Мамандандырылған оқу орны – экономиканың қозғаушы күші Избранное

Пятница, 27 Июль 2018 04:01 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3836 раз

–  Сіздерде қай өндіріс орнының жанынан мамандандырылған оқу орны ашылған? Ал бұл – өңірге инвестиция салуды дамытудың тиімді тәсілі.

IMG 0210

Шымкентте өткен республикалық конференцияда дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының
Еуропа елдеріндегі өңірлік директоры Ника Манукова сөзін осылай бастады.
«Арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың халықаралық тәжірибесі» атты конференцияға еліміздегі арнайы экономикалық, индустриялық аймақтардың және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың өкілдері, шетел сарапшылары қатысты. Шетелдік сарапшылар инвестиция тарту және оны арттыру бағытындағы әлемдік тәжірибелерді алға тартып, ұтымды ойларымен бөлісті.
Олардың қатарында инвестицияның жай-жапсарын жақсы білетін мамандар болды.
Конференцияға «Investment Consulting Associates» компаниясының бизнес және маркетингті дамыту бойынша директоры Зои Харрис, «Conwaylnc» компаниясының өңірлік директоры Драго Напотник, «SYSTEIQ» компаниясының ресми өкілі Робби Марвик, белгілі «FDI Magazine» халықаралық қаржы журналының бас редакторы Кортни Фингар секілді мамандар қатысты.
Жиында дүниежүзілік арнайы экономикалық аймақтар ұйымының Еуропа елдеріндегі өңірлік директоры Ника Манукова сала мамандарына қазақ инвестициясын дамыту жайлы жақсы ой тастады.
– Белгілі бір қала, мегаполистегі өндіріс орнының маңынан зауыт-фабрикаға қарасты мамандандырылған оқу орнын ашу қажет. Мұндай жағдайда студенттер, біріншіден, уақытын тиімді пайдаланып, еңбек етеді. Екіншіден, болашақ мамандар теория жағынан ғана емес, практика жүзінде де жақсы білім алып шыға алады. Үшіншіден, олар диплом алғаннан кейін еңбек жолын қай жерден бастайтынын нақты білетін болады. Өз елінде ең жақсы оқу орнын бітіріп, тәжірибе алмасу үшін шетелге жолдама іздеп жүрген маманнан қарапайым колледжде оқып-ақ, бос уақытын өндіріс орнына арнаған кадр әлдеқайда білікті. Сондықтан, осы тәжірибені Қазақстанда, әсіресе, Шымкенттің инвестициялық, экономикалық аймақтарында жүзеге асыруға кеңес берер едім, – деді Ника Манукова.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы басқарма төрағасының орынбасары Әділет Ғайнуллаұлы бұл конференцияның берері мол екеніне сенеді.
– «Инвесторлық мақсатпен келгендер сол өңірде өзін жатсынбауы шарт» деген спикер сөзінің салмағы басым. Шынында, олар өз отбасы, жақын адамдарымен бірге тұра алатындай мүмкіндік болуы тиіс. Жұмыс істеуге, спортпен шұғылдануға, кей сәттері тіпті, бой сергітіп демалуға, серуендеуге ықыласы болса, ешқандай кедергі көрмеуі ләзім. Осы қаланың тұрғындарымен бірдей өмір сүру мүмкіндіктері қарастырылса, инвестор сол өңірде ұзақ тұрақтайтыны анық, - дейді Әділет Ғайнуллаұлы.
Конференция жергілікті мамандарға инвестиция тартуды ғана емес, жақсы маман дайындап, оларды өндірістік салаға қызықтыру туралы да түрлі ұсыныстарын айтты. Жергілікті инвестиция саласының мамандары халықаралық тәжірибе мен конференцияда айтылған маңызды ұсыныстар негізінде бірқатар жұмыстарды қолға алатынын мәлімеді.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.