Төл теңге – тәуелсіздік тірегі

Пятница, 11 Ноябрь 2016 08:49 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 8928 раз

Биыл төл теңгемізге – 23 жыл. 1993 жылы қарашаның 15-і күні ұлттық валюта қаржы нарығында айналымға енді. Елбасының Жарлығымен 1997 жылдан бері 15 қараша төл валютамыздың туған күні әрі қаржыгерлер күні болып белгіленді. Бұл — теңгенің тарихы үшін әжептәуір уақыт. Ұлттық валютаны шығару туралы шешім де, теңгенің дүниеге келуі де оңай болған жоқ. Егемендікті енді ғана алған жас мемлекеттің қаржы жүйесі құрылып бітпеген болатын.

de233eb6239503942f3fa87194e

Бұл экономиканың қатты құлдырап кеткен тұсы еді. Кеңес Одағы кезінде басталған инфляция қарқыны үдеп, оны тоқтататын халде емес едік. 1992 жылы Елбасы төл валютамызды енгізу туралы тапсырма берді. Ұлттық валютаны әзірлеу, шығару үшін қаражат та тапшы болды. Ұлттық банктің сол кездегі төрағасы Ғалым Байназаровтың бастамасымен үлкен реформалар жүргізіліп, ұлттық валютаның қажетті қаражаттық инфрақұрылымын жасау қолға алынды. Біраз тер төгудің нәтижесінде қаржы жиналды, алтын валюта қоры құрылды. 

tgДәл қазіргідей теңге бағамының күн сайын «құбылып» тұрған девальвация кезеңінде теңгеге қатысты қандай да бір мәлімдеме мен хабарламалар қай-қайсымызды да қызықтыратыны анық. Жуырда Ұлттық банк теңгенің тағдыры 30 қарашада өтетін ОПЕК (мұнай экспорттайтын елдердің ұйымы) кездесуінде шешіледі дегенді хабарлаған еді. Яғни, теңге бағамы мұнайдың нарықтағы бағасына тікелей тәуелді. Теңгенің айырбастау бағамы негізінен әлемдік қаржы, тауар нарықтарындағы баға ахуалының серпінімен және ішкі нарықтағы шетел валютасына деген сұраныспен айқындалатын факторлардың әсерімен қалыптасады. 

Қазақстанның ұлттық валютасы 2016 жылы тұрақталады. Мұндай болжам «Самұрық-Қазына» АҚ Зерттеулер мен білімдерді басқару департаментінің бірінші ашық талдамалы есебінде айтылып, долларды теңгеге орташа айырбастау бағамы 2016 жылы 355 шамасында болады деген еді. Соңғы күндері теңге бағамы бір долларға шаққанда 341 болып тұр. 

Ұлттық валютамыздың қазіргі жағдайына сарапшы көзімен үңіліп көрдік. 

– Базардан, дүкеннен күнделікті қажетті тауарлар алуға ғана жарап, қазақстандықтардың өз болашағы үшін жиған қаражатында теңгеге деген орын тарыла түсті. Мысалы, теңгенің соңғы орасан құлдырауынан кейін еліміздегі жеке және заңды тұлғалардың депозиттерін доллармен ашуы, сақтауы тіптен арта түскен: кей екінші дәрежелі банктердегі салымдардың 80 пайызы АҚШ валютасына тиесілі екен! Әйтеуір, тоқсаныншы жылдары теңгені еселеп құнсыздандырған гиперинфляция ғана жоқ. Оған шүкір етеміз. Бірақ, қалған: жорғалаушы, жорға жүрісті инфляциялар, әсіресе соңғысы әзірге қалар емес, – дейді экономика ғылымдарының магистрі Құрманғали Нұрғалиев. 

Sputnik Қазақстан агенттігі жүргізген сауалнамада сарапшылар Қазақстан ұлттық валютасы бағамының өсуі мүмкін екендігін айтып отыр. Мұнай толқынында «Асыл-Инвест» инвестициялық компания басқармасы төрағасының орынбасары Нұрлан Рахымбаевтың айтуынша, ұлттық валютаны нығайтудың басты факторы мұнай бағасының артуы болып табылады. Қазір нарықта мұнай бағасы бір баррельге 52 доллардан асады. «Прогресс жалғаса берсе, теңге бағамының нығаюына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, теңгенің нығаюы халық пен бизнес сұранысын туғызып, қосымша демеу болады», — дейді сарапшы. «Халық Финанс» инвестициялық компаниясының сарапшысы Асан Құрманбеков назар аударғандай, қыркүйектегі мұнай бағасындағы жағымды өзгерістер әсерінен теңге АҚШ долларына қатысты 1,4% нығайды. Бұл осы жылдағы ең жоғары нәтиже, бұл үрдіс қазан айында да жалғасын тапты. Сарапшының пікіріне сүйенсек, мұнай бағасының өсу үрдісі сақталатын болса, бұл жағдай теңгенің нығаюына оң әсерін тигізеді.

Последнее изменение Пятница, 11 Ноябрь 2016 09:09
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.