Версия для печати

Қала бюджеті 122,1 млрд теңгеге ұлғайды

Среда, 24 Январь 2018 06:15 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3166 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қалалық мәслихатының кезекті сессиясы өтті. Онда облыстық бюджеттің нақтылануына байланысты Шымкенттің 2018-2020 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізілді.

Атап айтқанда, 2018 жылға республикалық бюджеттен 7 236 млн теңге трансферттер бөлінуде. Бұл қаржы мектеп салу, инженерлік құрылымдарды тарту және мүмкіндігі шектеулі жандарға әлеуметтік көмек секілді салаларға бөлінеді.

– Әлеуметтік көмек көрсетуге 1 млрд 61 млн 400 мың теңге бөлінеді, – дейді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова. – Ал мектепке дейінгі мекемелерде мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыруға 1 млрд 47 млн теңге қаралады. Жалпы, қала бюджетінің көлемі 114,9 млрд теңгеден 122,1 млрд теңгеге дейін ұлғайып отыр.

Бұған қоса 3 мектептің құрылысына – 695,3 млн теңге, 6 инженерлік жүйе құрылысына – 1 млрд 210 млн теңге, ал Қайтпас-2 шағынауданында кәріз жүйесін тартуға 487,4 млн теңге бөлінеді деп жоспарлануда. Ал жастар практикасын ұйымдастыруға – 618,3 млн теңге, түрлі сала қызметкерлерінің жалақысына 184,8 млн теңге қаралмақ.

Қала қоржынынан қаржы қаралатын міндеттердің арасында мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек төлеу және тілдік курстар оқыған мұғалімдерге қосымша ақы қарастыру да бар. Бұл екі салаға тиісінше 1 млрд 61 млн және 103,5 млн теңге бөлінбек.

Мәслихат сессиясында қала әкімі шаһар тұрғындарының әкімдікке қоятын сауалдарының басым бөлігі жолға қатысты екенін, осы жұмысты орындау басты міндет екенін жеткізді. Ал депутаттар білім беру ошақтарының маңындағы жарықтандыру мәселесін көтерді. Енді жауапты мамандар осы тапсырмалар бойынша тиісті ұсыныс әзірлеп, ол жоспарлар ақпан айында өтетін сессия отырысында талқыланбақ.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.