Версия для печати

Ақшаны қалай сақтаған тиімді?! Избранное

Пятница, 16 Февраль 2018 08:38 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 4445 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елбасы Н. Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты маңызды құжатта Қаржы секторын «қайта жаңғырту» бойынша бірнеше міндеттер қойды. Яғни, Ұлттық Банк тарапынан қаржы институттарының қызметін қадағалау қатаң, уақтылы әрі нәтижелі болуға тиіс. Мемлекет қарапайым азаматтардың мүдделерін қорғауға одан әрі кепілдік береді. Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң қабылдауды тездету қажет екенін атап өтті. Ал ақшаны дұрыс сақтай білген азаматтар қаржылық сауаттылықтарын арттыра отырып, банкрот болмаудың жолын өздері-ақ табады. Осы салаға қатысы бар мамандардың қаржыны тиімді сақтауы туралы пікірін білген едік.

Гүлжан ИСАТАЕВА,
ОҚМПУ-нің экономика ғылымдарының кандидаты:

«Ақшаңыз бағалы қағаз күйінде сізге қызмет етуі тиіс»

- Ақша деген ол керек десеңіз тәулік бойы активтер арқылы қызмет ететін құрал. Тұрғын үй, автокөлік, міне, осындай активтер бар. Бірақ бұл активтерге қосымша салым керек. Яғни, үйге жөндеу жұмыстары, көлікке жанар-жағармай сынды. Қаржы сақтаған адам мынаны жадында ұстауы тиіс – оның тірнектеп жинаған байлығы сақталмауы керек. Яғни, өзіне жұмыс істеп, пайда әкелгені абзал. Пайда табудан шығады. Біз қаржылық сауаттылықты дамытумыз қажет. Көп ізденуіміз керек. Осы салада қаншама жыл еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеп жүрсем де, ізденуден қашқан емеспін. Біраз адам сауатсыздығының салдарынан қолындағы барынан, жылдар бойы жинаған қорынан айырылып жатқанын естимін. Тіпті олардың ішінде пайызға ақша алып, біреудің қолына уыстап ұстатып жібергендері де бар. Ондай ұйымдардың заңды түрде Ұлттық банктен рұқсаты, құжаты болуы керек. Оған қарапайым халық мән бере бермейді. Міне, қаржылық сауаттылықтың біздегі көрінісі. Мен ешкімді кінәлай алмаймын. Оған еш негіз жоқ. Қазір ақша табуға да, оның сақталуына да барлық мүмкіндік бар. Ұлттық банк рұқсатын берген ірі холдингтердің белгілі мөлшердегі акциясын иемдену арқылы үлескері болуға болады. Тоқталып өтсем, «Kazakhmys», «Қазақтелеком»,«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы», "Kegoc",«Қазақстан темір жолы» ҰК», «Кселл»,«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» акционерлік қоғамдарының бағалы құжаттрын алуға болады деп айта аламын.

 

Салима ХОЖАЕВА,
Шымкент қаласының тұрғыны:

«Қаржыны дұрыс жолға салмасаңыз, ұтылдым дей беріңіз»

- Ақша бүгінгі тұрмыста басты қажеттілігіміз. Кім болмасын табысының көп болғанын қалайды. Кейде артық қыламын деп опық жейтін кездер болады. Маған бұл әттеген-ай деген жәйт таныс. Одан өмірлік сабақ та алдым. Өткен жылдары шетелдік Atlantic Global қаржы ұйымы жайлы таныстарымнан естіп, оның серіктесі Questra-ға компаниясының ережесіне сәйкес 270 еуро көлемінде қаражат аудардым. Ол қаражатты бір танысымнан үстеме пайызбен қарызға алған болатынмын. Нәтижесінде жер сипап қалдым. Алғашында маған 90 еуромды қайтарып ала алатынымды айтты. Бірақ оны қалдырсаң, қарық боласың деді. Сол сандыраққа сеніп, одан кейінгі 90 еуро пакетімді де қайта салдым. Себебі ақшам көбейе берсін деп ойлағанмын. Нәтижесінде не болды? «Қарық» болдым (күрсініп). 7 айдан кейін компания жабылды. Ақша сақтауда біреудің айтқанымен жүрмеуге кеңес берер едім. Мейлі, банктен депозит ашып, аударып отырыңыз, үйіңіздегі сейфке сақтаңыз. Бастысы – біреудің сандырағына еріп, сан соғып қалмаңыз.

 

 

Берік МЫРЗАБЕКОВ,
қаржы ұйымының мүшесі:

«Ақша сақтауда криптовалютаны таңдадым»

- Мен криптовалютамен өткен жылдың шілде айынан бастап таныспын. «Onecoin» деп аталатын қаржы ұйымына сол кезде келдім. Келудегі мақсатым – қолымдағы бар қаражатты сақтай отырып, көбейту еді. Менің таңдауыма 6 пакет ұсынылды. 690-дық пакетті дұрыс деп тауып, сол бойынша қаржылық сауатымды жетілдірдім. Қазір екінші сплитке өтудің алдында тұр. Сплит – токендердің екі есеге ұлғаюы. Ол блокчейн технологиясы арқылы автоматты түрде жұмыс істейді. Басқа криптовалюталарға қарағанда «Оnecoin» құбылмалы емес. Сондықтан ақшамды криптовалютаның осы түрімен сақтағанды жөн деп шештім. Нарықтағы бағаға оралсақ, теңге долларға девальвация болып жатыр. «Coinmarketcap» деп аталатын платформада бұған көз жеткіздім. Өзге криптовалютада баға тұрақты емес. Мысалы, өткен жылдың соңғы айларында биткойнның сатылымдағы бағамы 22 мың АҚШ долларына дейін көтерілген еді. Қазір 1 биткойн құны 9 мың доллар шамасында. Көрдіңіз бе қандай айырмашылық бар. (күліп) Ал ванкойнға оралсақ, мен осы қаржы компаниясына келгенде 12,45 еуро центке бір койн алдым. 3 ай сплинт өткен соң ол 15,95-ке көтерілді, ал қазір 20,75 еуро цент. Біздің болжамымыз бойынша ағымдағы жылдың соңына қарай бүкіл әлемдік биржаға кірсек, ванкойнның құны 25 пайызға өсуі мүмкін. Ванкойнның монетасы 120 миллиардқа дейін жалғасады. Сондықтан ол бізге жетеді.

Ал Ұлттық банк берген мәліметтерге тоқталатын болсақ, өңіріміздегі тұрғындардың депозиті 300 млрд. теңгеге жеткен деген дерек бар. Салымшылардың басым көпшілігі, қаражатын ұлттық валютада сақтағанды жөн көрген. Нәтижесінде шетел валютасындағы депозиттер 22 пайызға төмендеп, 95 млрд теңгені құраған. Мамандар 2017 жылы теңге 7,7 пайызға құнсызданады деген еді. Бірақ ол болжам дәл келмей, инфляция 7,1 пайызға төмендеген. Ал нәтиже нарықтағы бағаның тұрақтануымен тікелей байланысты болды. Сонымен қатар, өткен жылы оңтүстік халқы қаражатын банкте ұлттық валютада сақтап, салымды 23,9 пайызға арттырған екен.

Сондай-ақ, былтыр елде АҚШ долларын сатып алу 4,22, еуро 13,9 пайызға өскен. Ал Ресей рублі, тиісінше 4,24 пайызға төмендеген.

Ұлттық банк мамандарының айтуынша, ақшаны қолда ұстап сақтағаннан депозитке салым ретінде салып отырған тиімді. Ол ақша айналымға еніп, еліміздің әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.

Последнее изменение Пятница, 16 Февраль 2018 10:37