте айтылғандай, бір орташа тойға кетер шығын 2 млн теңгеден асып жығылды.
Біз несие алмауға түбегейлі тыйым сала алмаймыз. Ол – қоғам қажеттілігі. Әлем халқының жартысынан көбі қарызға өмір сүреді. Әсіресе, оқу бітіріп, жұмысқа тұрғалы жүрген жастар төте жол арқылы игіліктерге кенелуді ойлайды. Өйткені, олардың әлі жинақтаған қоры жоқ.

«Пайызды төмендетсе екен»

Қазақстан Ұлттық банкінің сәуір айында жариялаған статистикалық бюллетенінде мынадай дерек келтірілген. Бүгінде ел азаматтарының күнделікті тұтынуға қажетті заттар үшін алынған несиесі 2,6 трлн теңгеге жетіпті. Яғни, бұл ел азаматтарының басым бөлігі қарызға өмір сүреді деген сөз. Қарыздың қайтарымы болатынын бәрі де біледі. Бір анық жайт, олардың ешбірі де қарыз алып, еш қайғысыз шалқып жүрмегені мәлім. Таяуда сондай азаматтың бірімен жолықтық. Өзі таксист болып жұмыс істейді.
– Мен қызымды ұзатқан кезде, қиын жағдайда алып едім. 860 мың теңгені бес жылға ұзартып берді. Ай сайын 27 мың төлеймін. Әлі үш жыл бар, – дейді «Форте банктен» несие алған қала тұрғыны Талғат есімді азамат. – 15 пайыздың өзі қарапайым халық үшін көп. Пайызды төмендетсе халыққа сәл жеңілірек болар еді. Көп адамдар төлей алмай отыр. Бар тапқаныңды бала-шағаның алдынан жырып банкке бересің.
Несиені несібе деп білген соқталдай азамат бұдан кейін қарыз алмайтынын айтты.
Жұмабек Бауановтың басындағы да осы жағдай. 300 мың несие алған ол ай сайын 9500 теңге төлейді. Банк екі жылға берген. Өзі «Шинойл» компаниясында оператор болып қызмет істейді. Денсаулығын түзеймін деп, емдік мақсатта алыпты.
Тізе берсек, мұндай жағдайлар көп-ақ. Рас, қазір барлық ісіміз банкпен байланысты екенін мойындамасқа шара жоқ. Әлгі екі азамат та қаржылық сауаттылығының төмендігінен жапа шегіп жүргенін жасырмайды. Бұл – көпшілікке ой салатын жағдай.

Қарыз көлемi – 377, 6 млрд теңге

Елдегі екінші деңгейлі банктердің несиелеу саясатын бақылайтын Қазақстан ұлттық банкі бұл бағытта жұмыстар атқарып жатқанын айтады. ҚР Ұлттық банкінің Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры Әнуар Ботанбековтың мәлімдеуінше, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиісті деңгейде қорғауды қамтамасыз етуге жәрдемдесу, жүктелген міндеттер шегінде филиал тұрақты негізде несие портфелін талдау бөлігінде екінші деңгейдегі банктердің филиалдарын тексеру бойынша іс-шаралар жүргізеді. Мәселен, жыл басынан бері қаржылық қызметтер бойынша жеке және заңды тұлғалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша филиалдың қарауына 2015 өтініш келіп түскен.

Құрман ЫСҚАҚОВ,
М. Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Экономика және қаржы факультетінің» аға оқытушысы:

– Жасыратыны жоқ, халықтың қаржылық сауаттылығы әлі төмен. Біз кәсіпкерлерді қолдау орталықтарына жиі барамыз. Жиі сұрайтын да осы несие жайында. Банктің өзінің үмітсіз несиелер дегені бар. Ол – қайтарылмаған шығындары. Бұрын несие алып төлемегендердің сомасын басқалардың есебінен жапқысы келеді. Банктер өз шығынын жабу керек қой. Пайыздық мөлшерлемелерді ұлттық банк реттейді. Ұлттық банк бұрын екінші деңгейлі банктердің несие саясатын қадағалайтын. Онда да тек міндетті резерв пен пайыздық мөлшерлемесін ғана. Олар тек әкімшілік бақылау ретінде жүргізеді.

– Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар шегінде филиал жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында қаржы секторы саласы бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Қарыздарды өтеуде қиындыққа душар болған қарыз алушыларға қатысты шараларды қарау кезінде, банктер әрбір қарыз алушыға жеке көңіл бөле отырып, әрбір нақты жағдайға байланысты ішкі саясатына сәйкес шешімдер қабылдайды. Қарыз алушыларға берешекті өтеуге көмек көрсету, соның ішінде Ұлттық банк, әкімдік өкілдерінің және банктердің басшыларының қатысуымен банктерде жеке кездесулер ұйымдастыру арқылы, сондай-ақ қарызды өтеуге мүмкіндігі жоқ қарыз алушыларды жұмыспен қамту мәселелерін қарастыру бойынша облыстық әкімдікпен жұмыс жасау күшейтілген, – дейді филиал директоры Ә. Ботанбеков бізге берген мәлімдемесінде.

Енді облыстағы екінші деңгейдегі банктердің несиелері бойынша да мәліметтерді айта кетейік. 2016 жылдың 1 мамырдағы жағдай бойынша ОҚО-да екінші деңгейлі банктердің алдындағы несиелер бойынша берешек 377,6 млрд теңгені құраған. Оның ішінде жеке тұлғалар бойынша – 234,9 млрд теңге. 2016 жылдың қаңтар-сәуір айларында банктермен 59,8 млрд теңге сомаға несие берілген (2015 жылдың осы мерзімінде – 63,5 млрд теңге). Оның ішінде жеке тұлғаларға – 34,4 млрд теңге (2015 жылғы осы кезеңде 37,4 млрд теңге).

Талдап жазатын тiлшiлер аз 

12928327 513404085514648 7513046574550722389 nЖуырда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен БАҚ өкілдерінің біліктілігін арттыру мақсатында өткен семинар-тренингке қатыстық. Жалпы, мұндай семинардың журналистерге берері мол екеніне көзіміз жетті. «Бюджет ашықтығы мен есептілігі» тақырыбында белгілі экономист сарапшы Шолпан Әйтенова экономикадағы бюджет құрылымы, үдерістері, БАҚ-тағы олардың жариялануы бойынша мазмұнды мағлұматқа қанықтырды. Бүгінде ол «Экономикалық зерттеу, бағалау және мониторинг орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы ретінде бюджет заңдылықтарының қалыптасуының басы-қасында жүрген маман.
Ш. Әйтенова қазіргі қазақтілді журналистердің экономикалық статистика түзіп, мақалада нақты цифрлар көрсетуде осалдық танытып отырғанын жасырмады. Бұған семинар барысында көрсетілген нақты мысалдардан да аңғардық. Мәселен, жергілікті ауданның бюджеті туралы мәліметті іздегенде, тек сол ауданның ресми сайты ғана шықты. Заң бойынша бюджет туралы ақпараттар белгілі мерзімде сайтқа орналастырылуы керек. Оның бекітілген жобасы да, есебі де. Ал сол мағлұматты талдап жазып жатқан журналистер санаулы-ақ.
Маман халықтың қаржылық-экономикалық сауаттылығы әлі де болса төмен деген пікірін жеткізді. Негізінен, тұрғындар қарапайым келісім-шартпен танысуға мән бермейді, соның салдарынан көп жағдайда опық жеп жатады дейді.
Бүгінгі нарық заманында журналистердің экономика тақырыбын терең біліп, талдап жазу күн тәртібіндегі мәселенің біріне айналды. Қарапайым халықтың қаржылық сауаттылығы артса, азаматтар өз құқын біліп, өз-өзін дамытуға мүмкіндік алар еді.
Қорыта айтқанда, адам еріккеннен несие алмаса керек. Экономист мамандар алуға зәрулік туындаған жағдайда өз жағдайыңды толық жоспарлап алу қажеттілігін айтады. «Өтей аламын ба, ненің есебінен қайтарамын» дегендей. Яғни, әрбір азамат шамасына қарай іс қылуды ойласа дейміз.

Последнее изменение Пятница, 08 Июль 2016 06:27
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.