Версия для печати

Кәсіпкерлік көкжиегі ауылшаруашылығы кең өріс алып келеді

Понедельник, 23 Октябрь 2017 11:19 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4429 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласында тұтынушылардың толық қажеттілігін қамтыған ауылшаруашылығы өнімдерінің 50 пайызын жергілікті шаруа қожалықтары өндіруде. Дегенмен, бұл саладағы қожалық иелерінің 40 пайызында ауылшаруашылығы жерлері 10 гектардан аспайды. Бұл көрсеткіш азық-түлік қорын қалыптастыруда мүмкіндіктердің әлі де толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.

DSC 4189

Осы өзекті мәселені зерделеген ел Үкіметі алдына жаңа бағдарды белгілеп отыр. Бұл бағытта ҚР Президенті Н. Назарбаев «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын Жолдауында алдағы бес жылда 500 мыңнан астам жеке үй шаруашылықтары мен шағын фермерлерді кооперативтерге тарту қажеттігін ұсынған болатын. Нәтижесінде, ауылшаруашылығын әртараптандыру арқылы 2021 жылға дейін азық-түлік экспортын 40 пайызға дейін арттыру көзделуде.

Бүгінгі ахуалды бағамдайтын болсақ, жерден несібесін терген шаруа қауымының мақсат-мұраты асқақ болғанымен де, меншігіндегі жерінің көлемі де, қаржылық қоры да жеткіліксіз. Әрі жаңа техникалар алуға қауқарсыз. Нәтижесінде, мұндай ұсақ шаруашылықтар мемлекет тарапынан бөлінетін әртүрлі жеңілдіктер мен субсидияларға да ие бола алмай келді. Олардың қатарын ірілендіріп, кооперацияға біріктіру өз кезегінде, еңбек өнімділігін арттырумен қатар, жақсы табыс табуға да мүмкіндік бермек. Сондықтан да, шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіруге тың талпыныс жасалуда.

 

Кооператив қызметіне қызығушылық жоғары

Қолайлы климаттық белдеуде орналасқан әрі жерінің құнарлылығы жоғары Шымкент қаласы шын мәнінде, ел аумағында жылыжайлардың отанына баланады. Ел нарығын қамтуға қабілетті ауылшаруашылығы кешендері әр жыл сайын өнім көлемін ұлғайта түсуге мүдделілік танытуда. Дегенмен, межелі міндеттерге қол жеткізу үшін шаруаға ендігі жерде мемлекет тарапынан айқын бағдар көрсетілмек.

– Бұл бастама сапалы отандық өнімдерді өндіруге, экспорт көлемін арттыруға және өзара бәсекеге қабілеттілікті жетілдіруге зор мүмкіндік бермек. Қазіргі кез жұмыла еңбек ететіндердің заманына айналуда. Кәсіпкерлер үшін көкейтесті мәселемен жалғыз айналысқаннан гөрі, бірлесе шешкен тиімді. Сондықтан шаруа қожалықтарының кооперативтерге бірігуі маңызды, – дейді қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі басшысының орынбасары Жәнібек Тоғай. 

DSC 4245

Бүгінде облыс орталығында жалпы саны 4152 ауылшаруашылығы тауарын өндіруші тіркелген. Ауылшаруашылығын әртараптандыру бағдарламасы аясында 30 кооператив құрылып, ұсақ шаруа қожалықтары біріктірілуде. Жаңа құрылған кооперативтердің мүддесін қорғау әрі қызметін жандандыру мақсатында қала кооперативтерінің қауымдастығы құрылды. 

Кооперативтердің жұмысын жандандыру мақсатында шаруа қауымға мемлекет тарапынан бірқатар жеңілдіктер қарастырылуда. Мәселен, мал бордақылау мен егін шаруашылығымен айналысатын кооперативтерге субсидиялар төленеді. Сондай-ақ, салықтық жеңілдіктер қолдануға, жеңілдікті несиелер мен ұзақмерзімді несиелерді пайдалануға, мемлекеттік көмек қаржыларды алуға, шығындарды өтеуге, лизингке техника алуға, мүлікті кепілге салу үдерісін қарапайымдатуға, т.б. процедураларды іске асыруға қол жеткізіледі. Осылайша, ұсақ шаруашылықтар бірігіп, мемлекеттен қолдау алуға зор мүмкіндік беріліп отыр.

– Кооперативтердің қажеттілігі үшін мемлекет тарапынан 6 пайыздық үстеме ақымен 7 жылға дейін несие беру мүмкіндіктері қарастырылған. Өзіндік мүмкіндіктерін екшей отырып, Оңтүстік өңіріне биыл 500 миллион теңге қаржы бағытталып отыр. Келер жылы бұл қаражаттың көлемі 700 миллион теңгеге дейін артпақ. Салыстыра қарайтын болсақ, өзге облыстардың үлесіне тиген қаражаттың көлемі 70-200 миллион теңге аралығында ғана. Яғни, біздегі шаруа қауым үшін табыс қорын ұлғайтуға қолайлы мүмкіндік бар, – дейді қала әкімінің орынбасары Тимур Баймұханов.

Ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру шағын фермерлік шаруашылықтарды жандандырмақ. Қазіргі таңда Шымкент қаласында мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Шаруашылықтың осы түрін алдағы уақытта да дамыта түсу үшін селекциялық жұмыстар қолға алынуда. Мәселен, мамандар қымбат асыл текті бұқаларды өсірудің тиімділігі жоғары екенін айтады. Алайда, жеке шаруалар үшін мұндай кәсіптің өзіндік қиындықтары да жетерлік. Яғни, жұқпалы аурулар тарауы мүмкін. Егер алдын ала емдеу шараларын жүргізбесе, ірі қара мал зиян шегеді. Карантин шараларын жасау шағын мал шаруашығы қожалықтарының қалтасына ауыр түседі. Ал ауылшаруашылығы кооперациясы осындай мәселелерді оңды шешуге септігін тигізбек.

Шаруа қожалықтарын кооперативтерге біріктіру ең алдымен, ортақ табысты еселеу болса, сонымен қатар, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту мәселесі де шешімін таппақ. Әрі азық-түлік қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.

DSC 4211

17 миллиард теңгенің өнімі жиналған

Сала мамандарының айтуынша, қазіргі кезде әлем елдерінде экономикалық белсенді халықтың 45 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысады. Бұл бағытта, мемлекеттік ауқымда қолдау көрсетіліп отырған «Агробизнес-2020» бағдарламасының аясында елдегі агроөнеркәсіптік кешендегі субъектілер саны 4,5 есеге көбейту көзделген. Бұл құжаттың басқа бағдарламаларға қарағанда ерекшелігі өте зор. Бастысы, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру жайы қарастырылуда.

Шымкент қаласының ауылшаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 62 219 гектарды құрайды. Яғни, бұл көрсеткіш қала аумағының 54 пайызын иеленеді. Биыл қаладағы жылыжайлардың жалпы көлемі 123 гектарға ұлғайды. Жинап алынған өнімдерді сақтау және жыл бойы тұтынушыларға қажетінше жеткізу мақсатында сыйымдылығы 45 мың тонна болатын қоймалар дайындалған. Мәселен, «Асар» шағынауданындағы «Асар KZ» ЖШС-нің иелігінде сыйымдылығы 5 тоннаға лайықталған қойма қажетті іске жарап тұр. Себебі, аталмыш шағынаудандағы жалпы көлемі 45 гектарды құрайтын жылыжай кешендері өнімдерін ұзақ мерзімде сақтауға бейімделген.

Жалпы, қала дихандары үшін күзгі ораққа 1315 тонна жанар-жағармай жеткізіліп, толық игерілген. Күздік бидай үшін «Қаз Азот» АҚ арқылы 300 тонна аммиак селитрасы жеткізіліп, 2300 гектар жер көлемі қоректендірілді. Сондай-ақ, көкөніс, бақша, картоп, тағы басқа да дақылдар үшін жалпы көлемі 500 тонна аммиак селитрасы жеткізілген. 

Жыл бойы атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде, қазіргі таңда жинап алынған өнімнің көлемі 17 миллиард теңгеге жуықтап отыр. Осы орайда, айта кетерлігі, облыс орталығындағы егістік жер көлемі санатына енетін 39 700 гектар аумақтың 27 195 гектары игерілуде. Өзге 8800 гектар жер парға айдалған.

DSC 4250

Өзге өңірлердің де сұранысын қамтиды

Бүгінде Шымкент қаласында ауылшаруашылығы жануарларының жалпы саны 65 мыңнан асып жығылады. Мемлекеттік «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары шеңберінде биыл шымкенттік фермерлер 150 ірі қара мал, 15 асыл тұқымды бұқа, 400 уақ мал, 70 жылқы сатып алыпты. Мал бордақылау алаңдарының саны 41-ге артса, 30 жанұялық сүт фермасы қызмет атқаруда. Тиісінше, «Прод&Груп» және «Марк» ЖШС-лері ет өнімдерін өңдеу көлемін жылына 1500 тоннаға дейін арттырып отыр.

Қала аумағында жалпы, 188 мың ірі және ұсақ мал, 770 мыңдай құс бар. Жыл сайын орта есеппен 8900 тонна ет, 154 миллион дана жұмыртқа өндіріледі. Талдау барысы көрсеткендей, мұндағы ет өнімдері қала тұрғындарының 25-30, сүт өнімдері 40-45 пайызын қамтамасыз етуде. Ал жұмыртқа өнімдері тұтынушыларды толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар. Бұл жерде айта кетсек, шағын құс фермаларының құрал-жабдықтарын сатып алуға кеткен шығынның 50 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануда. Сондай-ақ, сатып алынған асыл тұқымды етті шөжелердің әр басына 400 теңгеден демеу қаржы қарастырылған. Қазіргі таңда мемлекет қолдауын сезініп отырған жарты ғасырлық тарихы бар «Шымкент құс» ЖШС-нде 600 мыңнан астам құс өсіріледі. Тауық фермасы жылына 14 миллион дана жұмыртқа өндіреді. Өнімдер Оңтүстік өңірімен қатар, көршілес облыстарды да қамтуда.