Версия для печати

Еуразиялық экономикалық одақ – мемлекетаралық байланыстардың жаңа үлгісі Избранное

Пятница, 08 Сентябрь 2017 06:06 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 6280 раз
Оцените материал
(2 голосов)

eodaq-2

Экономика – кез келген мемлекеттің әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін айқындайтын басты фактор. Ал экономиканы дамытудың басты құралдарының бірі ол – халықаралық сауда. 2017 жылдың қаңтарында Қазақстанның сыртқы сауда көлемі 4,1 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 14%-ға өскен. Оның басым бөлігі Еуразиялық экономикалық одақ аясында жүзеге асқан.

Еуразиялық экономикалық комиссиясының баспасөз қызметінің мәліметінше, соңғы жылдары ЕАЭО-ға мүше елдердің ішкі және сыртқы сауда айналымы артып, экспорт көлемі ұлғайған. 

Нақтырақ айтатын болсақ, жыл басынан бері ЕАЭО арасындағы сауда көлемі 3,5 млрд долларды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 37,3%-ға көп. Ал экспорт көлемі 10%-ға ұлғайған. Елбасы «Еуразиялық интеграцияның экономикалық әлеуеті өте жоғары. 2030 жылға қарай жиынтық ІЖӨ-нің өсімі түріндегі интеграциялық тиімділіктің перспективасы шамамен 900 миллиард долларды құрай алады» деген болатын. 

eodaq-3ЕАЭО негізінен отандық кәсіпкерлерге тиімді. Өйткені, одақ аясында бәсекелестіктің тең шарты құрылып, техникалық реттеудің тиімді жүйесі енгізіледі. Кедендік баж салығы болмайды. Сондай-ақ, шекарадағы қозғалыс жеңілдеп, тауар тасымалдау артады. Ең бастысы 180 миллионнан астам нарыққа жол ашылады. Қазақстанның әлеуеті жоғары өнеркәсіп, мұнай және мұнай өнімдері, дәрі-дәрмек, ауылшаруашылығы және тағы басқа салаларды дамытуға мүмкіндік береді. Мысалы, өзге елдерге шығарылатын көлік пен құрал-жабдықтар 3%-ға, азық-түлік, ауыл шаруашылығы өнімдері 26%-ға көбейген. 

Ағымдағы жылдың тамыз айында одаққа мүше елдердің үкімет басшыларының басқосуында ЕАЭО мемлекеттері арасында әуе сапарларының тарифтерін теңестіру, цифрлық кеңістікті құру, жүргізушілердің өз куәлігімен аталған елдер арасында қатынай алу мәселелері талқыланды. Ал бұған дейін одақ шеңберіндегі ұялы байланыс құнының арзандайтыны айтылған болатын. Сонымен қатар, 2019 жылға қарай ЕАЭО елдер арасында электр энергиясы саудасының ортақ жүйесін құру жоспарланған. Қуат көзінің өзара экспорты 2%-ға артады деп күтілуде. 

– Еуразиялық одаққа мүше елдерінің барлығында дүниежүзілік мұхитқа шығуына мүмкіндік жоқ. Жүкті тек көлікпен тасымалдау тиімсіз. Оған көп қаржы кетеді және ұзақ уақытты талап етеді. Сол үшін теңіз порты барлығына қол жетімді болуы тиіс. Сондай-ақ, ЕАЭО-ң географиялық жағдайы Еуропа мен Азия-Тынық мұхиттың өңірлік логистикалық орталығы болуға мүмкіндігі бар, – деген болатын ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев. 

Қазіргі таңда Еуразиялық экономикалық одаққа бірқатар мемлекеттер мен халықаралық бірлестіктер қызығушылық танытуда. Алдағы уақытта Корея, Сингапур, Вьетнам, Иран, Тайланд, Моңғолия және тағы басқа елдер қосылуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, ЕАЭО-ға 50-ге жуық мемлекет ынтымақтастық орнатуды қалайды. Ал Белорусияның тауар өндірушілері одақ аясында қазақстандық серіктестерімен бірлесе Орта Азия мен Қытай нарығына шығуға ниеттеніп отыр. 

Айта кетейік, Еуразиялық экономикалық одақ 2014 жылдың 29 мамырында Қазақстан, Ресей, Беларусь мемлекет басшыларының қол қойылған келісім негізінде құрылып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді. Еуропалық Одақ интеграциясының тұжырымдамасын 1994 жылы Елбасы Н.Назарбаев алғашқы болып таныстырған еді.

Последнее изменение Пятница, 08 Сентябрь 2017 06:36
Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.