Олар – Отанның да, отбасының да ұйытқысы

Вторник, 14 Март 2017 03:57 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 673 раз

«Біз әйелді әйел сыңайынан таныған елміз» депті заманының заңғар жазушысы Ғабит Мүсірепов. Ғабең бұл сөзін тектен-текке айтпаса керек. Қазір адамды жынысына қарап емес, қабілетіне қарай бағалайтын заман. Сондықтан, қазақ әйелдеріне деген құрмет тек отбасы, ошақ қасы төңірегінде ұйысқан десек, қателік болар еді. Қазірдің өзінде әйелдер саясат, билікке ұмтылып жатыр. Денсаулық сақтау және білім беру саласында, шағын және орта бизнесте де әйелдер белсенді.

1.Биліктегі бикештер

Өзіміздің Оңтүстікте де билік басында қызмет ететін бикештер бар. Бұл көшті қала әкімінің орынбасары Гүлжан Құрманбекова бастап тұр. 

Гүлжан ханым ер-азаматтармен бірге тізе қосып, жауапты қызмет атқарып жүр. Ол Алаш арыстарының бірі Әлихан Бөкейханның «Өз күшіне сенбеген адам да, халық та ешқашан өмір бәйгесін ала алмайды» деген даналығын өмірлік ұраны етіп алған. Өзінің қызметтік өсу сатыларында отбасының қолдауы көп болғанын айтады. Жолдасы екеуі екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. 

– Ең алдымен мен жолдасыма алғыс айтқым келеді. Оған ризамын. Таңертеңнен қара кешке дейін жұмыстамын, үйдегі шаруаларға үлгермей жататын кездерім көп. Жиналыс болады, кеш қайтамыз. Тіпті, демалыс дегенді ұмытып кететін кездер болады. Сондай шақтарда жолдасым қызметімнің қиындығын, ауырлығын түсінеді, – дейді Гүлжан Мамытқызы. 

Биліктегі ханымдардың ішінде тағы бір Құрманбекованың аты аталады. 

Құрманбековтер әулеті жергілікті жұртшылыққа жақсы таныс. Мамыт ақсақалдың он перзенті бар болса, бәрі де ел құрметіне бөленген азаматтар. Әсіресе, қарияның қос қызы қызметтегі қиындықтар мен кедергілерден, сынақтардан қаймықпай өтіп келеді. Апалы-сіңлілі ханымдардың кішісі – Гүлнәр Құрманбекова. 

Ол Шымкент қалалық мәслихатының депутаты, Әлеуметтік саланы дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның төрайымы, Шымкент қалалық жедел жәрдем станциясының бас дәрігері сияқты бірнеше мансапты қатар алып жүр. Жас кезінен қызметке ерте араласқан Гүлнәр ханым ата-енесінің де көңілінен шығып, отағасы мен бала-шағасының да бабын тапқан. Ауылдың қайнаған қызу тіршілігі мен жұмыстың жауапкершілігін бірдей алып жүру арқылы өмір оны шыңдай түскен. От та жаққан, самаурын да қайнатқан, сиырды да сауған. Гүлнәр ханымның еңбекқорлығы, қызметтегі жауаптылығы мен табандылығы, өмірсүйгіштік қасиеттерінен бүгінгі қыз-келіншектер үлгі алса игі. Гүлнәр ханым жолдасы Қалдыбай екеуі 2 ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған бақытты жандар. 

Өңірімізде биліктегі бикештер тізімін басқарма басшылары да толықтырады. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева өзінің алғашқы еңбек жолын «Союзгипрорис» жобалау институтында инженер болудан бастаған. Әсия Құралқызы аталған басқармада 2-дәрежелі маман қызметінен бас маман, одан кейін бөлім бастығы, басшы орынбасары, басшы қызметтеріне дейін сатылап өскен. 

Осы орайда Шымкент қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиеваны айтпай кетуге болмас. Ол тәжірибелі педагог, ол кісі білім саласында 30 жылдай уақыт еңбек етіп келеді. 

Жанат ханымның қызметтегі мұқияттылығы, іскерлігі өзі басшылық еткен уақыт аралығында жан-жақты танылды. 

Басқармаларда басшылардың орынбасары болып нәзікжанды қыздарымыз да қызмет атқаруда. Мәселен, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының екі бірдей орынбасары – нәзікжандылар. Роза Жәукімова мен Айгүл Сапарғалиевалар өздеріне тапсырылған міндетті ойдағыдай атқарып келеді. ОҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Гүлнәр Сәметова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Раушан Ергашевалардың да елеулі еңбегін атап өткен жөн деп санаймыз. 

Шымкент қалалық мәслихатында тұрақты комиссиялармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы Ұлжан Исабаева мен аппараттың бас маманы Ақжарқын Биғазиеваның да есім-сойлары биліктегі бикештер тізімін жалғастырады. Қалалық мәслихат депутаттарының ішінде өзге этнос өкілдері де бар. Мәселен, Ирина Болдинова. «Нұрсәт», «Қайтпас-1», «Таскен», «Қаражол» тұрғын алаптары кіретін №15 сайлау округінен сайланған халық қалаулысы өзінің депутаттық мандатын абыроймен алып жүр. 

Бұлардан бөлек қаламыздағы білім ошақтарының басшылығында көбіне-көп – әйел азаматтар. Шымкент қаласында 129 мектеп бар. Шаһар бойынша 15 мыңнан астам мұғалім қызмет атқарады. Соның 82 %-ы – апайлар. Колледждер мен мектептердің басшылығында да талай жылдан бері еңбек етіп келе жатқан директор апайлар көп.

2.Бизнестегі вумендер

Бүгінде арулар араласпаған сала кемде-кем. «Не іске де әйел араласса, бәрі жақсы аяқталатынына сенімдімін. Әйел әлемді басқаратынын түсіндім» деген екен атақты колумб жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Габриэль 

Гарсиа Маркес. Иә, әйелдер қазір бизнеске де білек түріп кірісіп кетті. Өңірімізде кәсіпкер әйелдердің «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған Іскер әйелдер кеңесі жұмыс істейді. Аталған Кеңес төрайымы – Алма Архабаева ханым. «Бұл кеңес – жұмыс органы, іскер әйелдер кәсіпкерлігін қолдау үшін арнайы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда біздің кеңесте жетістікке жеткен 120 кәсіпкер әйел бар», – дейді Алма Нұралықызы. «Атамекен» Ұлттық палатасының мәліметіне сәйкес, жалпы, Қазақстанда 15 мыңнан астам шағын және орта бизнес жобалары болса, солардың 40 пайызын қыз-келіншектер басқарады екен. Соңғы 3 жылда қыз-келіншектер қатысқан шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 26 пайызға артса, әйелдер ашқан компаниялар 28 пайызға дейін өскен. 

Алма Архабаева Оңтүстікте тек ІӘК-нің басшысы ретінде ғана емес, «Асыл арман» компаниясының бас директоры ретінде де танымал. Бизнесте жүргеніне 20 жылдай болған Алма Құралқызының айтуынша, қыз-келіншектерге бизнесті бастау үшін сенім жетіспейді. ІӘК осы бағытта жүйелі жұмыстар атқаруда. Нақты айтар болсақ, «Әйел және бизнес», «Бизнес толеранттылықты таңдайды» дегендей бизнес-конференциялар, форумдарды дәстүрлі түрде өткізіп келеді.

Облыстық мәслихаттың депутаты Рәшкүл Оспанәлива да көпшілікке танымал. Неше жылдан бері кілең ер азаматтармен иық тірестіріп, билікте де, бизнесте де белсеніп қызмет атқарып келеді. Әріптестері ол туралы «бір өзі он ер адамға татитын депутат» деп әзілдейді. Халық қалаулысы ретінде көтерген мәселелері көп. Сондықтан билік басындағылар оған «Нұр Отан» партиясының ОҚО бойынша ана мен отбасын қолдау жұмыстарының кураторы, «Саясаткер әйелдер» клубының ОҚО бойынша төрайымы және Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған облыстық аналар кеңесінің төрайымы қызметтерін сеніп тапсырды. Рәшкүл Жәлелқызы – «Береке-А» корпорациясының президенті. Осыдан бірер жыл бұрын адуынды журналист Бақтияр Тайжан ағамыз «Егемен Қазақстан» газетінің бетінде «Береке-А» – қайырымдылықтың досы» деген тақырыппен мақала жариялап еді. Расында, аталған мекеме көптеген сауапты істің басы-қасынан табылып, қаншама адамға қаржылай қолдау көрсетіп жүр. Оңтүстіктің ақжарма халқы Рәшкүл қыздарының биліктегі һәм бизнестегі беталысына ұдайы тілектес. 

Облыстағы кәсіпкер әйелдердің қатарында ауызға ілігетіндердің бірі – Төреайым Сұлтанова. Ол – «Ай нұры» медициналық емханасының директоры. «Ай нұры» – қаламыздағы дәлдік диагностикамен қаруланған, дертке тиімді ем қолданатын медициналық орталықтардың бірі. Төреайым ханым кезінде қалалық мәслихаттың депутаты болып, кәсіпкерлік пен депутаттықты қатар алып жүрді. 

– Күні бүгінге дейін қол жеткізген жетістіктерімнен гөрі әйелдік борышым, босағамның іргесіндегі келіндік міндетімді бірінші орынға қоямын. Мен үшін атақ-даңқтан, мансаптан киелі шаңырағымның шаттығы биік, – дейді кәсіпкер ханым. 

Шыққанына аз ғана уақыт болса да, үлкен сұраныс пен қызығушылық тудырып отырған «Айсауле» косметикалары жөнінде Шымкенттің қыз-келіншектері жақсы біледі. Жобаның жетекшісі – химия ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Мұсаева. Отандық өнім шығарып, өнімді еңбек етіп жүрген кәсіпкер Сәуле ханымды да бизнес вумендердің қатарынан көреміз. «Біздің елде кәсіпкерлерге, бизнес бастағысы келетін әрбір адамға мүмкіндік мол», – дейді Айсәуле Мұсаева.

Тобықтай түйін

Қазақ қыздары дегенде, соңғы жылдары шоу-бизнесте хит әндердің бірі болған, «КешYou» тобының орындауындағы «Қазақтың қыздары» әні көмейіме құйыла береді.
– Ана жолын құрметтеген, ғажап шың бәрі,
Аппақ арын кірлетпеген, қазақ қыздары.

Гүлдер – көркі жерімнің, Арулар – көркі елімнің.
Бұл біз, қазақтың қыздары, қазақтың қыздары! – деп әндеткім келеді. Оған себеп – біздің осындай мақтаныштарымыз бар. Айтпағымыз, 8-наурыз Халықаралық әйелдер күні мерекесінде өңірімізде билік және бизнес басындағы белгілі аруларымыздың атын атап, елге сіңірген еңбегін осылайша ескеру еді.

«Құдайдан кейінгі құдірет – ана» деген екен бір ғұлама. Тіршілікте ананың рөлі ерекше. Мерекелеріңізбен, асыл аналар, ардақты арулар!

Последнее изменение Вторник, 14 Март 2017 06:03
Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.