ҚР Премьер-Министрі Шымкенттегі бірқатар нысандарды аралады Избранное

Среда, 28 Март 2018 16:17 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 6247 раз

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Оңтүстікке сапары аясында Шымкент қаласындағы бірнеше нысанды аралап, атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты. Бұл іс-сапарға Премьер-Министрмен бірге еліміздің ұлттық экономика, еңбек және әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, ақпарат және коммуникациялар министрлері де келді. Үкімет басшысы өңірде Елбасының 5 әлеуметтік бастамасын қолдау көрсету мақсатында келіп отыр.

Елбасының 5 әлеуметтік бастамасының бірі - тұрғындарды арзан әрі қолжетімді баспанамен қамамасыз ету. Осыған орай Бақытжан Сағынтаев бастаған топ алдымен Шымқалада салынып жатқан «Shymkent Сity» қалашығына ат басын бұрды. Қалашықтың  құрылысын жүргізіп жатқан компания өкілдері Үкімет басшысына жаңа нысандардың жобаларымен таныстырды. 

 Жоспар бойынша қалашықта көпқабатты 324 тұрғын үй, 7 мектеп, 23 балабақша орналасады. Сондай-ақ мұнда саябақтар, спорт кешендері мен мәдениет ғимараттары бой көтеретін болады. Бүгінде аталған аумақта инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның, 31 тұрғын үйдің және 1 200 орынды мектептің құрылысы басталған.

Бұдан кейін Үкімет басшысы «Shymkent Тemir» ЖШС-ға аялдады. Құрылысы 2017 жылы басталған болат өнім шығаратын кәсіпорын биылғы сәуір айында іске қосылады. Жобаға тартылған инвестиция көлемі -  4,85 млрд теңге. Жылына 240 мың тонна өнім шығаруға қауқарлы кәсіпорын алғашқы кезде 600 адамды жұмыспен қамтымақ. Зауыттың директоры Бауыржан Алтеевтің айтуынша, дайын өнім Орталық Азия елдеріне экспортталатын болады.

   

Үкімет басшысы өңірге іс-сапары барысында денсаулық сақтау саласының цифрландыру жүйесімен танысып, ақ халаттылармен кездесті. Бас дәрігерлермен болған жиын барысында денсаулық сақтау жүйесін жаңарту, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік пен жеке қызмет секторын дамыту мәселелері қаралды. Cондай-ақ емханаларды басқару бағдарламаларын цифрландыру, міндетті медициналық сақтандыруды енгізу, кадрларды даярлау, инвестициялар тарту, инфрақұрылымды жетілдіру жайы сөз болды. Жиын соңында Бақытжан Сағынтаев «Оңтүстіктегі емдеу мекемелерін цифрландыруды Шымкенттен бастау керек» деді.

   

Сапар соңында Бақытжан Сағынтаев Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде жастармен кездесіп, жатақхана, жастардың ғылымға бетбұрысы, техникалық білім алу тұрғысында ой пікірлерін тыңдап, емін-еркін әңгіме жүргізді.

Последнее изменение Пятница, 30 Март 2018 03:49
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.