Версия для печати

Салық кодексінде не өзгеріс?

Пятница, 26 Январь 2018 09:19 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4437 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап заң саласында енген өзгерістердің ішінде Салық кодексі бар. Сала мамандары «Қазақстанда салық саясаты бағытын өзгертті, бұл адал салық төлеушілердің мүддесін қорғайды» дейді. Жаңа кодекс бойынша мемлекеттік кірістер органдары тарапынан бұрынғыдай емес, бақылау жұмыстары барынша азайтылатындығы айтылады. Ол үшін халықты ерікті түрде салық төлеуге ынталандырмақ. Салық төлеушілер үшін ең маңызды деген жаңалықтарды Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерқасым Махадилов түсіндіріп айтып береді.

shymkala kz-7-5

Салық төлеу мерзімі ұзартылды. Салық төлеушілер үшін ең маңызды жаңалық – салық төлеу мерзіміне өзгеріс енді. Мәселен, жеке тұлғалардың 2017 жылғы жер, мүлік салығын ағымдағы жылдың 1 қазан айына дейін төлеу міндеттелетін. Жаңа кодексте ендігі жылдың 1 қаңтары мен 31 желтоқсанның аралығы салық салу мерзімі болып табылады, жеке тұлға салығын келесі жылдың 1 қазанынан кешіктірмей төлеуіне міндеттеледі (2018 жылдың салығын 2019 жылдың 1 қазан айына дейін).

 

Сыбайластық жемқорлықтың  алдын алу бойынша сенім телефоны: 53-01-71

Сонымен бірге, жеке тұлғалардың салық берешегін өндіруде мәселені соттың араласуымен, айталық салық берешегін өндіріп алу туралы өтінішті сотқа жүгіну арқылы жүргізетін. Өзгерістерде, салықтық берешегі бар тұлға хабарлама табыс етілген күннен бастап 30 жұмыс күні өткен соң төлемеген жағдайда, салық органы жеке тұлғаның берешегін өндіріп алу туралы салық бұйрығын шығарып, бес жұмыс күнінен кешіктірмей жеке тұлғаға жібереді. Жеке тұлға салықтық берешегін өтемеген жағдайда істі сотқа емес, бірден сот орындаушыларға жібереді. Бұл тұрғыда сала мамандарының уақытты тиімді пайдалануына мүмкіндігі бар. 

DSC 8608

Кәсіпкерлердің мүддесін қорғайды. Жеке кәсіпкерлікті тіркеуде азаматтар қағазбастылық, кезек күту секілді мәселелерден құтылады деуге болады. Яғни, азаматтар бұдан былай жеке кәсіп бастау үшін мекемеге барып уақыт жоғалтпай электронды түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркелуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимдерін қолдану шарты да өзгерді, яғни, дара кәсіпкер мен заңды тұлғаға бөлінбейді, оларға жалпы талап қойылды. Онда қызметкерлердiң орташа саны 30 адамнан және кірісі ең төменгі жалақының 2 044 еселенген мөлшерінен аспауы керек.

Патент құнын есептеу шартында да өзгерістер бар. Атап айтқанда, патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеу, сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын тұлғалардың салық салу объектісін қоспағанда, салық салу объектісіне 1% мөлшердегі мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізіледі.

Сауда саласындағы қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкерлер патент құнына кіретін жеке табыс салығының сомасын есептеуді, 1% мөлшерлеме бойынша салық салынатын қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алынатын кірістерді қоспағанда, салық салу объектісіне 2% мөлшерінде мөлшерлемені қолдану арқылы жүргізеді.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимін қолдануға құқылы салық төлеушілер – корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығының (төлем көзінен ұсталатын салықтардан басқа) сомасын; әлеуметтік салық сомасын, мүлікке салық, көлік құралдарына салық сомасын 70 пайызға төмендетуге құқылы. Бірақ, қосылған құн салығы бойынша соманы 70 пайызға төмендету шарты алынып тасталды.

Әлеуметтік салық бойынша жеңілдіктер. Әлеуметтік салықтың мөлшерлемесі 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 9,5%, 2025 жылғы 1 қаңтарынан бастап – қайтадан 11% мөлшерлемесі бойынша есептеледі. Ал дара кәсiпкерлер және жеке практикамен айналысатын адамдар, өзi үшiн – айлық есептiк көрсеткiштің 2 еселенген мөлшерінде төлейді, алайда бұл ереже есептік салық кезеңінде кіріс алмаған адамдарға қолданылмайтын болады. 

Сонымен қатар, патент негізінде шаруашылық немесе фермер қожалықтарында қимыл-тірек аппараты бұзылған, есту, сөйлеу, көру қабiлетiнен айрылған мүгедектер әлеуметтік салықтан босатылады.

Көлік құралдары салығы бойынша. Көлік құралдары ұрланғанда көлік иесінің салық төлеуі мәселесінде айтарлықтай жаңалық бар. Мысалы, бұрынғы салық кодексінде көлік қолды болғанда алдымен уәкілетті органда қылмыстық іс қозғалып, іздестіру шаралары жүріп, осыны негізге алып мәліметтер базасынан алынып тасталатын. Содан кейін ғана көлік салығынан босатылатын. Оған дейін көлік табылсын не табылмасын уәкілетті органның мәліметтер базасынан тіркеуден алынбай көліктің салығын төлеуге міндетті болатын. Ал жаңа кодексте салықты есептеу (есепке жазу) көлік құралын айдап әкету (ұрлау) туралы қылмыстық іс қозғалған күннен бастап тоқтатылады.

Салық кодексіндегі өзгерістерді түсіндіру жұмыстары жүруде. Әл-Фараби ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы өткен жылы мемлекеттік бюджет жоспарын 108,7%-ға орындап, есепті мерзімді бюджетке жоспардан тыс 2876,6 млн теңгеге (2016 жылы 24853,1 млн теңге) артығымен орындалды. Республкалық бюджет 117,1 %-ға, яғни 2410,1 млн теңгеге (2016 жылы 10065,3 млн теңге), ал жергілікті бюджетке жоспардан тыс 466,5 млн (14787,8 млн теңге) теңгеге артық. 

Елбасы Н. Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында ел алдында атқарылар 10 тапсырмасында «Мемлекеттік органдар нақты уақыт және жедел жауап беру режимінде азаматтардың ескертпелері мен есепке алу үшін заманауи цифрлық технологияларды қолдануы тиіс» деп атап өтті. Бүгінгі таңда, салық мекемесінде Елбасының 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауы аясында атқарылар жұмыстар нақтыланып, Салық кодексіндегі өзгерістерді тұрғындарға түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

 

Айтпақшы...

Жетім балаларды асырап алғандар жылына 2,1 млн теңге табыс шегінде табыс салығын төлеуден босатылады. Бұл туралы ұлттық экономика бірінші вице-министрі Руслан Дәленов мәлімдеді.

Дәлірегі, табыс салығынан ата-ананың тек біреуі ғана әр жыл сайын босатылады. Аталған норма еліміздегі барлық бала асырап алушыларға қатысты. Мүгедек болып қалған баланың ата-анасының біріне жер салығы, тіркеу алымы, мемлекеттік баж бойынша жеңілдік болады.

 

Біле жүріңіз!

2019 жылдан бастап салықты төлемегендер берешекті өтеу туралы хабарлама берілген күннен бастап 1 жұмыс күні өткеннен кейін, банк шоттары бұғатталады, мүлікке билік етуі шектеледі

Салық берешегінің сомасын салық төлеушінің банк шотарынан мәжбүрлеу тәртібімен өндіріп алу хабарлама берілген күннен бастап 5 жұмыс күні өткеннен кейін жүргізіледі.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.