Теңге + доллар = ? Избранное

Среда, 15 Август 2018 04:19 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3910 раз

Осыдан 3 жыл бұрын еркін айналымға жіберілген теңгенің АҚШ долларына шаққандағы бағамы соңғы күндері төмендеп кетті. Ал бұл жағдай елдің алаңдаушылығын тудырғаны сөзсіз. Расында, жыл басынан бері біршама тұрақты курспен келе жатқан төл теңгеміздің әлсірей бастауының себебі неде?

001

Теңгенің бағамы күн санап емес, сағат санап өзгеріп жатқандықтан, соңғы мәліметтерді алуға тырыстық. Бет қатталып жатқанда еліміздегі kurs.kz сайтының мәліметінше таңертеңгі сауда-саттықтағы теңгенің бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 363,15 теңгені құрап, 10 тамыздағы бағамнан 6 теңгеге қымбаттады (357,02 теңге). Астана қаласындағы ақша алмастыру орындарында доллар 366 теңге 66 тиыннан сатылды. Ал Алматыдағы валюта ауыстыру пункттерінде бұл бағам орта есеппен 366,77 теңгені құрады. Тіпті, еліміздің кейбір валюта сату орындарында 1 доллар 367 теңгеге де сатыла бастаған.

Депутаттар үн қосты

Бұл жағдай халықтың алаңдаушылығын тудырғаны жасырын емес. Халық қалаулылары да өз пікірін білдіруге тырысты. Нақты айтқанда Парламент Мәжілісінің депутаты, палатаның қаржы және бюджет комитетінің мүшесі Аманжан Жамаловтың пікірінше, теңгенің еркін айналымға жіберілуі Қазақстан экономикасын күрт девальвациядан құтқара алған жоқ. Халық қалаулысы биылғы наурыз айында теңге бағамы 320 теңге шамасында болып, соңғы 5 айда 14 пайыз құнсызданды дейді.
– Бұл жағдай бұған дейінгі бір реттік девальвациямен тең. 2009 жылғы ақпан айында теңге 18 пайызға құнсызданса (122 теңгеден 144 теңгеге дейін), 2014 жылдың ақпан айында бағам 19 пайызға төмендеді (155-тен 185 теңгеге дейін). Ал қазіргі жағдайды Ұлттық банк курстың «ауытқуы» деп атайды. Ал шындығында бұл жағдай – сол баяғы девальвация, тек бір реттік емес – «жылжымалы». Және қайсысының тиімсіз екені әлі белгісіз, – дейді депутат Аманжан Жамалов.
Депутат теңгенің мұнай бағасымен байланысты екеніне қатысты да пікірін білдірді.
– Бұған дейін теңге бағамының негізгі факторы мұнай бағасы деп есептеліп келді. Наурыз айында, мұнай баррелі 65-70 доллар болғанда теңгенің бағамы 320 теңге көлемінде болды. Ал қазір баррелдің бағасы 72 доллар болса, теңгенің бағамы – 360 теңге. Яғни, валюта бағамы мұнай бағасынан толық ажырады. Ал бізге федералды резерв жүйесінің саясаты мен Ресейге қарсы санкциялар туралы айтуда. Бұлай бола берсе жақында девальвация сыртқы әлемдегі «түш» еткен әр жағдайда байланыстырылуы ғажап емес, – деді Мәжіліс депутаты.

ұлттық банк:жағдай бақылауда

Ал Ұлттық банктің өкілдері не дейді? 2018 жылдың 7 айында теңгенің долларға шаққандағы бағамы 318,31-347,06 теңге аралығында өзгерді. Шілде айының соңында теңгенің биржалық бағамы 1 долларға шаққанда 346 теңге 7 тиынды құрап, жыл басынан бері 4,3 пайызға әлсіреді. Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Олег Смоляков осылай деп мәлімдеді.
– Биылғы мамыр-шілде айларындағы теңгенің әлсіреуі, ең алдымен, АҚШ долларының дамушы елдердің валютасына шаққандағы жалпы нығаюымен және АҚШ-тың федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемесінің жоғарылауына байланысты дамушы нарықтардан капиталдың сыртқа шығарылуына байланысты. Дамушы елдерге байланысты жалпы жағдай Қазақстанға да тимей өтпеді. Ұлттық банктің нота көлемі наурыз айындағы максималды 454 млрд теңгеден шілде айындағы 158,5 млрд теңгеге дейін төмендеді, – деді Олег Смоляков.
Оның айтуынша, ішкі валюта нарығындағы соңғы күндердегі жағдай негізгі сауда әріптес елдердің валюталарының тұрақсыздығымен байланысты. Ал бұл жағдай АҚШ-тың бірқатар елдерге қарсы санкция саясатының әсерінен туындап отыр.
– Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайға үнемі мониторинг жасап отырады. Және қажет болған жағдайда теңге бағамының едәуір және тұрақсыз ауытқуын жұмсартуға арналған интервенцияны жүзеге асыруға әзір, – деп атап көрсетті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Рубльдің қатысы қанша?

Жоғарыда атап өтілгендей, «дамушы елдер валютасының әлсіреуі геосаяси жағдайларға және АҚШ-тың бірқатар дамушы елдерге (Ресей, Қытай, Түркия) қатысты санкциялық саясатына байланысты. Соның салдарынан дипломатиялық жағдай ушығуда. Бұған қоса доллардың бағамы жаппай нығаюы әлемдік нарықтың АҚШ-тың федералды резерв жүйесінің пайыздық мөлшерлемені арттыру шешімін күтуіне де байланысты да нығаюда. Осы факторлар жаппай келе дамушы елдердегі капиталдың дамыған елдерге қарай ауысуына әкеп соқтырды» деп хабарлады ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі.
Ресми мәліметтен теңге бағамының көрші елдің ақшасы – рубльдің құлдырауымен тікелей байланысты екенін аңғаруға болады. Еліміздің ақпарат порталдары Ресей рублі бағамының әлсіреуі мен мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасының төмендеуінің кесірі теңгеге де тиіп жатқанын жазуда. Ресми Ақ үй өкілдерінің Ресейге қарсы жаңа экономикалық жаңа санкцияларын қолға алатыны жайлы мәлімдемелерінің тарауының салдарынан рубльдің құны әлсірей бастады. 1 долларға шаққанда 69 рубль 70 тиынға құлдыраған Ресей ақшасы теңгені де өзімен бірге төмен «тартуда». Себебі, Ресей Қазақстанның көршісі, басты сауда-саттық әріптесінің бірі.
Бұған қоса әлемдік нарықтағы мұнай бағасының арзандау үрдісінің жалғасуы да теңге бағамына «қысым» көрсетуде. Қазір Brent маркалы мұнайдың бір баррелі әлемдік биржаларда 72 долларға төмендеді.

Сарапшылардың пікірі

2015 жылы Қазақстанның Ұлттық банкі теңгені еркін айналымға «жіберді» және теңге бағамының қалыптасуына араласпайтын болды. Экономист Рахым Ошақбаев Ұлттық банктің осы тәжірибесі Қазақстан мен оның импортқа тәуелді экономикасы үшін сәтсіз болды деп есептейді.
– Мен теңгені еркін айналымға жіберу режиміне қарсымын, себебі, біздің импортқа тәуелді экономикамыз үшін ол сәтсіз тәжірибе, – деді теңгенің долларға шаққандағы бағамының бірден құлдырауы туралы пікірін білдірген Рахым Ошақбаев. – Бұл тәжірибе біз қазір көріп отырған үлкен ауытқушылықпен сипатталады. Ең жаманы – белгісіздік. Теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі мен жалған инфляциялық таргетинг режимдері – халықтың нақты табысының төмендеуінің себептері. 20 тамыз күні біздің осынау сәтсіз тәжірибеге көшкенімізге 3 жыл толады. Мұны мойындауымыз керек, – деді экономист Sputnik порталына берген сұхбатында.
Жалпы, Қазақстанның қаржыгерлері қауымдастығы сұрау салған сарапшылар тамыз айының соңында теңгенің бағамы 1 АҚШ долларына шаққанда 350,3 теңгеден болады деп болжам жасауда. Ал оның шындыққа қаншалықты жанасарын уақыт көрсетеді...

Рахым Ошақбаев, экономист-сарапшы

Ошакбаев

– Мен теңгені еркін айналымға жіберу режиміне қарсымын, себебі, біздің импортқа тәуелді экономикамыз үшін ол сәтсіз тәжірибе. Бұл тәжірибе біз қазір көріп отырған үлкен ауытқушылықпен сипатталады. Ең жаманы – белгісіздік. Теңге бағамының еркін айналымға жіберілуі мен жалған инфляциялық таргетинг режимдері – халықтың нақты табысының төмендеуінің себептері. 20 тамыз күні біздің осынау сәтсіз тәжірибеге көшкенімізге 3 жыл толады. Мұны мойындауымыз керек.

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.