Версия для печати

«Жасыл экономика»: Жаңа инновацияның игiлiгi көп Избранное

Пятница, 19 Август 2016 08:56 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4595 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Адамзат баласы бүгінде баламалы энергия көздерін дамытуға бет бұрды: жел, күн энергиясын кәдеге жарата алсаңыз, оның пайдасы көп-ақ. Әлем елдері бұрыннан-ақ мұндай энергияның пайдасын көріп келеді. Жаңа ғасырдағы жаңа игіліктерді пайдалануда бізде де бетбұрыс бар. Жер-жерде күн, жел энергиясын өндіретін стансалар салынып жатқаны мәлім. Бүгінде Шымкенттің Орталық көшелерінің бойына күн сәулесінен қуат алатын қондырғылар орнатыла бастады. Әсіресе, жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңғыртуда мұндай жобаның пайдасы көп болып тұр.

СЕГIЗ САҒАТҚА ДЕЙIН ҚУАТТАНДЫРАДЫ

IMG 9957

Ел Үкіметі «Жасыл экономикаға» көшудің тетіктерін қарастырып жатқаны да рас. Келесі жылы өтетін «Экспо 2017» халықаралық көрмесі де осы тақырыпты арқау етіп отыр.
Жуырда Созақ ауданында күн сәулесінен электр энергиясын өндіретін станция салынатыны мәлім болды. Жобаны іске асыруға германиялық «Green Energy 3000 Holding» компаниясы ниет танытқан. Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, станцияның құрылыс жұмыстары осы жылдың қараша айында басталады. Келер жылы толық қуатымен жүзеге асатын жобада 50 адам жұмыспен қамтылмақ. Жоспар – 50 МВт электр энергиясын өндіру, ал жобаның тұтынушысы «KEGOC» АҚ болмақ.
Жаңа инновацияның игілігі көп. Әсіресе, бұл технологияны жыл бойы күннің көзі ысып тұратын Оңтүстікте дамыту қолайлы. Бүгінде қаладағы жаяу жүргіншілер өткелі бойында күн батареялары орнатылғанын байқап жүрміз. Яғни, қауіпсіздікті сақтау мақсатында қойылған жол белгілерін осы күн батареялары қуаттандырады.
Қазірдің өзінде Орталық көшелерде мұндай жүйе 30 орынға қойылыпты. Мұны Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жергілікті полиция қызметімен бірлесе іске асырып жатыр. Негізгі мақсат – жүргіншілердің, жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Батареялар күннен қуат алып, энергияны сақтап тұрады. Жарық өшіп қалса, автоматты түрде 7-8 сағатқа дейін қуаттандырады.
– Былтыр 11 орынға 40 дана қойған едік. Биыл Орталық көшелерге 12 орынға тағы 42 данасын орнатуды жоспарлап отырмыз. Жобаның жалпы құны – 17 млн теңге. Негізінен, мұны кәсіпкерлер пилоттық жоба ретінде қолға алып отыр, – дейді Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Н. Сүгірәлиев.

DSC 5906 2

Бұдан бөлек, «Shymkentbike» компаниясы да осы технологияның игілігін пайдалануға көшкен. Яғни, автоматтандырылған стансалар осы күн батареясынан қуат алады. Қазір жұмыс істеп тұрған 18 велостансаның бәрінде де қондырғы бар.

ӨНДIРIСI ӨРКЕНДЕП КЕЛЕДI

NURZHANКүн сәулесінен электр энергиясын өндіруді қолға алғандардың бірі – «Ақсу Энерго» ЖШС-і. Қаланың «Солтүстік» саяжай алабында орналасқан күн электр стансасы былтыр шілде айында жұмысын бастаған. Бас директор Нұржан Әбілдаев
(суретте) жаңа өндіріс кезең-кезеңімен дамып келетінін айтады. Жоспарлары да ауқымды. 4,4 гектар алқапқа орналасқан стансада 4 мың қондырғы бар.
– Стансада сағатына 1 МВт энергия өндіріледі. Негізгі күн сәулесінен қуатты көбірек алатын уақыт – сағат 11.00 мен 16.00 арасы. Әрі қысы-жазы жұмыс істейміз. Дегенмен, қысқы маусымда энергия өндірудің көлемі азаяды. Өндірілген энергияның бірден-бір тұтынушысы – «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі. Әзірге, 1 КВт энергияның құны – 34, 61 теңге, – дейді Нұржан Орынтайұлы.
Күн электр стансасы – экологиялық тұрғыда таза, қауіпсіз әрі пайдалануға ыңғайлы. Өз құнын 100 пайыз ақтайтын тиімді қондырғы.
Бұдан бөлек, мекеменің Манкентте де «Ақбай» стансасы жұмыс істеп тұр. Оның да іске қосылғанына бір жыл болған. Басшылар «жасыл экономиканы» дамыту мақсатында жобалық қуаттылығы 3,5 МВт/сағатты құрайтын шағын су электр станция салуды жоспарлап отыр.

«ЭКСПО»-ҒА ҰСЫНАР ЖҰМЫСЫ ДАЙЫН

Энергетика тапшылығы – өзекті мәселелердің бірі. Жер қойнауында қазба байлықтар мол болса да, адамзат оны жылдан жылға игеріп жатыр. Алайда, шикізат көзі өлшеусіз емес, бір күні ол да шегіне жетері анық.
Келесі жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» көрмесі де осы тақырыпта өтетіні мәлім. Әзірге 94 мемлекет көрмеге қатысатынын ресми түрде растады, 56 мемлекет қатысу туралы шартқа қол қойды. Италия мен Оңтүстік Корея «жасыл» энергетика саласындағы технологияларымен таңғалдырмақ ниетте. Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чо Енг Чон баламалы және жаңартылатын энергия көздері саласында өз жұмыстарын көрсетуге дайын екенін мәлімдеген.
Кореяда жаңартылатын энергия көздері 2008 жылдан бері дамып келеді. Жаңартылатын энергияның 76%-дан астамы қоқыс қалдықтарынан өндіріледі екен. Ал Италия үкіметі жел және күн энергиясын дамыту саласын ұзақ мерзімді дамудың басымдығы деп біледі. Қазіргі уақытта Италияда күн энергиясын өндіретін 150 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді.

МҰНАЙДЫ ҮНЕМДЕУГЕ ЗОР МҮМКIНДIК

«British Petroleum» компаниясының статистикасына сүйенсек, 1900 жылдан бері адамзат саны – 4 есе, ал энергияны тұтыну 22,5 есе өсіпті. Елдегі энергетика секторының соңғы жылдардағы статистикасы мынадай деректерді келтіреді: жалпы өндірілетін электр энергиясына шаққанда жылу электр стансалары – 87 пайызды, су электр стансалары – 12 пайызды, басқалары – 1 пайызды құрайды.
Жалпы, балама энергия көздерін қолдану 1973 жылы мұнай дағдарысынан кейін басталды. «Қара алтынның» бағасы күрт қымбаттағаннан кейін көптеген Еуропа елдері балама энергия көздерін пайдалануға көшті. Мәселен Дания, Испания, Германияда жел энергетика саласын дамытуға ден қойды. Ғаламтор мәліметтеріне сүйенсек, Жапонияда өндірілген Күн энергиясының 90 пайызы тұрғын үйлерде пайдаланылады.
Ғалымдар күн энергиясының экологиялық жағынан зиянсыздығы және бағасының арзандығын да дәлелдеп отыр. Күн энергиясының өндірісі шын мәнінде көзделген межеге жетсе, 1180 000 кв шикі мұнайды үнемдеу мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ, бүгінде күн батареясы ғарыш кемелері мен аппараттарында энергиямен жабдықтау жүйесіндегі негізгі электр энергиясының көзі ретінде пайдаланылады. Тұрмыс пен техникада қолданылатын көптеген бұйымдарды (калькулятор, қол сағаты, т.б.) токпен қамтамасыз ету көзі болып тұр.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.